«Тегіне тартқан текті» қыз еді…

0
655

«Жәй кезде анау дейміз, мынау дейміз,

Жалынып жан қысылса Құдай дейміз.

Өмірге әкелетін, әкететін,

Тағдырдың жазғанына қалай дейміз» деп ақын Кенен Әзірбаев  жырлағандай  өлшеулі, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда біреудің ерте, біреудің кеш, татар дәм-тұзы таусылып бақилық болуы шариғи заңдылық қой.

Алланың әмірінен кім асыпты. «Топырақтан жаралғанбыз, топыраққа айналамыз» деп өзімізді-өзіміз жұбатамыз, өмірдің түбі өкініш екенін білеміз де, қолдан келер қайранның жоқтығына мойынсұнамыз. Дүниедегі ең ауыр нәрсе  –  жалған өмірдің қызығын да көрмей, жалындап тұрған шағында ажал құшқандарды көргенде жүрегің сыздап, қабырғаң қайысады. Өн бойыңда аяушылық сезімің оянғанмен шыр етіп жарық дүние есігін ашқанда тағдырдың маңдайға  жазған жазуы сол ғой деп Алланың әміріне жүгінгеннен басқа шараң да болмайды.

Біз бір сыныпта отызға жуық бала оқыдық. 1967 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1977 жылы орта мектепті аяқтадық. Ұйымшыл едік. Әлі күнге дейін мектеп бітіргенімізге қырық бес жыл болса да сол ауызбіршілігіміз бұзылған жоқ. Осы сыныптастар арасында бала-шағаларының бейнетін де, рахатын да, азамат болып ер жеткенін де көре алмай  Бағила Байботаева, Бақыт Баймұқанов өмірден тым ерте жалындай алаулап тұрған шақтарында кетті. Әсия Қашағанова, Құрманғали Балтабаев, Еркін Нұрахунов елуді еңсермей бақилық болды. Ләззат Айтмұхаева өткен жылы дүние салды.

Сыныптағы 30 баланың әр қайсысының өзіндік орны бар еді. Соның ішінде Бейбіттің қазасын есту бәрімізге ауыр тиді. Төбемізден жай түскендей есеңгіреп қалдық. Суық хабарды Әділет пен Раушан бірінші естіп, әлеуметтік желіде ортақ топта хабарлады. Қазақ қойдай қоңыр, момын, сабырлы, салмақты деп адамға баға беріп жатады ғой. Осы бағаны менде Бейбітке қаратып айтар едім. Он жыл бір партада отырып, Бейбіттің азаматтарға тең құрбыларына кейігенін өз басым бірде-бір рет көрмеппін. Тіпті, қарқылдап күлгенін де көрген емеспін. Қашан көрсең биязы қалпын жоғалтпайтын.  Жымиып қойып әзілді де әдемі айтатын. Қорғасындай салмақтылығын көріп, тегінде бар тектілігіне қайран қалатынмын. Әкесі Нұртай аға 94 жасқа келіп, төсек тартып жатып қалғанша саптағы сарбаздай тік жүрді. Қанды қырғын, сұрапыл соғыс, аштықты көріп, шыңдалған болат семсердей жүзі суық болғанмен жүрегі жұмсақ, көргенін, көкірегіне түйгенін айтып мектепте де, ауыл советте де қызмет жасап елге бүйрегі бұрып тұратын. Бейбіттің бойындағы қажыр-қайрат әкесінен алған тәлімі болса, биязылығы анасы Айтжан тәтеден дарыған. Бейбіттің бауырмалдығы өз алдына бір бөлек әңгіме. Оның бойындағы дертке мойымай күресе білуі ерлікпен пара-пар. Инсульт алып ауыр ота жасалып, өлім аузында жатқанда сіңлісі Дана жиырма күндей ауруханада қасында болыпты. Кебін мен кебенектің қайсысын киеді деп үміт пен үрей арпалысып жатқанда татар дәм-тұзы таусылмай жарық дүниеге қайта оралған  Бейбіт қызы Іңкәрға: «Мен сен үшін ана  дүниеден  қайтып  келдім» депті. Алла Тағала Құдай қосқан қосағы Қайрат екеуіне екі қыз берген ғой. Кіші қызын қияға қондырып, немере сүйді. Көзін ашып көргені, аузын ашып өпкені, тұла бойы тұңғышы Іңкәрға көп алаңдапты. Қыз баланың жат-жұрттық екенін жиі ескеріп, теңін тапса құтты орнына қондырғысы келген. Денсаулығының ауырлығына қарамай немерелерін жанына алдырып, солардың асты-үстіне түсіп бәйек болып жүргенін көрген Дана: «Бейбіт сен өзіңді күтпейсің бе? Саған еңкеюге болмайды, инсульт алғансың, аяқ-қолың ауырады. Әке-шешесі бар, өздері қарамай ма?» десе «Дана немере деген балдан тәтті болады, басыңа түскенде көресің» депті. Өзі жарымжан ауырып жүрсе де бала-шағаның қамын күйттеп, ағайын-туыстың ауызбірлігін бекемдеп жүруші еді деген Дананың сөзі сай сүйегіңді сырқыратады. Ажал айтып келмейді ғой. Өзекті өртер өкініші де сол.

