ШӘКІРТ ЖЕҢІСІ – ҰСТАЗ ЖЕМІСІ

0
5178

Ұстаз еңбегі – ұлы еңбек. Егер әр адамның жүрегінде ізгілік тамшысы мен бойында қарым-қабілеті болса, ол соны аша білген мұғалімнің еңбегі. Сол нұрды жеткіншектің бойына дарыту үшін мұғалім қаншама тер төкті десеңізші. Дүниеде адамды тәрбиелеп, азамат атандырғаннан артық абырой мен құрмет жоқ шығар, сірә?! 

Оқушының қандай да бір жеткен жетістігі болса, ол ең әуелі ұстазымен бірлесіп жасаған жұмысының арқасы. Талдықорған қаласындағы Дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Туғанай Аяпова да ұстаздық жолында шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, әр баланың биіктен көрінуіне ерекше ден қойған. Жылдар бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен болатын қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларға шәкірттер дайындауда еш аянып қалған емес. Оқушысының білім көкжиегінен көрінуі жолында бойындағы бар күш-жігерін сарпыған ұстаз еңбегі өлшеусіз ғой.
«Ұстаз бақыты – шәкіртінің жетістігін көру» болса, Туғанай Өзбекбайқызы дайындаған оқушылар әр жылда өтетін қалалық, облыстық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орыннан көрініп келеді. Жетекші үміт артқан оқушылар өз нәтижелерін көрсетіп, білімдерін дәлелдеп шығуда. Биыл да ұстаздың 5 оқушысы пән олимпиадаларында жүлделілердің қатарынан ойып орын алды. Осындай дәрежеге жеткеніміз талмай ізденгенімізбен, үздіксіз еңбектенгеніміздің нәтижесі дейді ұлағатты ұстаз.
Туғанай АЯПОВА, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Ұстаздық жолда жүргеніме биыл 36 жыл болыпты. Ал Мұхтар Арын атындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын лицейде 20 жылдан аса уақыт еңбек етіп келемін. Оқушыларды олимпиадаға дайындау – біздің лицейдің алдыға қойған мақсаты. Оны орындауда әрбір мұғалім жұмыс жасайды. Мұғалімдер оқушының жетістігі үшін қызмет етеді. Өйткені әрбір оқушының жетістігі лицей мәртебесін асқақтатады.
Дарынды балаларға арналған білім ордаларында бала түрлі олимпиадаларға қатысып, жүлделі болу үшін сонау 5-ші сыныптан бастап дайындалады. Оқушы мұғалімнің беріп отырған тапсырмасын, жеке бағдарламаны өз бетінше құру керек. Білімгер ұстазының берген бағыт-бағдарын түзете отырып, жұмыс жасайды. Яғни, бұл еңбек пен нәтижеге жылдар бойы төзімі мен білімін сарп етіп, жүйелі жұмыс жүргізеді.
Оқушыларды олимпиадаға дайындау үшін аптасына 2 рет, үш сағаттан уақыт бөлінген. Алайда Туғанай Өзбекбайқызы мен шәкірттері дайындықтары жоғары болуы үшін бұл уақытпен ғана шектелмейді. Қарқынды жұмыс күнделікті жүргізіліп отырады. Егер дайындыққа аптаның екі күні жетеді деп жүре берсе, онда мұндай нәтижеге жетпейтіні анық. Сондықтан бұл оқушылар өздерінің сабақтан тыс кездерінде, ұстазының бос уақытында үздіксіз дайындық жүргізіп отырды.

