Келелі мәселелер қаралды

0
1214

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Онда мал шаруашылығын және автожол саласын дамыту мәселелері қаралды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жол саласын дамыту мәселесіне қатысты Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев баяндама жасады. Өңір басшысының айтуынша, биылғы жылы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 59 млрд. теңге бөлінген. 150 елді мекендегі көшелерді және 500 шақырым облыстық жолдарды жөндеу басталды. Жыл соңына қарай жақсы жағдайдағы облыстық жолдардың үле-сі 91% жетеді. «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 1700 шақырым жолды жөндеудің барлық түрімен қамту жоспарланған.

Қанат Бозымбаев Алматы қаласынан көліктің шығуын жеңілдете түсу мақсатында жоғарғы Қаскелең трассасы мен Талғар тракты жолдарын бірінші санатқа дейін жеткізіп, қайта жаңарту көзделіп отырғанын да атап өтті. Үлкен Алматы айналма жолына шығатын алты жол салынады. Сайын, Абай, Рысқұлов, Солтүстік айналма көшелерін салу жұмыстары басталды. Осы жылы 8,5 млрд. теңге бөлінді. Бұл шаралар 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар жолдардың үлесін 95 пайызға жеткізуге мүмкіндік береді.

Өз сөзінде облыс әкімі  республикалық маңызы бар жолдың  проблемалы учаскесі туралы да айтты. «2021 жылдан бастап «Сарыөзек-Көктал» автомобиль  жолының  Алтынемел асуына күрделі жөндеу жүргізілуде.  Бұл жол облыс орталығын Кербұлақ, Панфилов аудандары арқылы «Қорғас» шекара маңы аймағымен байланыстырады. Жол төсемі 90 пайызға бұзылған. Жобаның жалпы құны – 7 млрд. теңге, оның ішінде биылғы жылы 1 млрд. теңге ғана бөлінді. Бір айдың ішінде қаржы бітетін түрі бар. Жолдың транзиттік әлеуетін ескере отырып, осы жылы қаржыландыру сомасын 5 млрд. теңгеге ұлғайтуға жәрдем беруіңізді сұраймыз, бұл облыс тұрғындарының жол жүруін қамтамасыз етеді»  – деді Қанат Бозымбаев.

Баяндамада барысында аймақ басшысы бірқатар өзекті мәселелерге де тоқталды.

Жиын қорытындысында Премьер-Министр тиісті ведомстволар мен облыс әкімдіктеріне жоспарланған жобаларды уақытында пайдалануға беруді және бөлінген қаражатты толық игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