Алатаудай асқақ, даладай дархан

0
1703

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ірі ғалым, Қазақстан Республикасы Ғылым Академиясының академигі, техникалық ғылымдардың докторы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына (1912-1993 жылдар) 12 қаңтарда 110 жыл толады.

Балғын жеткіншек Димаштың  Қонай бабасынан Жұмабай атты ұл мен Бұлантай атты қыз туған екен. Жұмабай атасы өз заманының беделді азаматы, өз ауылында бала оқытып, мешіт салып, қажылық  ұзақ сапарға барып қайтқан азамат болыпты. Димекең туғанда Жұмабай жарықтық  төсек тартып жатқан екен. Сәбиді қырқынан шығарып, бауырына басқан әжесі Жұмекеңнен бата сұрағанда қария: – Маңдайың ашық, көзің танадай екен. Жанарыңнан нұр көрдім. Сірә, елге би боларсың, елдің алақанында өтерсің. Алла осы тілегімді қабыл қылсын! – деп ақ батасын берген дейді. Атасы батасын берген Дінмұхамедтің  әкесі Меңліахмет өзінің зеректігінің арқасында озық, білімді азамат қатарында танылады. Ал, анасы Зәуре Байырқызы Алматы қаласына таяу Қоянды деп аталған ескі ауылдың (қазіргі Шелек) кедей азаматының қызы екен. Бұл ерлі-зайыптылар жетпіс жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп,  Зәуре Байырқызы 1973 жылы 86 жасында, Меңліахмет қарт 1976 жылы 90 жасында қайтыс болады.

Отағасы Меңліахмет пен отанасы Зәуре Байырқызы тоғыз бала өсіріп, бақытты өмір сүрген жан иелері екені ақиқат. Ұлдары – Димаш пен Асқар, Әмина, Маймуна, Нәйлә, Фазилә, Гауһар, Сара, Роза атты қыздарының әрқайсысы әз еңбегі арқасында ел-жұртының қошемет-құрметіне лайықты қайраткерлер қатарынан көрінді. Меңліахметтің жеті қызының екеуі – Нәйлә мен Фазилә Ұлы Отан соғысына қатысып, туған ортасына оралғаны қандай ерлік! Димаш Ахметұлының қарындасы Роза Меңліахметқызы ағасы туралы былай дейді:

– Димаш ағамның мінезі әкеме де, шешеме де тартқан. Әкем айтқанынан қайтпайтын қайсар, өжет болатын. Ал, анам өте мейірімді жан еді. Димаш ағамда әкемнің қайсарлығы мен анамның мейірімділігі астасып жататын. Димаш ағам анама өте жақын еді, анам да қартайғанша Димаш ағамды: «Балам, балақайым» деп өтті.

Қазақтың дана перзенті  Д.Қонаевтың туған жері – Алматы қаласы екені белгілі.  Ол  1912 жылғы 12 қаңтарда өмірге келгені тарихта алтын әріппен айшықталған. Бұл туралы Дінмұхамед Ахметұлы:

– Балдәурен балалық шағым, қайран жастық дәуренім өткен осынау әсем қала мен үшін оттай ыстық. Әрине, балалық шақтың да, жастықтың да өз белгілері бар. Қызығынан қиындығы басым сол бір кезеңнің біреу біліп, біреу білмес, бірақ өзіме аян өмір жолы қандай болса, өзіммен бірге жасасқандай сезінетін бұл шаһардың да осындай бай тарихы бар,–  деп өзінің кіндік қаны тамған Алматысы жайлы тебіренеді. Білім жолына қадамы Алматыдағы бір замандағы Чернышевский атындағы №19 мектептің бірінші сыныбынан басталады. Мұнан соң қаланың №14 мектебіне ауысады. Алматының тарихы жайлы тартымды еңбектердің авторы, орыс жазушысы Дмитрий Снегинмен бір мектеп шаңырағында білім алады.  Екеуінің мектеп қабырғасынан басталған достығы ұзақ жылдар үзілмей жалғасқан екен.

