«Қаңтар Қасіреті» Талдықорғанда не болды?

0
1824

Жаңа жылдың алғашқы күндеріндегі бейбіт наразылықтың соңы жаппай  тәртіпсіздік пен бейберекеттікке, өртеу мен қиратуға ұласты. Елде төтенше жағдай жарияланды. Шыны сол, бұл,  соңғы екі жыл ішіндегі екінші рет  жарияланған төтенше жағдай. Көкейде  сұрақ көп енді.  Отыз жыл болған тәуелсіз  еліміздің ордасы  неге ойрандала жаздады?   Бейбіт  деп басталған шеру неге  бейберекет ереуілге ұласты? Ал қарапайым халықты ашындырған мәселе бір ғана газ бағасы  ғана ма?

Талдықорған   алаңында да   бейбіт шеру деп  шыққандардың түпкі ойы нені меңзеді? Облыс  орталығында орын алған  осы бір наразылықты   көзімен көріп,  басы-қасында жүрген  журналист Сандуғаш ДҮЙСЕНОВАДАН  оқиғаның себебі мен салдарын салмақтап  беруді сұрадық.

* * *

«ОСЫ   оқиға орын алардан  бір күн бұрын,  яғни, қаңтардың 3 күні  Кербұлақ ауданында таудан жерге Барыс түскені туралы  ақпарат  тарады. Бұл күн – аптаның   дүйсенбісі  еді. Осы ақпараттың  рас-шынын  анықтауда  Алматы облысы бойынша  «Хабардың» меншікті тілшісі, әріптесім Гүлнәр Жантасоваға  хабарласып, барып,  көріп қайтайық деген ұсыныс айттым. Бұл   мерекелік демалыс күндер болғанымен, біз,  әдеттегіше,  4 күні   жиналып,  жолға шығып кеттік. «Басши» ауылына  жетіп қалғанда  телефоныма он екі адамнан тұратын топтың  жаңаөзендіктерді қолдау мақсатында түсірілген «Біз біргеміз!» атты  бейнетүсірілімі келді.  Лезде бұл  бейнені өзімнің жеке парақшама салып қойдым.  Бірақ,  ол жерде  теріс әрекетке итермелейтін көрініс тіптен жоқ. Осылай  жұмысымызды бітіріп,  қалаға  қайттық. Келе сала  алаңға барғанымда тыныш екен, бірақ  соған жақын  маңдағы  қонақүй жақтан көптің шуылдаған дауысы  шыға бастады. Бірден сол жақа қарай бет түзедім.  Бұл, енді,  кешкі сегіздер шамасы. Шеруге шыққандардың  дені  «елім, жерім үшін» деген сөздерді айқайлап айтып келе жатты. Он минуттың ішінде алаңға екі мыңға жуық адам  жиналды  десем болады. Осы жерде шұғыл түрде  полиция қызметкерлері де  келіп үлгерді.  Алаңда  көргенім «Еуразия» бірінші арнасының журналисі  Берік Ақтан  жүрді, одан кейін әкімдіктен Лаззат Махатұлы, қала әкімі Ержан Батырбайұлы, Ермек Келімсейіт, Ғалымұрат Жүкел, Нұрбақыт Теңізбаев, өзіміздің Жанна Арынбекова және әкімшіліктен тағы бірнеше адам болды.

