Дәрігер – адам денсаулығының дәнекері

0
2156

Ұлт денсаулығын нығайту – мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет бұл міндетті орындау үшін барлық күш-жігерін салуда. Соңғы 30 жылда отандық денсаулық сақтау саласы айтарлықтай дамыды десек,  артық айтқандық болмас.  Соның ішінде ауыл медицинасының да ахуалы көш ілгеріленіп келеді.  Мұны  Ақсу ауданының орталық ауруханасына қарасты  Ойтоған  ауылдық  дәрігерлік амбулаториясына  барғанымызда айқын аңғардық. 

ДӘУІР мен өркениет алмасып келсе де, дәрігерлердің Гиппократ антына адалдығы сол күйінде қалып отыр. Осындай жауапкершілік жүгін арқалап, медицина саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Ойтоған  ауылындағы  дәрігерлік амбулаториясының ақ халатты абзал жандарының  еңбегі  ұшан-теңіз. Ал, ауылдық дәрігерлік амбулаторияның меңгерушілік қызметін  Еріксұлтан  БИЖІГІТОВ  атқаруда.

Ауыл тұрғындарының алғысына бөленіп келетін Еріксұлтан Бисұлтанұлы 1957  жылы 21 желтоқсанда дүниеге келген. Ата-анасы білім саласында ұзақ жылдар еңбек еткен. Отбасындағы  жеті перзенттің екіншісі Еріксұлтан ағаның  медицина саласын таңдауына өзінің  алдындағы әпкесі себепкер болыпты.

«Ауылда туып, бастауыш сыныпты оқысам да онжылдықты Талдықорған  қаласындағы Ушинский атындағы орта мектептен тәмамдадым. Сегізінші сыныпты аяқтап, каникулға  ауылға келгенімде  өзімнен  екі жас үлкен  әпкемнің демікпесі ұстап, қысылып жатқанын көрдім. Жаны қатты қысылған ол  маған өзіне укол салып беруін өтінді. Ал  шприцті қолыма алмақ түгілі уколдан  қашатын мен біраз дегбіріп қалдым.  «Өліп бара жатырмын» деген әпкемнің сөзінен соң дайындап қойған  дәріні (эуфиллин)  тамырға салып, қол ұшын бердім.  Содан іштей: «әпкем  қиналғанда  осылай  көмегімді беруге тиіспін» деген оймен  медицинаға баруды жөн санадым. Осылай ойды арманға ұштастырып,  дәрігерлік мамандықты  таңдадым»  – деп бастады  әңгімесін медицина саласының майталманы Еріксұлтан Бисұлтанұлы.

ОНЖЫЛДЫҚТЫ бітірген жылы  медицина институтына құжаттарын тапсырғанымен, бірден түсе алмапты. Мұнан соң  ауылға келіп, бір жылдай әртүрлі жұмыста еңбек еткен. Тек бір  жылдан кейін ғана дәрігерлік әлемге дендеп енуге жол ашылған. Яғни, жетпіс бесінші жылдан бастап  медицина мамандығы бойынша білім алады. Аталмыш оқу орнын бітірген соң Талдықорған қаласында интернатурадан өтеді. Осылай 1983  жылдан бастап Ақсу ауданына қарасты Қызылту ауылында балалар дәрігері болып алғашқы еңбек  жолын  бастайды. Мұнда екі жылдай қызмет етіп,  1985 жылы Қызылтаң ауылына (қазіргі Ойтоған) ауысады. Осындағы іргесі 1963 жылы қаланған 25 орынды ауылдық учаскелік ауруханаға бас дәрігер болып тағайындалады. Міне, сол уақыттан бері  қызмет етіп, әріптестеріне өнеге көрсетіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп келеді. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнап келеді.

«Мен келгенде ауылдық учаскелік аурухана (амбулаториясымен бірге)  болатын. Отыз беске жуық қызметкер еңбек етті. Ол тұста ауылда үш жарым мыңнан астам халық тұрды. Тек ауылдағы  адамдардың ғана  емес, он күнде бір  малшыларды аралап, денсаулықтарын жіті қадағалап отыратын едік. Басшылықпен балалар дәрігері міндетін де  қатар атқардым. Ал терапевт дәрігері болып Жақсыбекова (қазір Оралбекова) Айгүл Оралтайқызы (бүгінде аудан орталығында емхана меңгерушісі)  болды.  Ал, маған дейін бас дәрігер болып  біраз адам  еңбек етті.  Атап айтсам, Мэлс Кенжебаев, Жеңіс Абдрахманов, Абдолла Мақұлбаев, Баймұқан Шаяхметов, Клара Мұхаметова. Олардың  дерлігі  ауыл  медицинасының дамып, алға жылжуына  сүбелі үлес қосты. Осындай білікті дәрігерлерден кейін басшылық қызметке  мен келдім. Содан бері қарай қырық жылдан астам уақыт  туған ауылымда елеулі еңбек сіңірудемін.

