Матайдағы майталман дәрігерлер

0
1734

ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінде денсаулықты нығайту, алдын алу, емдеу және оңалту бойынша қызметтер денсаулық сақтаудың барлық деңгейінде  ауыл тұрғындары үшін қолжетімді болуы тиіс екендігі атап өтілген. Президент  Жолдауында да  негізгі басымдықтардың бірі – медициналық көмекті қолжетімді ету. Осы ретте  медициналық ұйымдардың көрсететін қызметін жандандыру шаралары жүзеге асырылып келеді. Шалғай ауылдарда тұратын тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді және арттыруды жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау басқармалары жүзеге  асыратынын  да  айта кетейік.

Біз тілге тиек еткелі отырған  Ақсу аудандық орталық ауруханасына қарасты  кезекті   медициналық мекеме – Матай ауылдық ауруханасы. Аурухананы басқарып келетін меңгеруші Ләззат РАХЫМБАЕВАНЫҢ сөзінше, халықтың  денсаулығын сақтау жолында  54  маман еңбек етіп  келеді. Оның үшеуі жоғары  білімді мамандар: екі терапевт  және  педиатр.  Орта буынды  24  маман, кіші буынды 27 қызметкер жұмыс істейді. Соңғы жылдарды ұжым құрамы жас мамандармен де толыққан.

Шығыс Қазақстанның  тумасымын. Мектепті бітірген жылы Қазақстан-Ресей медициналық университетінің педиатрия факультетіне оқуға түстім. Аталмыш оқу орнын 2011 жылы тәмамдап, тағы бір жыл интернатурада оқыдым. Алғашқы  еңбек жолым  Талдықорғандағы облыстық балалар ауруханасында басталды. Осы жерде жұмыс істеп жүргенімде Матай ауылдық ауруханасының басшысы болған Қайыр Жеңісұлы «Бізге  педиатр маманы қажет, келесің бе?» деп ұсынысын  айтты. Менің жолдасым Матай ауылынан ғой. Яғни, осы ауылға келінмін. Осылай  ұсыныстан бас тартпай, Матай ауылдық ауруханасына педиатр маманы болып  келдім. Міне, содан бері қарай  балалар дәрігері болып еңбек етіп келемін. Ал меңгерушілік қызметке 2019 жылдың наурыз айынан бастап тағайындалдым. Меңгеруші  болсам да өзімнің негізгі жұмысымнан қол үзіп қалғаным жоқ.

Матай ауылындағы жалпы бала саны  1033. Оның 56-ы бір жасқа дейінгілер,   бес жасқа дейінгілері  354 бала. Осы 1033 баланың ішінде 30 бала диспансерлік учетқа алынған. Оларға қажетті дәрі-дәрмек тегін беріледі. Сонымен қатар  мектеп жасындағы 634 оқушы бар. Оларды да жыл сайын профилактикалық тексеруден өткізіп тұрамыз, – дейді Ләззат Бабағұмарқызы.

Матай  ауылдық ауруханасының ғимараты 2008 жылы қолданысқа берілген. Өткен жылы аурханада 20 орындық стационар қайта ашылса, 10  төсектік күндізгі стационар да  жұмыс істеп  тұр.

– Біраз жылдан бері  жабылып қалған тәуліктік стационардың қайта іске қосылуына аудандық  аурухананың директоры Салтанат Мықтыбаеваның қосқан үлесі зор. Дәрігерлер ғана емес, ауыл халқы үшін де  бұл өте керемет жаңалық болды. Тәуліктік стационардың ашылуымен жұмысымыз да көш ілгерлене бастады десек болады. Қазіргі таңда мұнда 4 медбике, 4 кіші қызметкер (санитарка) тәулік бойы жұмыс істеуде. Ем-домын жатып алатын үлкен кісілер бұрынғыдай ауданға сабылмай-ақ, осы жерде  қаралады,  – дейді  білікті басшы бізбен әңгімесінде.

Соңғы үш жылда Матай ауылдық ауруханасына алты  жас маман келген. Ұжымдық құрам ең қажетті  деген акушер, терапевт, фельдшер  мамандарымен толығыпты. Басшы сөзінше, олардың  бәрі  өз ісіне жауапкершілікпен қарайды.

Бұл мамандықты жүрек қалауымен таңдағандықтан  да дәрігерлікті үлкен мәртебе деп санаймын. Соның ішінде педиатрия саласына түскен соң  баланы жақсы көріп, оған  бүкіл жан-жүрегіңмен беріліп тұрсаң ғана жақсы маман болып қалыптаса алатыныңды, яғни, педиатрияның осындай психологиялық жағын да ескермей болмайтынын сездім. Негізінде дәл осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Дәрігер болу – өмірімдегі негізгі орынды алады деп айтсам да болады.

