Безбүйрек ана көбейді

0
1149

Безбүйрек ана, тастанды сәби, жетімдер үйі. Қанша уақыттан бері талқыланса да, түйіні тарқатылмай келе жатқан бұл мәселелер кімнің болмасын жанына батады. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ едік. Өкінішті-ақ.

Елімізде құрсағын жарып шыққан шақалағын қоқыс жәшігіне тастайтын безбүйрек аналардың қатары жиілеп барады. Оларды ана деуге де аузың бармайды-ау… Ана сүтінің дәмін сезіп те үлгермеген шаранасын тырнағы өткір қоғамның иіріміне өз еркімен лақтыра салатындай дүниенің не азабы өтті екен сонша? Қанша айлар қиналып көтеріп, әбден тіршілік иесі болып қалыптасқанда  мұндай сорақылықты істеуге не итермелейді десеңізші?!

Мұндай жағдайларды азайту үшін заңды қатайту керек пе, әлде Baby Box қорабын көптеп орнату керек пе? Елімізде мұндай қораптар алғаш рет осыдан екі жыл бұрын Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы ауруханаға  орнатылған еді. Алайда нәресте жәшігін орнату жалғасын табады ма деген сауалға Алматы облыстық денсаулық сақтау департаментінің маманы Ләйлім Ахметжанова бұл әлеуметтік жоба екенін алға тартып, оған арнайы тапсырыс түспесе аудандық ауруханаларға орнатылмайтынын айтқан болатын. Әлемнің 12 елінде орнатылған қораптарды көзбен көрмесек те, атына әбден қанық болдық. Бұл қораптарды сол періште нәрестелер ит пен құсқа жем болып, ғұмырына балта шабылмаса екен деген оймен ғана қоюға болар. Бірақ бұдан  бір нәтиже шығып, көкек аналар көрсеткіші азайып кетері күмән тудырады.

Кейде таң қаласың, кейбір жандар сол сәбиді бір көруге зар болып, Алладан жалбарынып, дұға тілеп жаны қиналады. Ал енді біреулер  Жаратқанның берген сыйынан теріс айналып, өз қолымен тастайды. Сонымен бірге бұған өзін емес, өзгені, тұрмыс жағдайды, тауқыметті кінәлі етіп қояды. Мұндайлар қалай ғана көзі қиып, жүрегі шыдап, шырылдаған бейкүнә шақалақты  қалдырып,  әрмен қарай жер басып жүреді екен дейсің?

«Қыз – ұлттың ұяты», «Қызға қырық үйден тыйым», «Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу» деп ата-бабаларымыз қыздың тәрбиесін бір-ақ ауыз сөзге сыйғызған. Алайда шет елге еліктеп, бар кінәні «Заман өзгерді»-ге итермелеудің маңызы бар ма? Қазір заман емес, адам өзгерді. Адамның пиғылы, ниеті өзгерді. Жүректерін қараңғылықтың басқаны сонша, айналаны бағамдай алмайтын санасызға айналды. Неге?

 Арайлым НҰРЖАПАР

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 


ПІКІР ЖАЗУ