Ойда, қырда жүрген сыныптастар әлеуметтік желідегі чатта сырласып, бір-біріміздің амандығымызды біліп, қуанышымызға ортақтасып жатамыз. Биыл мектеп бітіргенімізге қырық бес жыл толуына орай қыз-жігіттер елу жылдыққа дейін кім бар, кім жоқ, қырық бес жылды да бір атап өтейік деп бастама көтергендердің бірі осы Бейбіт еді. Оған мен бара алмадым. 20-30, 40 жылдық кездесуден қалмадым. Осы кездесуге барам деп ұмтылған-ақ едім дәм татпады. Облыс екіге бөлінді. Біресе Қапшағай, біресе Талдықорғанға шапқыладық. Басқосудағы бейнетаспаны көрсем Бейбіт: «Айтақын келмеді, Бауыржанды қолтықтап жүр» деп назын айтыпты. Сол баяғы жымиған әдемі күлкімен түйреп тұр. Өмірден өтерден бір күн бұрын уатсап желісінде Байдәулет сыныптасымыз: «Қыздар қалдарың қалай? Аман сау жүріңдер. 70-ке келіп, әйеліміздің, бала-шағаның алдында кетсек арман жоқ қой» деген. Бұлқан-талқан болған Бейбіт: «Байдан, сен  Алладан  көп  сұра.  Түйе сұрасаң  бие  береді. Неге 80-90 сұрамайсың?» деп ренжіпті.

Амал қанша сол өзі айтқан 80-90 жас Бейбітке бұйырмады. Қаралы хабарды жұмыста отырып естідім. Төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Жалма-жан ауылдағы қарындасыма қоңырау шалып, «Бейбіттен айырылып қалдық, естідің бе?» дедім. «Жоқ, жаңа ғана Данамен сөйлесіп, бауырымыздың жылдық асын 3-ші қыркүйекке бегіледік деп шақырту жібердім ғой» деді. «Сен анықтап білші жаназасын қашан шығарады ауылға қашан алып келеді деп  сандырақтаппын. Қарындасым  «Айтақын сен абыржымай есіңді жи,  ауылға әкелмейді, не Алматыға, не күйеуінің ауылына алып баратын шығар» дегенде есімді жидым. Жүрегім шаншып, отырған орнымда тастай қатып қалыппын.

Бір кем дүние-ай, қайран Бейбіт-ай, сенде  көштің-ау, мынау жалған дүниеден деп астан-кестен болған ойыммен арпалысып кеттім. Балам Жандарбек көлігін сайлап, жолға дайындығын жасады. Мен түнімен көз ілмедім. Тілімнің ұшына Бейбітті жоқтау мұңлық-зарлық өлең ойыма орала берді…

Жаның жәннатта болсын, туысым!

