Сапасыз баспанаға ашынған халық

0
393

Баяғыда Жиренше шешен аядай күркесінен аяғын шығарып «Өз  үйім – өлең төсегім» деген екен. Сол Жиренше шешен айтпақшы,  баспана зары бүгінгі қоғамда басты мәселе болып тұр.  Он соттық  жер телімін алу үшін  ұзақ  жыл  кезекте  тұрғандар  саны  жылдан-жылға артпаса, кемитін түрі жоқ.

Ал баспана кезегінде ұзақ  жыл тұрып, зарығып жүріп әрең қолы жеткенде алған үйлерінің сапасыз салынғанына кейіп жүргендер қаншама. Оның өзінде ипотекаға алғандар «Тұрған баспанамыздың кем-кетігін жамаймыз ба, жоқ ипотека төлейміз бе?» деп дабыл қағып әкім-қаралар мен құзырлы органдардың есігін тоздырып жүр.

«Іс бітті,  қу кетті» дегендей сапасыз баспана салған құрылыс компаниялары  пайдалануға берілген үйлерді мерзімді уақытқа ақаулары шығатын болса, толықтай келісім шарт бойынша жөндеп беруге міндетті. Алайда қулықтарына құрық бойламаған әлгі компаниялар баспана иелерінің зар-мұңына құлақ түретін түрі жоқ.  Ашынған халық ақпарат құралдары мен құзырлы органдардан бұл істі аяқсыз тастамай жауапты тұлғаларды жауапқа тартуды талап етуде.

Осы мақсатта Жетісу облысының прокуроры Мадияр Басшыбаев, Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаев пен қаланың кіре берісіндегі «Береке» коттеджді қалашығының тұрғындарымен кездесіп, ақауы бар үйлерді  аралады. Заңды қадағалаушы орган басшысы  қалашықтағы сапасыз салынған үйлерді көзімен көріп, тапсырыс берушілерді, мердігерлер мен делдалдарды жазалауға уәде берді.

Бұған дейін қалашықтағы тұрғындардың талап-тілегіне құлақ түрмей келген тапсырыс берушілер мен мердігерлер, делдалдарға енді тықыр таянды. «Өзіңнен зор шықса, екі көзің  сонда шығар» дегендей сапасыз баспана салғандар енді заң аясында жауапқа тартылып, сапасыз салған баспаналарды қайта жабдықтайтын болады. Тексеру барысында салынғанына әлі екі жыл болмаған апатты үйлердің бары анықталған. Сапасына мән  бермей  ат  үсті салынған баспаналардың кілттері тұрғындарға 2019 жылдың соңында беріліпті. Көзбояушылыққа барған Алматы облысының экс-әкімі баспана кілтін тапсыру салтанатына ғарышкер Айдын Айымбетовті шақырып, жаңа баспанаға кірушілерге ғарышкердің қолымен кілттерін тапсырыпты. Алған баспаналарының қызығынан, шыжығы көп балған пәтер иелері мердігер компания мен экс-әкім Амандық Баталовты, үйдің кілтін тапсырған ғарышкер Айдын Айымбетовті де  көзбояушылар деп  қарғап-сілеп отыр. Басқа-басқа ғарышкер сол кездегі облыс әкімі мен мердігер компаниядан және үйді қабылдап алған комиссияның көзжұмбайлыққа барғанын қайдан білсін. Шаршы метрді  шарықтау шегіне 2020 жылы жеткізген әкімдік сол кезде дабыл қаққан пәтер иелерінің реніштеріне құлақ аса қоймаған. Шамасы ұлардай шулап қояды, мерзімі өтіп кеткен соң жауапкершіліктен мердігер компания да, құрылысты қабылдап алған комиссия да  құтылады десе керек. «Әділетті Қазақстан» құрып жатқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бармақ  басты, көз қыстылармен және сыбайлас жемқорлықпен білек түріп күресіп жатқанын ұмытып кетсе керек. Енді міне, араға екі жыл салып, құрылысты жүргізген мердігер компаниялар мен тапсырыс берушілердің және қабылдап алған жауапты комиссияның үстінен өткен жылдың соңы желтоқсан айының соңында қылмыстық іс қозғалғанын айтуда.

