Сары аймаққа өткен жағдайда…

0
1844

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов Алматы облысы мен Жетісу облысындағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады.

Айтуынша, бүгінде екі облыста да коронавирустық инфекцияның өсу қарқыны бай-қалады. Өткен аптамен салыстырғанда Жетісу облысында 0,0004-тен  0,003-ке дейін өссе,  Алматы облысында бұл көрсеткіш 0,001-ден 0,02-ге дейін жеткен.

«Пандемия басталғалы екі өңірде коронавирустық инфекцияның 69 606 жағдайы тіркелді. Өткен тәулікте Қарасай және Іле аудандарында 3 жағдай және Сарқан ауданында 1 жағдай тіркелді. Облыстар «жасыл» аймақта. Халықты вакцинациялау жұмыстары да жалғасуда», –  деді Ерғали Жақсыбайұлы.

Спикердің мәліметінше, бүгінгі таңда өңірлерде 366 егу пункті және 67 жылжымалы пункт жұмыс істейді. Екі облыстың тұрғындары үшін вирусқа қарсы препараттардың үш түрі қолжетімді: «QazCovid-in», «Sinopharm VeroCell» және Comirnaty (Pfizer).

Егер эпидемиологиялық ахуалдың одан әрі нашарлағаны байқаласа,  келесі шаралар  қолданылмақ:

– науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс жасау форматына көшіру;

– COVID-19 вакцинасына түбегейлі қарсы көрсетілімдері бар қызметкерлер мен жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс жасау форматына ауыстыру;

– жабық жерлер мен қоғамдық көлікте міндетті маска тағу;

– 10 адамнан астам қатысушысы бар жиналыстарды онлайн форматта өткізуді ұсыну.

Сондай-ақ эпидемиологиялық қауіптілік аймағына қарамастан  әуе, ТЖ көліктері мен халықаралық автобус тасымалдарында маска тағу ұсынылады.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 


ПІКІР ЖАЗУ