Өз мамандығына ғашық адам

0
1454

«Біздің бақытымыздың оннан тоғызы денсаулыққа байланысты. Дені сау мүсәпірдің  ауру патшаға қарағанда бақытты екендігі  өмірдің барлық артықшылығын  басым етеді»  деген еді немістің атақты  философы Артур Шопенгауэр. Бұнымен келіспеуге болмас. Себебі, кез келген медициналық мекеменің терезесінен  әлем өзгеше көрінеді. Ал денсаулық бәрінен де маңызды, қалғанын  сатып алуға, өзгертуге, түзетуге болады…  Өмірін медицинамен  ұштастырған    Ақсу аудандық орталық ауруханасы  директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары, хирург  Байқадам ҚҰРЫМБАЙ  мырза да   «Ең бай адам  – дені сау адам» екенін  айтады.

Хирургия  саласында  он төрт  жылдан бері  еңбек етіп келетін кейіпкеріміздің  үлкен жүрегі мен епті қолы  қанша адамға өмір сыйлады.  Оның сөзінше хирургия мамандығы медицинадағы  күрделі де жауапты сала. Мұнда  көпсалалы  көмек көрсететілетіндіктен   оның барлық аспектісін  түсіну қажет.

 – Хирургия – бұл ғылым, хирургия –  бұл қолөнер, хирургия  деген   өнер.  Онымен бойында ерекше таланты бар адамдар ғана айналысады.  Хирургтің  еш  ерекшеліксіз керемет  ойы  мен епті қолы бар десек, құдайдың  рақымындағы  мұндай  мамандар көп деуге  болмас. Олар өз ісінде ешкіммен алмаса алмайтын, баға жетпес жандар, –   дейді кейіпкеріміз.

Кәсіби маманмен әңгімелесуде хирург мамандығы таза романтика секілді көрінгенімен, оның өзі айтқандай, бұл  психикалық қана емес, физикалық жағынан да өте ауыр жұмыс.  Моральдық тұрғыдан алғанда да әр адам ота жасайтын бөлмеге кіріп, басқа адамды сойып  тастай алмасы анық. Сонымен қатар, біреудің өміріне байланысты шешім қабылдау да оңай емес. Беларусь профессоры В. Кори айтқандай, хирург болғысы келетіндер көп. Өкінішке немесе  бақытқа орай ма  медициналық жоғарғы оқу орнын тәмәмдағандардың  санаулысы,  яғни,  осы жолда жанқиярлыққа баратындардан ғана  хирург  шығады.

Жамбыл облысының  тумасы Байқадам  Болатұлы  медицина саласына әкесінің яки анасының айтуымен емес, өзінің жүрек қалауымен, хирург боламын деп  келді.  Алматыдағы  медицина институтына  мектеп бітірген жылы бірден түспесе де, үш жыл  қатарынан келіп аталмыш оқу орнының   студенті атанды. Алты  жыл  емдеу ісі бойынша   білім алып,  интернатураға ауысқан  жетінші  жылы өз таңдауымен хирургияға тапсырып, жинаған балмен  іріктеуден өтті. Сөйтіп,  осы мамандыққа  түскендердің ішінен  санаулысы ғана   хирургия   бойынша  білімдерін  жетілдірді.

Алғашқы еңбек жолын Алматы қаласында бастады. Қалқамандағы ауруханада іс-тәжірибеден өтіп, Айнабұлақтағы №7 жедел-жәрдем станциясында еңбек етті. Сол жерде жұмыс істеп жүргенінде  Ақсу  ауданы  ауруханасының бас дәрігері болған  Әшімғали Құсайынұлы   өздерінде хируг маманы тапшы екенін айтып, оны жұмысқа шақырады. Осылай  бас дәрігердің  ұсынысына  бірден келісімін беріп,  ол  2008 жылы  Ақсу аудандық ауруханасына  хирург болып  жұмысқа орнығады.  Мұнда келген  соң   білікті хирург Бекбай Құрақбаев тәлімгер болып,  одан  көп дүниені  үйренгенін  аса бір мақтаныш сезімімен айтты.