Жетісу облысының бас прокуроры Мадияр Басшыбаев  «Береке» коттедж қалашығындағы пәтер иелерімен кездесуінде «Біз тапсырыс берушілерді, мердігерлерді және делдалдарды жазалауға уәде береміз» деп сендірген. Бұл қалашықтағы сапасыз салынған пәтер дауына кімдер араласпады дейсіз. Азаматтық белсенділер облыс прокурорымен кездесуінде «Бұрын осы сапасыз салынған жаңа ғимараттарға кіруге тырысқанымызбен, олар бізді қуып жібере жаздады. Азаматтардың өз бетінше комиссия құрып, салынып жатқан мектептерді, ауруханаларды, тұрғын үйлерді сараптамадан өткізуі заңда қарастырылмаған. Сондықтан бұл мәселеде прокуратура бастамашы болуы керек, – деген өтінішін Ерболат  Айдарбеков айтса, қала тұрғыны Мәдина Қазанғапова құрылысшылар мен тапсырыс берушілерді ғана емес. коттедждік қалашық құрылысын салудағы сыбайлас жемқорлық пен шаруашылықты жүргізуді заңдастырған қабылдау комиссияларының мүшелерін, сондай-ақ, құрметті қонақтарды да жауапкершілікке тартуды ұсынған. Жөн-ақ, көзжұмбайлыққа барған қабылдау комиссияларын жазалау орынды, ал, кілтті тапсыруға шақырылған құрметті қонақтарды қалай жауапқа тартасың. Олар құрылыс жұмыстарының басы-қасында болған жоқ. Кілтті тапсыруға арнайы шақырылды, пәтер иелеріне құтты болсын айтып барды. Бар гәп, осы шараны ұйымдастырған экс-әкім Амандық Баталовтың әккілігінде және құрылыс жұмыстарының сапасыздығына жіті мән бермеген қабылдау комиссияларының тоң мойындығында болып тұр.

Тіпті, пәтерлерден ақау шығып, төбесінен су сорғалап, қабырғалары жарылған сәттен бастап әкімдік мердігер компанияның алқымынан алып тұрып, сапасыз жасалған құрылыстарды белгілі мерзім ішінде аяқтатып, болмаса заң аясында сотқа тартулары керек еді. Алайда бұл тиісті шаралардың бірі де жасалмаған. Бұл Алматы облысы кезінде салынған құрылыстар. Міне облыс екіге бөлінгенде Жетісу облысының алдынан экс-әкімнің шикілігі көлденеңдеп шыға келді. Бұл тек құрылыс саласына қатысты жауапсыздық емес, Амандық Баталовтың кезінде заңсыз берілген пәтерлердің былық-шылығының саны мыңнан асып кеткен. Ол жайлы кезінде алаяқтық бабымен жауапқа тартылып, мерзімді жазасын өтеп келген журналист Дина Искакова пәтер дауына қатысты сотта қаралған істің бір жақты болғанын, бар кінәні өзіне жауып, тасада қалған құқық қорғау органдарында қызмет атқарған полицейлердің әйелдерінің де бұл іске қатысы болғанын және сол кездегі облыс әкімі Амандық Баталовтың туысы, қала әкімі болған Ермек Алпысовтың да, сондай-ақ, оның құрылыс саласына жауапты орынбасары А. Ә. және мәслихат  хатшысы  қызметін атқарған, кейіннен қызметі жоғарылап депутат атанған Марат Бопазовтың шопыры болған  азаматтың  да бұл ұйымдасқан қылмысқа қатысы барын сотта айтып, оларды да жауапқа тартуды өтінген болатын. Мерзімді жазасын өтеп келгеннен кейін ақиқатқа жетпей қоймаймын деген журналист Дина Искакова Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа  хат  жазып, жоғарғы орган прокуратураға дейін арызданды. Кезінде заңсыз  үлестірілген пәтерлерге  қатысты жинаған құжаттарды айғақтай отырып, пәтерлер қала әкімдігінің баланысана кері қайтарылып, кезекте тұрғандарға беріліп жатқанын айтқан-ды. Дау-дамайы  көп  пәтер саласындағы бұра тартушылықтар «Береке» коттедж қалашығында сапасыз салынған үйлердің көрінісін бұқаралық ақпарат құралдары жазып, көгілдір экранда көрсеткен болатын. Бұл пәтерлер  мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған. Үйді алушылар үйге кіре салып, құрылыстың шикі жасалғанын анықтап, үйді салған құрылыс компанияларына арыз-шағымдарын айтқан-ды. Бірақ пәтер иелерінің талап-тілегін жүре тыңдаған құрылыс компаниялары тиісті мерзім ішінде жіберген қателіктерінен шала-шарпы жасалған құрылыстарын тиянақтап қайта жасап беруге тиісті  болса да  оған  мән  бермеген.

