Алаяқ риэлторлар көбейді

0
395

Биыл пәтер жалдау бағасы шарықтап  шыға келді. Шарықтағаны соншама көп адам қалтасынан қағылып-ақ жатыр.  Әсіресе, Алматы, Астана секілді мегаполистарда бір бөлмелі пәтер құны 150 мың теңгеден бастап, 750 мың теңгеге дейін өсті, тіпті құны 1 миллионға жеткен пәтерлер де бар. Мұның  салдарын   студенттер тартып жүр. Ондай ақшаға пәтер жалдап тұруға шамалары жоқтар  қайда  барарын білмей сенделіп қалды. 

Мұнымен қоса баспананы жалға беретін адамдардың қайсысы пәтердің шын иесі, қайсысы делдал екенін түсініп болмайсың. Үй сатып немесе пәтер жалға алмас бұрын құжаттарын тиянақты тексерген жөн. Әйтпесе алаяқтар өз тұзағына түсіреді. «Олх», «Крыша» сынды баспана нарығына байланысты қосымшаларды ашып қалсаңыз, өте арзан бағада әрі бар жағдайы жасалған, тиянақты пәтерлерді көріп таң қалатыныңыз анық. Сөйтіп өзіңізге ұнағанын таңдап хабарлассаңыз, тұтқаның ар жағындағы адам  уатсап желісіне жазуыңызды өтінеді. Кейін барып оның риэлтор екенін, ол пәтердің өтіп кеткендігін, басқа пәтерлерді қарау үшін белгілі бір қаражат жіберсеңіз, телеграм қосымшасына  жабық топқа қосып қоятынын айтады.

Жалпы делдалық деген қазақта бұрыннан бар ұғым. Базар орталықтары, сауда орындарында болсын сауда-саттық осы делдалдардың көмегімен жүзеге асып жататын-ды. Ал  бүгінде заманына қарай осы адамдар түрлі ұйым, компаниялармен бірігіп, пәтерлерді  сатып, жалға беріп, риэлтор  атанып жүр. Тіпті  бұл  көп адамның күнкөріс кәсібіне айналып та кеткен. Дегенмен өзінің қара басын ойлағандар  жерлестеріне, отандастарына жаны ашымаса, басқасы не істемейді. Осындай қиын-қыстау заманда бір-бірімізге көмек көрсе-тіп, демеудің орнына аяқтан шалғанымыз қалай?

Өткен жылы цемент, кірпіш, газды  бетон сияқты құрылысқа ең қажетті материалдардың бағасы қымбаттағаны сол еді, елдегі жаңа тұрғын үй құны да шарықтап шыға келген-ді. Яғни, құрылыс материалдары баспана бағасына тікелей әсер етті. Айта берсек, жылжымайтын мүлікке қатысты мәселе бастан асады. Ішің ашитыны, баспана іздеп жүргендер неге қалтасынан қағыла беру керек? Алаяқ риэлторлар қашанғы  тайраңдап жүрмек? Бұл  туралы әркім түрлі ой айтқанымен, нақты  іске асатын шара жоқ. Неге?

А. НҰРЖАПАР.


ПІКІР ЖАЗУ