Замана Заңғары

0
2542

«Елу жыл ел ағасы» болған ұлы даланың дара тұлғасы, қазақ елінің төл перезенті, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына биыл 110 жыл толды.  Көзінің тірісінде-ақ елдің мақтанышына айналған, өзі қызмет еткен кеңес дәуірінде  совет одағының басшылары арасында ең беделді адамдардың бірі де бірегейі осы Д. А. Қонаев болды.

Ғұлама ғалым, академик, үш дүркін Еңбек ері атанған Дінмұхамед Қонаевтың қилы-қилы өмір жолдарына ХХ-ХХI ғасырдың өкілдері тиісті бағасын беріп келеді. Ол кісінің кемеңгерлігі жайлы бірге қызмет жасаған әріптестері сан алуан естеліктер айтуда. Тұла бойына сабырлық пен даналық тоғысқан данада етпен сүйектен жаралған пенде. Қызмет бабында өзіне жауапты істердің бәріне елді дүрліктірмей, өзінен төменгі басшыларды алашапқынға салмай, сабырлықпен шешкенін айтады.  Ғұмырының соңына дейін туған халқымен етене араласып, «Панам да ел, данам да ел. Соған арқа сүйедім, содан үйрендім» деп рухани байлығымен, терең білім, ақыл-парасатымен дараланған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың есімі берілген «Қонаев қаласында маусымның 11 күні «Д. Қонаев – замана заңғары» атты облыстық-практикалық конференция өтті.

Қазақ Мемлекетінің тәуелсіздік алғанын көзімен көріп, елдің өсіп-өнуіне, экономикасының қарқынды дамуына тілектес болған, көзі жұмылғанша  елді аралап, туған халқына арқа сүйеген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевты ел жадынан шығарған емес. Үлкен лауазымды қызметтен босағаннан кейін, «Өтті дәурен осылай»,  Ақиқаттан атауға болмайды» атты мемуар жазып қалдырса, жазушы Серік Әбдірайымұлы құрастырған «Елу жыл ел ағасы» кітабында көптеген естелік  айтылады. Тәуелсіз Қазақстан билігі дара тұлғаның 80-90, 100 жылдығын елеусіз, ескерусіз қалдырды. Тек  қана «Қонаев қорының» ұйытқы болуымен ғылыми конференциялар өтіп, Д. Қонаев туралы көлемді мақалалар мен кітаптар жарық көрді. Оның өзіндік себебі бар екенін елдің бәрі біледі. Халық жүрегінде мәңгі сақталып қалған кемеңгердің  рухы, отыз жылдан кейін қайта оянды. Қазаққа 43 қала салып берген Дінмұхамед Қонаевты көзінің тірісінде-ақ жамандаушылар болған. Үлкен кісінің үстінен Мәскеуге әртүрлі арыздар  борап жататын. Сол арыз жазғандардың бірде-біреуінің соңына шырақ алып түсіп қудалап, қысым жасамаған. Осының өзі Қонаевтың кеңдігі мен кешірімшілдігін көрсетеді. Басқа-басқа желтоқсан оқиғасынан кейін Қонаевтың орнына келген Г. Колбин Жазушылар одағына келгенде зиялы қауымның өзі Қонаевтан теріс айналған. Жазушы Әлжаппар Әбішов «Біз сізді 25 жыл күттік» деп Колбинді құшақтап, сүйгенін ел ұмыта қойған жоқ. Қонаевтың кішіпейілдігі жайлы Мадат Аққозин: «Коммунистік даңғыл мен Киров көшесінің (бүгінгі Абылайхан даңғылы мен Бөгенбай батыр көшесінің) қиылысындағы үш қабатты үйден шығып, ылдидағы Үкімет үйіне қарай жайбарақат жұмысқа бара жататын. Қонаев сол үйде көп жылдар бойы тұрды, тіпті, Қазақстан КП ОК-нің бірінші хатшысы болған кезінде де, қаланың орталығында үш бөлмелі пәтері бола тұра әлгі үйде тұрды. Ал басқа үйге көшкенде Қонаев пәтерін өзінің кадрлық саясатын қатты сынап жүрген жазушы Әлжаппар Әбішевке сыйға тартып кетті» дейді. Қонаевтың өмірі мен өнегесі жайлы том-том кітаптар жазылды, әлі жазыла да береді.