Ол барда төрт құбылам түгел еді

Дана ҚАШАҒАНОВА, туған сіңілісі: – Әпке – өмірдегі ата-анадан  кейінгі ең жақын жанашырың, қамқорың. Әркез қолдап жүретін, қашанда маған деген мейірімі бөлек өзгеше жан еді.

Төрт құбылам түгел, бақытты едім. Қапыда Бейбіт әпкемнен айырылып қалдым. Әттең, Алланың өз әмірінің болатынын ойламаппын.

Әпкем Бейбіт әке-шешеміздің ізін жалғап, ұстаздық қызмет жасады. 30 жыл балабақшада қазақ тілінен сабақ берді. Қаншама балалардың сүйікті ұстазы болды. Ол үнемі ақылдылығымен, жауаптылығымен көптің көңілінен шығатын. Ешқашан ерінбейтін, бастаған ісін тиянақты аяқтайтын. Біздің бәріміздің балаларымызды сүйрелеп мектептен-мектепке, жоғары оқу орын университетке дейін таситын. Балаларға бір нәрсе керек болса, Бейбітке артып қоюшы едік. Оның  мейірімі мен қамқорлығы бар балаға жетті. Өзі балаға жақын, көңілі жұмсақ еді, тілін тез тауып, айтқанына оңай көндіретін. Бейбіт сөйлесші анау сөйтіпті, сен айтшы деп оған итере салушы едік. Бәрін реттеп балалардың да, біздің де көңілімізді жайғап қоюшы еді. Ол өзінің қызы тұрмысқа шығып кеткенде Қуаныштың кіші қызын қолына алып оқытты. Сол қызы да биыл үмітін ақтап алтын белгіге мектепті бітіріп, грантпен оқуға түсті.

Үлкеннің де, кішінің де көңіліне қараған алтыным-ай! Бейбіт көрсетіп кеткен  үлгі-өнегеңді сағынышпен, қимастық көңілмен еске аламын. Ойлап отырсам, басымызды өрге сүйреген, Данка, Данка деп еркелеткен өзің едің, әпкетайым! Қадіріңе жете алмадым ба?! Әрқашан сағынып өтем… Жаның жәннатта болсын!

 Өмірге деген құштарлығы зор еді

Әділет РАМАЗАНОВА, құрбысы, сыныптасы:  – Бала күннен бірге өскен Бейбіт құрбымнан айырылып қалғалы әлі есімді жия алар емеспін. Екеуміз бір көшеде тұрдық. Аналарымыз бастауыш сынып мұғалімі болды. Жұптары жазылмайтын достарға айналдық. Сабақта да бірге отырып алатынбыз. Мұғалімдер кейде өз орындарыңа отырыңдар десе, кейде үндемейтін. Мектеп бітірген соң бір жыл инкубаторда бірге жұмыс істедік. Кейіннен Қыздар педагогикалық институтына оқуға түстік. Бейбіт тарих, ал мен жаратылыстану факультетінде оқыдық. Сөйтіп балалықта басталған достығымыз үлкен өмірде де жалғасын тапты. Осының бәрін өткен шақта айтып тұрғаныма сене алар емеспін.

Бір қарағанда ел қатарлы өмір сүріп жүргендей көрінгенмен ол көп жылдар бойы полиатритпен ауырды. Ауруға мойымады. Жұмысын  жасап, елмен араласып шақырған жерден қалмайтын. Аурушаң екенін айтып жан баласына шағымданбайтын. Өзін күтіп, көңілді жүруге тырысатын. Оның осы қайсарлығына таң қалатынмын. Өмірге деген құштарлығы керемет еді. Жан жары, екі қызы үшін шамасы келгенше әдемі өмір сүре білді.

