Өрттің алдын алды

0
1235

Өрт – тілсіз жау. Аяқ астынан шыққан өрт зардабы орны толмас өкінішке душар етеді. Жуырда ғана Ақсу аудандық орталық ауруханасының гаражында осындай оқыс оқиға орын алды.

Гаражда тұрған жедел жәрдем көлігінен өрт шыққан. Дегенмен  ауруханадағы  шаруашылық  меңгерушісінің  көмекшісі  міндетін атқаратын Махаббат Еркебаевтың ширақ қимылымен тілсіз жаудың алдын алуға мүмкіндік туды.

Махаббат Тахирұлының  бұл қызметке келгеніне жарты жылдай болыпты. Гаражда  өрт  тұтанған  күні  оқиға орнына  кездейсоқ келіп қалған.

«Мамыр айының  үші күні  аурухана маңайында сенбілік өткізіп жатқан болатынбыз. Неге екенін, гаражға бара салайыншы деп сол жаққа бет түзедім. Келгенімде  жүргізушілердің «машина өртеніп жатыр» деп шулаған дауысын естідім. Келіп қарасам,  әлгілер тұтанған өртті жамылғымен  жауып өшіруге тырысып жатыр екен. Бірақ оған өрт өшпейтіні белгілі ғой, әрі машинаның асты ашық. Бірден  гаражда тұрған өрт сөндіргіш құралын алып келуге жүгірдім.  Осылайша тұтанған  өрттің алдын алдық.

Аяқ асты орын алған өртті көріп,   жүргізушілер сасып, қолдарында не  бар, сонымен өшіруге тырысқан. Оттың тұтануы   көлікті  жөндеп жатқанда бензин төгілуінен болар.  Ал, гаражға  келіп қалуым, сәйкестік болып тұр ғой. Әйтпесе, гаражға жиі бара бермеймін. Осылай, дер кезінде өртті сөндірдік.

Өзіңіз айтқандай, егер алдын алмағанда, не боларын кім білсін?! Осы еңбегімізді елеп, ескерген аурухана директоры Салтанат Мықтыбаева алғысын білдіріп, сый-құрмет көрсетті» – деп ағынан жарылды  Махаббат Еркебаев.

Дер шағында өрттің алдын алған аурухана жұмысшысының бұл  ісі әрбір азаматқа  үлгі боларлық деп айтуға толық негіз бар.

Сарби  ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

АҚСУ АУДАНЫ

 


ПІКІР ЖАЗУ