Сонымен Қонаев қаласында «Алматы облыстық білім басқармасы, Қонаев қаласы бойынша білім бөлімі мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған айтулы шара  дара тұлғаның туған күні қаңтар айына жоспарланыпты. Алайда елімізде болған «Қаңтар оқиғасына» байланысты кейінге шегерілген. Шегерілгеннің өзі де жақсылықтың жаршысына айналды. Қапшағай қаласына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қонаев қаласы болып аталып, Алматы облысы, орталығы Қонаев қаласына көшірілгенде 11 маусым күні Алматы және Жетісу облыстарының әкімдері тағайындалып, абыр-сабыр болып, «Замана заңғары» Қонаевқа арналған ғылыми конференцияға құрметті қонақтары да келді. Олар: Қонаев Элдар Асқарұлы – Халықаралық Дінмұхамед Қонаев атындағы қоғамдық қорының Президенті, Қонаев Диар Асқарұлы – Алматы қаласындағы  М. Әуезов мұражайының директоры, филология ғылымдарының кандидаты,  Болат Кажакбар  – Халықаралық Д. Қонаев қоғамдық қорының вице-президенті. Асқарова Жанна Асанбайқызы – Халықаралық Дінмұхамед Қонаев қоғамдық қорының бас директоры  Баталханов Болысбек Заманбекұлы – Республикалық Д. Қонаев музейінің тұңғыш директоры. Дінмұхамед Қонаев атындағы халықаралық Заң академиясының кафедра меңгерушісі, профессор. Срайлов Қалдарбек Смайылұлы – Халықаралық Дінмұхамед Қонаев қорының мүшесі. Бейсенбаев Ермұханбет Телтайұлы – Балқаш аудандық  Д. Қонаев қорының төрағасы, Балқаш ауданының құрметті азаматы. Зәуреш Жұмағалиқызы Демеуқұлова – өлкетанушы, Балқаш ауданының Құрметті азаматы. Нұрпейіс Талдыбек Әліұлы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің және Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің професоры, ҚР тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, Алматы облысы Кеген ауданының Құрметті азаматы, ҚР Ішкі істер министрлігінің  ардагері, полиция полковнигі. Бұлғақов Айтақын Мұхамадиұлы – Алматы облысының бас ақыны. «Алатау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,  мәдениет және ақпарат саласының үздігі. Жангелді  Немеребаев – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары. Беспаев Амангелді Дәнебекұлы – Қонаев қалалық ардагерлер және қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы. Өтегенова Зия Өмірғалиқызы – Дінмұхамед Қонаев атындағы № 1 қазақ орта мектебінің тұңғыш директоры. Сіргебаев  Мұратбек Амантайұлы – «Ретро» мұражайының директоры, Қонаев қаласының Құрметті азаматы, кәсіпкер. Есілбаев Зарыққан Әбілқасымұлы – Әлем Халықтары Жазушылар және Қазақсан Журналистер одағының мүшесі. Қазақ журналистикасының қайраткері, Балқаш ауданының Құрметті азаматы. Жақиянова Алтыншаш Жұманқызы – ҚР Жазушлар Одағының мүшесі, Қазақстан  Журналистер одағының мүшесі.

