Ұстаздардың ұстазы Гүлжан Шарипова туралы бір үзік сыр

0
946

Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға. Қазан айының алғашқы жексенбісінде осы бір аяулы жандардың мейрамы. Мереке қарсаңында Көксу ауданына  қарасты Айнабұлақ ауылындағы №12 мектептің ұстазы Гүлжан ШАРИПОВАМЕН тілдескен едік.

Гүлжан  Ақымжанқызы  1962  жылы  Алматы облысы  Кеген ауданына қарасты  Жылысай  ауылында  дүниеге  келген. 1979 жылы  М. Горький атындағы (қазіргі Майлы Орманов) мектепті  алтын медальмен бітіріп шығады.

Ұстаздықты  жанына жалау еткен ол мұғалім боламын деген ойынан танбай Алматыға келіп, Абай атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға  түседі. Оқу орнын  1983 жылы қызыл дипломмен тәмамдайды. Ол шақтарда оқу бітірген жас мамандар жолдама арқылы облыстың шалғай ауылдарына жіберілетін еді.  Гүлжан Ақымжанқызы да жолдамамен Талдықорған облысына жіберіледі. Осылай  Киров ауданына (қазіргі  Көксу)  қарасты Талапты орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің мұғалімі болып орнығады.

Аз ғана уақыт ішінде жас маман мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мамандықтың қыр-сырына қанығады. Сөйтіп,  ұжым ортасында беделді мұғалім атанады.  1999  жылдан  2012  жылға дейін Жамбыл атындағы орта мектепте абыроймен қызмет етеді.  2012   жылдан  бүгінге дейін Айнабұлақ ауылындағы  №12 орта мектепте шәкірт тәрбиелеп, балалардың білім алуына, өсіп жетілуіне, саналы азамат болуына өз үлесін қосып келеді.

«Ойлап қарасам  мұғалімдікке кездейсоқ келмеген екенмін. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде білімге дeген құштарлығым сусынға шөліркеген жанның ұмтылысындай еді… Сонда ұстаздарымыздың айтқанын екі етпейтін едік. Сөйтіп жүріп бала оқыту, тәрбиелеу, педагогтың қажырлы еңбегі арманыма арқау болды», – дейді кейіпкеріміз ағынан жарылып.

Уақыт шіркін кімге тоқтау болған?! Мұғалім болуды арман еткен, бүгінде ел арасында шәкірт махаббатына бөленген тәжірибелі маман өзінің ұстаздық жолын ой елегінен осылайша өткізді.

Расында ұстаздық қызметті атқару үлкен жауапкершілікті, үздіксіз ізденіс пен қажырлы еңбекті талап етеді. Шәкірт жүрегіне жол табу да оңай жұмыс емес. Кейіпкеріміз  ұстаздық етіп келетін  әр күніне қуанып, марқаятынын да жасырмады.  Оның  білім саласына қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Бұған  әр жылдары алған марапаттары дәлел. Атап айтсақ,  2007 жылы Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері медалімен марапатталса, 2015 жылы жылдың үздік ұстазы атанады. Сонымен қатар Білім министрінің Құрмет грамоталары мен облыстық, аудандық білім басқармаларының марапаттарынан да кенде қалған жоқ.

«Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, Гүлжан апайдың тәлім-тәрбиесі мен білімін бойларына сіңіріп өскен шәкірттер жетерлік. Олардың алды бүгінде    Қазақстанның түкпір-түкпірінде білімді де білікті маман иесі атанып, ұстаз абыройын асқақтатып, мерейін үстем етуде. Ұстазға ең маңыздысы, баға жетпес байлығы – шыңға шыққан шәкірттерінің көптігі. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар.

Гүлжан Ақымжанқызы ұлағатты ұстаз ғана емес, әріптестері арасында мол тәжірибесімен  бөлісе білген тағылымды жан. Өз ісінің білгірі ретінде өзгеден көмегін еш аяған емес. Кейінгі  жас мамандарға жақсы жетекші болып келеді.

Әріптес лебізі

Гүлмира Қожағалиева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары: –Гүлжан апаймен әріптес болып келе жатқанымызға біршама  жылдың жүзі болды. Сондай бір жақсы жан, ұжымда  өзінің бар білгенімен бөлісіп жүреді. Біз секілді жастарға бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп отырады.   Сабырлылығы өз алдына бір бөлек. Әулеттерімен бірге бәрі педагог болғандықтан сауаттылықтары, тәрбиеліліктері  мен тектіліктері бірден білініп тұрады. Әдебиет саласының маманы болғандықтан болар  апаймен әңгіме айтсаң да бір сергіп, серпіліп қаласың.

Бақытын еңбектен таба білген ұстаз отбасылық өмірде де бақытты, адал жар, ардақты ана, аяулы әже. Құдай қосқан жары Сембек аға да білім саласында қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеген. Бүгінде  құрметті демалыстағы зейнеткер.

«Адам  ұрпағымен, ұлағатты ісімен мың жасайды» демекші,  ұстаздар отбасындағы үш бала ата-анасының  жолымен  мұғалімдікті таңдап, ұрпақ  сабақтастығының ізін жалғап келеді. Үйдің үлкені Бақытжан  – әл-Фараби  атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде дәріс оқыса, екінші қыз Баян  – Айнабұлақ бекетіндегі №12 орта мектебінде әлеуметтік педагог және шет тілінен сабақ береді. Ал қарашаңырақтың иесі Бағдат  – Жамбыл атындағы орта мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастаған. Кіші қыздары Бегзат – қаржыгер.

«Жолдасыммен отау құрғанымызға қырық жыл болды. Отағасы екеуміз 4 бала тәрбиелеп, олардан 9 немере сүйіп  отырмыз», – дейді Гүлжан Ақымжанқызы.

Әңгіме желісінде Гүлжан апай  мұғалімдік қызметпен өрілген өмір жолына шексіз риза екенін, ұлағатты ұрпақтарының ұстаздық жолды жалғағанына шүкіршілік ететінін де айтты.

Өмірін ұстаздық жолмен ұштастырған Гүлжан апай жақында  зейнеткерлік демалысқа шықпақшы. Саналы ғұмырын сапалы қызмет етуге арнап, сансыз мамандықтың  ішінде  ұстаздық  жолды таңдаған оның ел алдындағы еңбегі өлшеусіз-ақ.  Кәсіби мереке қарсаңында қадірлі ұстазды төл мерекесімен құттықтап, отбасына амандық,  деніне саулық тілейміз. Мерекеңіз құтты болсын, аяулы ұстаз!

Арайлым НҰРЖАПАР


ПІКІР ЖАЗУ