Сарқанда заманауи бассейн ашылды

0
1134

Сарқанда соңғы жылдары кәсіпкер азаматтардың қолға алуымен түрлі әлеуметтік нысандар бой көтеріп, ел игілігіне ұсынылуда.  Кәсіпкер азамат Ерлан  Бейсенбеков  заманауи үлгідегі  «Жетісу» бассейн орталығын ашты.

Орталықтың ашылу салтанатына аудан әкімі Талғат Қайнарбеков арнайы барып, жылы лебізін білдірді.

Кәсіпкер Ерлан Нұрсайынұлының айтуынша осындай үлгідегі бассейн ашу ұзақ жыл ойында  жүрген. Оның бұл ойын  отбасы қолдап, бауыры Дархан қуаттап, екеуі бірлесе қаржы құйыпты.

– Әрине  алдымен басқа осы тектес нысандарды көріп, ғаламторға қарап, жан-жақты салмақтап, Сарқанымызды көркейтуге үлес қосайық деп қолға алдық. Нәтижесін, міне, көріп отырсыздар. Ең бірінші кезекте судағы қа-уіпсіздікке, тазалығына баса мән бердік. Бізде арнайы құтқарушылар бар, су тиісті сүзгіден өтеді. Бір медициналық қызметкер тұрақты түрде кезекшілік жасап, түрлі жағдайларда демалушыларға алғашқы жәрдем көрсететін болады,  – дейді ол.

Нысан аумағында таза табиғи материалдармен бой көтерген сақ моншасы да орналасқан. Жабық және ашық шатырлар астында демалушыларға сусындар, жеңіл-желпі тағамдар ұсынылуда. Келешекте сұранысқа сай ыстық ас-ауқат та даярланбақшы.

Тереңдігі, көлемі әртүрлі, адамның жас ерекшеліктеріне сай үш бассейн тиісті қажеттіліктермен жабдықталған. Бір мезгілде 300 демалушыны қабылдауға қауқарлы.  Қазіргі таңда мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Суға шомылу маусымы туысымен сарқандықтар арысы Алакөл, Балқаш көлдеріне, берісі Теректі өзеніне сабылатын. Күннің ыстығында ұзақ әрі ой-шұңқырлы  жолдар демалушылардың зықысын шығаратын. Енді міне, қала іргесіндегі заманауи үлгідегі бассейн орталығы келушілерге барлық қолайлы жағдайды ұсынуда.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 


ПІКІР ЖАЗУ