Кадет сыныбы ашылды

0
694

Жетісу облысында төртінші сыныптан бастап кадеттік жас құтқарушылар сапына кіруге болады. Бүгінде кадеттер қатары Текелі қаласының №4 орта мектебінің оқушыларымен, яғни 30 ұл-қызбен толықты. Бұл  –  Жетісу өңірінде Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент пен білім басқармасының бірлескен бастамасымен құрылған осындай екінші топ.

«Жас құтқарушы» деп аталатын алғашқы кадет сыныбы Ақсу ауданында 2021 жылы ашылған болатын. Жетісу облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің басшысы  Бауыржан Ізбасаровтың айтуынша, тәжірибелі құтқарушылар оқушыларға тәлімгер болуда. Олар түрлі сабақтар өткізіп, өрт сөндіру-құтқару қызметінің ардагерлерімен кездесулер ұйымдастыруда, жалпы айтқанда қажетті көмек пен қолдау көрсетпек.

«Сендер жай ғана оқушы емессіңдер. Енді сендер кадетсіңдер, бүгін қолдарыңа соны растайтын куәлік алып отырсыңдар. Форма киіп, ант беру сендерге белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Сендер кадет сыныбының, жалпы өз мектептеріңнің абырой-беделін әрдайым биіктен көрсететіндеріңе сенемін», –  деді полковник Б.Ізбасаров.

«Кадет сыныбының оқу бағдарламасына негізінен әскери-медициналық дайындық, өртке қарсы қолөнер, сап дайындығы, денені тік ұстауға бейімдейтін хореография сабақтары енгізіледі. Сол сияқты балалар шахмат ойнауды да меңгереді. Қаламыздың ерекшелігін ескеріп, туризм негіздеріне де оқытамыз. Сөйтіп оқушылар тиісті теориялық және физикалық дайындықтан өтіп, мамандық таңдауда өздеріне тірек болатын қарым-қабілеттерін дамытады. Осы балалардың көпшілігі өз өмірін құтқару қызметімен байланыстыруы да мүмкін. Бұл негізгі оқу процесіне кедергі келтірілмейді, қайта керісінше оны толықтырады десек болады. Жалпы мұндай сыныптардың жұмысы оқушыларды азаматтық-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге елеулі үлес қосады деп ойлаймын», – дейді №4 мектептің директоры Меруерт Бюрина. Сонымен қатар ол келесі жылы осындай тағы бір сынып ашу жоспарланып отырғанын айтты.

Жалпы Текелідегі №4 мектептің 60 жылдық тарихы бар. Қазір мұнда 1184 оқушы білім алуда. 44 сынып жиынтығы бар, 96 педагог жұмыс істейді.

Кадет куәлігін алған төртінші сыныптықтар ант қабылдау рәсімін атқарды.

Жетісу облыстық ТЖД өкілдері алдағы жоспарларын айта келе, жаңа сыныптарды ашу жұмыстары әрі қарай да жалғасатынын жеткізді. Алдағы уақытта олардың арасында түрлі жарыстар ұйымдастырылмақ.

 «АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