Қапшағай қаласына Қонаев аты ресми түрде берілді

0
1124

Мемлекет басшысы наурыз айындағы халыққа жолдауында: Қапшағай қаласының атын Қонаев деп өзгерту туралы халық ұсынысына қосылуға дайын екенін мәлімдеген еді.

Атап айтсақ, 16 наурызда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруді айта келе, Семей өңірінде Абай облысын, ал Жезғазған аймағында Ұлытау облысын құру қажеттігін айтты. Сонымен қатар Алматы агломерациясына қатысты түйткілдерді шешу және аумақты дамыту үшін Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды.

11 сәуір күні Республикалық Ономастика комиссиясы жаңадан құрылатын облыстарға Абай, Жетісу, Ұлытау атауын беру туралы шешімді бірауыздан қолдады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Алматы облысындағы Қапшағай қаласының атын Қонаев қаласы деп атауға жарлыққа қол қойды.

Алматы облыстық мәслихатының кезектен тыс XVII сессиясында Қонаев қаласының бастан-аяқ жоспарлау жобасы әзірленіп жатқаны, қайта құру мен қайта қалпына келтіру бойынша ғылыми сараптама жүргізілетіні айтылды.

Жаңадан құрылған Алматы облысының құрамында 380 елді мекені бар және 9 аудан, 1 қала болады. Ал Жетісу облысында 352 елді мекені бар, 8 аудан және 2 қаласы болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» жарлығына қол қойды. Онда Қазақстанда үш облыстың құрылғаны және аудандардың әкімшілк бөлінісі туралы жазылған. Жарлық мәтіні Президенттің ресми сайтында жарияланды.

«Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1.Алматы облысының әкімшілік орталығы Талдықорған қаласынан Қонаев қаласына көшірілсін.

2.Мыналар:

1) Шығыс Қазақстан облысының құрамынан Ақсуат, Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Көкпекті аудандарын, Семей және Курчатов қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Семей қаласында орналасатын Абай облысы;

2) Алматы облысының құрамынан Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандарын, Талдықорған және Текелі қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Талдықорған қаласында орналасатын Жетісу облысы;

3) Қарағанды облысының құрамынан Жаңаарқа, Ұлытау аудандарын, Жезқазған, Қаражал және Сәтбаев қалаларын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Жезқазған қаласында орналасатын Ұлытау облысы құрылсын.

3.Алматы облысының жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдары, сондай-ақ, орталық мемлекеттiк органдардың аумақтық бөлiмшелерi мен ведомстволық бағынысты мекемелерi Қонаев қаласына көшірілгенге дейiн Талдықорған қаласында орналасады деп белгiленсiн.

4.Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесімен, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай мерзімде ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) бекітсін және осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шараларды қабылдасын.

5.Орталық мемлекеттік органдар, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының, сондай-ақ Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті өкілді және атқарушы органдар мен ұйымдардың іркіліссіз және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөнінде шараларды қабылдасын.

6.Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

7.Осы Жарлық 2022 жылғы 8 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс», – делінген Президент Жарлығында.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