«Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады»

0
1243

Жемқорлықтың  жеті атасын түгендесеңіз, кеселге шалдықпаған бірі жоқ. Мемлекет және өндіріс орындарының қай саласына зер салсаңыз да, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың исі аңқып тұрады. Сұғанақ қолдар бюджет қаражатына қол салса, тендер ойнағандар түйені түгімен, пойызды жүгімен жұтып, пара бермесе, парасатты адам қатарына қосылмай қалатындай заңды айналып, жеке басының мүддесін көздейтіндер, көрінбейтін көлеңкедей көлбеңдеп жүр.

Қақпан-қапқандары ішкен жегендерін қайта құсып, абыройдан жұрдай болса да ел бетіне қарап жүр. Мемлекеттің экономикасын қарқындатуға үлес қосудың орнына қазынадан жеп, шалқып өмір сүретіндер судың да сұрауы барын білмейді емес, біледі. Бірақ «Дәніккен қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, жемқорлықпен жиендес болғандар ішпесе, жемесе тұра алмайтын індетке шалдықты. Оның күре тамырына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мекемесі үздіксіз балта шауып келеді.

Алматы облысы бойынша жемқорлықтың нысанасына іліккен көлік инспекциясының қызметінде 27 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталыпты. Бұл ақпаратты сыбайлас жемқорлықпен күрес мекемесі берді. Олар да жемқорлықтан ада емес екен. Түрлі айла-тәсілдерге баратындар көлік инспекциясынан да табылыпты. Көліктік бақылау бекеттерінің құзырына қызметімен байланысты бағыттар, сондай-ақ, шетелдік рұқсат бланкілерін беру рәсімі және техникалық тексерулер қызметі кіреді. Нысанаға іліккен инспекцияның ұйымдастыру-басқару қызметінде өрескел заң бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған. Мәселен «1 млн. 400 мың теңге сомасында іс сапарларды негізсіз төлеу фактілері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді бұзу фактілері орын алыпты. Сондай-ақ аумақтық инспекцияның А. есімді қызметкері мемлекеттік қызметші бола отырып, автомобиль бөлшектерінің көтерме саудасы бойынша кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Бұл қолданыстағы заңнаманы тікелей бұзу болып табылады», – дейді  Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Тимур Темиралиев.

– Көліктік бақылау инспекциясы сыбайлас жемқорлыққа неғұрлым бейім органдардың бірі болып табылады. Тек 2020-2021 жылдар аралығында облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствосы парақорлық фактілері бойынша 32 қылмыстық істі тіркеді, оның нәтижелері бойынша 3 лауазымды тұлға 17-ден 55 миллион теңгеге дейін айыппұлмен түрлі мерзімге сотталды, – дейді.