1992 жылдан бастап  ауылдық учаскелік аурухана дәрігерлік амбулатория болып қайта құрылды. Қазіргі таңда мұнда  тоғыз  медицина қызметкері, екі жұмысшы мен жүргізуші еңбек етеді.  

Ауылда  мыңнан аса адам бар, соның 800-ден астамы ересектер, 30-дан астамы жасөспірім, 200-ге жуығы  14 жасқа дейінгілер. Өткен жылы 14 ана босанды. Бүгінде барлығының жағдайы қалыпты. Өмірге келген сәбилердің үшеуі  бір жастан асса, 11-і әлі жасқа  толмағандар  қатарында.  Сонымен қатар 160-тан аса адам диспансерлік есепте тұрады.  Олардың 3-уі жасөспірім, 5-уі бала. Бұлардың бәрі  әр квартал сайын тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі. Амбулатория ішінен ашылған  5 төсектік күндізгі бөлімде ем алушылар үшін  де  тегін дәрі-дәрмек қарастырылған. Ел денсаулығын  нығайтуда дәрігерлермен қатарласа  күн-түн демей аянбай  тер төгіп келетін  медбикелер – Қарлығаш Қыдырманова, Аязхан Тінібаева, Бақытгүл  Толықбаева, Айгерім Шошанбасовалар-дың есімдерін ерекше атап өткім келеді. Мұнымен қоса  фельдшерлер –  Елдос Есімбеков, Елдос Әлімбеков, акушер қызымыз – Данагүл Омарова,  тазалықшы –  Гүлжазира Тойылханның да  ауыл медицинасына қосып келетін үлестері зор.  Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі –  Сержан Жұмайбековтың, жұмысшылар –  Ерлан Қабиев пен Жеңісхан Кенжебаевтың, сондай-ақ, осы жерде әлеуметтік қызметкер болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан,  менің құдай қосқан жарым Айжан Бижігітованың сіңірген  еңбегін  де даралап айтуға болады.  Жалпы, Ойтоған  ауылдық дәрігерлік амбулаториясы  ұжымының басым бөлігі жастар»,  – дейді  өз ісінің майталманы.

ҚЫРЫҚ жылдан аса медицина  саласында  еңбек етіп келетін аға дәрігер  елімізге төнген тәжтажалмен күресуге  ауыл  дәрігерлерінің де өлшеусіз үлес қосқанын айтты. Ковид басталған алғашқы айда жасы келген   бір адам қайтыс болса,  аудан дәрігерлерінің дер кезіндегі көмегімен төрт адам емделіп, дерттен айығып шыққан.

Әңгіме желісінде амбулатория меңгерушісі   аудандық аурухананың басшысынан бастап ондағы әр маман   қашанда  ауылдық дәрігерлік амбулаторияның мамандарына ақыл-кеңестерін  айтып, көмек қолын созуға  әзір тұратынын  да   айтты.

«Аудандық орталық аурухананың дәрігерлерінен барынша көмек алып тұрамыз. Жуырда аурухана директоры Салтанат Мықтыбаева арнайы келіп, жағдайымызды өз көзімен көріп кетті. Сол кезде дәрігерлік амбулаторияға қоршау  (қаша) қажет екенін айтқан едік. Ол кісі көмектесуге уәде етті.  Қалған  ағымдағы жұмыстарды өзіміз атқарып  жатырмыз.  Ауылға жастар да көптеп тартылуда. Жастар – біздің болашағымыз ғой.   Солардың  арқасында жұмысымыз да ілгері басып келеді.

Күндізгі бөлімде айына жоспарлы түрде  25 адам емдейміз. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Жедел жәрдемде істейтін фельдшерлеріміз де түскен шақыртуларға  уақытылы  көмек береді».

