Күзгі науқан аяқталуға таяу

0
557

«Белжайлау мен  Арқас» тауының баурайында орналасқан жазиралы өлкенің шаруалары суармалы алқаптармен күнкөрісін  айырып  отыр. «Жеріне шыбық қадаса, жеті күнде жеміс піскен» шекаралы аймақ Жетісу облысының шалғай аудандарының санатына жатады. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан аудан аспан асты елімен иық тірестіріп тұр. Қорғас кеденінен ары өте қалсаңыз, 60 шақырымнан кейін Қытай мемлекетінің Үрімжі аймағына кіресіз. Нарықтық жүйеге көшкен сонау бір аласапыран заманда дағдарысқа ұшырап,  ірі ұжымшарлар таратылып, жеке шаруаға айналғанда «танауын тасқа соққан балықтай» сансырып қалған шаруалар өсірген дала аруын қабылдап алатын зауыттар тоқтап, өндірген өнімдері қырманда шіріген кезеңдер болған. Тіпті, бертін  келе  2010-2014  жылдарға дейін жүгері дақылының құны төмендеп, алажаздай бейнет шеккен диқандардың күзде жинаған  жүгерілері  қырман  басында қарда қалған кезеңдерді ел әлі ұмыта қойған жоқ.

Бірді айтып, бірге кетті демеңіз, сонау 1998-2002 жылға дейін жүгері дақылының егіс алқабы қысқарып, ауданды басқарған әкім Әділшайық Ыбыраймолдаев сол кезеңде шаруаларға жүгерінің орнына қызылша еккізіп, көрші Қытай мемлекетіне өткізіп, аудан  халқын қызылшамен асыраған замандар болған. Тығырықтан шығудың жолын тауып, тіпті аудан еңбеккерлерінің студент балаларынан қамқорлығын аямаған Әділшайық Ыбыраймолдаевты аудан жұртшылығы күні бүгінге дейін аузынан тастамайды. Жүгері мен қоса төрт-түлікті өргізіп,  түрлі дәнді дақылдар мен жеміс-жидек, көкөніс өндіретін шаруалардың  бүгінде «қағанағы қарық, сағанағы сарық». Шаруаның көзін тапқандар мыңғыртып мал айдап, егістік алқаптарын ұлғайтып, ғылыми негіздерге сүйеніп жүгерінің жаңа сорттарын будандастырып мол өнім алса, мал өргізген шаруалар мал тұқымын асылдандырып, шаруашылықтарын ұлғайтуда.

Ауданның негізгі тіршілік көзі ауылшаруашылығына басымдық  берілген.  Дала  аруы,  жүгері өсірумен айналысатын  диқан  қауымы биыл барлық егіс көлемін есептегенде – 44 122 гектарға дәнді-дақылдар өсірген. Оның  27 493 гектары дәнді дақыл, 26 578 гектары жүгері.  Ырыс-несібесін қара жерден алып отырған жаркенттік диқандар бүгінгі күнге дейін 22 000 гектардан,  143 220 тонна өнім жинаған. Мәселен, 398 га егілген бидайдан  – 877,7 тонна астық,  517 га арпадан  – 1 034 тонна,  920  га  картоптан – 16 008 тонна, 595 га көкөністен – 16 322 тонна, 130 га бақша дақылдарынан –  3875,4  тонна  күнбағыс, 26 га  36,4 тонна жүзім, 110 га 873 тонна  жеміс-жидек 2 251 гектар  –  22 402 тонна өнім алған. Бұл тек тоғыз айдың көрсеткіші. Науқан әлі толық аяқталған жоқ, жыл соңында негізгі көрсеткіш айқын болады дейді ауданның ауылшаруашылығының бөлім басшысы Жұмағазы Наймантаев.