…Өздеріңіз  жақсы білетіндей, қазір аурудың түрі көп қой. Бұрын ересектер ғана ауыратын аурулар бүгінде балаларда да жиі кездесетіні алаңдатады. Қала берді, кей ата-ана баланың ауруын әбден асқындырып болған соң ғана дәрігерге алып барады. Мұндайда бізге де қиын. Сондықтан әрбір ата-ана өз перзенттерінің денсаулығына өте мұқият қараулары керек, – деген  Ләззат Рахымбаева жеке өмірінен де сыр шертті.  Айтуынша,  ол – дәрігерлік жұмысты атқара жүріп келіндік міндетін де ұмытпаған жан. Сонымен қатар ел демографиясына үлес қосып келетін ардақты ана. Қазіргі таңда Алла берген 4 баланы тәрбиелеуде. Жолдасы  темір жолда қызмет етеді.

Дәрігер мамандығының қыр-сырына қанығып, қиындығына төтеп беру үшін де үлкен жүрек  керек. Жүректілікпен қатар бұл мамандық жауапкершілікті де талап етеді. Өйткені олар  адам  өмірінің құтқарушысы болып табылады. Осындай ізгілікті жолда аянбай тер төгіп келетін Ләззат Бабағұмарқызының ауыл медицинасына қосып келетін үлесі өлшеусіз. Оның өзі айтқандай,  соңғы жылдарда  ауылдағы  медицина қарқын алып келеді. Ауыл дәрігерлері ауданның білікті мамандарымен байланысты нығайтқан. Кез келген аурудың  асқынулары орын алып жатса дереу аудандағы мамандарға шығып, арнайы кеңестерін алады.  Халықтың денсаулығын жақсарту  жолында еңбек етіп  келетін медицина мамандары  дәрігер үшінбасты міндет – сапалы қызмет екендігін жақсы біледі.

* * *

Аурухана меңгерушісімен әңгімелесуде өз ісін  жетік білетін  жас мамандар туралы да тілге тиек еткен еді. Солардың бірі – Меруерт МҰСАНОВА.

Ол – Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылының тумасы. Мектепті бітірген жылы С. Асфендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, жеті жылдан кейін  терапевт мамандығы бойынша диплом  алған. Алғашқы еңбек жолын туған жерден бастауды жөн санап, 2016 жылы  жолдамамен Лепсі ауылына келеді.  Мұнда   бір жыл жеті ай  терапевт  дәрігері болып қызмет  етеді. 2018 жылы матайлық жігітке тұрмысқа шығып, сол  жылдың мамыр айынан  Матай ауылындағы ауруханаға терапевт болып орнығады. Міне, содан бері  осы ауылда еңбек етіп келеді.

Медицина саласының көптеген бөлімі бар. Соның ішінде адамдардың жалпы саулығын қарап, сырқатын айнытпай табуда дәрігер-терапевтің орны тіптен бөлек екенін айтады кейіпкеріміз.

Ауруханада екі терапевт дәрігері  бар болса, соның бірі – мен. Учаскелік қабылдаудан бөлек стационардағы науқастарға, арасында үйдегі шақыртуларға барамыз. Тәуліктік стационар  ашылғалы бері жұмысымыз одан әрі жанданды. Қосымша мамандар алынды.  Бұрынғыдай емес мекеменің тынысы  кеңейді,  –  дейді Меруерт Райымбекқызы.

Әңгіме желісінде терапевт-дәрігер артериялық гипертониямен сырқаттанушылар санының  артқаны туралы да айтты. Мұнымен қатар әлеуметтік маңызы бар аурулар  жиілеп кеткен.  – Бүгінде ауылда төрт мыңнан аса халық болса,  соның үш мыңнан  астамы ересек жастағы адамдар. Екі терапевт дәрігер болғандықтан әрқайсымыз 1500 адамнан бөліп,  осылайша, елмен етене жұмыс істеп келеміз, – деген ол өмірде таңдап алған жолына еш өкінбейтінін айтты.