Дінмұхамед Ахметұлы бала кезінен өте зерек, білім мен ғылымға құштар, байсалды, кішіпейіл мінез-құлықтарымен  ерекшеленген, өзгелерге өнеге көрсеткен өрен болыпты. Ол ұстадардың инемен құдық қазғандай қызметіне сүйсінетін шәкірт екенін мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ түсініп, жоғары бағалай біліпті. Соның бір ақиқаты, Дінмұхамед Қонаев 1955 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы лауазымындағы кезінде өзіне хат танытып, әліппені оқытқан ұстазы, орыс тілінен сабақ берген Анна Павловна Шурованы арнайы қабылдап, соңынан мұғалімінің бұйымтайын сұрайды. Алғашқы ұстазы не жылуы, не ыстық суы жоқ ескі үйде тұрып жатқанынан хабардар етеді. Ұстазының жай-жағдайын өзінен естіген  Д.  Қонаев ол кісінің баспана жөніндегі тілегін уақыт өткізбей орындап беріп, өзінің адамгершілік ізгілігін танытады.

Дінмұхамед Ахметұлы жастайынан қазақтың аса көрнекті тұлғаларының бірі және бірегейі, инженер-ғалым Мұхаметжан Тынышбаевты өзіне үлгі етеді. Петербордағы жол қатынастары инженерлерін дайындайтын институтты 1906 жылы тәмәмдаған, мұнан кейін Түрксиб теміржол құрылысын салуға белсене қатысқан қазақтан шыққан тұңғыш инженердің қарышты, қажымас қайрат-жігерін жасынан өзіне үлгі-өнеге ретінде қабылдаған жас азамат Димаш: «Осы кісідей инженер болам» деп армандайды. Ол кезде қазақ баласында тау-кен ісімен айналысқан кәсіп иелерінің жоқ  екендігі де жігітті ойландырған сияқты. Сонымен қатар, бозбала Димаш Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендірмен ажырамастай тату, құшақтары айқасқан дос болғаны бар.

Ұлтының ұлылығынан, текті ата-бабаларының тәлім-тәрбиесінен және сол дәуірдің озық ойлы азаматтарының қайталанбас қасиеттерінен нәр алған азамат Дінмұхамедтің өмірі мен еңбек жолы жан сүйсіндірер толағай табыстар мен жетістіктерге толы болды. 1936 жылы Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтын тамамдаған жас маман әуелде Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішінде тау-кен инженері мамандығымен жұмысқа кіріседі.

Дінмұхамед Қонаевтың еңбек жолын ықшамдап қана айтсақ, алты жыл Қоңырат кеніші мен Лениногор полиметалл комбинатын басқарды, он жыл Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, үш жыл республика Ғылым академиясының президенті, жеті жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, ширек ғасыр шамасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Кеңес үкіметі дәуірінде Одақтың тағдырына жауапты КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының құрамына 21 жыл бойы сайланды.

1939 жылы КОКП мүшелігіне қабылданған  Д. Қонаев үздіксіз, қатарынан партияның тоғыз съезіне делегат болыпты. Ол ХІХ съезге қатардағы делегат ретінде қатысса, ХХ съезде мандат комиссиясы құрамына, ал қалған кезекті және кезектен тыс съездерде түгел Президиумға және Орталық  Комитет мүшелігіне енгізілсе, СОКП ХХVІІ съезінде Саяси Бюро құрамына бесінші рет сайланған екен.

Асыл азамат Дінмұхамед Қонаев партия съездері шешімдерін халық мүддесіне арналған ақыл-ойдың, парасат-пайымның тұнығы, оның әбден таразыланып, елге бағыт-бағдар беретін құжаты деп бағалап, Қазақстанның қарыштап өсуін осы қағидаттармен байланыстыратын-ды.

Бұл кісінің қарапайым, қазақи мінезін зейнеткерлік жасында да байқаған, куәгер болғандар бар. Оған арнап «Визитка» дайындау қажет болғанда, өзінің аты-жөнінен соң тек қана «Тау-кен инженері» деген сөздерді тіркетеді. Мұны көрген замандастары таңырқап:

– Димеке, мұныңыз қалай? Сізде атақ пен дәрежелер баршылық, Сіз жоғары лауазымды қызметтеріңізді неге қоспайсыз? – деген.