Қазір ауданда алты тұқым шаруашылығы бар. Олардың  бесеуі  элиталық  жүгері тұқымымен айналысса, біреуі қант қызылшасы тұқымын өндіреді. Жаркенттік  шаруалар жүгері тұқымымен тек айналысып қана қоймай, оған деген сұранысты да арттырған. Мәселен, Солтүстік облыстар жүгері сортын  осы  жаркенттік тұқым шаруашылықтарынан алуда. Жылына мың тоннадан артық жоғары сортты сапалы жүгері тұқымы ауданның ғана емес, Жетісу және Алматы облысының қажеттілігін өтеуде.  «Ескіні айтпай жаңаның  жаңғыруы  екіталай» демекші, кешегі Кеңестік кезеңде жүгері өндіруден атағы 15 одаққа тараған Жаркент өңірі сол рекордтық көрсеткішті жаңғыртпаса да, жүгері дақылын өсіруде жаңа белестерді бағындыруда.

Жылдан-жылға жүгері өніміне деген сұраныс артуда. Мәселен, биыл оның ылғалдығы 16 пайыз болса, килограмы 120 теңгеден сатылады. Оның  сыртында  мемлекеттен алатын  үстемақы тағы бар. Сондай-ақ Еркін Оразбаев  деген азамат ылғалдылығы 16 пайыз болса, жүгерінің әр килограмын  128  теңгеден сатып алуда. Ал өнім қабылдайтын кәсіпорындар ылғалдылығы 22 пайыз болса, 120  теңгеден алып жатқанын ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жұмағазы Наймантаев баян етті.

Бұдан бөлек, қант қызылшасы тұқымын өсіріп, өндіруші «Қамқорлық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облысымызда ғана емес, республика көлеміндегі элиталық тұқым шаруашылығы болып табылады. Олар 3 гектар жерден 5,5 тонна таза элиталық тұқым дайындайды. Айтулы өңірдің егістік алқаптары тіршілік  көзі  сумен ғана күтіп бапталатындықтан тамшылатып суғару әдісімен жаңа технологияға бейімделуде. Кешегі кеңестік кезеңдегідей суды ысырап жасау мүлде тоқтатылған. Су көздерінің арқауы арық-тоғандарда жылдан-жылға жаңартылып,  диқандар да  суды  кезек-кезегімен алып отыр.

Ең тиімді әдіс тамшылатып және жаңбырлатып суғару жалпы 2128  гектарға қолданылуда. Атап  айтқанда, «Жаркент – Фрукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 1050 гектар  баққа  Көктал округінде орналасқан  «КөкталАгро» ЖШҚ  303 гектар дәндік  жүгеріге тамшылатып, 300  га  жаңбырлатып, Қоңырөлең  округінде  «Мадина» шаруа қожалығы 50 «ОТ Агрохолдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 250 га, жаңадан 750 га жаңбырлатып суғару әдісін пайдалануға  дайындық  жүргізсе, «Нұрқайрат» шаруа  қожалығы 40  га,  «Айсұлтан»  шаруа қожалығы 50 га, «Айгерім» шаруа қожалығы жаңадан 55 га дәндік жүгеріге «Илиманов Қ.» шаруа қожалығы 30 га жаңбырлатып суғару әдісін пайдалануда. Сондай-ақ  «Аманат» партиясының жол картасына енгізілген суармалы жерлерді айналымға енгізу бойынша 6 мың  гектардың  325, 2  гектары енді.

Сумен  қамту каналдарын  жөндеу бойынша Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысы  Қ. Есболатовқа 25 тамыз 2022  жылы №82-05/83 Ихатпен 28 коммуналдық меншіктегі каналдарға жобалау-сметалық құжаттама даярлау үшін  бюджеттен 128, 539  млн. теңге тиісті қаражат бөлуге бюджеттік өтінім жолданған. Су көздерін үнемдей отырып мол өнім алуда жаңа технологияларға басымдық берген аудан әкімдігі бұл жұмыстарды бір жүйеге түсіру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын айтты. Өйткені әлемдік жүйеде суға деген сұраныстың артқанын, судың  да сұрауы барын, оның да қат тауарға айналып бара жатқанын шаруалар жақсы сезінеді.

