Алаяқтардан сақтан!

0
1205

Талдықорғанда алаяқтық әрекеттері жиілеп, тұрғындардың алаңдаушылығын тудыруда.  Осыған қатысты  арнайы брифинг өткізген тәртіп сақшылары жергілікті жұртшылықты қырағылық танытып, қылмыскерлердің алдау-арбауына ілеспеуге шақырды.

Баспасөз мәслихатында арнайы баяндама жасаған  Криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі Мақсат Нұрғалымов  Жетісу жерінде орын алған алаяқтық деректерін атап өтіп,  бүгінгі күні алаяқтық алдыңғы орынға шығып, қарапайым тұрғындардың сенгіштігі шығынға батырып отырғанын айтты.

Оның айтуынша, азаматтарды мұқият болуға шақыранға қарамастан, әлі күнге дейін «Инстаграм», «ОLХ», «КОЛЕСА» сияқты мобильді телефон қосымшаларында жасалған интернет-алаяқтық деректері, микрокредиттік ұйымдардан онлайн-қарыздарды ресімдеу, «қаржы пирамидаларына» қатысу және алаяқтардың банк қызметкерлері ретінде өзін таныстыратын оқиғалары азаймаған.

–  Алаяқтардың  құрбанына  айналмас үшін ешкімге банк карталарыңыздың нөмірін, жарамдылық мерзімін, үш таңбалы кодты, телефон нөміріңізге келіп түскен смс-хабарламаның кодын айтпаңыздар. Ешқашан белгісіз адамдарға ақша аудармаңыз, әлеуметтік желілердегі күмәнді келісімдерден бас тартыңыз, өнімді сатып алу кезінде алдын-ала төлем жасамаңыз. Банк карталары жоғалған жағдайда банк операторларына бірден қоңырау шалып картаңызды бұғаттаңыз. Сонда ғана алаяқтықтың алдын алып, қылмыскерлердің құрығына түсуден құтыласыз, – дейді Криминалды полиция басқармасының аға жедел уәкілі М. Нұрғалымов.

Айта кетейік, жыл басынан бері Алматы облысы аумағында ҚР Қылмыстық Кодексінің 190-бабы, 2-тармағы, 4-тармақшасында көрсетілген алаяқтық дерегіне байланысты 307 қылмыстық іс қозғалған. Былтыр 440 қылмыстық іс тіркелген.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

Сурет ғаламтордан алынды.


ПІКІР ЖАЗУ