Шәкірт жанына нұр құйған

0
390

Ұстаз – мәртебелі мамандық. Себебі дана да, ғалым да, әнші  де әуелі  ұстаздың алдынан өтеді.  Осындай құрметке лайық ұстаздардың бірі Арай  МҰСИПАҚЫЗЫ.

Он жеті жылдан астам уақыт шәкірттерін білім нәрімен сусындатып келе-тін Еркін ауылындағы Е.Берліқожаұлы атындағы № 11 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Арай Әшімханова бала шағынан мұғалім болсам деп армандады. Бесінші сыныптан бастап қазақ әдебиеті пәнінің мұғаліміне еліктеп, жүріс тұрысын, сөйлеу мәнерін қайталап жүретіні де әлі есінде. Осы пәннен түрлі жарыстарға қатыса жүріп, мектепті бітірген жылы  І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне мұғалім мамандығына түседі.

Студенттік шағында танысып, артынша жұптасқан  өмірлік жары да ұстаздық жолды таңдап, екеуі бір мектепте жұмыс жасады. Он бес жыл  ханшайымдай еш қиындық көрмей өмір сүрген Арай ханым 2018 жылы қорғаны болған,  кез келген қиындықта жанынан табылатын Құдай қосқан қосағынан   айырылады. Жалғыздық жанына батса да балалары үшін есін  жинап, ары қарай өмір сүруге бел буған. «Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі сондай болмақ» деген  нақыл сөзді  өмірлік жолына  ұстаным еткен педагог  жас ұрпақты білім көкжиегіне жетелеуде аянбай тер төгіп  келеді. Мектеп қабырғасындағы әр күнін текке өткізбей,  өзін жан-жақты дамытуда түрлі курстарға, жарыстарға қатысады. Атап айтсақ,  былтыр қалалық  «Жыл мұғалімі – 2021» байқауында шығармашылық белсенділік танытып екінші орынды иеленді.   Талмай ізденуінің арқасында   бірінші санатты педагог сарапшы дәрежесін алды.

Ізденімпаз ұстаздың сөзінше  мұғалімнің  ең басты жетістігі өзінің емес, шәкіртінің білім деңгейімен өлшенеді. Сол үшін ол әр оқушысымен жеке-жеке жұмыс жасай отырып, кімнің қай салада таланты болса, соны барынша ашуға тырысатынын айтады.  Шәкірттерінің  ішінде  Әсел Айдарқызының өзі  секілді  әдебиетті жаны сүйіп оқитынын әуелден байқап, оқушысын  мүшәйраларға, пән олимпиадаларына қатыстыруды мықтап қолға алған.  Қазақ тілі мен әдебиетінен түрлі жарыстарға қатысып әр кездері жүлделі орындарды иеленіп келген Әсел былтырғы оқу жылында мектепті үздік аяқтап, Сүлеймен Демирел атындағы университеттің  қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша  грант иегері атаныпты.

Е. Берліқожаұлы атындағы мектепте  Әсел сияқты әдебиетке қызығып пәндік олимпиада, жарыстарға дайындалып жүр-ген  оқушылар  көп  екен.  Солардың бірі  алтыншы сыныпта оқитын Аламан Өрісұлы  өткен  оқу жылында қалалық «Мағжан оқуларына» қатысып,  Алғыс хатпен марапатталыпты.

Шәкірт  жанына нұр құя білген Арай  Мұсипақызы секілді ұстаздар барда  білімді оқушылар қатары да арта түспек.  Мамандығы мақтанышына айналған мерейлі мұғалімді төл мерекесімен құттықтап, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегіңіз әрдайым елеулі бола берсін дейміз. Мейрамыңызбен, құрметті ұстаз!

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