Өмір жолын медицинамен  ұштастырған    Еріксұлтан Бисұлтанұлының айтуынша, мамандықтың бәрі жақсы. Оның ішінде  дәрігер  – мамандық атаулы ішіндегі ең қасиеттісі әрі абыройлысы. Дәрігер мамандығы – аса жауапкершілікті,  шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық.   «Медицина  маманы  кәсіби деңгейін өмір бойы  жоғарылатып отыруы тиіс. Асқан біліммен қатар дәрігерлік ынта, ниет, өз ісіне шынайы берілуі тиіс»,  – дейді ол.

Елге сіңірген еңбегінің  ескерусіз қалмағанын айтқан  Еріксұлтан Бижігітов әр жылдарда  алған мақтау грамоталарынан бөлек, 2015 жылы «Жыл Үздігі» атағын иеленсе, 2018 жылы «Алтын  дәрігер» медалімен марапатталыпты. Осы орайда ол: «Мұның бәрі   медицина саласындағы еңбегімді бағалағаны деп білемін» деп ағынан жарылды.

Мақала басында Еріксұлтан Бисұлтанұлының отбасындағы жеті баланың екіншісі екенін,  дәрігерлік мамандықты  әпкесіне қарап таңдағанын  тілге тиек еттік.  Марқұм апайы да фельдшер болып еңбек етсе, өзінен кейінгі қарындастарының бірі терапевт мамандығын таңдаса, енді бірі  тіс дәрігері қызметін атқарады екен. Сонда Бижігітовтер отбасынан төрт бірдей медицина саласының маманы шыққан. Одан кейінгілері   ұстаздық жолды  таңдаса,  кенжелері – Гүлнәр технолог  маманы.  Қазіргі  кезде Ауыл шаруашылығы  министрлігінде қызмет етеді.

АУЫЛДАҒЫ ағайынның сүйікті дәрігеріне айналған ақ халатты абзал жан отбасында жары Айжан Бижігітова екеуі  бір қыз, екі ұлды тәрбиелеп өсірді. Қызы – Меруерттің бір басында төрт дипломы барын, бүгінде ауыл шаруашылығы департаментінде қызмет ететінін мақтаныш сезіммен айтқан әкенің  ұлдары – Жеңіс пен  Меліс те ел игілігі жолындағы түрлі салада еңбек етуде. Балаларын бар байлығына теңеген білікті дәрігерді немере сүйіп отырған  бақытты азамат деуге де әбден болады.

Халықтың құрметіне бөлену – елге ерінбей еңбек еткен адамға ғана тән нәрсе емес пе? Бұл жерде, ең алдымен, айналаға адамгершілік қасиет әсер ететіні ақиқат. Өйткені адал еңбек ету қажеттіліктен тумайды, ол үлкен азаматтық жауапкершіліктен туындайды. Ел сенімін ақтаудың қаншалықты маңыздылығын қолынан іс келетін азаматтардың мойнына алған жауапкершілік жүгінен аңғаруға болады. Демек, Еріксұлтан Бижігітов  өңірдегі денсаулық саласында шаршап-шалдықпай адал еңбек еткен абыройлы жан. Мамандығын мақтаныш еткен жан үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар, сірә?

* * *

ҚАЙ  елде болмасын ана мен бала денсаулығы – басты мәселенің бірі. Дені сау анадан дені сау бала туады. Сондықтан  біздің  елімізде де бұған көп көңіл бөлінуде. Ал, қай кез болса да акушер-гинекологтың қоғам, ана мен бала алдындағы жауапкершілігі өте зор. Мұны  акушерлік  мамандықты таңдаған  Данагүл Омарова  да растайды.

Талдықорған қаласындағы медицина колледжін бітірген Данагүл Серікқызы   2020 жылдың  тамыз айынан бастап Ақсу аудандық ауруханасында еңбек жолын бастады. 2021 жылдың қазан айынан бері Ойтоған  ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда акушерлік қызметті атқарып келеді.

«Өткен жылы  тұрмысқа шығып,  аудан орталығынан Ойтоған  ауылдық дәрігерлік амбулаториясына ауысып келдім. Жолдасым да осы жерде фельдшер қызметін  атқарады. Мен келгелі бері  тіркеуде 253 әйел тұрса, оның  113-і туу жасындағылар. Сонымен қатар жүктілік кезеңіндегі  7  келіншек  бар, бүгінде оның екеуі аман-есен босанды. Ал, екеуі басқа жаққа қоныс  аударды.  Қалған үшеудің санатында өзім де бармын.