– Су шаруашылығы бойынша 2022  жылы мемлекеттік суландыру жүйесінен 401 млн. текше метр су беру жоспарланса, 20 қарашаға  дейін ол көрсеткіш  414 млн. текше метрге жетеді. 3123  су  пайдаланушымен  келісімшарт жасалып, 366,5 млн. текше  метр  су,  38  609  га жерге ылғал берілді, – дейді аудан  әкімі Марат Сағымбек  мырза.

Иә, сусыз өмірдің мәні де, сәні де болмайды. Кей  мезгілдерде күннің көзі күрт  ысып  кеткенде тау басындағы қарлар еріп, тасқынға ұласқан жылдарда шіліңгір шілде айларында танаптағы астық пен жердің кенезесі кепкен сәттер де болып тұрады. Себебі су таулы аймақтардағы шыңдардан және бұлақ көздерінен жиылып келіп, тоғандарға құйылады. Сол суларды ысырап етпей шаруаларға жеткізуде арнайы жобалар жасалған. «Сулы  өмір – нулы  өмір» болатыны  айдан  анық. Осы су көздеріне қарап отырған аудан еңбеккерлерінің еселі еңбегінің жемісі түрлі дақылдар өсірумен бағаланады.

Аудан  диқаншылары тек  жүгері өндіріп қана қоймай түрлі жеміс-жидек пен көкөніс өндіруде сүбелі табыстарға жетіп жүр. Жер тырмалап, түрлі дақылдар егуде аудан шаруа-лары аянып қалған жоқ. Өңірдің қайсы ауылына барсаңыз да  жаз мезгілінде жайқалған жеміс-жидектер көздің жауын алады. Сырттан келушілер де жемісі ерте пісетін жаркенттік өнімдерді тонналап тасып жатқанын көресің. «Жаркент-Фрукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 1110 га алқапқа интенсивті бақ  бар. Оның 730 гектары шекілдеуік және 380 гектары сүйекті жеміс ағаш-тары. 1110  га алқап толығымен тамшылатып суғарылады. Серіктестікте жаңа үлгідегі 90 бірлік ауыл шаруашылық техникалары агрегаттарымен алынған.

Тамшылатып суғарумен бірге минералды тыңайтқыштар  беру, зиянкестермен  және арамшөптермен күресудің интеллектуалды жүйелері тиімді пайдаланылуда.

«Ауданда 11 көкөніс, картоп, жеміс-жидек сақтайтын 1 630  тонналық қоймалар бар. Бүгінгі күні  картоп  сақтайтын қоймаға  –  800 тонна өнім, көкөніс сақтайтын қоймаға – 60 тонна өнім, жеміс-жидек сақтайтын қоймаға 390 тонна өнім сақталуда. Өнімді өсіру бар да оны күтіп баптау да бар. Түрлі аурулар  мен  зиянкестерден  де  қорғалу керек. Ол  үшін  химиялық өңдеулер қажет. Саяқ шегірткеге қарсы аудан бойынша 6 048 га жерге химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.  Ұшақ арқылы – 3000 га жер үсті техникасы арқылы  – 3048  га жүзеге асты»,  – деген аудан әкімі Марат  Сағымбек  мал шаруашылығы саласындағы 9 айда атқарылған жұмыстарына тоқталды.

Қазақтың  жаны малмен бірге «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дейтіні сондықтан. Кисең киім, ішсең тамақ болған төрт-түлікті өсіру, күтімін жасау, ол да оңай шаруа емес дейді. Жаз жайлауға, күз күзекке, қыс қыстауға, көктемде көктеуге көшіріліп отыратын тұяқты малдың саны жылдан-жылға артып келеді. Артып қана қоймай, мал басын асылдандыру да жүйелі қолға алынуда. Шаруашылықтарының керегесін кеңейтіп жатқан шаруаларға үкімет тарапынан да түрлі субсидиялар берілуде.