Мысалы, шатырдан су ақса, құбыр тесілсе, еден түсіп кетсе, қабырға жарылса мердігердің кінәсі саналады және ол барлығын жөндеп беруге міндетті әрі жауапты. Талдықорған қаласында баспанамен қамту бағдарламалары қарқынды жүзеге асырылғанмен кейбір құрылыс компанияларының салған баспана құрылыстары сын  көтермейтінін әкімдік біле тұра, олардың  атқарған жұмыстарының ала-құлалығына мән бермей, екінші мәрте  күрделі жөндеу жұмыстарын атқаруға талап  қоймағаны, мұнда да тамыр-таныстықтың тамыры бар дейді сапасыз салынған пәтерлерде тұрып жатқан тұрғындар. Мәселен, «Береке» коттедж қалашығының тұрғындары баспаналарының шатырынан су сорғалап тұрғанын айтып дабыл қағуда.  Мемлекеттік бағдарламамен салынған бұл пәтерлерге әлі күнге дейін газ құбыры тартылмаған. Пәтер тұрғындары газ балондарын пайдалануда. Бір-біріне қабаттаса салынған пәтерлердің біреуінен газ балоны жарылса, іркес-тіркес салынған пәтерлердің бүлінетіні айдан анық. Сондықтан орталықтандырылған көгілдір отынға қосу уақыт күттірмес басты мәселе болып тұр. Басты кінәрат баспананы салған құрылыс компаниялары үйлердің төбесіндегі шатырлардың дұрыс қиюластырылмауынан су сорғалайды.  Үйдің төбесі құрама шатырмен жабылғанын айғақтап, көше мен аула жақтағы жабынды бір-бірімен қабыспайды. Ілдалдалап тұрып жатқан тұрғындардың бірі Болат атты азамат үйдің төбесіне жапқыш төсеген. Бірақ шатырдан аққан су басқа жерді тесіп, бөлмеге сорғалап ағып тұр дейді. Осындай жағдай коттедждегі басқа үйлердің де бас ауруына айналған. Төбелерінен су сорғалаған қалашық тұрғындары бала-шағаның аузынан жырып, қыруар қаржы төлеп жатқан шаңырақтарының төбесі мен қабырғаларынан қыстың көзі қырауда су сорғалап тұрғанына налиды.  «Әләуләйлім  бітсе, хәләуләйлім тағы бар»  дегендей  «Береке» қалашығындағы тағы  бір  мәселе  –  үйден шығатын лас су  шұңқыры тез толып кетеді екен. Тұрғындар арнайы көлік шақырып жиналған лас суды тазалатып тастасақ,  көршінің суы ағып келеді дейді. Жиі-жиі тазалатып,  қалталарындағы қаржыдан қағылған тұрғындар коммуникациялық жүйенің  де дұрыс жасалмағанын айтуда. Құбырға толған лас судың  иісі аулаға жайылып, жағымсыз иіс танауды жарады. Ол аз болғандай,  құдық бетін жабатын қақпақтар жиі қолды болатын көрінеді. Анығын айтқанда, коттедж қалашығындағы 3,7 миллиард теңгеге салынған  204  үйдің сапасы сын көтермейді. Тұрғындар кем-кетікті жөндеп беруге тиіс компаниялардың «кепілдік мерзімі» аяқталуға жақын қалғанын айтуда.  «Береке» шағын ауданының тұрғындары шатырлар тез арада жөнделмесе, ары қарай жағдайымыз не болады. Біз баспананы ипотекаға алғандықтан айына мөлшермен 100 мың теңге көлемінде несие төлейміз. Коммуналдық төлемдерді қоссаңыз тағы біраз қаржы шығады. Ал шатырды ауыстыру үшін қыруар қаржы керек. Оны біздің қалтамыз көтермейді. Онсызда зарығып жүріп әрең жеткен баспанамыз. Орта топтағы әлеуметтік жағдайдамыз. Сонда бұл мәселе шешімін қалай таппақ? деп Жетісу облысының Бас прокуроры Мадияр Басшыбаевқа жүгінуге мәжбүр болғандарын айтты.

