Республикалық турнир

0
1802

Қонаев қаласында жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир өтті. Қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбекері, Қазақ ҚСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы, КСРО шет ел ордендері мен медальдарының иегері Дінмұхамед Қонаевты еске алу мақсатында өткен шара алғаш рет ұйымдастырылды.

Турнирдің ашылу салтанатында Алматы облысының  әкімі Марат Сұлтанғазиев жас спортшыларға сәттілік тілеп, ізгі ниетін жеткізді.

– Наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қапшағайдың атын халық қаласа, Қонаев деп өзгертуді қолдайтынын мәлімдеген болатын. Жергілікті  тұрғындар  бұл ұсынысты бірауыздан қолдады және бүгінде Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы болды. Биыл Дінмұхамед Ахметұлының туылғанына 110 жыл толды – дей келе  аймақ басшысы аталмыш жарыс балалар жылына орай ұйымдастырылғанын айтты. Келесі кезекте Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері Серік Қонақбаев өзінің жүрекжарды тілегін білдіріп, спортшыларға жеңіс тіледі. Сөз соңында Серік Қонақбаевқа Алматы облысы әкімдігінің атынан шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Сондай-ақ ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан бокс ардагерлері қоғамының төрағасы Мүслім Дайырбековке Қонаев қаласының «Құрметті азаматы» атағы беріліп, облыс әкімдігінің  атынан шапан жабылды.

Турнир барысында  12 командадан 150 былғары қолғап шебері бақтарын сынап, қызу тартысқа түсті.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