Сол шақта аудандық ауруханаға төрт бірдей  маман келіпті.  Екі реаниматолог, терапевт және хирург.  Келген төртеуі   үш жыл  жұмыс істейміз  деп келісімге отырған.  Уақыт  өткен соң әлгі үшеу   үйлеріне қайтып, Байқадам  Болатұлы аудандық ауруханада тұрақтап қалған. Содан бері  аттай  зулап қаншама жыл артта қалды.  Бүгінде  ол  тек скальпель ұстап, ота жасап қана қоймай, келген жас мамандарға  тәлімгерлік  етеді. Мұнымен қоса бас дәрігердің орынбасары ретіндегі басшылық қызметін қосыңыз.

Ғалымдардың пайымынша,  хирургтің  жақсы жағын, кәсібилігін  тек 10-15 жылдан  кейінгі жеке дара тәжірибесінен кейін айтуға болады. Осы кезеңде  оның маман ретінде қалыптасуы орын алады : дұрыс яки бұрыс жасап жатқанын,  қажетті  хирургиялық  дағдылары пайда болғанын   түсінеді. Сол айтқандай, біздің кейіпкеріміз де  араға жылдар салып,  оңды-солын ажырата білетін тәжірибелі маманға айналды.

Байқадам Болатұлының ай туынша,  кез келген жас  хирург ештеңеден қорықпайды және бәрін жасай аламын деп ойлайды. Бір басына жетерлік білімі бар болғанымен,  қабілет-қарымы төмен,  оның салдары туралы  ойламайды. Сондықтан   баспен терең  суға секіргендей болады. Ал хирургияда бірталай жыл жұмыс жасаған маманда білім ғана емес, тәжірибе де бар.  Ол өзінің не істеу керектігін, әрбір  әрекетіне де жауап беруді біледі.

– Хирургия деген барлығын жасаймын, дүние табамын деген тірлік емес, бұл менің таңдаған өмірлік бағытым. Хирург болу үшін ең алдымен аз уақытта жылдам шешім қабылдай алуың керек. Ең керекті қасиет – науқасқа көмек көрсету, уақытында сол көмекті ұйымдастыру, емдеп, отасын жасап, аяққа тұрғызу.

Шынында да оның  қандай  хирург маман екенін ота жасатып, өміріне араша болған науқастар ғана  жақсы біледі.  Ал,  талайдың   өміріне араша болып,  дертінен айықтырған  хирург жұмысын  бірқалыпты деп ешкім айта қоймас. Қандай ота болмасын  5 минуттан басталып,  6-8 сағатқа  дейін,  тіпті одан да ұзаққа  созылуы мүмкін. Ота жасау бөлмесіне кірген   хирург ол жерден   қанша сағаттан соң шығатындығын айта алмайды. Себебі әр науқастың жағдайы  өзінше бөлек. Кез келген хирургиялық араласу – ағза үшін қауіпті және оның қалай әсер ететіні  белгісіз. Түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Осы шақта  тапқырлық танытып,   тәжірибесіне  сеніп қана емес, әріптестеріне де жүгінген дұрыс.  Тіпті,  ота жасаған бөлмеге кіруді  өтінсе болады. Себебі, «бір бас жақсы,  екеу – одан да жақсы деген емес пе?!

Өз ісінің шеберімен әңгімелесуде түйгеніміз,  отаның  қарапайым және күрделі түрі болады. Оның үстіне  әрқайсысы бұрынғыларға ұқсамайды. Сонымен қатар,  хирургтің  операцияны біреуге жақсы немесе  нашар жасайды дегені жөнсіз. Себебі,  ол  бәріне  де көмектесуді ойлайды. Ота жасауға кіргенде бұл  операцияны кешегіден де жақсы жасауды  көздейді.  Қандай жастағы маман болмасын  міндетті түрде операция алдындағы  толқуды сезеді.