АЛҒАШЫНДА бейбіт шеруге шығушылар микрофонды кезек-кезек алып сөйлеп  жатты. Бірақ, көп ұзамай  бейбіт шеру саясиланып сала берді. Наразылыққа шыққандардың аузынан «Шал, кет!» деген сөздер шыға бастады. Басында шерушілер сөзіне жүрегім ауырып,  қолдау танытып  тұрған едім, мына айтқандарынан  соң бірден арты жақсылыққа апармайтындығын ішім сезді.  Олардың бұл сөзі   көз алдыма 1986 жылғы оқиғаны алып келгендей болды.  Содан бірден алаңдағы  полицейлерді  елді соқпауға, түсіністік танытуға  шақырдым. Бірақ, бейбіт  митинг   агрессивті  сипат ала бастады.  Шерушілер арасынан екі бірдей көпбалалы  ана қала әкімінің қасына жүгіріп келіп  оған қарсы небір  сөздерді жаудырта бастады.  Шаһар басшысының   «ертең  сағат үште әкімдікке келіңдер, сөйлесейік» дегенін ана екеуі құлақтарына да ілмеді. Ақ  орамал таққан келіншек тіпті аузын жабар емес: «Көпбалалы ана ретінде сендер маған  балабақшаның ақшасын төлеп берулерің керек» дегені  тіптен орынсыз сөз ғой. Тағы бірі Жанна Арынбекованы сөзбен шымшылай  берді. Осы аралықта  менің қызым «Тәте, көпбалалы  ана болсаңыз үйде отырмай, түн қатып бұл жерде неге жүрсіз?» деп еді, енді онымен байланысты. Қысқасы, мұндай ұрыс-керістен ештеңе шықпас деп ың-дыңсыз қыздарымды алып, үйге кетіп  қалдым. Алаңнан кетуімнің  тағы бір себебі,  шеруге шыққандардың бірі маған: «Тәте,  сізді  ел таниды ғой, бізді басқарыңызшы» деп өтініш айтты.  Негізі  митингке шығар алдында топты   бір адамның басқаруы керектігін  бәріміз жақсы   білеміз.   Бірақ, оның бәрі  нақты,  заңды түрде болғаны жөн.  Ал  араққа  тойып алып,  ауыздарынан небір  боғауыз сөздер кетіп жатқан жандармен байланысудың өзі артық. Осылай,  былық болмай тұрып, кетіп  қалуды жөн көрдім. Түнгі  23:00-де қыздарыммен үйге келдім.

КЕЛЕСІ  күні, яғни, қаңтардың 5-і.,  алаңға шыққан жоқпын. Барлық былық осы  күннен басталды емес пе? Сол күні  құрбым Әлия телефон шалып, алаңда болып жатқан дүрбелең туралы айтты.  Наразылыққа шыққандар қолдарына тас алып, сонда жүргендердің бәріне лақтырып жатқанын, өзінің  әзер қашып шыққанын, маған үйден шықпауымды  айтты. Бұл сөзді естіп, менде дегбір қалмады. Кеш түсе шыдай алмай үйден шықтым, Абай көшесі бойында орналасқан   ішкі  істер департаментіне  барғанымда өз-көзіме өзім сенбедім.  Шарбақтарын құлатқан, есіктерді сындырған, машиналарды өртеп  жіберген. Осы сәтте телефонымның камерасын қосып, видеоға түсіре  бастадым. Мородерлер  жанған машинаның дөңгелегін, енді бірі көліктің ішіндегі магнитолла,  ұсақ-түйектерін алып жатты. Содан екі қызымды ертіп  мекеменің ішіне  кіріп бара жатқанымызда есік алдында тұрған  аппақ иномарка көлігін шағып жатқанын көрдік. Бұл тәртіпсіздікті көріп, шыдай алмаған қызым:  «Қойсаңдаршы, онда нелерің кетті, жап-жаңа көлікті бүлдіріп, бұл өкіметтікі емес пе?»  деген сөзіне «қайдағы өкімет, бұл полицияның  көлігі ғой» деп жауап қатты әлгі бұзақылар.

«Бұл қазақстандық полицияның мүлкі  ғой»  деген менің  сөзіме де еш  шіміркпестен: «біз, полицияны ненавидим» деді. Әлгілердің арасында әйелдер де өріп жүр. Осы сәтте біреуін жұлқып-жұлқып, итеріп жібердім. Содан  департаменттің ішіне кірсек, төрт-бес жігіт жүр екен. Түріне қарасам полицейлерге ұқсайды, аяғына зер салсам голош киіп алған. Өздері рацияларды, оқ өткізбейтін  дене құрышын (бронижелет) жинастырып жатыр.

«Сендер неғып жүрсіңдер, бұларың  не? Бүлінгеннен бүлдіргі алма дейді, қазақта. Қойыңдар» дегеніме: «Тәте, біз полицейміз ғой, мына жерді тазартып жатырмыз, бәрін  алып кетпесек болмайды», – деді. Содан әлгілермен бірге далаға шықтық. Сыртқа шыққанымызда  мородерлер бізге жабысып, тиісе бастады.  Бірден жанымдағы  жігіттерге:  «Рацияларды қайда апарасыңдар?»  – деп лап қойды. Ал әлгі мородерлердің арасында жүргендердің  бірлі-екеуін жақсы танимын.  Сондықтан да оларға   «Ауыздарыңды жабыңдар, жұмыстарың болмасын» деп қатқыл үн қаттым. Сөйтіп, әлгі жерден шығып,  облыстық әкімдікке қарай бет түзедік. Келсек,  бұл  жердің де астаң-кестеңі шыққан.  Қыздарыммен бірге әкімдіктің ішіне кірдім. Ғимараттың бәрін қопарып тастаған. Мородерлер ішінде әйелдер де жүр. Солардың бірі   әкімдікте тұрған  гүлді  ұрлап  бара жатқанын көріп, тоқтатып,  одан гүлді қайтарып алдық.  Осы сәтте қыздарымды арнайы шаруамен  бесінші қабатқа барып келу үшін  жіберген едім.  Бір уақытта  сигнализация ойнай бастады, «қазір, атыс басталады» дегенде,  қыздарымды іздеп, бесінші қабатқа  екі минутта  көтерілдім.  Бар дауысыммен айқайлаймын. Сөйтсем олар бірінші қабатқа түсіп үлгерген. Осылай түнгі он екіге қарай   үйге қайттық.