Қапшағай қаласының Құрметті азаматтары қатысқан игі шара қаладағы Д.Қонаев атындағы №1-ші орта мектептен бастау алды. Мектеп мұражайында мақтан тұтар тұлғаға арналған кітап көрмесін аралап, мұражайға саяхат жасаған қонақтарды мектеп мұғалімдері А. Ахметова. Д.Жолымбетова,  А.Аймағамбетовалар кемеңгер туралы жан-жақты ақпарат беріп, Қонаевтың  көзінің тірісінде тұтынған  заттарын мұражайдан көрсетіп, мектеп түлектері Қонаевқа арнаған өлеңдерін оқыды. Конференцияның екінші кезеңінде Қонаев қаласындағы Алматы бағытына баратын қара жолдың оң жағында орналасқан «Ретро» мұражайды аралады. Мұражай  директоры Мұратбек Сіргебаев  Дінмұхамед  Қонаев мінген  қызметтік көліктерімен таныстырды. Бұл мұражайда кеңестік жүйе кезіндегі  қолданыста болған автокөліктер қойылған. Бұдан кейін орта мектеп  гимназиясында жалғасқан конференцияда баяндамашыларға кезек берілді. Ғылыми-практикалық конференцияны Қонаев қалалық білім бөлімінің басшысы Рақым Асылбек ашты.

Конференцияның алғашқы баяндамасын Қонаев қаласы, «Орта мектеп» гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Бакенова Жібек Шеңгелбайқызы жасады.

– Әр дәуірге лайықты кемеңгер адамдар өмір сүретінін, қазақ халқының дара перзенті қазақ мемлекетінің ұлы қайраткері қазақ халқының тарихында болмысы бөлек, мінезінің байлығымен, терең білім, ақыл-парасатымен дараланған ұлы адам өмір сүрді. «Ту жығылмасын, Туды ұстаған ұл жығылмасын», – деп тәңіріне сыйынып,  халықпен бірге қуанып, келешекке зор сенім артып «Болашақ жастардікі, ақиқаттан аттауға болмайды деген Дінмұхамед Ахметұлына 1992 жылы қаламызда Қонаев есімімен алғаш қазақ мектебі ашылды. Мектептің алғашқы басшысы Өтегенова Зия Өмірғалиқызының басшылығымен арнайы қонақтар шақырылып,  Қонаев  Димаш Ахметұлы мектептің салтанатты ашылуына қатысып жас ұрпаққа зор аманатын, ізгі ниетін білдірді. Сонау 90 жылдары Димаш атамызбен болған ұмытылмас кездесу сәтінен бір естелікті айтып берейін. 1993 жылдың 1 сәуірі. Күн шайдай ашық, жер ана құлпырып ерекше күйге бөленген-ді. Бұл  тойға  арнайы шақырумен  қоғам қайраткері Димаш Ахметұлы, Кеңес  Аухадиев,  Олжас Сүлейменов,  Диар Қонаев т.б. сыйлы қонақтар келген. Мұндай  құрметті тұлғалардың алдынан шығып қарсы алу сәті маған бұйырды. Димаш атамыздың қолынан алып, сәлемдескен сәтімде бірден «Есімің кім болады қарағым?» деп сұрады. Менің Димаш атамызбен бетпе-бет жүздесіп, жылы алақанын алған кезім, өмірімдегі естен кетпес тарихи оқиға болды. Қонақтарға өзімді таныстырып, жол бастап, мектеп алаңындағы салтанатты жиынға қарай бет алдық. Жүзі мейірімге толы, жүрегі қазағым деп соққан, бойы тұнып тұрған даналық пен қарапайымдылықтың иесі болған Димаш атамызға деген  халықтың қошеметі мен ілтипатында шек жоқ. «Ұлық болсаң кішік бол» деген дана халқымыз дәл осы өсиет Димаш атамызға айтқандай. Таңғы сағат тоғыздан кешкі сағат алтыға дейін жиналған халықпен бірге болып, әрбір тігілген қазақ үйінің төрінде сыйлы қонақ болып халықтың жағдайын сұрап, көкейдегі сұрақтарға  жауап беріп әкелген құнды сыйлықтарын да тапсырды. Менің «Шаршадыңыз ба?» деген сұрағыма «Жоқ шаршамадым, мен  қазағымды алаламай түгел үйлеріне кіріп көзбе-көз жүздесіп, хал-жағдайларың білуім керек» деді. Той үстінде менің атымды арнайы атап шақырып, өз қолынан менен естелік болсын деп сыйлығын берді. Атамызбен бірге естелік фотоға түстік. Мен осындай бақытты да қайталанбас қуанышты сәтті бастан кешірдім. Кездесудің соңында жалпы жиналған халыққа «Бірлігіңе бекем бол, халқым!» деп, ақ батасын берді. Кешкі сағат алтыда Димаш атамызды  қимастықпен қоштасып, көлігіне дейін шығарып салып, көлігінің  есігін өз қолыммен жауып, келесі кездесуге аман есен жетейік деген тілекпен қоштасып қала бердік. 1993 жыдың тамыз айында атамызды мәңгілік сапарға шығарып салдық, – деді баяндамашы.