Демек, пәрәнжі киген парақорлық кеселі әлі де бәсеңсімей тұр. Осы індеттің жолын кесуде Антикор инспекцияның 3 қызметкерін кәсіпкерлерден кедергісіз жүріп өткені және оларды автомобиль жолдарында әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін  280 мың теңге сомасында пара  алған кезде ұстаған. «Үй сыртында кісі барын білсе де, екі көздерін шел басып, құнығып алғандар арандарын аша түсуде. «Мұрның барда бір сіңбіріп қал» дегендей,  қолымыз жүріп тұрғанда қарқып  қалайық  деп, қармақ қапқан балықтай қақпанға түскенде өкініп жатады. Жалпы, Алматы облысы бойынша облыстық соттан жемқорлыққа қатысты алты айда қанша адам жемқорлық қылмысы бойынша жазаланған туралы ақпарат сұратып алдық. Екі күннің бірінде жемқорлықпен шатылғандар туралы ақпаратты көзіміз шалатын болды. Айылын жиып заң қаталданып жатыр деп именген шенеуікті көрмейсің. Керісінше, «Алған қолым береген» дегеннің дәуірі жүріп тұрғандай. Оны көлік инспекциясынан да айқын көруге болады. Мемлекеттің экономикасын тұралатып тұрған да осы жемқорлық. Мемлекет басшысы Панфилов ауданындағы кеден бекеттеріндегі былықшылықты айтып, арнайы тексеру жүргізгенде миллиардтаған қаржының қолды болып, бюджетке түспегені айтылды. Алматы облыстық сотының баспасөз өкілдерінің берген мәліметіне жүгінсек, 366-бап (пара алуға)  қатысты он қылмыстық іс түскен. Оның  жетеуіне үкім шығарылған. Заң аясында пара алғанда, пара бергенде жазаға тартылады. Пара бермесе жұмысы өндімей қалатындай алаңдап,  алушының қолы жыбырлап, көзі қызарып кететіндер көлеңкесінен қорқып жүреді. Пара алмаса ауырып қалатындар, пара бермесе беделі түсіп кететіндер бір-бірін алыстан таниды. Пара беруге қатысты 367-бап  бойынша үш қылмыстық іс тіркеліп, үшеуіне де үкім кесілген. Айыптылардың арқалаған  жаза түрлері бойынша пара беруге қатысты 366-баппен  алты адам сотталып, айыппұл салынған. Ал 367-баппен пара беруге байланысты  28 адам сотталып, 5-уі айыппұл арқалап,  амнистия бойынша жазадан 23-і босатылған. Бұл 6 айдың көрсеткіші. Жыл аяғына дейін әлі қанша жемқорлық қылмысы әшкереленетіні бір Құдайға, сонсоң құзырлы органдарға байланысты. Бүгінгі қоғамда жемқорлықпен шатылмаған мекеме жоқ. Қыл аяғы кәсіпкерлер де тұтылып жатады. Жер телімін бөлу де, тендер ойнатуда, «Ақбұлақ» бағдарламасы, субсидиядағы бөлінген қаржыларды жымқырған талай шенді жазаланды. «Антикор» орталығының қызметкерлері ауыл әкімдерінің басын қосып,  сыбайлас жемқорлық жайлы аудио жазба көрсетіп, ұдайы үгіт-насихат жүргізіп келеді. Солардың арасында «Жемқорлыққа жол жоқ», «Жемқорлық індет оны жою міндет» деген ұранмен талай мекемені шарладық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік айтудай-ақ айтып, үндеудей-ақ үндеп жатыр. Алайда одан тиісті нәтиже шығарған шенділерді көрудің өзі, құм астынан алтын іздегенмен бірдей.  Мемлекет басшысы да, жемқорлыққа қатысты аяусыз күрес жүргізу керектігін айтып, заңды жылдан-жылға қатайтып келеді. Бұл кесел елдің сана-сезіміне сіңісіп кеткені сондай, «Қазір бір нәрсе бермесең жұмысқа тұра алмайсың». «Дәрігерге пара бермесең дұрыстап емдемейді» деген пікірлер де  ашық айтылып жүр. Соқтасын шығарсаң, арғы жағынан қанды іріңі шашырап, исі мүңкіп тұратын жемқорлық кеселіне қатысты соттардың да сапалы қызмет атқаруы үшін нақты шаралар қабылданды. Кейінгі үш жылда 174 судья жұмыстан шығарылды,  я болмаса лауазымы төмендетілді. Жаңадан құрылған әкімшілік соттарға жарты жылдың ішінде 14 мың талап-арыз түскен. Соның тең жартысында сотқа арызданушылар жеңіп шыққан. Қылмыстық процесстің үш буынды үлгісі енгізілді. Соның нәтижесінде прокурорлар былтыр үш жарым мыңға жуық адамның қылмыстық процеске негізсіз тартылуына жол бермеді. Басқа да бірқатар институционалдық шаралар жүзеге асырылды, деген болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жемқорлық әрекеті үшін сотталған азаматтарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салынды. Соттарға, құқық қорғау қызметкерлеріне, пара бергендерге және делдалдарға  қатаң жаза қолданылатын болады. Былтырдан бері жалпыға бірдей салық декларациясын тапсыруды бастадық. Осы және басқа да шаралар айтарлықтай нәтиже беріп, жемқорлық деңгейі төмендеді. Дегенмен, түбегейлі өзгеріс әкелген жоқ. Мұны ашық айтуымыз керек. Азаматтарымыз әлі де күнделікті өмірде сыбайлас жемқорлық жағдайларымен бетпе-бет келуде, – деген-ді Президент.

