Қолөнердің хас шебері

0
1313

Бүгінде  тоқыма өнері  қайта жаңарып,  сәнге айналуда. Дей тұрғанмен,     қолөнердің  бұл  түрімен  шұғылданатындар  саусақпен  санарлық  қана. Ал «Мейірім» шығармашылық  орталығында  осындай сәндік-қолданбалы өнерге  баулитын үйірменің жұмыс істеп тұрғаны көңіл қуантады.

Тоқыма өнері – қазақ халқының ежелден келетін  қолөнер саласының бірі. Бұл өнер мен білім беру  ісін  бір-бірімен ұштастырып, бала санасына ұялату да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Кәсіби дарын,  ізденімпаздық,  іскерлік,  қолдың ептілігін талап ететін өнерді үйренудің де өз машақаты бар.

Өз ісінің нағыз шебері, орталықтың балаларына  пайдалы ілім беріп, білімді өнермен ұштастырып жүрген жанның бірі – Гүлден ОМАРОВА.

Еңбек ауылындағы «Мейірім» шығармашылық орталығында «Тоқыма өнері» үйірмесінен сабақ беретін  Гүлден  ұстаз  жоғарғы оқу орнын және магистратураны «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша  тәмәмдады.

Ал, тоқыма өнеріне  жүре-бара  қызығушылығы  пайда болған. Өзі айтқандай, бұл  оның  үйреніп әрі айналысып жүрген хоббиі.

– «Кез келгеннің бойында өзі білмейтін немесе білетін қыры болады. Әркімнің әр түрлі нәрсеге икемі болуы мүмкін. Бірі өлең шығарса, бірі ән айтады, енді бірі суретті жақсы салуы мүмкін.  Ал маған берілген бақ – осы тоқыма өнері деп ойлаймын. Мен оны ғаламтор желісінен қарап үйрендім. Алғашында тоқып бастағанда бірден әдемі болып шыққан жоқ. Алайда алған бетімнен қайтпай,  қолымды үйрете бердім. Осылай шағын  дүниелерден  үлкен деңгейге  жеттім. Бұны өзімнің ерекше қабілетім шығар деп ойлаймын және оны мақтан етемін» ,  – дейді ол.

Ашылғанына небәрі бір ай ғана болған үйірмеге 7 жастан 14 жасқа дейінгі 16 қыз  қатысады. Олардың  әрбірі қызығушылықтарын  арттырып, осы өнерді бойларына  сіңіріп, өздерінің игіліктеріне жаратқысы келеді.

Гүлден  Бекболатқызының  сөзінше, тоқыманы өз бетімен үйреніп, кейіннен осы салаға байланысты курстардан өтіп, түрлі сертификаттар алған. Алайда мұғалім болып кетемін деп мүлдем ойламапты.

«Негізінде бұл орталықа екі қызымды апарып  жүріп, оның жетекшісі Гүлмира Қуанышқызына өзімнің де қолөнерден кенде еместігімді айттым. Әрі балаларға осы өнерді үйретсем деп ұсыныс білдірдім. Гүлмира апай    ойланып көрейік деп, арада біраз уақыттан кейін І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Шеберлікті шыңдау» курсы болады соған қатысып көресіз бе деді. Мен бірден  келісе кеттім, аталған курстан өтіп, сертификат алдым және одан бөлек онлайн форматта да курстардан дәріс алдым. Сонымен ақырындап тоқыма үйірмесін ашу жұмыстары қолға алынды. Қазір,  міне, жұмысымыз ақырындап алға жылжуда. «Садақаның ең жақсысы – ілім үйреніп, оны басқаларға үйрету» деген ғой, менің де үлесім осы балаларға тисе екен деп ойлаймын»,  – деп ағынан жарылды кейіпкеріміз.

Аптасына екі мәрте, екі ауысыммен болатын үйірмеге қолөнер ұстазы қаладан қатынап сабақ оқытады. Алайда  мұның оған еш  қиындық тудырмайтынын,  ең бастысы балаларға пайдалы дүние үйретіп жүргеніне қуанышты екенін айтты.

«Тоқыма өнері» үйірмесі әзірге тек Еңбек ауылында ғана оқытылады. Сол жердің тұрғындары «бізге қолөнер үйірмесі  керек, бізде ашылсын, балаларымызды үйірмеге қатыстырайықшы» деген  ұсыныстарынан кейін   ашылған. Қазір қаланың өзінен де осы үйірмеге қызығушылық танытып отырған жандар көп екен.

