Байқау жеңімпазы атанды

0
335

Балалардың ой өрісін дамыту қай кезеңде де маңызды. Өскелең ұрпақтың еңбекқор,  қазіргі заманға сай, жан-жақты болуы үшін елімізде түрлі үйірмелер, өнер мектептері көптеп ашылды. Солардың бірі өңіріміздегі «Мейірім» шығармашылық орталығы. Бұл орталық балаларды түрлі салада өнерге баулып, өздерін жаңа қырынан көрсетуге мүмкіндік береді. Олар сурет салып, би билеп, ән айтып, қолөнермен айналыса алады.  Осылардың ішіндегі оқушылардың  сөйлеу мәдениетін жақсартып, кез келген ортада өз ойын еркін жеткізуге үйрететіні «Шешендік өнер» үйірмесі. Жәрдемгүл  Кабенқызы жетекшілік ететін үйірмеге алғашқы күннен-ақ қызығушылық танытқан оқушылар көп болып, нәтижесінде олар тапқырлықты, ұтымды сөйлеуді үйренді. Оқушылар арасында өз қатарларының алды болып, ерекше талпыныспен көзге түскен балалар да бар. Соның ішінде Данагүл мен Аляны ұстаздары ерекше атап өтті.  8-сыныпта оқитын оқу озаттары бастауыш сыныптан бастап түрлі жарыста бақ сынап, жүлделі орындарды иеленген. Жақында өткен  Республикалық «Самға Самұрық» балалар байқауында да жоғары дәрежеден көрінді. Өнерпаздар ішінен  жүзден жүйрік шыққан Данагүл Серікболқызы  бас жүлдені  қанжығасына байласа, Аля Теңдік 1 орын иегері атанды.

– Данагүл мен Аля аудитория алдында сөзді мәнерлеп айта білу өнерін жақсы меңгерген. Дауыстарында батпандай салмақ, зіл жатады десем де болады. Себебі әр сөздері нысанаға көзделген жебе секілді сахнаны жарып өтіп, көрерменнің көңілінен орын табады. Интонацияны жөндеу үшін екі қызбен де  көп жаттығып, толассыз еңбек еттік. Дауыс шығаруда қимыл қозғалыстың атқаратын рөлін толыққанды түсіну үшін аз уақыт кеткен жоқ. Бүгінде барлық талапты дұрыс  орындап, үнемі ізденгендерінің арқасында сахнада өздерін еркін ұстай алады. «Самға Самұрық» бай қауында да әділ қазылар алқасы екі қызымыздың өздерін еркін ұстауын ерекше атап өтті. Қыздарыма осындай мақтау айтып жатқанда қуанышымда шек болмады. Шәкірттерімнің арқасында менде сертификат алып қайттым, – дейді  шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі Жәрдемгүл   Кабенқызы.

Болашақта халықтың қалаулы азаматшалары болуды армандайтын қыздарға сәттілік серік болғай!

Айдана СМАҒҰЛ


ПІКІР ЖАЗУ