Дәрігер болу үшін бірінші кезекте  өз ісін шексіз сүюі тиіс. Өйткені адам өзіне ұнамайтын шаруамен айналысса, ісі алға баспайды. Сонымен бірге білімге деген құштарлық пен ізденіс қажет. Медицина деген  бір орында тұрмайтын сала ғой. Сондықтан ағымға ілесу үшін үздіксіз оқу керек. Мұнымен қоса,  адамды жақсы көру керек. Бойында бұл қасиет болмайынша, ешкім де жақсы дәрігер бола алмайды. Себебі біздің жұмысымыз үнемі адамдардың ауруымен, қиналуымен байланысты ғой. Ал, акушерлік міндеттің жүгі тіптен де ауыр. Өйткені біз,  бір емес, екі адамның өміріне жауаптымыз. Дей тұрғанмен, әріптестеріміздің  жұмысы қанша ауыр болса да, бар жанын салып, қаншама ана мен баланың өмірін сақтап қалып жатыр.

Бүгінде жүкті әйелдерді назардан тыс қалдырмауға, оларға барынша көмек қолын созуға тырысып бағудамыз. Амбулаторияға келе алмай қалған жағдайда арнайы шақырту алсақ, үйлеріне барып дем арада барып қол ұшын беруге асығамыз. Ал енді өзіміздің шамамыз жетпей жатса, аудандық орталық ауруханасына апарамыз. Өзім жас болғандықтан  әрдайым сол жердегі білікті дәрігер Алма Тельманқызымен кеңесіп, ақылына жүгініп отырамын – дейді акушер  Данагүл Серікқызы.

ЕКІ жылға тарта уақытта  медицинаға, соның ішінде акушерлік міндетке үлесін қосып бастаған жас маман сөзінше, болашақ ата-ана боламын деген әрбір ерлі-зайыпты дүниеге бала әкелуді жоспарлау  керек. Себебі жүктілік деген жүрдім-бардым қарайтын шаруа емес.

* * *

Мақаш ТІЛЕУҒАН: «Ойтоғанға  көшіп келгелі он жыл болды. Төрт баланың анасымын, қазір бесіншісіне жүктімін. Жағдайым бір қалыпты. Осыған дейінгі балаларымды бір Алланың, содан кейінгі дәрігерлердің көмегімен  жарық дүниеге әкелдім. Қазіргі кезде акушерім  Данагүл Серікқызының айтқан кеңестерін де мүлтіксіз орындап жүрмін. Қашан келсең де жылы қабақпен қарсы алып,  зыр жүгіріп жүреді. Жүктілік кезеңінде ішетін дәрумендерді де тегін береді. Амбулаторияның басшысынан бастап осында еңбек етіп жатқан дәрігерлердің дерлігі өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын жандар десем болады. Осындай қиындығы мен қуанышы қатар жүретін жұмыста аянбай тер төгіп келетін барлық дәрігерге айтар алғысым шексіз. Ел алдындағы еңбектері елене берсін».

Айдана ҚАБИБОЛДАЕВА: «Үш баланың анасымын. Бес ай бұрын  үшінші баламды босанғанмын. Әр ай сайын келіп, дәрігердің тексеруінен өтіп тұрамыз.  Амбулаторияны басқарып отырған Еріксұлтан ағамыздан бастап осында қызмет ететін барша ақ желеңді абзал жандарға, соның ішінде баламыздың салмағы мен бойын  өлшеп, қашан келсең де жүгіріп жүретін медбике Аязхан апайға ерекше алғысымды білдіремін. Әрқашанда еңбектері жемісті бола берсін».

Ақсу ауданында 14 дәрігерлік  амбулатория, 26 медициналық пункт жұмыс істесе, Ойтоған ауылдық дәрігерлік амбулаториясы солардың бірі. Мұнда қызмет ететін әр маман ауыл медицинасының дамуына шама-шарықтарынша үлестерін қосып келеді. Елмен тілдесуде  шағын ғана ұжымды айрандай ұйытып отырған  басшыға деген ерекше құрметті  аңғардық. Жауапкершілігі мол жүкті арқалап, ел денсаулығы жолында аянбай тер төгіп келетін ойтоғандық дәрігерлер еңбегіне  толайым табыс тілейміз.

Сарби ӘЙТЕНОВА

ТАЛДЫҚОРҒАН-АҚСУ-ОЙТОҒАН


ПІКІР ЖАЗУ