–  Аурудың алдын алатын, жұмысы ауыр, көпбейінді бұл мамандыққа   қызығушылық таныттым. Науқастың  талдамаларын алып, оған дұрыс диагноз қою  аса  үлкен  жауапкершілікті қажет  етеді. Күнделікті жағдайын бақылап, уақытылы емдік шарасын жасауды толық міндетіңе алу керек. Өзімнің ұстанымым осындай. Көбінесе ауылдық дәрігердің еңбегі көріне бермейді.  Дегенмен, тұрғылықты әрбір тұрғынның денсаулығынан хабардар болып отыруға  тиіспіз. Тиісті ем шарасын беру біліктілікті қажет етеді. Науқастың сырқатына ем табылып, алғысын алған сайын жұмысқа деген қызығушылық та  арта түседі,  –  дейді  Меруерт Мұсанова.

Алты жылдан аса уақыт  терапевт-дәрігері болып келетін жас маманның айтуынша, қанша сын айтылса да, халық дәрігерлер қауымын ерекше құрмет тұтады.  Дәрігер болуды армандайтындар да көп. Алайда кез келген жан дәрігер бола алмайды. Неге десеңіз, олардың адам өміріне жауапкершілігі, жанашырлығы мен адалдығы маңызды. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керек.

Жас маманмен тілдесуде  оның осындай үлкен жүректің иесі болуымен қатар,  өз ісіне шын берілген  маман екеніне де  көз жеткіздік.

* * *

Мария НҰРБАЙҚЫЗЫНЫҢ  учаскелік мейірбике қызметін атқарғанына отыз бес жылдан аса уақыт болыпты. Сағабүйен ауылының тумасы мектепті бітірген жылы Талдықорған медицина колледжіне оқуға түсіп, 1987 жылдан бері Матай ауылдық ауруханасында  учаскелік мейірбике болып еңбек етіп келеді.

– Осы ауылдың жігітіне тұрмысқа шығып, Матай ауылдық ауруханасына жұмысқа орналастым. Содан бері отыз жеті жылға таяп қалыпты. Ол  кездегі басшымыз Тыныштықбек Әмірсанин болған. Одан кейін де біраз басшылармен жұмыс жасадым.

Мейірбике – науқастың саулығына, тез жазылып кетуіне дәрігермен бірдей жауапкершілікпен қарап,  бар жағдайын жасап, уақытылы ем-домды көрсететін денсаулық жанашыры деп білемін. Жалпы,  маған кішкентай кезімнен біреуге көмек көрсеткен ұнайтын. Мен үшін біреуді емдеп, оған көмек беру – игі іс саналады. Сонымен қатар ауылда  дәрігер болған Шолпан Тұрсынтайқызындай болсам деп армандайтынмын. Сөйтіп, осы саланы таңдадым. Еш өкінбеймін. Жұмысым да, ұжымым да жақсы… Тек шынайы мейірімді адам ғана нағыз мейірбике бола алады деп айта аламын. Әрбір жанның көңілін аулап, қамқор болу, жазылып кетуіне септігін тигізу де аса шыдамдылықты талап етеді,  – дейді тәжірибелі  мейірбике Мария Устенова.

Отыз жылдан аса уақыт медицинаға еңбек сіңіріп келетін білгір маман  мейірбике  бола жүріп  арасында  тіс дәрігері болып, тіпті, хирургтың жұмысын да атқарып кететінін айтып  бізді  таңдандырып қойды.

Тек ауруханада ғана емес, үйге келген адамдарға да қолұшын беріп көмектесуге тырысамын. Осы жылдар ішінде тіс жұлып та көргенмін. Мұнымен қоса қолдарын кесіп алғандарға тігісін (шов) салып берген кездерім де көп. Бірақ арнайы   маман   болмағандықтан, міндетті түрде хирургке барып, тексертулерін айтамын. Тігісті дұрыс салған, салмағанын арнайы дәрігерге көрсеткендердің бәрі мені мақтап келеді. Тіпті, «мынаны кім тіккен, сендерде хирург бар ма?» деп таңданысқандары да болыпты. Он жылдан  аса уақыт осылай аяқ асты  жарақат алып келген  адамдарға  қолұшын беріп келемін, – деп ағынан жарылған  Мария Устенова дәрігердің қасында жүріп  200-ден аса баланы сүндетке отырғызуға  көмегінің  тигенін, мұндай қосымша жұмыстардың өзі  үлкен жауапкершілік жүктейтінін   айтады.

Өмір жолында талай жақсы адамдармен қызметтес болған Мария Нұрбайқызы осы арада  ерекшелеп,  жақсы бір адамның есімін атады. Ол өмірін осы салаға арнап,  ауыл медицинасының дамуына сүбелі үлес қосқан, ардақты дәрігер – Үнзила Асылбаева.

