Шынайы ақпарат беру де – шеберлік

0
395

Тіл сарайында «Егемен ел ішінде» атты тақырыпта өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесу өтті. Жиынды модератор, халықаралық «Алаш» сыйлығының  иегері,  ақын, ардагер  журналист  Әміре  Әрін жүргізді.

Еркін форматта өткен  жүздесуде  Астана  қаласынан ат  арытып  келген  «Егемен  Қазақстан» газеті  бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, «Казахстанская правда» газетінің бас редакторы Сабит Малдыбаевтар өз ойларымен бөлісті.Өз кезегінде қаламгер  Сәбит Ғалымұлы: «Біз газетте түрлі мәселені қаузаймыз.  Мақаладағы көтерген мәселенің түйіні тарқатылып жатса, біздің ең үлкен жетістігіміз деп білемін.«Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері біреуді даттаудан аулақ. Әр мақаланы  нақты  дәйектермен жазуға,  ақ  пен  қарасын ажыратып жазуға  ден қойылады.  Меніңше,  әрбір журналист шындықты жазуға міндетті. Шынайы ақпарат беру де – шеберлік», – деп ағынан жарылды  әріптесіміз.

Келесі  кезекте  сөз алған  Талғат Батырхан  ағамыз  «Егемен Қазақстан» газетінің егемен елімізбен бірге  жасап  келетінін тілге  тиек  етіп,  халық  үшін әлі де көптеген жұмыс  атқарылатынын айтты.

Жүздесуді жүргізген ардагер журналист Әміре Әрін оқырманды көбейту үшін тек шынайы мақалалар  жазу  керегін,  елді   барлығы  жақсы  деген  құр сөзбен алдаусыратып ұстауға болмайтынын жеткізді. «Барды бар, жоқты жоқ деп жазу керек. Сонда жазылым саны да артады», – деді  ардагер журналист.

Шара соңында Жетісу өңіріне келген қаламгер ағаларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Айдана СМАҒҰЛ

 


ПІКІР ЖАЗУ