27 күнде 65 адам суға кеткен

0
1754

Шомылу маусымы басталғалы қауіп-қатер де ұлғайып келеді. Күннің аптап ыстығына шыдамаған адамдардың қолы  жеткендері  таулы  аймақтарға  барып  демалса, қалың бұқараның көбі өзен-көлдерді жағалайды, суға шомылады. Алайда сақтандыру ережелерін қаперінен шығарып алғандар ажал құшуда. Әсіресе, шомылуға тыйым салынған жерлерге барған жасөспірімдер мен өзен-көлдерде ішімдік ішкендер суға батып, оның арты орны толмас өкінішке  ұласып  жататынын айтудың  өзі  артық.

ТЖД-нің қызметкерлері суға шомылушыларға алдын-ала сақтандыру ережелері жазылған жарнамаларды таратып, көл жағасында дауыс күшейткіш арқылы ата-аналарға, жасөспірімдерді көзден таса қылмауға  ұдайы кеңес беріп жатады. Өкінішке орай, тілсіз жау бала түгілі,  апталдай азаматтарды тұңғиық тереңіне тартып кетуде.

Мәселен,  26-шы  маусым күні Қонаев қаласындағы, Қапшағай су қоймасында, «Голубой залив» ауданында шомылуға арналмаған жерде төрт адам суға батып кеткен. (1990 ж.т. әйел, 1992  ж.т. ер адам, 2007,  2010 ж.т. екі бала.), және 1954  жылы туған  тағы бір әйел адам құтқарылған. Барлығы туыстық қатынастағы адамдар екені айтылуда. Оқиғанның мән-жайына зер салсақ, шомылу барысында толқын көтеріліп, екі ағайынды бала суға бата бастаған. Балаларға қауіп-қатер төнгенін түсіне қойған ағасы мен әпкесі  және апасы жан  ұшыра құтқаруға ұмтылған. Алайда тілсіз жау көмекке келгендерге ырық бермей, екі бала мен ер адамды тереңге тартып кеткен. Құтқарушылардың көмегімен тек апасы ғана аман қалған.

Жылма-жыл шомылу маусымы басталғанда демалушылардың алаңсыз болуы үшін Алматы  және Жетісу  облысы әкімінің қаулысына сәйкес Қапшағай мен Алакөл, Балқаш  көлдеріне құтқарушылардан құралған кезекшілер ұйымдастырып жатады. Сондай кезекшіліктің бірі Қапшағай су қоймасында 7 қалалық жағажай бар, сондай-ақ, олар құтқару мұнараларымен  шомылу кезінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басқа да қажетті құралдармен жабдықталған, – дейді Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті. – Мұнда азаматтардан арнайы жабдықталған орындарда ғана суға шомылуға кеңес беріліп, суда жүзе алмасаңыз белден жоғары келетін жерге түспеуді, балаларды су жанында қараусыз қалдырмауды, су жанында демалу кезінде спирттік ішімдіктерді ішпеуді және толқындар мен дауылды ауа райында суға шомылмауды ескертумен келеміз. Өкінішке орай, демалушылардың көбі бұл ережелерді қаперлеріне сақтай бермейді. Оның арты адам өліміне алып келуде. Сондықтан суға шомылушылар сақтық шараларына мұқият болғандары абзал. Әсіресе, бала-шағасымен  көл жағасында жүргендер өте абай болуылары керек, – дейді, құтқарушылар.