«Асығыста туған баланың атын Абыр-Сабыр қояды» дегендей, құрылысты жеделдетіп шала-шарпы аяқтап, тұрғындарға пайдалануға бере салған әкімдік баспананың заңды құжаттарын да заңдастырып бермепті. Бұл «Береке» коттедж қалашығындағы пәтерлерге ғана қатысты емес, қала орталығындағы пайдалануға берілген басқа да пәтерлерге қатысты  дау. Мәселен, журналистерге  берген  пәтерлердің  де құжаты  әлі  берілмеген. Осы келеңсіз оқиғаға қатысты қала әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Мәди Шәкеновтен қала әкімдігі қандай шара қолданып жатқанын сұрағанымызда, ол бізге төмендегідей анықтама берді.

Талдықорған  қаласындағы  «Береке» саяжай қалашығы бойынша анықтама

Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес коттедж қалашығының аумағында құны 8,7 млрд. теңге болатын жалпы ауданы 56,5 мың м2 620 коттедж салу жоспарланған, оның ішінде:

– Бюджет қаражаты есебінен коттедждер салуға арналған 577 учаске;

– Жеке инвестициялар   үшін 43 учаске. Бұл учаскелер «ПМК-7К» ЖШС және «Ер-ай» ЖШС жеке компанияларына берілген. Алайда жұмыстар басталған жоқ.

2018-2020 жылдар аралығында жоспарланған бюджеттік 577 коттеджден жалпы ауданы 34,6 мың м2, құны 5 млрд. теңге болатын 373 коттедж салынды (мердігерлер – «Мирас» ЖШС, «Еламан» ЖШС, «құрылысшы ТБС» ЖШС, «Болашақ-МА» ЖШС, «ТемірҚазық»ЖШС).

Бұл үйлер ақаулармен (ішкі әрлеу, шатыр, ішкі инженерлік желілер және т.б.) жасалған.

Қалған 204 коттедж бойынша 2020 жылы (ауданы 18,6 мың м2 ) 3,7 млрд. теңге сомасына жұмыстар басталды (мердігер – «ПМК-7К» ЖШС), оның ішінде:

– Ақаулары бар 72 аяқталды (үйлердің дайындығы – 90%);

– 117-сі  аяқталмаған (дайындық  – 40%);

– 15-і  басталған жоқ.

Осы үйлер бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне сәйкес 3,1 млрд. теңге көлемінде төлем жүргізілді, бұл нақты орындалған жұмыстарға сәйкес келмейді.

2022 жылдың 25 тамызында Талдықорған қаласының прокуратурасы  Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментімен бірлесіп 577 коттедж бойынша орындалған жұмыстар сапасының сәйкестігін тексеруді бастады.

