Театр өнерінің саңлағы

0
654

Сөз зергері  Ғабит  Мүсірепов  «Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер»,  деп жанның тыныштық табар ордасына жоғары баға берген. Расында,  театр – әдеби шығарманы өзіне ғана тән  бояумен жаңа күйге енгізіп көрерменге ерекше көңіл күй сыйлайды. Бұл өнер көрінгеннің ермегі емес, таза еңбек. Киелі сахнада түрлі образдарда  өнер көрсететін актерлердің қызметі  оңай  емес.  Десе  де өмірдің боямасыз келбетін әдеби шығармаларға жан бітіре отырып жеткізу үшін бар ғұмырын арнаған жандар жетерлік. Қоғамда аңызға айналған Бикен Римова, Әмина Өмірзақова, Хадиша Бөкеева сынды саңлақтардың өмір мен өнер жолындағы игі істері тарихта мәңгіге қалды. Осы апаларымыздың сара жолын жалғап, қазақ сахнасына өзіндік үлесін қосып жүрген тұлғалардың бірі Бикен Римова атындағы Талдықорған қалалық қазақ драма театрының әртісі, Қазақстан республикасының  еңбек сіңірген қайраткері Ғалия Әмiрхамзақызы.

Биыл сахнаға келгеніне  45  жыл  толған театр әртісі кішкентайынан өнерге жақын болған. Өзінің айтуынша бастауыш сыныптардан-ақ шығармашылық жарыстарға белсене қатысып, бос уақытында  ауладағы  үлкен-кішіні жинап алып түрлі қойылымдар қойғанды ұнатқан. Мектепті бітірген соң  Алматыдағы  М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры жанындағы студияға оқуға  түседі.

Алғаш  үлкен сахнаға 19 жасында келгенін есіне алған Ғалия ханым өткен күнге сағынышпен қарайтынын жасырмады. Театрға алғаш келген кезінде режиссер Мұхтар Қамбаров «Ақын Сара» қойылымында басты рөл Сараны ойнайсың, даусың бар ән айта аласың деп, ақын қыздың бейнесін сомдауға бекітіпті. Бірақ кейіпкеріміз қанша тырысса да домбыра тартып үйрене алмағанын айтады. Сондықтан бұл рөлден бас тартуына тура келген.

«Өнер жолы оңай емес. Алдымнан түрлі сынақтар кездесті. Оларға беріліп, жаным қалаған істі орта жолдан тастап кетсем бүгінгі күнге жетпес едім»,  деген Ғалия Темербаева қиындықтарға тайсалмай қарсы тұра білген. Аса еңбекқор жан актерліктен бөлек театр көрермендерінің санын арттыруға, сахна өнерінің халық арасында кең тарап, терең насихатталуына елеулі үлес қосқан. Қоғамдық  жұмыстарға белсене кірісе  кететін Ғалия  ханым І.Жансүгіров атындағы университет жанындағы «Жас түлек» студент жастар драма театрының көркемдік жетекшісі болып, жастарды сахна өнеріне баурап келеді.

Осы күнге дейін өзіне берілген әр кейіпкерді барынша ашуға тырысып, оны бүкіл жан дүниесімен сомдайтын актриса театр жолындағы жастардан да соны талап етемін дейді. «Өнер жолын таңдаған адамның бірінші кезекте жауапкершілігі жоғары болуы керек. Жұмысқа уақытымен келіп, сценарийді толықтай жаттауға міндетті. Содан кейін актерлік шеберлігі тұрады. Кейіпкердің жағдайына кіріп, оның басынан өткергендерін сезіне алуы керек. Сонда  көрерменге шынайы образды бере алады. Біз спектакльдерге  ұзақ дайындаламыз. Әр актер өз рөлін толыққанды алып шыға алатынына сенімді болғанша жанымызды саламыз»,  –  дейді.

Расында сахна қателіктерді кешірмейді. Кино түсірілімдерінде қате кеткен жерін қайта түсіруге мүмкіндік болса, театрда барлығын бірден дұрыс жасау керектігін сахна шебері Ғалия апай айтуда. Шығармашылық жолда жүрген аға-әпкелеріміздің «актерлік жолды театрдан бастасаң шығар шыңын биік болады» деген сөзінің жөні бар екеніне тағы бір көзіміз жетті.

Мақалаға арқау болып отырған Ғалия Темербаеваның  басшылығындағы Бикен Римова атындағы драма театры биыл 47-ші маусымының шымылдығын ашты. Маусымашарда жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай «Қорғансыздың  күні» моно спектакль көрермен назарына ұсынылып, үлкен қошеметке ие болды. Театр ұжымы жаңа маусымда көрерменге береріміз көп дейді.

Солардың ішінде баса назар аударатын қойылым  Бикен апамыздың 100 жылдық мерейтойына орай, Алматыдан арнайы келген  режиссер  Мұрат Ахмановтың дайындауымен сахналанатын «Қос мұңлық» пьесасы. Қойылымның тұсаукесері 4-қарашаға жоспарланған. Себебі 47 жыл бұрын дәл осы күні Бикен Римова атындағы драма театры өз жұмысын  бастаған екен.  Бұдан бөлек Дулат Исабековтың «Бонапарттың үйленуі» атты комедиясы және кішкентай көрермендерге арналған  «Ер Төстік» ертегісіне де қызу дайындық жүріп жатыр.

Сонымен қатар театрдың атқарушы директоры Ғалия Әмірхамзақызы «Зелердің  «Әке» спектакльін Қырғызстаннан арнайы режиссер шақыртып дайындап жатырмыз. Әзірше тек бір көрсетілімі болады. Бірақ алдағы уақытта өз қоржынымызға қосамыз»,  дейді. Театр әртістері екі жылдан бері Алматы облысы  әкімінің қолдауымен «Жетісу театр керуені» атты жоба бойынша республика аймақтарына, көршілес мемлекеттерге  гастрольдік сапарға шығуды дәстүрге айналдырған.

«Биыл сапарымызды Өзбекстанда  өтетін фестивальден бастағалы отырмыз. Қойылымның видео нұсқасын жіберіп те қойдық. Көп ұзамай нақты уақытын айтады. Соны күтіп отырмыз» деген театрдың көркемдік ұйымы  жарысқа сақадай-сай отырғандарын айтты. Бұл ауқымды шараға қазіргі кездегі өзекті мәселелердің бірі, әлі күнге дейін қоғамды алаңдатып тұрған зорлық-зомбылық мәселесін қаузайтын «Қорғансыздың күні» пьесасын дайындаған. «Сахна саласының жаңа буынын даярлауда осындай тәжірибе алмасулар өте қажет дүние.  Жас актерлерден жан-жақты маман дайындау үлкен буынға артылған міндет болғандықтан біз бар күшімізді салудамыз», –  дейді қырық  жылдық тәжірибесі бар Ғалия ханым.

Сахна мәдениетінін қыр-сыры жайлы ойын бізбен бөліскен актриса Ғалия Әмірхамзақызының ойнаған рольдері әр көрерменді тебірентпей қоймаған. Театр өнерін пір тұтқан өнер иесі  шеберлігімді  шыңдауды тоқтатпаймын дейді. Өмірлік жолын өнерден тапқан актрисаға толағай табыстар тілейміз!

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