Педофилизм ауру ма, әлде азғындық па?

0
1900

Қылмыстың жеңілі жоқ. Әсіресе адамның ар-намысы, денсаулығы, өміріне қатысты жасалған қастандықтарды, зорлау қылмыстарын ешкім ақтап ала-алмайды. Мұндайға қатысты заң да қатал. Дегенмен заңның қаталдығы адам зорлау оқиғаларының азаюына түрткі бола алмай отыр.

Азаймақ түгілі жылдан-жылға көбеюде. Бұрындары негізінен тек әйел зорлау оқиғалары тіркеліп келсе, бүгінде кәмелетке толмаған балаларды, өрімдей сәбилерді, тіпті еркектің еркекті зорлауы да жиіледі. Адам болған жерде қылмыстың болуы заңдылық шығар, десек те заман өзгерді ме әлде адам баласы азғындалып кетті ме, кім білсін, әйтеуір зорлық-зомбылықтың жиілегені соншалық, күн сайын осындай хабар естімесек құлағымыз елеңдеп отыратын жағдайға жеттік.

Іргесі биік ел бірінші кезекте болашақтың кепілі болған балалардың қамын жасайды емес пе. Өздерін қорғай алмайтын тым нәзік, ниеті пәк балаларды қорғау, әл-ауқатын жақсарту ел мүддесі болып табылады. 2021 жылғы өткен Ұлттық халық санағының қорытындысы бойынша еліміздегі  бала саны 61 млн-ға жеткен. Ал осы балалардың құқығы қаншалықты қорғалуда?

Қазір педофилия құрбаны атанған жеткіншектердің саны күннен-күнге артып келеді. Дерек көзіне сүйенсек, соңғы жылдардың көрсеткіші бойынша елімізде 4000-ға жуық зорлық-зомбылық дерегі тіркелген. Ал жыл басынан бері облыс аумағында 52 дерек, оның ішінде 21-і жасөспірімдермен екі жақты келісім арқылы қатынасқа түскендер, 31-і зорлық-зомбылық жасау әрекеттері. Азғындардың арбауына түсіп, арам нәпсінің құрбанына айналған балалардың кейінгі өміріне балта шапқандардың жазасы темірторға қамалумен ғана шектелмек…

Қызының педофилдің  құрбаны болған Талдықорған қаласының тұрғыны М. есімді азаматшамен әңгімелесуде  ол былайша сыр шертті.

–  Қызым тоғызға  келгенде  екінші  мәрте тұрмысқа шықтым. Ол адаммен төрт  жылға жуық бірге тұрдық. Күйеуім деп санап келген жексұрын қызымды үш  жыл бойы  зорлап келіпті. Егер  көрші әйел  әлгі жүзі қараның  тырдай жалаңаш қызымды бақшада қуып жүргенін көрмесе, білмей  әлі күнге жүрер ме едім. Бұл сұмдықты естігенде полицияға шағымданып, оны  ең қатаң жазамен жазалауын талап еттім.  Алайда,  қызымды қорлаған адамға  жынды деген диагноз қойылып, психиатриялық ауруханаға жатқызылды.

Психолог мамандардың сөзінше, көп жағдайда мұндай қылмыстар жылы жабылып, қылмыскер құтылып кететін кездер болады. Нақтырақ айтқанда, қазақилыққа салынып, отбасының абыройы немесе мектеп  абыройы бірінші орында болып, баланың алдағы өмірі екінші орында қалып қояды. Осындай жағдайлардан соң көп жағдайда қыз балалар тұмысқа шығуға қорқып қалады екен.

Бұл тұрғыда ой өрбіткен «Relax» тұлғалық даму орталығының практик-психологы Жазира ТАЛҒАТҚЫЗЫ былай дейді.

«Мұндай оқиғаның көбеюіне басты себеп –  өзіміз деп есептеймін. Неге десеңіз,  оны таратып, барлығына жария етіп жатқанымыз өтірік емес. Көп жағдайда балалар өгей әкесінен зорлық көреді. Ондай балалардан не байқадым…. өгей әкелері бірден төсекке тартпай бірте-бірте үйретіп дайындап жүреді. Оны балалар көбіне қалыпты жағдай, солай болу керек екен деп қабылдайды. Мұндай ойды кейде балаларға өзіміз қалыптастырамыз. Яғни,  балаларды кафе немесе ішімдік ішіп, көңіл көтеретін ортаға алып барамыз. Ол жерде ішімдік ішкен, ішпеген  адам болсын жақсы оймен, жақсы көріп, балалардың бетінен сүйеді, алдына отырғызады, кө-тереді. Ал мұны балалар қалыпты жағдай деп қабылдап, санасында қалып қалады. Негізінде ата-аналарға осы нәрсені ескерту керек. Себебі балалардың ойында үлкен адамдар  осылай жасау керек екен деген ой қалыптасып қалады. Егер соның дұрыс емес екенін түсіндіріп, уақытында балалармен жұмыс жүргізілсе,  көп нәрсенің алдын алуға болатын еді.

Ал педофилды  негізі психикалық ауытқуы бар адамдар десек болады. Себебі олар баланы  ұл немесе қыз деп ажыратпайды. Мұндай іске баратындардың басым бөлігі  бала кезінде зорлық көрген, қатты қиындыққа ұшыраған адамдар. Кейін өзі көрген қорлықтарды басқа балаларға қайталауы да содан. Ал ондай  балалармен  пси-хологтар уақытылы  жұмыс жасап, миына, сана-сезіміне келген зақымын дер кезінде емдеу керек. Яғни, әр түрлі арт терапия, психологиялық терапиялар арқылы баланың жанын емдеу тиіс.