– Хирургия саласының маманы  адам  өмірі оның бір ғана әрекетіне байланысты екенін есте ұстауы керек. Бұл мамандықтағы ең қиыны қайтыс болған науқастың жақындарымен байланысу. Әрине, бақытымызға орай, мұндай жағдай жиі болмайды, – деген кейіпкеріміз өзін мықты маманмын  деп санамайды.  – Бұл мамандық үшін мен әлі көп тер төгуім тиіс. Себебі,  хирургия  саласы өте күрделі. Қазіргі заман талабына сай түрлі құрылғылар бар. Мәселен, өзіммен қатар бітірген группаластар   арасында Астанада, облыс орталығындағы қалалы аймақтардың  ауруханаларында жүргендердің дені заманауи құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Сондықтан, бұл салада үйренгенімнен үйренерім әлі де жетерлік. Негізі, дәрігер  деген өмір бойы оқып, үйренуден еш жалықпауы керек.

Мақалада айтқандай, Байқадам Болатұлы хирург міндетін атқарып қана емес, орынбасарлық жүгін де қатар алып  жүрген маман. Ота жасау өз алдына, ұжымдық жұмыстың  өз қиындығы бар. Екі бірдей жауапты  міндетті қатар алып жүрген дәрігер бұл туралы не дейді?

–  Әрине, екеуі де  жауапты міндет. Хирург ретінде операция жасаған  адамның  өмірі үшін жауапты болсаң, орынбасар ретіндегі  жауаптылық-тың жүгін тағы қосыңыз. Бұл  ең әуелі медицинадағы дәрігер  тапшылығына әкеліп тірейді. Ота жасайтын хирург, гинеколог мамандары толық болса,  заңды орынбасарлар операцияға жүгірмес те  еді. Мұның бәрі, кадр мәсе-лесіне  әкеп тірейді. Қазір  ауылдық жердегі медицинадағы  туындаған  басты проблема осы кадр тапшылығы  болып отыр. Мәселен, ауруханамызға жас  маман келді делік. Оны үйретіп, тәрбиелейсіз. Өзіңізде барыңызды сарп етесіз ғой былайша айтқанда. Екі-үш жыл өтіп, үйренген соң, олар аудан мен облыстың деңгейін салыстыруға көшеді. Сөйтіп, екі жақты байқап көргеннен кейін  ақырын ғана қалаға қарай ауысып  кете барады.  Ал  біз кетіп қалғандардың  орнын толықтыру үшін қайтадан жас мамандар  алып, оны  басынан бастап үйретіп, тәрбиелейміз. Қазіргі таңда біздің ауруханаға реаниматолог-анестизиолог, гинеколог, хирургтар ауадай қажет. Алайда бәрі қалаға қарай ұмтылып тұрады. Осы орайда мынаны айтқым келеді, неге екені   қаладағылар   ауданда жұмыс істеп жүрген мамандарды өздеріне шақырып  алуға өте шебер. Қалаға жұмыс істеуге кез келген адам барады ғой. Бірақ,  ауылды жердегі мамандарды үгіттеп шақырып алу деген, миға қонымсыз…  Негізі,  асфальтта өскен бала   ауылдың жайын түсінеді деп айту қиын. Қаланың баласы келіп ешқашан ауылдың медицинасын көтермейді. Осы уақытқа дейін келген  дәрігерлердің дерлігі ауылдан шыққандар.

Бізде керемет   нематолог, хирург, рениматолог, педиатр дәрігерлеріміз болған. Бірақ, бәрі ауысып, кетіп қалды. Ал, орынбасар әрі хирургиялық міндетті қатар алып жүрген  дәрігер бір  мен ғана емес. Аудандағы кез келген орынбасардың атқаратын жұмысы осы.

Қаншалықты үлгеремін дейтіндей, бастан асып жығылатын, қол тимей жасап жатқан операциялар жоқ. Алайда, жоспарлы, шұғыл түрдегі оталар ізімен бола береді.  Әрине, кейде орынбасарлық жұмыстан бас алмай  қалатын сәттер де кездеседі. Дегенмен, екі жаққа үлгеруге,  барыңды салуға тырысасың.