6 ҚАҢТАР. Ойда  ештеңе жоқ, ертеңгілік,  облыстық әкімдікке  келдім. Шыны керек, быт-шыты шыққан,  өртенген ғимаратты көріп, екі көзім шарасынан шықты. Жүрегім ауырды, жыладым да.

Ғимараттың айналасын жинастырып жүргенімде бір әйелдің: «Бұл, өкіметтің дүниесі ғой, жанса, жана берсін» деген сөзін естіп, одан әрмен ішім  қан жылады. Халықтың сана-сезімінің соншалықты  төмендеп кеткеніне налыдым.

Алаңдағы шыршаға ешкім тимеген екен. Сол сәтте ішімдікке  лықа тойып, ыржыңдап  күлген қазақ  жігітіне қарап: «Неменеңе жетісіп іштің?» десем, «Біз жеңдік қой,  соның қуанышынан іштім» деп  мәз.  Бұған, не дей аласың?!

Бұл күні қалада тірі жан болмады. Сол  шақ   қорқынышты фильмдердегі көріністі көз алдыма әкелгендей болды. Содан   қаланың сыртына шығып, Президентке бейне хабарлама жазып, парақшама салдым.  Осылай, үйге қайттым.

ҚАҢТАРДЫҢ  7-і күні қалаға  әскер кірді. Содан олар менен: «Насихат жұмысын қойып, елді тыныштыққа, сабырлыққа  шақыруға көмек беріңіз»  – деп  сұрады.  Қалғанын өздерінің алгоритмі бойынша жүргізетіндіктерін айтты. Менің де түпкі ойым осы болған.  Алайда, бейбіт шерудің соңы бүлік шеруге ұласады деп кім ойлаған?!

Осы қиын кезеңде өз кәсіби міндетін орындаған тәуелсіз журналистердің бірі ретінде,   4-5-6-7-8-9 қаңтарда қаламызда орын алған  күнделікті  оқиғамен   халықты ақпараттандырып,  жеткізіп отыруға тырыстым.  Ешкімде   интернет болмағанда,   қандай да бір кереметтікпен менде  интернет істеп тұрғанына әлі күнге таң қаламын.

Осы аралықта алаңда  менен өзге  «Еуразия»  бірінші арнасының журналисі Берік Ақтан, «Хабардың» операторы Олжас болды, журналист Шыңғыс Қалиден және «Жетісу» арнасынан Данияр Сейсенбаев жүрді. Басқаларын көрсем, көзім шықсын. Мүмкін бір шыршаның түбінде жасырынып отырған болар, кім біледі?

Осы тұста айта кетейін, еркектер жүре алмаған жерде   қыз да болса қорықпай Жанна Арынбекованың  жүргеніне  іштей таң қалдым да. Осы бір митинг кезінде менің көз алдымда ол үш-төрт сатыға  өсіп кеткендей болды,  оған деген құрметім  тіптен еселене түсті.

МЕНІҢ жеке пайымым, егер сол кезде халықпен бір мәмілеге келетін адам шыққанда, мүмкін мұндай тәртіпсіздік орын  алмайтын ба еді. Себебі, митингке шыққандардың арасында еріккеннен, жай ғана  қызығушылықпен барғандар көп болды. Осы  орайда   бірнеше мәселені алға тартқым келеді.

Ең алдымен, Алматы облысында  халықты бағындыра алатындай белді, беделді азаматтар жоқ. Ал, ондай  жандарды жасау  қажет. Мәселен, Бауыржан Оспанов секілді, оны бүкіл ауыл тыңдайды ғой, сол секілді Балқаштағы Әбен ағамыз сынды… ол кісі де мыңды орнынан тұрғызып, қайта  отырғызуға мүмкіндігі мол.  Қысқасы, халық сенетін адамдарды таңдап, шығаруымыз тиіс.