Иә, бала зорлаушылардың сұмдығы денеңді тітіркендіреді. Бұрындары тек шетел жаңалықтарынан ғана көріп, жағамызды ұстасақ, енді мұндайлар арамызда тайраңдап жүр. Адами қағиданы тәрк еткен педофилия сыналап санамызға да, қоғамға да еніп кетті. Әзірге мемлекет аталмыш арсыздықпен қалай күресерін білмей дал болып отыр. Себебі тәжірибе жоқ.

Мамандар бұл қылмыспен тиімді күресудің жалғыз жолы заңды ерекше қатаңдату дейді.

Өзге мемлекеттер  мәліметтеріне зер салсақ,  өткен жылы  Иранда кішкентай балаларды зорлаған екі педофил өлім жазасына кесіліп, көпшілік алдында дарға асылған.  Мұны көрген халық соттың шығарған әділ үкіміне ризашылығын білдіріпті.  Осы оқиғадан кейін Иранда бала зорлығына қатысты деректер күрт азайған. Американдықтар да педофилдармен қаншама жыл  күресіп келеді. Бұған қатысты түрлі тренингтер де  жүргізуде.   Мәселен, балабақшадағы ұл-қыздарды психологиялық тұрғыда зерттеген. Сондағы байқағаны 95 пайыз бала аңғал болып келеді. Оларға «Ана жақта сенің мамаң күтіп тұр, жүр апарайын» десе, еріп кете барған. Соның ішінде бір ғана балақай «Жоқ, менің мамам қайтсе де, осы жерге келеді. Мен сізді танымаймын» деп айқайлаған. Көрдіңіз бе, кейде балалардың үйде ата-анамен ашылып сөйлескеннің арқасы бұл.

Осы тұрғыда америкалық психолог мамандар  кез келген ата-ананың баласына  айтып отыратын  қағидаларды  атапты.

  1. Ешқашан жалғыз жүрмесін. Жанында топтасқан достары болсын.
  2. Бөтен адамның шақырғанына бармасын. Ақша ұсынған жағдайда болса, алмасын.
  3. Күнделікті балаңыздың немен айналысқанын қадағалап отыру. Вконтакте мен түрлі желіде отырған баланы қадағалау.
  4. Бала қолына ысқырық, әлде қазір шығып жатқан компас GPS сағатты байлап қою. Әгәрәки, бөтен еркек жанына жақындағанда, ол дереу сағатын басып, әлде ысқырықпен шақыра қояды.

Дерек көздеріне жүгінсек, дүниежүзінде осы педофилдерден күніне жүздеген бала зардап шегеді екен. Тіпті мұны  айықпас ауру деседі. Мұнымен ауырғандар өздерін тоқтата алмайтынын да айтқан.

Педофил. Құлаққа түрпідей тиетін бұл сөзді естігенде көзіңе үсті-басы кір, киімінің тозығы жеткен қаңғыбас адам елестейді. Бірақ бұл жүзі қаралар біреудің өгей әкесі, ағасы не болмаса нағашысы болуы да хақ. Сайып келгенде бұл психикалық бұзылу не болмаса жыныстық аутқулардың бірі – инфантосексуализм немесе падерозия деп аталады. Сонда жалпылай алғанда «педофилия» деген сөз балаларға болатын жыныстық құштарлықты білдіреді екен.  Мұндай жауыздыққа барғандарды елімізде Қазақсан Республикасы Құқықтық Кодексінің 120, 121 — баптары бойынша кәмлетке толмағандарға қатысты зорлау немесе нәсіпқұмарлық сипаттағы әрекеттер үшін – 12-ден  17 жылға дейін, ал кішкене баланы  жәбірлеушілер – 20 жыл не болмаса өмір бойына бас бостандығынан айырады. Сонымен қатар ҚР ҚК-нің 124-бабы «Жас балаларды азғындық жолға түсіру» бойынша  тағайындалатын жаза – 5 жылдан 10 жылға дейін қамауға алу. Ал, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасаған қылмыскер ҚР ҚК-нің 122 бабы бойынша – 5 жылға дейін  түрмеге тоғытылады.

Заңға сүйенсек 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап  ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» 152-бапқа сәйкес педофилдерге химиялық кастрациялау жасалады. Яғни, пациент жыныстық құмарлығын төмендететін препараттарды қабылдайды, ол сот шешімімен медициналық ұйымда жүзеге асырылады. Бұл антиандрогендік препаратты шамамен 10-15 күнде бір егу керек. Бірақ мұның өзі нәпсіқұмарларды тоқтатып тұрғаны шамалы. Қылмыскерлер аталмыш препараттың күшін жоятын амал тауып, омнадрен, небидо сынды дәрілерді қолданады. Ал ол дәрігерлердің айтуынша дәрінің күшін жойып қана қоймай, нәпсісін де оятып, арттырып жібереді.

Қалай десек те, қылмыстардың ішіндегі ең ауыры – қорғансыз бүлдіршіндерге аяусыз қастандық жасау.  Кейбір ересектердің мұндай әрекетке баруы шындығында айуандық, адамдық азғындаудың шегі ме дейсің. Үлбіреген гүл өмірді таптайтын, адами болмыстан ада мұндай жандарды ең қатал үкіммен жазаласақ та артық етпес еді.  Бұл туралы сіз не дейсіз, көзі қарақты оқырман?!

 

Айнұр БЕКМОЛДИНА

Суреттер ғаламтордан алынды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