Ақсуда жаңа спорт кешені ашылды

0
389

Республика күні  қарсаңында  Жетісу  облысы  Ақсу  ауылында  заманауи  спорт кешені ел игілігіне берілді. Аталмыш  нысан  ақсулық  меценат Айдын Сүлейменнің демеушілігімен салынып отыр. Нысанда бір мезгілде 180 бала спортпен шұғылдана алады. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Спорт кешенінің ашылу салтанатына Жетісу облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Алмат Үшкемпіров, аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Отарбайұлы, ауыл тұрғындары қатысты.

Құны 350 млн. теңге болатын құрылыс жұмыстарын «Строй монтаж вектор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Кешенде 4 жаттығу залы бар десек, олар түгелдей қажетті спорттық жабдықтармен қамтылған. Яғни ауыл балаларының баскетбол, волейбол, шағын футбол, бокс, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, қазақша және еркін күреспен айналысуына мүмкіндік жасалған. Нысанда бір мезгілде 180 бала спортпен шұғылдана алады.

– Бұған дейін балалар еркін күрестен ауылдағы Мамания мектебінің спорт залы базасында жаттығып келді. Оларды аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен бөлінген маман жаттықтыратын. Енді күреспен қатар басқа да спорт түрлеріне қызыққан балалар осы кешенінің арнайы залдарында шынығатын болады. Штатқа жаттықтырушылар спорт мектебінен тартылады, – деді Ақсу аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Асхат Сауғанбаев.

Спорттық кешен жастарды саламатты өмір салтына баулып қана қоймай, уақытты тиімді пайдалануға, табандылық пен төзімділігін шыңдауға мүмкіндік бермек. Ақсу ауылының тұрғындарының орталықта болашақ чемпиондар өсіп шығарына сенімдері мол.

Жетісу облысында Ақсудағы спорт кешенінен бөлек 5 спорттық сауықтыру кешені бар. Биыл облыста тағы 8 спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде Алакөл ауданындағы Достық және Лепсі ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Алакөл ауданы Бескөл ауылында, Панфилов ауданы Үлкен Шыған, Пенжім ауылдарында спорт кешендері салынуда.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 

 


ПІКІР ЖАЗУ