Екіншіден,  бұл оқиғадан, әкімдердің  халықтан алыстап кеткендігі көрініп қалды. Егер,  елмен етене жұмыс істеп, көмектерін беріп отырғанда бұлай болмас еді. Бір сөзбен айтқанда,  билік  халықтан алыстап, сөйлесе алмайтынын ашып көрсетті.

Үшіншіден, жамағат. Біздің Бас муфтиіміз үндеу жасауы тиіс еді. Ол барлығы бітіп, бояуы сіңген тұста ғана қозғалды.  Сол сәтте  халықты бір мәмілеге алып келетін  билік  арқылы, ел ішіне беделді  азаматтардың және мешіттерден  жұрттың басын жия алатын өкілдер болғанда…. Мәселен, қала іргесіндегі Еркін ауылында  Омар аға сықылды имамдар болса. Ол  үнемі елдің басын біріктіріп, көмек беруден аянған емес. Егер ол кісі  сөйлесе еркіндіктер көтеріле алады, қозғалмай отыра да алады. Сондай имамдарды тәрбиелеуіміз керек. Содан кейін, имамдардың   қолында екі дипломы болса: бірі діни-танымдық, екіншісі педагогтық. Осы кезде тепе-теңдік орын алады.

Төртіншіден, әкімдіктің ыдысынан  тамақ жеп отырған үкіметтік емес ұйымдар бар. Шеруге шыққандардың  арасында  көпбалалы, әлеуметтік тұрмысы төмен  аналар да жүрді.  Олармен арнайы үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істеуі тиіс  емес пе. Сол үшін де оларға ақша төленеді ғой. Егер шерушілер ішінде  солардың адамдары жүрсе, онда бұл ұйым несіне жұмыс істеп отыр?

АЛАҢҒА  жиналған  алаң жұрт  бір өзгеріс болар деп сенді. Менің тілге тиек еткен төрт мәселемде «Олар  митингке неге шықпады?» деуден аулақпын. Алайда,  ашынған халықтың алдына шығып  сөйлеп,   сабасына түсіріп,  сабырлыққа шақырып, үйлеріне қайтарулары керек еді. Өкінішке орай,  бұл жұмысты  атқара алатындай адам, көшбасшы көрінген жоқ.

Бейбіт шеруге шыққан бірінші күні-ақ бұл істі өршітпеуге де  болар еді. Амал нешік?! «Баталов болғанда, бұлай болмайтын еді. Себебі,   ол елмен емен-жарқын әңгіме айтып, сөйлесе білетін әкім болды.  Есіңде ме, осыдан біраз жыл бұрын Талғарда орын алған қырғында мылтық, балта ұстап келген ашынған жұртты райынан қайтарғаны. Мына жағдайда да  Баталов  тобырдың  басын қайырар еді.  ­ Өйткені  шеруге шыққандардың ішінде  арандатушылардан   бөлек, басым бөлігі қарапайым халық болды.

Бұл бүліктен билік сабақ алды ма? Алған жоқ.  Өйткені, күні кеше ғана активистерді жинап, біз үшін шешім шығарып қойды. Олар халықтың ойын білмей, сұрамай  қайдан біледі???

ЖУРНАЛИСТІК міндетімді  орындауда   бойда үрей де  қорқыныш та болды. Қырып тастаса не істей аламыз деген ой да мазалады. Қорыққанымыздан жүре бердік қой…  Негізінде, Барыс жылының басы осындай үрейлі күндермен басталар деп еш ойламадық. Алайда,  Желтоқсан оқиғасының Барыс жылында болғанын   ұмытқамыз жоқ. Бірақ,  ол кезде  алаңға шыққандарда «Колбинды құртып, Қонаевты қайта отырғызу» деген нақты идея болды. Ал мына  шеруде  халықтың  әрқайсысы өзінің жеке басындағы проблеманы алға тартты.  Бірі баспанам жоқ десе, бірі басындағы несиесінің көбейіп кеткенін  айтты. Қысқасы,  халық  өзінің дауысын тыңдатқысы келді  және соны орындауға мүмкіндік туды. Сөзді қысқа қайырғанда,  бұл шеруге келген халық ортақ идеядан гөрі,  жеке проблемасын  басты орынға шығарғысы келді. Бары, осы.

Әңгімелескен Сарби ӘЙТЕНОВА


ПІКІР ЖАЗУ