Сыйбалас жемқорлықпен тек қана құзырлы орган күресуі  тиімсіз екенін уақыттың өзі дәледеп тұр. Бұл індетпен жалпы қоғам болып күрескенде ғана оң нәтиже көруге болады. Өткен жылдары  жемқорлық бойынша Алматы облысы Республикада бірінші орында тұрғанын айтып, дабыл да қаққанбыз. «Итің жаман дегенде ұяттан өлгенім-ай» демекші, бұл Алатау баурайын мекендеген халықтар үшін жақсы абырой емес. Мақала барысында айтылғандай Президенттің ауыл шаруашылығындағы субсидияларға байланысты жемқорлық деректердің анықталғанын  айтқан-ды.

Кейінгі бес жылда мемлекет аграрилерді қолдау үшін екі триллион  теңге бөлді. Осы уақыт ішінде аталған салада 960 қылмыстық іс тіркелген. 450 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл сала жылдар бойы жемқорлыққа белшеден батуда.  Соның кесірінен мемлекет үлкен зиян шекті, азық-түлік қауіпсіздігіне нұқсан келді. Атап айтқанда, жайылымдық жерлерді суландыруға бөлінген 80 миллиард теңгенің тең жартысы мақсатқа сай жұмсалмаған. Былтыр қуаңшылық болған кезде шаруалар жем-шөп таппай, мал қырылып қалды. Тіпті, кейбір өңірде шаруаларға субсидия ретінде күн батареясы берілген. Ашығын айтқанда, ауыл тұрғындарына не қажет екеніне ешкім бас қатырмаған. Субсидияны игердік деп есеп беру үшін сол күн батареяларының бағасы еселеп көрсетілген. Мұның бәрі уәкілетті органдардың жауапсыздығынан болған. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер мұндай былыққа жол бергені үшін жауап беруі керек, – деді Президент.

Мұндай кеселден екі облысқа бөлінген Алматы облысы да құр алақан қалған жоқ. Атын атап, түсін түстеуге дәтіміз бармай отыр. Жығылғанға жұдырық сілтегендей болмайық деп шештік. Әйтпесе, ауылшаруашылығын басқарған және ортан қолды талай шенді жауапқа тартылды ғой. Енді солардың қатарына көлік инспекциясы да қосылды.

Бас прокуратураның Құқықтық статика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне қарағанда биылғы жылдың бірінші тоқсанында елімізде тіркелген сыбайлас жемқорлық қылмыстар саны былтырғы жылмен сәйкес кезеңдегіден 21,1 пайызға ұлғайған, яғни, 639-дан  774-ке дейін көбейгені ақпарат құралдарында айтылды.  Әлемді жаулаған «Ковид-19» індеті мен пандемиядан дағдарысқа ұшырамаған мемлекет кемде-кем. Олардың қатарында  Қазақстан да бар. «Жау жағадан алғанда бөрі етектен тартыпты» демекші, қымбатшылық алқымынан алып, халық күйзеліске түскенде ебін тапқандар, екі асап, жемқорлықпен шатылып мемлекет экономикасының өркендеп-өсуіне тежеу салуда. Ал олардың ерте ме, кеш пе бір тұтылары хақ! Жемқорлық жойылмай, Қазақстан даму жолына түспейді.

Айтақын МҰХАМАДИ

Дереккөз: Alataugazeti.kz


ПІКІР ЖАЗУ