Жасыл құрлықтағы жеңіс

0
335

Талдықорғандық Евгений Федоров Воллонгонгтағы (Австралия) тас жолында велоспорттан U23 әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.

23 жасқа дейінгі велоспортшылар арасындағы жарыста Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Astana Qazaqstan Team велоклубының өкілі Евгений Федоров алдына жан салмады. 169.8  шақырымға созылған қашықтықты отандасымыз 3 сағат 57 минутта жүріп өтіп, әлем чемпионы атанды. Мәреге екінші боп чехиялық Матиас Вачек келіп, күміс жүлдеге қол жеткізсе, норвегиялық Сорен Вереншельд қоланы қанағат тұтты.

– Бұл жеңіс үшін қатты тырыстым. Мұндай өрге шығатын жолдар менікі емес деп ойлайтынмын. Бірақ егер осы кедергіден өтсем, мәреде жеңіске жету мүмкіндігі болады деген үміт болды. Кішкене тырыссам, соңғы өр жолдың қалғанын іштей сездім. Мен өте бақыттымын. Командам үшін де, өзім үшін де қуаныштымын», – дейді велошабандоз.

Айта кетейік, Қазақстан бұл турнирде 10 жыл бұрын жеңіске жеткен. Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы Алексей Луценко 2012 жылы дәл осы санатта жаһандық доданың бас жүлдесін олжалап, чемпион атанды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