Бүгінде үйірмеде қызу жұмыс жүріп жатыр. Қыздардың барлығы бір-бірімен жарыса отырып, тоқымадан түрлі бұйымдар жасау үстінде. Алда келе жатқан 8 наурыз  мейрамына орай  әрқайсысы аналарына өз қолдарынан сыйлық дайындап жанталасуда.  Үйірмеге қатысушы қыздардың ең кішкенесі – Расима Алтай. Оның жасы  жетіде. Бірақ, оның жасап жатқан бұйымдары өзінен жасы үлкен қыздардан кем  емес. Кішкене ғана епті қолдары сусылдап, жіп пен бізді ұршықша иіреді. Өзін жан-жақты қырынан көрсетіп жүрген  Расима мектептеде  оқу озаты.

Әнші боламын деген арманның  жетегінде келетін Томирис Ислам да осы үйірменің шебер шәкірттерінің  бірі. 11 жастағы Томирис тоқымаға бұрыннан қызығушылығы артып жүргенінін жасырмады.

«Тоқыма үйрену  алғашқыда  түсініксіз болды. Қалай айналдырып шығатынын, санап отырып тоқу керектігін ұмытып қалып,  апайдан көмек сұрайтынмын.  Ұстазымыз әрқайсымызға жақсылап түсіндіріп береді. Кейіннен оның математика сабағымен де байланысы бар екенін түсіндік. Бір жақсысы тоқымадан түрлі  заттар жасауға  болады. Мерекеге орай анамызға шәугім мен шәйнек астына қоятын бұйым тоқып жатырмыз. Күн жылынып келеді. Өзіме көктемде-жазда ұстап жүретін сөмке тоқып алғым келеді. Жылдың әр мезгілінде тоқымадан жасайтын зат табылады. Мәселен, күн  суытқанда  бас киім мен шарф,  қалың  жакеттер жасап  алуымызға болады. Сол үшін бұл қолөнер түрі маған ұнайды»,  –  дейді  Томирис.

Сонымен қатар ол  «Вокал»  және «Домбыра»  үйірмесіне  барады. Бір үйірмеге ауылдағы  орталыққа барса,   екіншісін үйренуге қалаға барады. Ол   бос уақытында кітап оқып, сурет салумен айналысқанды да жаны сүйеді.

«Тоқыма» үйірмесі  шәкірттерінің сөзінше  Гүлден  Омарованың сабақтары әрдайым қызықты өтеді.

«Тоқыма өнері үйірмесі жайлы мектепте ұстазымыз  хабарлаған болатын. Осындай үйірме ашылайын деп жатыр, кім қатысады деп. Сол уақытта тізімге бірден жазылдым. Себебі, бұл  үйірменің менің болашақ арманыма қатысы бар секілді сезілді. Оны тезірек үйренгім келді. Мен бос уақытымда сурет саламын. Киім үлгілерін сызып, олардың суретін салып, түрлі-түске бояп отырғанды жақсы көремін. Және болашақта дизайнер болғым келеді. Өз  брендымды қалыптастырып, көптеген киім үлгісін ойлап тапқым келеді»,  –  дейді   Балжан Серікқали.

Әр баланы шеберлікке шыңдаған Гүлден Бекболатқызы тоқымамен айналысқанда адам жеке басына қажет нәрсені тоқып қана қоймай, оны жасау үстінде түрлі-түсті бояулардың үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерін таңдап, әдіс-тәсілдерді меңгеруі адамның талғамын, шеберлігін, ой-өрісін жетілдіріп, көркемдікті сезіну қабілетін дамытады екен. Айтуынша,  нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық және білім қажет.

Иә, қанша  ғасырдан бері жасап  келетін қазақтың  қолөнерін бүгінгі  ұрпақтың бойына сіңіруге  барынша үлес қосып  келетін  Гүлден Омарованың  еңбегі  ерен-ақ. Осындай  ұстаздар барда  тоқыма өнері маңызын   жоғалтпақ емес.  Әрі, бұл қолөнер түрі жас жеткіншек қыздарға  үлкен пайдасын тигізері анық. Қыз бала – келешек ана. Қазір үйреніп жатқан істерін болашақта өздерінің игіліктеріне жаратары сөзсіз.

Дайындаған: А. НҰРЖАПАР.


ПІКІР ЖАЗУ