«Ауданда ірі қара санының  барлығы  –  99 136 басты құрайды. Қой  мен ешкі  – 333 375 бас,  жылқы  – 20 952,  түйе  – 372 және 76 113 құс бар. Мал  мен құсты өсірумен қатар одан алынатын өнімнің сапасына да зор мән берілуде. Ол үшін мал азығы сапалы болуы керек. Сондықтан аудан шаруалары шөпті 14 955 гектарға егіп, одан 54 000 тонна жиналса, аудан бойынша  21 300 тонна мал азығы жиналды. Оның  91 000 тонасы жоңышқа, 70 000 тонасы табиғи шөп, 10 000 тонасы пішендеме. Бұдан бөлек түрлі жемдік қоспалар дайындалады.

Жүгері егіп отырғандықтан шаруалар қолындағы малдарының қоңды болуын қадағалайды. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген тәмсіл нарық заманында да жойыла қойған жоқ. Аша тұяқты малдың санының басым екенін жоғарыда айтқан көрсеткіштен көріп отырсыз», –  деген аудан әкімі Марат Сағымбек мал өнімдерінен өндірілген өнімдердің көрсеткішін де айтты.  10 776, 8 тонна  ет,  37 357, 3 тонна сүт,  6264, 7 мың дана жұмыртқа,  834,5  тонна  жүн өндірілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ  мал басын асылдандырып жатқан шаруашылықтардың саны 58-ге жетті. Оның ішінде ірі қара бойынша 39 шаруашылықта 11 215 асыл тұқымды ірі қара және 19 қой шаруашылығында 14 235 бас асыл тұқымды қой өсірілуде. Малдан мол өнім алу үшін  мал бордақылау алаңдары жұмыс істейді. Олардың саны – 8.

Сиымдылығы 1725 басқа арналған. Азық-түлік өнімі дегенде осы ет пен сүт басты тақырып екенін сіз жақсы білесіз. Нарық жүйесінде базарлардағы ет пен сүттің бағасы да көтерілген. Сүт мәселесі бойынша «Коктал-Агро»  ЖШС-де  585  бас  сиыр сауылып, күніне 13 тонна сүт өндіріледі. Серіктестіктегі мал саны 1073 басты құрайды.  Жетісу облысы аграрлық  аймақ  болғандықтан  әрі  елді мекеннің табыс көзі де осы мал және диқаншылық кәсібі. Табын-табын  сиыр,  отар-отар қой, үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе өргізіп отырған шаруашылықтар іріленіп, мал басын асылдандыруға қам-қаракет жасауда. Бұған үкімет тарапы да үлкен қолдау көрсетіп, мал басын асылдандырғандарға субсидия беруде.

Субсидия мәселесі біздің есепте жоқ, тауар өндірушілер өздері Qoldau.kz  жүйе арқылы өтінім өткізеді, мал  шаруашылығы бойынша Plem.kz  электрондық жүйесі арқылы жүргізіледі. 2022 жылы ірі қара  малы бойынша ауданның 153 шаруашылық 375,6 млн. теңге тұқымдық түрлендіру бойынша субсидия алды.

Ауданымызда жылыжай жұмысымен «КазГеоТерм» ЖШС-гі айналысады,  0,8  га қияр дақылын екті. Үкімет тарапы жүгері, қызылша  тұқымын  жаңартушыларға қамқорлығын аяп жатқан жоқ  деген аудан әкімі шаруашылықтың көп ісі жаңа технологияларға тәуелді екенін, заманның ағымына қарай бейімделуде  аудан  еңбеккерлері  бір   жағадан  бас, бір жеңнен  қол шығарып, жұмысты меңгеруде дейді. Үлкен көрсеткіштерге жету үшін технологиялық тәсілді меңгеру қажет, оны сатып алуда қыруар қаражат. Оған бір шаруашылықтардың қолы жетсе, екіншілері ала алмай отыр. Біртіндеп  олар да жаңа техниканы алатын болады. Ол  үшін  жоғары  билікпен бірлесіп, бар мүмкіндікті пайдаланудамыз.