– Алғаш ауруханаға келгенімде ақылын айтып, барлық көмегін берген жанның бірі – Үнзила Сахариқызы. Одан көп нәрсені үйрендім десем болады. Үнемі: «Мен барда  көңіліңе көп дүниені тоқып, үйреніп ал бәрін. Зейнетке шыққанымда айтып жүресің  деуші еді. Оның әр жолы кейінгі бізге үлгі-өнеге болды, – дейді  бізбен әңгімесінде мейірімді мейіргер Мария Нұрбайқызы.

Өз сөзінде ақ халатты абзал жан мейіргер деген сөз ұдайы жүрегіне мейірімділік нұрын сеуіп тұратындықтан, мамандығын  мақтан тұтатынын да айтты.

Денсаулықтың баға жетпес байлық екені  рас. Адам баласы басы ауырып, балтыры сыздағанда, дертіне дауа іздегенде баратыны – медицина қызметкерлері. Дертке дауа, емге шипа бере алатын тек осы ақ халатты абзал жандар ғана. Олардың көмегімен дертімізден айығып, ертеңімізге үмітпен қараймыз. Алдына барған әр науқасқа ерекше мейіріммен қарап, жылы сөзімен көңілін көтеріп, өмірге деген құлшынысын арттыратын да осы асыл маман иелері.

* * *

Бақытгүл  АБЕТОВА:  – Матай ауылдық ауруханасының тұрақты емделушісімін, үшінші топтағы мүгедекпін. Өткен жылдың қарашасында ауруханадағы жабылып қалған  тәуліктік стационар қайта ашылып, біз секілді жүре алмай қалғандар үшін өте тиімді болды. Осыны ашуға себепші болған  аудандық аурухана директоры  Салтанат Мықтыбаеваға ауыл тұрғындарының атынан алғысымды айтамын.

Тәуліктік стационардың ашылуымен аурухана жұмысы да жанданғанын көріп отырмыз. Ауруханаға қатты ауырып түсіп едім, дәрігерлердің арқасында жағдайым жақсарды. Осындағы барлық медицна қызметкерлеріне рақмет, еңбектері жемісті болсын.

Нұрбижамал САУРАНОВА: – Қантым көтеріліп түскен едім. Дәрігерлердің дер кезінде жасаған емінің арқасында жағдайым жақсарып  қалды.  Қай кез болмасын алдыңнан зыр жүгіріп шығатын ауылдық ауруханадағы барлық қызметкерге аналық алғысымды білдіремін. Дәрігер – адам жанының арашашысы деген ғой. Халықтың денсаулығын жақсарту жолындағы еңбектеріне табыс тілеймін.

Аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендегі аурухана тынысымен танысуда  ауыл  медицинасының да ахуалы жақсарып келетініне көз жеткіздік.  Ауылдық  ауруханада зертхана, стоматология  кабинеттері  мен қатар шағын  ультрадыбыстық аппарат та бар. Ем алып жатқан емделушілермен тілдесуде  олар  күн-түн  демей шапқылап, жауапкершілігі мол жүкті арқалап  жүрген дәрігерлерге деген ерекше ілтипаттарын жеткізді. Ауылдық  медицинаның дамуына  сүбелі үлес қосып келетін матайлық денсаулық сақшыларының жұмысы жандана берсін дейміз.

 

Матай ауруханасы. 1932 жылы дәрігерлік бекет болып ашылып, кейін тораптық болып ұлғайды. 1964-66 жылдары оны В. Михайлова басқарды. Осы тұста жаңа рентген және физио-емдеу кабинеттері ашылды. Аурухана күрделі жөндеуден өтіп, орталық жылу жүйесі іске қосылды. 1966-76 жылдары бас дәрігер болған Қалқатай Тұралықовтың тұсында аурухана кеңейіп, 87 төсектік болды, жаңадан балалар бөлімшесі салынды. Дәрігер мамандар көбейді. Матай және жол бекеттері тұрғындарымен бірге Құрақсу, Қызылтаң, Егінсу ауылдарынан аурулар қабылданып, тиісті емдерін алып тұрды. Аурухананың одан кейінгі бас дәрігерлері болып Ж. Қазмағамбетов (1977-89); Махмұтов Омаржан Мұхтарұлы және Әмірсанин Тыныштықбек Ақанұлы, Тоқтасынова Ботагөз Тезекбайқызы қызмет атқарды. Кіші медициналық қызметкерлерден Мария Устенова, Тамара Диханбаева, Жанар Сарсенбаева, Сағилда Құмарбекова, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Серікжан Исекенов көп жылдан бері осы мекемеде жемісті еңбек етіп келеді.

 

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген А. НҰРЖАПАР.

ТАЛДЫҚОРҒАН-АҚСУ-МАТАЙ


ПІКІР ЖАЗУ