Бұдан кейін Сарыбұлақ ауылының орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ақмарал  Қожамберлинова сөз алып, «Алтынемел қорығының бастауы «Қызылауыз» шатқалына арнайы жасалған саяхат жайлы сыр шертті. Қапшағай сөзінің төркіні қақпа немесе кіреберіс деген ұғымға саяды. Сол Қапшағай қысталаңынан шығысқа қарай Шолақ тауын бетке  ала отырып, Шылбырға өрлегенде алдыңнан ирелеңдеген жол Қызылауыздағы жақпар тасты шатқалға апарады деді.

Табиғат аясындағы жан-жануарларға да Дінмұхамед Қонаев жанашырлықпен қарағанын, «Қапшағай» аңшылық шаруашылығының құрылуына мұрындық болғанын айтты. Қорыққа  алғашқы құланды тікұшақпен Арал қаласына апарып, ол жерден арнайы көліктермен тұрақты тіршілік ететін жерге жеткізілгенін  тілге тиек етті. Арнайы  экспедиция  ұйымдастырылып, Қызылауыздағы аумағы 3018 га қорықта Димаш Ахметұлының саяжайы туралы сыр шертті.

Мұғалімдер баяндамасынан кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің және Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, ҚР Алматы облысы Кеген ауданының Құрметті азаматы, ҚР ІІМ ардагері, полиция полковнигі Нұрпейіс Талдыбек Әліұлы алды.

Қытайда  11 жыл соғысқан Оспан деген батыр болған. Ол  баяғы Қожаберген жыраудың ұрпағы. Орта жүздің керей руынан шыққан батыр. Сол  шығыстық  ұстаммен Алтайдағы қазақтардың жерін құтқарамын деп Қытайға қарсы соғыс бастаған. Таулы  аймақта соғыс жүргізу әдісін одан артық білетін адам болмаған. Қытайға  үрей туғызған сол кезде екінші дүниежүзілік  соғыста 27 миллион адам өліп, 54 миллион  адам мүгедек болып, халықтың арқасында жеңіске жеткен. Екінші дүниежүзілік соғысты бастаған фашистік Германия алдыңғы бірінші дүниежүзілік соғыста 8 миллион адамнан айырылған. Ал Кеңес Одағы бір соғыста 24-27 миллион  адамнан айырылған-ды. Міне, Сталин сол Оспан батырды Қытайға қарсы пайдаланғысы келіп, ортадағы социалистік мемлекетке айналған Монғолияның  Президенті  арқылы  үгіт-насихат жүргізіп, «Қызыл жұлдыз» орденін беріп  жіберіпті. Сонда бүкіл Монғол әскерлері, Оспан батырдың  қазақ жауынгерлері, жас бала мен келіншекке дейін атқа мінген. Сол кезде сізге генерал Сталин  «Қызыл жұлдыз» орденін берді деген кезде Оспан батыр  орденді  салмақтап ұстап тұрыпты  да «Бұндай  сөлкебайларды біздің елде қатындар тағады» деп, саптың арт жағында тұрған келіншектердің қолына лақтырып жіберген. «Мен халқым үшін соғысып жатырмын, маған қытайдың соғысында жеңу үшін қару бермей ме, сөлкебайдың керегі не?» деген екен. Оспан батырдан бөлек, Қонаев атамыз туралы айтсам, мен тарихшы ретінде бүкіл әлемнің мықты  дейтін Президенттері туралы бір адамша білемін. Халықаралық қатынастар факультетінде мысалы екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі мықты болған Англияның Президенті Черчил туралы арнайы топ  құрдым. Ал Қонаев өзінің өмірімен бірнеше томға жететін Қазақстан тарихын еңбегімен жасаған адам. Қысқаша айтайын, мына батыр да, бала да, данышпан да анадан туады. Қонаев атамыздың анасы Шелек деген жердің қызы болған. «Тектіден текті туады» дегендей, өзінің аталары текті адамдар болған. Ал  енді бір қызық айтайын, Димаштың әкесі Меңліахмет саудамен жақсы айналысқан.