Бір күні Бейбіттен ұялы телефоныма хабарлама келді. «Ертең кездесейік» деп жазған екен. Бірақ ертеңінде: «Бүгін кездесе алмаймын. Ауырып тұрмын. Ренжімеші жаным, ертең хабарласам!» деген дыбыстық хабарлама келді. Ертесі бақилыққа аттанып кетті. Сол телефонда қалған дауысын қайта-қайта тыңдап, ағыл тегіл жылаймын. Қимаймын. Шынымды айтсам, Бейбіт құрбым қайтыс болғалы мен үшін көп нәрсенің өмірде мәні болмай қалды.

Қош бол, аяулы жар, ардақты ана, сүйікті әже. Бақұл бол, ақкөңіл,адал жан! Құрбым, топырағың торқа, жатқан жерің жайлы, жаның жәннатта болсын!

Өмір – өзен ағады да өтеді

Раушан УАШҚЫЗЫ,  құрбысы,  сыныптасы:  – Тоқтауы жоқ уақыт-ай, зымырап бір айдың да жүзі болды. Аяулы құрбым Бибкамның (Бейбіт Нұртайқызы) қаралы хабарын естігенде көзімнен аққан жасымды тыя алмай аңырайып қалдым ғой. Бір күн бұрын хабарласқанда кездесіп, бір жерде шай ішеміз деп келісіп едік. Жаратушы иеміздің берген ризық несібесі таусылса өлімді ешбір күш ұстап тұра алмайтынына көзім анық жетті. Аңқылдаған жаным-ау, ғұмырың неге келте болды екен. Армандарың көп еді ғой. Биыл мектеп бітіргеніміздің 45 жылдық кездесуінде ұзағынан әдемі тілектерін арнап бәрімізді бір серпілтіп тастаған болатын. Балаларды жеткіздік, енді немерелер бар оларға да көмектесу керек, бірақ өзімізге де көңіл бөліп шақырған жерден қалмай басымыз жиі қосылып тұрсын. Келесі жылы жігіттеріміз Пайғамбар жасына келеді. Ауылдағы мешітте сауапты іс жасаймыз, бәріміз сол күнге аман-есен жетейік деп еді. Құрбым-ау сол күнге төрт көзіміз түгел жиналғанда ғой…

Жасы жер ортасынан ауғанда аңырап анаң мен бауырларың қалды. Ауруханаға өзім апарып сүйегін алып келдім деп өзегі өртеніп Қайратың, мамалап Іңкәрің мен Салтанатың отыр, оларға қараудың өзі қандай қасірет десеңші… Аллаға да жақсы адамдар керек дейді. Айналаңа туыс-бауырларыңа ақылыңды айтып, шуағыңды шашып жүретін едің, енді өзіңнің нұрың пейіштің төрінде шалқысын, иманың жолдас болсын.

Артында қалған отбасыңа, барлық туыстарына Алла сабыр берсін.

Мәңгілікке кеткенің бе

Сен шынымен дос

Қалдау күзің, көктеміңде

Кең дүнием бос, беу өмір осыма-ау,

Қайран досым-ау Қош енді Қош.

 Аяулы жан еді

Диқанбай ТОРҒАЙҰЛЫ сыныптасы: – Оның жарық дүниемен мезгілсіз қоштасуы бұрынғы халық жоқтауларында айтылғандай «Қапыда кеткен дүние-ай» дегізді артында қалған ұрпағына жоқтатып. Анасын аңыратып, бауырларын мұңға бөлеп бел қайыстырған ауыр қаза болды.

Сыныптасымыз біздер үшінде қимас құрдас, ортамызда сыйлы, көңілімізде бір аяулы жан еді…

Сыныптасымыз Бейбіт Нұртайқызы тылсым дүниенің мәңгілік мекеніне кеткеніне әлі де сене алмай келеміз.

Ұстаздық қызмет пен отбасылық тірлігін жасап, ағайынның да үйдің де ұйытқысы бола білген отанасы еді. Енді өткен күндердің естелігімен еске аламыз!

  Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