Аптап ыстықтан қашып, суға түсіп салқындаймыз деп қас пен көздің арасында екі бірдей баласынан айырылып қалу орны толмас өкініш әрине. Қазір туристерді тарту мақсатында өзен-көлдердің жағалаулары түрлі безендірілулерге ұласып, осы арадан нәпәқаларын тауып жүрген кәсіпкерлер үшін бұл маусым қауырт шақ. Ығы-жығы халықтың жасы да, жасамысы да, тіпті, буыны бекімеген бүлдіршіндер де ата-аналарымен осы көлдердің жағасында жүр. Бұл бақылаудағы жерлер. Ал ондай ортаға бара алмайтын, қалталары жағажайдағы бағаны көтермейтіндерге арналып ашылған Қапшағай көл жағасына келіп жатқан халықта есеп жоқ. Құмырсқадай құжынаған құмдағы халықтан аяқ алып жүре алмайсың. Көл бетінде көлбеңдеген  үйректей жүзіп жүргендер мен картерлерге тіркеме байлап алып, «су бетімен жүгірген Сүлеймендей» ызғытып жүргендерді көзің шалады. Қауіп-қатерден ада, алаңсыз шомылып жүргендердің тағдыры суға байланып тұрғанын олардың көбі түсіне бермейді. «Кім суға түсіп, ажалым осыдан келеді деп барады. Жазым деген аяқ астынан болатынын демалушылар білмейді емес, біледі. Көрмейсің бе, аяқ асты көтерілген толықыннан екі бала мен ағасы ажал құшты», – дейді төтеншеліктер. Жалпы республика бойынша 27 күнде 65 адам суға кеткен. Бұл ақпаратты да Төтенше жағдайлар министрлігі жариялап отыр. Жалпы жыл басынан бері 110 адам суға батып мерт болыпты. Оның 40-ы бала болған. Республиканың су айдындарында 68 адам, оның ішінде 15 бала құтқарылғаны айтылуда. Бірінші маусымнан бастап суға түсіп қайтыс болған 65 адамның 28-і бала дейді. Өзекті өртейтін өкініш. Көз алдыңда құрақтай жайқалып өсіп келе жатқан жасөспірімдердің ажалдары судан болып тұр. «Құдай да сақтанғанды сақтаймын» дегенін өзен-көлдің жағасында демалушылар ұмытпаса игі еді.Тіпті, соңдарынан шұбыртып жүрген балаларын мүлде ұмытып кететіндерге қайран қаласың. Мәселен, Қапшағай көлінде баланың жоғалып кеткені жөнінде бейнежазба тарады. Бала суға кетті деп ойлаған бір топ азамат қол ұстасып су түбіне бойлаған.
– Отбасымызбен біз де сол жерде демалып жүрдік. Өте қорқынышты болды. Дереу судан шығыңыздар деп айтты. Баланы үш сағат іздеді. Барлық ер азаматтар қол ұстасып баланы іздеуге кеткенде жағажайдың маңы тып-тыныш болды. Қатты үрейлендік. Барлығы да баланы өліп қалды деп ойлады.  Құдайға шүкір тірі екен. Мен сол маңайда жүрсем де баланың қайда болғанын сол күйі түсінбедім, деп жазды әлеуметтік желі қолданушысы. Міне, немқұрайлық. Алайда осы ақпаратқа қарсы Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, баланың суға кеткені туралы ешқандай хабарлама түспеген, сәйкесінше іздестіру жұмыстары да жүргізілмеді дейді. Алайда баланы Қонаев қалалық әкімдік тарапынан қарастырылған жергілікті құтқарушалар іздепті. Оларға суға кеткен адамды қалай құтқару, іздеу керектігі жайлы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары үйреткен тәсілмен жоғалған баланы іздеген. Абырой болғанда, 8 жасар бала судың ішінен емес, жағадан табылып, ата-анасына табысталғанын айтады Төтенше жағдайлар департаменті. Құдай жамандықтың бетін аулақ қылсын. Биылғы шомылу маусымында Балқаш пен Алакөлде суға батқандар жайлы әзірге мәлімет жоқ. Жалпы республика бойынша шомылу маусымына шолу жасасақ, Оңтүстікте Ақсу-Жабағылы қорығында медициналық университетте оқыған екі үндістандық суға батып кеткен. Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзенінде 29 маусымда тағы екі бала ажал құшқан. Бұл екі жасөспірім шомылуға тыйым салынған жерге су түскен. Ал Алматы облысының Талғар ауданындағы Қызыл-Қайрат ауылындағы «Цыганка» өзенінен екі жасар баланың мәйіті табылған. Ата-анасы бала жоғалғаннан кейін екі сағаттан соң құтқарушыларды шақырғанын айтады. Жеке тұрғын үй ауласынан шамамен 16:00 шығып кеткен сәбиді туған-туыстары жан ұшырып іздеген. Өкінішке орай, сәбидің денесі өзеннен табылған. Аптап ыстықтан құмды өлке Маңғыстаудағы ел-жұрт Каспийді жағалайды. Мұнда да 16 мамырда шомылу кезінде төрт адам суға кеткен. Ғаламтор желілерін ақтарып отырсақ, шомылу маусымы басталғалы республиканың барлық өңірінде адам шығынына жол берілгенін көруге болады. Суды тіршілік көзі десек те одан келер қауіп-қатердің де орны толмас өкінішке алып баратынын жете сезіне бермейтініміз өзекті өртейді. Бір ғана шомылу маусымы  кезінде республика бойынша бір ай көлеміне 65 адамның суға кеткенін ескерсек, дабыл қағатындай жағдай. Әсіресе, балалардың ғұмыры ауырмай-сырқамай көз алдыңда суға батып үзіліп жатқаны жанды жаралайды. Сондықтан шомылу маусымында ата-аналар балаларын көзден таса қылмаулары қажет. Баланың аты – бала, қас пен көздің арасында ғайып болып кетеді. Жүз жерден  жүзу тәсілдерін жетік біледі десе де, сақтық шараларын бала санасына жиі құйып тұрған жөн. Бала түгілі егде жастағылардың өздері де судың терең жағына барғанда абай болуы керек-ақ. Ал ауа райы күрт құбылғанда жеделдетіп судан шығып кетуге ұмтылғандары  дұрыс. Себебі  тулаған толқын адамды иірімдеге итеріп тастайды дейді төтеншеліктер. Алдағы ауа райына зер салсақ,  4 шілдеден бастап Алматы облысында 35-38 градусқа дейінгі қатты ыстық күтілетіні айтылуда ақпарат желісінде. Шіліңгір шілдеге байланысты ТЖД-ті үйден шықпауды ескертеді.  Ал ыстыққа шыдамай өзен-көлдерді жағалағандарға судан абай болулары керек. Себебі 1-шілде күні тағыда Қапшағай су қоймасында №6 қалалық жағажайды патрульдеу кезінде жағадан 250 метр қашықтықта ер адамды құтқарушылар аман алып қалған. Толқын кезінде шомылушыны көл жағасынан үрмелі матраспен алып кеткен. Дәл сол күні №7 қалалық жағажайда 400 метр қашықтықта тағы екі ер адам құтқарылған. 2000 жыл туылған ер адамның суда аяғы тартылып қалса, екіншісі үрейленіп суға батып кете жаздаған. Жалпы суға түскенде құтқару кеудешесінсіз түспеуге кеңес береді құтарушылар. Бұл құтқару кеудешесі әсіресе, балалардың кеудесінен түспеуі тиіс. Оны әрібір ата-ана жадыларына бойтұмардай түйіп алса игі болар еді.

Айтақын МҰХАМАДИ

 


ПІКІР ЖАЗУ