Механизация саласы бойынша тоғыз  айдың  ішінде  жаңадан  41  бірлік  техника  489,7 млн. теңгеге сатып алынды, былтырғы  жылы  осы уақытта 72 бірлік  техника алынған. Жаңа техника алмаған округтер:  Айдарлы,  Бірлік,  Жаскент, Сарыбел, Талды, Үлкенағаш  ауылдары. Бұл  техникалар  көктемгі, жазғы, күзгі дала жұмыстарына ауадай қажет. Мәселен, шөп жинау науқанында 100 бірлік  шөп шабатын техникалар (жаткалар) және 138 бірлік  шөп  престейтін техникалар жұмыс істеді. Жүгері дақылдарына культивация жұмыстарында 56 бірлік техника тартылды. Күзгі дала жұмыстарына жүгері жинау науқанына ауданда дәнді тікелей оратын 24 бірлік комбайн, сондай-ақ, күрделі  жөндеуден  өткен  23 бірлік комбайн жұмылдырылды. Еккен өнімді төкпей-шашпай жинап алу, оны түрлі зиянкестерден қорғау, мезгілінде суару, күтіп-баптау диқан қауымы үшін аса жауапты кезең.

Қазір науқан аяқталуға жақын, күзгі дала жұмыстарына 462,2 тонна дизель отыны бөлінген, 412 тонна толық игерілді. Ал қарамағындағы егістік көлемі аз шаруа қожалықтарының күнделікті қажетті дизель отынын Жаркент қаласы және ауылдық округтердің аумағында орналасқан жанармай құятын бекеттерден (АЗС) кез келген уақытта сатып алуға мүмкіндіктері бар. Ондай бекеттер ауданымыздың  Бірлік,  Көктал, Қоңырөлең, Үлкеншыған, Үшарал, Пенжім ауылдық округтерінде және Жаркент қаласында орналасқан. Биыл диқан қауымы дизель отынынан тапшылық көрген жоқ. «Қамданған қапы қалмайды» деген мақал бар.

Бұл үшін аудан әкімдігі жыл басынан бері ауылшаруашылық және кәсіпкерлік салаларға айрықша көңіл бөлдік деген аудан әкімі М. Сағымбек  табыс көзі ұлғайып, қанатын кеңге жайған шаруашылықтардың аудан бюджетін толтыруға да ел экономикасына сүбелі үлес қосып  жатқынын баса айтты. Жер тырмалап, егіншілікті кәсіп еткен еңбеккерлер үшін жер мәселесі де өзекті деді. Бұл бағытта Панфилов ауданының жер комиссиясының 15 отырысында 634  өтініштер  қаралып,  565  оң, 69 теріс қорытынды қабылданды.  Кезінде  гектарлап-гектарлап алып, не өзі игермей, не өзгеге бұйыртпаған жер телімдерін қайтарып алуда қыруар жұмыстар атқарылуда. Одан бөлек, баспана салу үшін кезекте тұрған қаншама адам бар. Осы жұмыстар сараланып, көлемі 92,073 га 183 жер учаскелеріне жалға беру келісім шарттары жасалып  бюджетке 201 027 теңге қаражат түсірілді.

01.01.2022 – 08.08.2022 жылғы кезеңде жалпы көлемі  9,66153 га 78 жер учаскелеріне 23 520 820 мың теңге бюджетке түсті.Жаркент қаласының солтүстік-батыс бөлігінен жеке тұрғын үй құрылысын салуға 319 жер учаскесі беріліп, кезек саны 484-ке жетті. Жаркент қаласы бойынша жалпы кезек саны 14 306. Аудан бойынша кезек саны 22 687.Жер учаскесінің жалдау құқығын сату жөніндегі аукцион өткізілмеді.

Панфилов ауданының территориясы 1 058 252  га, оның  ішінде  45 610 га суармалы егістік, 1 501 га  көпжылдық екпелер, 2 794 тыңайған  жер, 19 173 га шабындық,  570 653 га  жайылымдар,  423 548  га басқадай жерлерден  құралады.Ауылшаруашылығы айналымындағы жер телімдерінің  жалпы көлемі 348 180 га, оның  ішінде 43 051 га суармалы егістік, 462  га көпжылдық   ек-пелер, 2 225 га тыңайған жер, 6 001 га шабындық,  269 441 га жайылымдар.

