Тәтті түбір алқабы 2 есе ұлғайтылады

0
320

Жетісу облысында көктемгі дала жұмыстары қызу жүріп жатыр. Биылғы жылы қант қызылшасының егістік көлемін 2 есе ұлғайтып, 8 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Қызылша егу жұмыстарына кіріскен шаруашылықтардың бірі –  Ескелді ауданындағы «Дүйсенбінов» шаруа қожалығы.  Осы қожалықтың егіс алқабына облыс әкімі Бейбіт Исабаев барып, дала жұмыстарының барысымен танысып қайтты. Бұл туралы  Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Дүйсенбінов» шаруа қожалығының қант қызылшасын өсіріп келетініне  бірнеше жыл болған. Мәселен, фермер өткен жылы өнімділікті рекордтық көрсеткішке жеткізіп, қант зауытына 22 мың тоннадай тәтті түбір өткізген. Биылғы жылы Айдын Дүйсенбінов қант қызылшасының алқабын 320 гектарға жеткізбекші. Дегенмен фермер алқаптың көлемінен бұрын оның шығымдылығы мен сапасы маңызды екенін жасырмайды. Сондықтан топырақ тыңайтқышына ерекше мән береді.

Немістер өндірген тұқымның жаңа түрлерін биылғы жылы алғаш рет қолдана бастадық. Ауа райы қолайлы болса, 10 күнде өніп шығады. Бұл тұқымдардың шығымы жақсы. Бірақ жақсы өнімге қол жеткізу үшін техникамен ғана емес, жермен де жұмыс істеу керек. Талдау жасап, қандай тыңайтқыштар керек екенін анықтап, соған қарай әрекет етеміз. Егіс жұмыстарын 3 сәуірде бастадық, қазірге дейін 150 гектар жерді сеуіп болдық. Заманауи техниканы пайдаланып отырмыз, солардың арасында пневматикалық сепкішіміз де бар. Онда барлық процесс автоматтандырылған. Тұқым тереңдігі 2,5 см, аралық қашықтығы 15 см болатын ретпен себіледі,  –  дейді  А.Дүйсенбінов.

Егістік алқабындағы жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі биыл өңірде қызылша себу екі есеге жуық артатынын айтты.

Бүгінде Ескелді ауданында қант қызылшасын өсірумен 70-тей шаруа айналысады. Өткен жылы егіс алқабы бір жарым мың гектардан асып, 100 мың тоннадай өнім алынған болатын. Ал биыл аудандағы қызылша алқабы екі мың гектарға жеткізіледі. Жалпы Жетісу облысы бойынша қант қызылшасы 8,1 мың гектарды құрамақ.

«АЛАТАУ – АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