Оған Димаш Ахметұлы:

– Олардың бәрі өтпелі ғой. Ал «Тау-кен инженері» –  өмірлік нәрсе, – деп қысқа, әрі тәлім-тәрбиелік мәнді жауап берген көрінеді. Осы арқылы өзінің кәсіби мамандығына деген сүйіспеншілігін, әуелгі мамандығына адалдығын аңғартады.

Димаш Ахметұлы әлемдік тарихи романдарды, әртүрлі көркем жанрлық әдебиеттерді құмарта оқып,халық әндері мен күйлерін сүйсіне тыңдайды екен. Сол себепті жазушылар мен өнер адамдарына құрметпен қарап, қолдай білген. Айтар болсақ, жазушылар Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, атақты композиторлар Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқов, әншілер Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Ришат пен Мүсілім Абдуллиндер, Әлібек Дінішев, Роза Рымбаева, т.б. еңбектеріне әрқашан қошемет көрсетіп отырған.

Спорт  түрлерінен бокс пен күресті қызықтапты. Бұл кісі Қажымұқанның күресін өз көзімен көріп, аса таңданғанын жиі әңгіме етеді екен. Сондай-ақ, қолы босаған кездерінде аңшылықпен айналысса, оттықтарды жинауға да әуес болыпты.

Осы күндері  Д. Қонаев  мұражайында 7000-нан астам құнды, сирек кездесетін кітап,  аңшылық қару-жарақтың сексеннен астам, ал оттықтың 470-тен астамы тұрғанын білеміз. Үлкен кісі тұтынған заттардың бәрі-бәрін мұқият күтіп ұстап, шаң қондырмай,  шашау шығармай сақтаған адам – Зухра Шәріпқызы екені айтпаса да түсінікті.  Димекеңнің жұбайы Зухра Шәріпқызы Қонаевтар әулетінің мақтанышы болды. Ол қазақтың біртуар перзентін айрықша аялап, күнделікті тыныс-тіршілігін байқап, назар аударып, қазақтың келініне тән қасиеттерімен танымал болған әйел.

Өткен жылдарға мән беріп, парасат тұрғысынан пайымдасақ, Д.Қонаевтың ел басқарған жылдары тың жетістіктерге толы. Қазақстан Кеңестер Одағындағы он бес республика қатарында Ресей мен Украинада соңғы үшінші орынды иеленді. Ал, еліміз сонау 1955 жылы он үшінші орында тұрғаны мәлім. Осының өзі Димекеңнің ел экономикасын көтеріп, мәдениетті көркейту, халықтың тұрмысын жақсарту жолындағы мызғымас мығым қайрат-жігерін көрсетеді.

Экономиканы терең білуі, мемлекетті басқару тәсілі, осылармен егіз адамгершілік қасиеттері өзара сабақтасып, тығыз байланысып, Димаш Ахметұлын әр қырынан ерекше қасиетті етіп көрсетті. Бұл кісі басшылық қызметте болған 1955 жылдан 1986 жылға дейінгі уақыттарда Қазақстанда өнеркәсіп өндірісі көлемі 8,9 есе, ауыл шаруашылығы – 6,2 есе, құрылыс салу 8 есеге жуық артқан. 1959 жылы елімізде 2 миллион 787 000 қазақ тұрса, бұл цифр 1987 жылы 7 миллионға жеткенін білеміз.

Қазақстан 1955 жылы мемлекетке 7 миллион тонна астық тапсырса,  ол кейін 27-30 миллион тоннаға жетті. Диқандардың мемлекетке 7 рет миллиард пұт астық тапсырғаны ұмытылмақ емес. Сондай-ақ, 1976-1987 жылдарды қамтыған 10 жылда елімізде жүздеген елді мекен, 68 жұмысшы кенті, 43 қала бой көтеріп, Қазақстан тұрғындарының шат-шадыман тіршілігі көрер көз бен келген меймандарды сүйсіндірді. 1916 жылдарда байтақ даламызда 18 364 мыңқой болса, 1955 жылы оның саны 17 миллион шамасында екен. Ал, 1986 жылы Қазақстандағы қой саны – 36 миллионнан, ірі қара 8 миллионнан артық болыпты.