Бауырым, Болысбек: – Меңліахмет егер қазіргі заманда туылған болса, корпорация, компанияны айналдыратын мықты кәсіпкер болатын еді. Осы кісі албан елімен жақсы араласқан. Албан елінің Қарқара деген жерінде дүниежүзілік халықаралық жәрмеңке болған. 1896 жылы 1926 жылға дейін жұмыс істеген. Сол жәрмеңкеге барып, Меңліахмет те сауда жасайды екен. Сол кезде оның жанында 5-6 жастағы баласы Дінмұхамед бірге еріп жүрген. Ол сол  жақта жүріп 1916 жылы көтеріліске қатысқан. Сол көтерілістің басшыларымен бірге болған Серікбай Қанаев деген мықты кісі болған, онымен достығы соншалық, кейін соның Нұрқасым деген ағасынан Дәулет Серікбаев дейтін қайраткер шықты. Сол Дәулеттің сүйген жары Ләйлә – Димаштың қарындасы. Қызылбөрік дейтін жерде Құлмамбеттің туған жері  Күрбелді ауылында 1905 жылы қазақта ең алғашқы орыс-қазақ мектебін ашқан Әбиір деген кісі болған. Сол Әбиірдің туған інісі Айтжан  Түркебаев, Дінмұхамедтің әпкесі Әминаның жолдасы болған. Ол Жаркент уездік милицияның бастығы қызметін атқарған, кейін Талдықорғанда істеген, 1924-27 жылдары Алматы қаласының әкімі болған. Қазіргі тілмен айтқанда, үш жыл басқарған. Ол кісінің әйелі Әминә – Димаштың туған әпкесі. Екі жағынан да  тектілігі  жалғасқан. Мұны неге айтып отырмын? Дінмұхаммед Қонаев атамыз  комсомолға өткісі келмей жүріпті. «Сен комсомолға өтіп ал» деп ақыл-кеңес берген.  Бұл кісі Жетісудағы алашордашыларды, Мұхамеджан Тынышбаевтардың бәрін біледі. Сол бағытқа кеткісі келіп жүрген кезде заман құбылып бара жатыр деп,  Айтжан Түркебаев  Дінмұхамедті  комсомолға өткізіп, сол комсомолдың жолдамасымен Москваға жібереді. Москвада жаздесі Айтжан мен Әминә әпкесінің қолында оқиды. Димаш жездесі мен әпкесін өзіне өмірлік бағыт берген деп айтады. Қонаевтың әкесі Меңліахмет атамыз бен Зәуре апамыздың тұрған үйі Алматы қаласы, Абай көшесі мен Желтоқсан көшесінің қиылысқан жеріндегі үш қабатты  үй.  Ол жерде Ғабиден Мұстафин де, Тайыр Жароков, Жамал Омарова тұрған. Сол жерде екі қабатты үйдің бірінші подьезінің, екінші этажында Меңліахмет ағамыз бен Зәуре апамыз тұрған. Қазір сол жерде немере қыздары медициналық орталық ашты. Солай тіршіліктерін жалғастырып жатыр. Меңліахмет ата  саудамен қоса қазақтың фольклорын жетік білген. Тарихты, шежірені жақсы меңгерген. 1937 жылы Айтжан Түркебаевты Сарыөзек  маңында хайуандықпен өлтірді, мүрдесі әлі күнге дейін табылған жоқ. Бірақ Айтжан Түрікебаевтың атында көше бар, туған жері Саты ауылында мектеп бар. Сол Меңліахмет атамыз 1937 жылы А. Түркебаевтің себепсіз өліміне өзінше өлеңдетіп айтқан сөзі бар екен: «Айтжан суымның тұнығы, отымның жарығы еді. Суымның тұнығы лайланды, отымның жарығы өше бастады» деген.  Міне, бұл қысқаша бір тарих.