Ауданда ауылшаруашылық  өндірісімен айналысатын 5027 жер пайдаланушы тіркелген,  оның ішінде:  4 937  шаруа   қо-жалығы, 49 акционерлік  қоғам және  жауапкершілігі  шектеулі серіктестігі, 9 а/ш кооперативі,  30 басқадай мекемелер, 2 мемлекеттік заңды тұлғалар. Міне, осы цифрлардың өзі жер мәселесінің қаншалықты түйінді екенін көрсетіп тұр. Осы жұмыстарды бір жүйеге түсіру үшін, ауылшаруашылығы  мақсатындағы төмендегідей жұмыстар атқарылды: шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу, ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін уақытша өтеулі жер пайдалануға  (жалға алуға) беру, жер пайда-ланушыларға 467 келісім шарты жасалды.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру бойынша 283,0 га жайылым жер учаскелері  суармалы егістікке, 35,2 га суармалы егістік жер учаскесі көп жылдық екпеге, 7,0 га шабындық жер учаскесі суармалы егістікке ауыстырылып, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданды.

«Шаруа қожалықтарынан жаңа шаруа қожалықтарын құру туралы өтініштер түсіп, жер комиссиясының қорытындысымен  аудан  әкімдігінің  қаулысымен 43 жер пайдаланушыларға жер учаскелері бекітілді.Жер пайдаланушылар өз пайдалануындағы  жер учаскелерден өз еркімен аудан қорына қайтару туралы 28 өтініш беріп, жалпы көлемі 10 964,0  га жер учаскелері аудан қорына қайтарылды.

Панфилов ауданы бойынша пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы 27 жер пайдаланушы жалпы көлемі  11 385,0   га    жер  учаске-лері анықталған. Анықталған жер пайдаланушыларды Жетісу облысының жер ресурстарын басқару департаментіне Қазақстан Республикасының  Жер Кодексінің 92-94, 144-148 баптарына сәйкес, тексеру жұмыстарын жүргізуді және заң бұзушылықтар бойынша тиісті шараларды қабылдауға жолданды. Жетісу облысының жер ресурстарын басқару департаменті жер пайдаланушыларға тексеру үшін хабарламалар таратылды», – деді аудан  әкімі Марат Сағымбек.

Қойнауы құтқа, қамбасы миллион пұт астыққа толған Жетісу өңірінің бір тармағы Панфилов ауданының еңбеккерлері күзгі науқанды аяқтауға таяу. Жүгеріден тау тұрғызып, төрт-түліктен өнім өндіріп отырған аудан шаруаларының қай ауылына барсаңыз да, қаладағыдай коттедж үйлер бой көтеріп, алдындағы төрт-түлігін мотоцикл және джип көлігімен бағып жүрген  шопан қауымын көресің. Сән-салтанаты жарасқан үйлерде тұрып, шетелдік көлік мініп, көңілдері жайланған ауыл тұрғындарының ауызбірлігі бекем.

Дала  жұмысы  десе тайлы-таяғы қалмай жұмылады. Себебі еңбекақы маңдай ердің өтемі тек еңбекте екенін олар жақсы сезінеді. Шашағы бұрымдай болып төгілген жүгеріге «дала аруы» деп айдарлап ат қойып, күтіп-баптап өсірген аруларын күзде құтты орнына қондырған жаркенттіктер енді келер жылдың дала жұмысына жан-жақты дайындалуда. Одан бөлек, енді төрт-түліктерін қыстан қоңды шығару үшін қыстауларға мал азығын жеткізуге қам-қарекет жасауда. Түгін тартсаң, майы шығатын қара жерден ырзығын теріп алған шаруалар енді қыстауларына көшіп, мал төлдету науқанына дайындықтарын қара күзден бастайды. Еңбектерің еселене берсін, диқаншылар мен малшы қауым!

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