Алматының сейсмикалық қауіпті жағдайына  байланысты тұрғындар санын 1,5 миллионнан асырмау, сондықтан қала төңірегінде кішірек қалалар мен ауылдар санын арттыру сол жылдарда қозғала бастаған көрінеді. Қаланың ауасының ластанбауын осыдан  отыз бес-қырық жыл бұрын ойластырып, қала сыртынан айналма жол салуды, ауыр жүк көліктерін ішке енгізбеуді ұсынған және бастап берген де  Д. Қонаев  екендігі айтылып жүр.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бабамыз әрқашан өз халқын өзінен жоғары санайтын даналығымен ерекше. Ол КСРО және КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі ретінде АҚШ, Қытай, Алжир, Уругвай, Ирак, Үнді, Италия, Египет, Жапония, Болгария, т.б. шетелдерде дипломатиялық арнаулы сапарларға барғанында өзінің туған халқын, кеңбайтақ көпұлтты Қазақстанын мақтанышпен әңгімеге арқау ететін әдеті қалыптасқан. Ол жайлы аға буын қайраткер ағаларымыз жиі айтатын-ды.

Алып тұлғалы қайраткер Д. Қонаевтың халқына, Отан анасына сіңірген еңбегі Мәскеу тарапынан тиісінше бағаланып тұрды. Ол үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына лайықты болса, сегіз рет Ленин, бір рет Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған-ды. Үлкен кісі бұл марапаттарды қазақстандықтардың қажырлы ең-бегінің қайтарымы деп қабылдап, халқына шексіз ризашылығын арнайтын. Осы орайда көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин:

– Көрнекті адамдар өз елінің не бағына, не сорына туады деген ескі мақал бар.  Димаш Ахметұлы болса, туған елінің бағына туған адам және ол біздің әрқайсымыз үшін айырықша ыстық, –   десе, Мұхтар Әуезов:

– Мен бір жақсы адамдармен жекжат болған екенмін… Димаш, бұйырса, иісі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын! – деген тұжырымын оқыған едім.

Дегенмен, әлем таныған Кеңес одағы айырықша құрметтеген, Қазақстанның сүйіспеншілігіне бөленген Д.Қонаевтың биік тұғырдағы орнын аласарту әрекеті 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінен соң шұғыл қолға алынды. Мәскеудегі  М.Горбачев,  Қазақстанға тосын, суыт келген  Г. Колбин  және өз ішіміздегі кейбір жандайшаптар айтпаған сын,  жаппаған жала қалмай, бықсып кетті.

Ал,  әлгі сын айтушының сөзі өзінікі емес,  Мәскеудегі   М. Горбачев пен М.Лигачевтің  айла-шарғысы екені байқалып тұрды. Қонаевты неғұрлым қатты сынасақ, Мәскеу маңдайымыздан сипайды деген пысықайлар тыныштала қоймады. Ал, осылардың бәрі Д.Қонаевтың жанына тиіп, жүрегін сыздатқанымен, ол бәріне шыдады, сабырлы болды. Тіпті өмірінің соңына дейін: «Қалың орманда биік қарағайдың басын ғана жел шайқайды, халқыма ешқандай өкпем жоқ» деп кетті. Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби:

– Күннің нұрын, айдың ақ сәулесін алақанмен жабу мүмкін емес, – дегеніндей, кейбір ірілі-ұсақты байбалам салушылар қанша тыраштанса да Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жарқын жүзіне көлеңке түсіре алмады. Димекең өз заманының ғана емес, болашақтың кемеңгері екендігін әлемге паш еткен ұлы адам. Сондықтан ол бізбен, яғни өз халқымен өмір сүре бермекші.

Кәдіржан ЖЕКСЕНОВ,

Алматы облыстық

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» қоғамдық қорының төрағасы.


ПІКІР ЖАЗУ