Лицейдің 2021-2022 жылғы оқу жылында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша республикалық олимпиададан 2-ші орынды 10-сынып оқушысы Аруна Сағынтаева еншілесе, IV республикалық «Абайтану» олимпиадасына қатысқан 9 «а» сынып оқушысы Іңкәр Нүсіп жүлделі 2 орынды, жүлделі 3 орынды 10-сынып оқушысы Іңкәр Әбілқайыр алды. Сонымен қатар республикалық «Ділмәр шешен» байқауынан Амина Жақсылықова 3-ші орынды еншіледі. Ал әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткен Халықаралық олимпиадада Аяжан Серік жүлделі 2-ші орынды қанжығасына байлады.
Жүлделі орынға ие болған оқушылар өздерінің осындай жетістіктен көрінуі ұстаз еңбегі екенін айтты.
– Жүйелі жұмыс пен табанды еңбекті талап ететін олимпиадада жоғары нәтиже көрсету – мен үшін үлкен жетістік. Менің әрбір олимпиададағы жетістістігім – бір күндік дайындықтың жемісі емес. Сондай жетістіктерімнің бастамасы – биылғы оқу жылы болды. Олимпиадаға дайындық кезінде маған дұрыс бағыт-бағдар берген, барынша қолдау көрсеткен – менің ұстазым. Өзім оқып жатқан білім ордасындағы мені дайындаған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аяпова Туғанай Өзбекбайқызына алғысым шексіз!
Ұстазым уақытпен санаспай, сабақтан кейін де маған үздіксіз білім нәрін беріп, керек кезінде «ЗУМ» платформасы арқылы дайындық жүргізді. Алдағы оқу жылында да олимпиадалардан жүлделі орын алу – менің басты мақсатым. Осы мақсатыма жету жолында дайындығымды күшейтіп, жан-жақты әлі жетілмей тұрған тұстарымды дамыту керекпін, – дейді жүлдегер Іңкәр Нүсіп.
Іңкәрмен әңгімелесуде ол өзінің болашақ мамандығын ұстаздықпен байланыстырмақшы екенін айтты. Сол үшін қазірден бастап талмай еңбек етіп, білімімді жетілдіруден жалықпай келемін дейді.
Атап өтейік, Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес ұлттың ұлылығын ұлықтаған дана Абайдың шығармашылық мұрасын бүгінде жаңаша дамытып, болашаққа саф алтындай құнды күйінде жекізуді мақсат еткен Абайтану пән олимпиадасы биыл республикалық деңгейде IV-ші рет өткізілді. Оған облыстық кезеңнің жеңімпаздары, жалпы білім беретін ұйымдардың 9-11 сынып оқушылары қатысты.
Аруна Сағынтаева – 5-ші сыныптан бастап түрлі байқау, жарыстарға жүйелі түрде қатысып келеді. Биыл да республикалық олимпиаданың 2-ші орын жүлдегері атанды. Осы орайда жақында облыс әкімінің қабылдауында болып, арнайы сыйақымен марапатталды. Жылдар бойы жинаған білім өз нәтижесін көрсетіп, төккен маңдай терін ақтап келеді. Аруна өзіне сенім білдіріп үміт артқан, әрдайым қолдау білдірген ата-анасы мен лицейдегі достарына алғысын айтады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні аясында ұйымдастырылған «Ділмәр шешен» байқауынан үшінші орынды иеленген Амина Жақсылықова сүйікті ұстазы Туғанай Өзбекбайқызының олимпиадаға баратын уақытта әр оқушыға үміт артып, бойына табандылық, бәсекеге қабілеттілік сынды қасиеттерді дарытып отыратынын мақтанышпен айтты.
Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тану, оның одан әрі дамуына бағыт-бағдар бере білу түсіне білгенге ерекше қиын іс. Баланы заманына қарай икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіріп, оны жан-жақты дамыту бүгінгі күннің басты талабы… Неғұрлым баланың таланты мен қабілетін дамытуға ертерек көңіл бөлінсе, соғұрлым оны толық ашуға мүмкіндік туады. Баламен жұмыс жасағанда оның нәтижелі болуы мұғалімнің біліміне тікелей байланысты.
Дарынды ұстаз болған жерде дарынды бала шығады. Осыған орай мұғалім жан-жақты, кәсіби дайындығы терең, өз бойына жинақтаған білімін жастарға үйрете алатын маман болуы шарт. Ол тек білімді жеткізуші ғана емес, керісінше, оқушының білімін, өмірге көзқарасын жүйелі түрде қалыптастыра алатын жан болуы тиіс. Оқушы бойындағы қабілет-қарымды ашуда екінің бірі шебер бола бермейді. Туғанай Өзбекбайқызы секілді білімді, білікті ұстаздар тұрғанда елімізде дарынды, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ тәрбиеленіп шыға берері сөзсіз.

Арайлым НҰРЖАПАР

 


ПІКІР ЖАЗУ