2022 жылғы 7 қазанда Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мен прокуратураның талабы бойынша «Береке» коттедж қалашығының құрылыс объектілерін бюджет қаражатын ұрлау фактілерін анықтау үшін тексеру басталды.

Қазіргі уақытта «ПМК-7К» ЖШС-не қатысты 15.12.2022 жылғы №223-310011000014 қылмыстық іс қоз-ғалғанын білдік.

Мәди  Қайратқалиұлы  Талдықорған қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы: «Жақында Жетісу облысының  прокуроры Мадияр Басшыбаев «Береке» коттедж қалашығының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ асты. Халықты алаңдатып жүрген мәселелерді тыңдады. Қалашықтағы көптен құрылысы аяқталмай  тұрған тұрғын үйлерді көріп, себебін анықтайтынын айтты. Тұрғындардың ипотекаға алған үйінің сапасыздығы жайлы жан айқайының себебіне қанықты. Көптеген үйдің шатыры, қабырғасының сапасыздығының сын көтермейтінін көрді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша құрылысты жүргізген компания мен тапсырыс бе-руші  міндетті дұрыс орындамаған.  Бұл орайда 2022 жылдың желтоқсан айынан қадағалаушы орган қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізуді бастаған. Облыс прокуроры тұрғындармен кездесуде істің қозғалғандығы жөнінде толық ақпарат берді. Коттедж қалашығының тұрғындарымен кездесуде құзырлы орган басшысы атқарылып жатқан жұмысты жан-жақты айтып шықты.

Көптеген баспананың құжаты жасалмағаны, алдағы уақытта баспаналардың рәсімделетіні де сөз болды. Қалашық тұрғындарының мәселесін шешу барысында қала әкімі Әсет Масабаев және басқа жауапты мамандар бірлесе жұмыс істейтін болады», – деп жауап берді.

Мемлекет басшысы жемқорлыққа қарсы заңды жылдан-жылға қатайтып, бюджет ақшасын оңды-солды шашқандарға, жымқырғандарға қатаң жаза қолданып жатса да сұғанақтық жасаушылар тиылмай тұр. Мұның бір ұшын «Береке» қалашығындағы салынған коттедждерден көруге болады. Қылмыстық іс қозғалса, демек бір шикіліктің ұшы бар шығар. Оны арнайы тексерген аудит пен прокуратура органдары анықтап жатыр. Бүгінгі қоғамда жер дауы мен баспана дауы басылмай тұр. Оның үстіне белшесінен қарызға батып, ұзақ мерзімге ипотекаға алған үйлерінің сапасы сын көтермейді.  Мұның жарқын айғағын Талдықорған қаласындағы «Береке» қалашығындағы салынған коттедждерден көруге болады.

Халық ұлардай шулап, ақпарат құралдарын жұмылдырып, құзырлы орган прокуратура араласпаса, бұл түйткіл жабулы қазан күйінде қала беретін бе еді кім білсін? Себеп, бұл дау-дамай Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовтың кезінде сан  мәрте көтеріліп, көгілдір экраннан ақпаратта таратылған болатын.  Бірақ  сең  қозғалмаған.

Облыс екіге бөлініп,  Жетісу облысы жеке отау құрғанда қыстың көзі қырауда аязда тонған коттедж тұрғындары қайтадан атқа қонып, жауапсыз  мердігерлер  мен  дел-далдарды баспананы қабылдап алып, көзбояушылықпен кезекте тұрған тұрғындарға кілт таратқандарды жазалауды Жетісу облысының Бас прокурорынан талап етуі заңдылық қой. Заңсыздықтармен мықтап күресуге бел буған құзырлы орган да мемлекет қаржысын тиімсіз жұмсағандармен аянбай күресеміз, кінәлілер жауапсыз қалмайды деп сапасыз салынған баспана иелеріне уәдесін берді. «Уәде Құдай сөзі» артын күтейік. Сабыр түбі сары алтын…

Айтақын МҰХАМАДИ

 

 


ПІКІР ЖАЗУ