Қонаев менің басымнан сипаған адам. Ол өзінің әпкесінің жары Айтжанның елі – Көлсайға барып тұратын. 1970 жылы мен 5 сынып бітіргенде ауылға Қонаев келеді деген әңгіме тарады. Ол сол кезде волгамен жалғыз өзі келді, жол нұсқаушы да жоқ. Тек көлігінің алдында сол ауданнан қосылған бір көлік жүріп отырды. Қонаев келеді деп ауылдағы  шенеуніктер, сол ауылдың жалғыз автобусын жүргізбей қойған. Қарабұлақ деген ауылдан шығып, жоғары көтеріліп келе жатса, кимешек киген бір кемпір қол көтеріпті. Алдыңғы машина тоқтамай өтіп кеткен. Ал Қонаев шопырына тоқта депті. Көлік тоқтап Қонаев «Отырыңыз бәйбіше» деп, жол тосқан кемпірді отырғызып алып,  «Қайда барасыз?»  деп сұрапты.  Кемпірдің тілі сақау  екен,  р, с әріптерін таза айта алмаған. «Көлшайға балатылмын, анау Қонаев деген келеді дейді, содан автушталдын бәлін тоқтатып таштады» дейді. Сөйтсе Қонаев күліп: «Мен ғой, сол Қонаев» дей бергенде, әлгі кемпір  «Ойбай, көтек кешір» деп кешірім сұрап әлек болыпты. Сонымен көлдің басына барғанда Қонаев басшыларға  болған жағдайды айтып, автобусты неге тоқтатасыңдар, ел-жұртты неге қинадыңдар деп ренжіпті. Ал қазіргі иттің, итақайы Көлсайға барса тікұшақпен  баратын болды. Міне, Қонаевтің адамгершілігі, ол Көлсайға келгенде біз бесінші сыныптың балалары, шешеміз бөтелкеге құйып берген сүт-айранның аузын газет бүктеп  тығындап алып, көлге барғанбыз. Соның барлығы Қонаевты көру үшін еді. Көлсайға он шақты бала бардық.  Ол  көлге келіп қарап тұрды, ал арғы бетте біз бұта-бұта арасынан сығалап жүрміз. Бізді көріп қалып, «Әй бері келіңдер» деді. Мен сол кезде сондай  зор адамның бар екенін бірінші рет көрдім.  Жүгіріп барған балалардың басынан сипап, қошеметін көрсетіп кетті. Ол кеткен соң «Қонаевтың саяжайы» деп бөренеден салынған екі бөлмелі үйі бар еді. Ішінде кәдімгі жабдықтар, дорожка, стақандар бар болатын. Біз сол үйге кіріп стақандарға  айран, сүт құйып, ішіп жүре беретінбіз. Ал қазір әкімінің үйіне кіре алмайсың. Міне, Қонаевтың адамгершілігі. Өткенде облыста осындай конференцияда бір тарихшы қарындасым жаңсақ сөйлеп қойды. Малдың басын 50 миллионға жеткіземіз деп, жастардың барлығын қойшы жасағысы келді  деген сияқты әңгіме айтты. Алайда ол олай емес, Қонаев малдың басын 50 миллионға жеткіземін деген кезде әр колхоз, совхоздың жанына көмек көрсететін, көпсалалы көмек беретін бөлімшелер  салдырған. Ауданда «Райпо» деген болған. Сол жерде ғылыми негізделген өндіріс ашылып, ауыл жастарына сол жерден білім бермек болған. Ол кезде дайындық курсы деген ашылды. Дайындық курсы дегеніміз, мәселен мектепті барлық бала қызылмен бітірмейді ғой. Мектепті бітіріп,  оқуға түсе алмаған бала бір-екі жыл өндірісте жұмыс істейді де, содан жолдама алып келіп, алты ай түсетін мамандығы бойынша дайындалған. Менде сол дайындық курсы арқылы ҚазГУ-ге түскенмін. Сол жерде қазір профессор болып қызмет жасаймын. Ол кісі ауыл жастарына көп мүмкіншілік жасаған. Ал енді мәдениет қайраткерлері, ғалымдарға көрсеткен еңбегі зор. Мысалы, Кеңес Нұрпейісов туралы мен мына кітапты КазГу-дың баспасынан шығардым. Баспа 50 дана шығарып береміз деді, бір данасы 4000 теңге. Сонда 50 данаға мен 200 мың теңге төлеуім керек. Мен өз қалтамнан  250 дана шығартып, миллион теңге төледім. Ал Қонаевтың кезінде қалай еді? Қонаевтың кезінде жазушылардың «Батырлар жыры» деген том-том кітаптары 50 мың данамен шығып,  бүкіл елге таралған. Қонаев атамыз бүкіл әлемдегі шашырап жүрген қазақтарды ойлап жүрген. Қазір қазақтығымызды жоғалттық дейміз. Жазушылар бір кітап шығарту үшін 500-600 дана кітапты қалтасынан төлеп шығарады ма? Бұрын ол  мемлекеттің ақшасымен шығарылған. Одан гонорар алып, ақшасына үй салып, көлік алған адамдар да болған. Ал, ол, кімнің арқасы? Ол сол кезде мемлекет басқарып отырған Қонаевтың арқасы еді. Сондықтан да «Қонаев атамыз – ғажайып адам» деп сөзін түйіндеді.