Он төрт жылда жасаған операцияларымды санап бітпейтін шығармын. Биылғы жылдың он айы ішінде 250-ге жуық ота жасадық. Оның  ішінде ең ауыр ота  –  35 апталық жүкті әйелге жасалды. Шалғай ауылдан келген келіншектің өміріне араша түсуде қолдан келгеннің бәрі жасалды.  Ең алдымен Алланың, одан кейінгі облыс дәрігерлерінің араласуымен бәрі сәтті өтті. 

Білікті оташымен тілдесуде хирургтің қателесуі туралы  сұраған едік. Айтуынша,  медицина саласы деген түпсіз терең теңізге ұқсайды. Оның ішіндегі хирургия бөлімінің алар орны айрықша. Хирургке дәлдік керек. Көздің қарауы мен қолдың қимылы сәйкес келуі тиіс. Хирургияда бір миллиметр қателесуге болмайды, ауытқып кетсең, науқасты жарақаттап алуың мүмкін. Әр хирургтің операция жасау тәсілі әртүрлі болады: бірі сапалы, әрі тез жасайды, екіншісі де сапалы, бірақ баяу жасайды.  Екеуінде де дәл сол науқастың қосалқы ауруларына, жүрек резерві, өкпе қызметіне, жалпы алғанда,  денсаулығына байланысты сәйкес келетін операцияны таңдау маңызды.

Осы  орайда кейіпкеріміз хирургия жолында  тәлімгерлік еткен  Бекбай Құрақбаевтан өзге  үлгі  еткен дәрігерлер есімін ерекше атап өтті.  Марқұм боп кеткен Мандат  Есенғараұлы,  Сағат Әшімұлы…  Сонымен қатар Иманғали Бөлегенұлыдан  көп дүниені үйреніпті. Қазіргі таңда Еркін Хансұлтанұлы,  Абай Салауатұлы,  Мирас Марксұлы,  Аслан Толымбекұлы тағы  басқа білікті мамандармен тығыз  қарым қатынаста.

Шынында, бұл саланың жүгі де, жауапкершілігі де ауыр әрі адам ағзасының түрлі бөлігіне ота жасау кезінде  жүктелетін міндет  зор екені даусыз. Басқалардай емес, бұл жұмыстың нәтижесі тікелей операция үстелінде шешіледі. Сондықтан, міндет – адам өмірін сақтау болған соң, күн-түн демей шұғыл науқастарға жәрдем көрсету керек.   Байқадам Болатұлы айтқандай,   мамандығың ұнаса, жақсы көрсең қиындығына қарамайсың, бастысы,  жұмысқа мұқият болып, әр науқастың көңілін, тілін таба білу қажет. Бұл кез келген дәрігер үшін таптырмас қасиет  емей не дерсің?!

Хирургиядағы білікті хирургтердің бірі : «Әр ота – перфоманс, әр дәрігер – актер. Ота – бұл қойылым.  Ал,  қойылымдағы «ойынның» нәтижесі комедия бола ма, әлде трагедия ма – ол отаға қатысқан әр актердің (яғни, дәрігердің) өз рөлін қаншалықты жоғары деңгейде орындағанына байланысты..», – депті.  Біз тілге тиек еткен  білікті маман  Байқадам Болатұлын  өз рөлін жоғары деңгейде орындап келетіндердің қатарына жатқызуға әбден болады. Өз сөзінде кейіпкеріміз  хирургтің бақыты – өзі емдеген  науқастың жазылып шыққаны дейді.

Хирургияның қырына қаныққан білікті маманмен тілдесуде оның  әр сөзінен   мақтаныш пен  қатар  мамандығына деген   махаббатын  аңғардық. Ол өзін басқа мамандық иесінің орнына қоя алмайтынын ашық айтты. «Мен үшін әлемдегі ең ғажап мамандық – хирург  деп есептеймін», – деп ағынан жарылды ол.

Иә, қазір өз мамандығына ғашық адамды  жолықтыру  оңайға соға қоймас. Әркім-ақ  мамандығын дәл біздің кейіпкердей  сүйсе, қанеки…

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

АҚСУ АУДАНЫ


ПІКІР ЖАЗУ