Замананың Заңғарысың әз Бабам!

Жақсылыққа жаршы болғай жаңалық,

Байғазысы жатсын жұртқа таралып.

Замананың заңғарысың – Қонаев,

Тұла бойың, данышпандық, даналық.

Ұйтқығанда желтоқсанның дауылы,

Ардақ тұтты сізді қазақ қауымы.

Отыз жылда қалғып кетіп оянды,

Қайта туды Дінмұхаммед дәуірі.

Ат жалында жүріп,түйе қомында,

Арпалысқан ақиқаттың жолында.

Дүниеге құнықпаған қайраткер,

Әппақ ары және таза қолы да.

Бақыт нұрын шашып талай таң атқан,

Арда ұлын «Алаш» – үшін жаратқан.

«Мерген болып, өзіңді атты» не керек,

«Өз күшігің балтырыңды қанатқан».

Қара орманың, халық болды қорғаның,

Халық берген, биік баға зор бағың.

Елу жылдық еңбегіңнің жемісі,

«Ел ағасы, тон жағасы» – болғаның.

Ханды көрдік алшақтаған халқынан,

Дақпырты көп дауылдатқан артынан.

Қандай азап қаршасы толқытып,

Көбіктеніп қадір қашса қартыңнан.

Талапайға салды талай тағдырың,

Сарқылмады саңлағым сабырың.

Ел есінен шығармады ұлығын,

Ұлықтады, арта түсті қадірің.

Төле бидің тура жолын жалғаған,

Көсем болса сіздей болсын арлы адам.

Қырық үштей қала салып қазаққа,

Тірісінде бірін өзі алмаған.

Ақиқаттың күні туды,ширадық,

Қарашаны Қапшағайға жинадық.

Қонаевтың қаласы деп жар салдық,

Әттең,әттең облысты қимадық.

Шырағыңа сүйсінді ел маздаған,

Көңілашар күйін шертті наз далам.

Қазақ барда сіз өлмейсіз мәңгілік,

Әруағыңнан айналайын әз, бабам.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