Екі айда 525 адам өз-өзіне қол салды

0
574

Алланың  берген  ғұмырын  Алла  өзі  ғана  түгесуі  тиіс  еді. «Айы біткен айында, күні біткен күнінде  дәм тұзы таусылып, ажалы жетіп ана дүниеге аттанса ол  Алланың әмірі дейміз. Бұл жасқа да, жасамысқа да тән заңдылық. Алайда  бүгінгі қоғамда өзіне-өзі қол салыпты, асылып  қалыпты  не болмаса баласын терезеден  лақтырып, артынан өзі секіріп  кетіпті  деген   суық хабарларды  екі күннің бірінде еститін болдық. Бұған не себеп?  Өзіне-өзі қол жұмсау  тұрмыстың  тауқыметін көтере алмаудан ба? Жоқ әлде бұл өршіп бара  жатқан кесел ме?!

Онсызда  қамшының сабындай қысқа ғана  ғұмырда өз-өзіне қол салып, жарық дүниемен қоштасып жатқандардың көбі жасөспірім мен ес біліп етек-жеңін жапқандар. Мәліметтерге қарап отырып азабойың қаза болады. Апыр-ай жалындап жанып тұрған шақтарында бұлар неге өмірмен қош айтысып жүр деп ах ұрасың.  Жалғанның жарығымен қоштасып кете баратындай бастарына не күн туды екен  деген сауал сананың шаңын қағады. Биылғы жылдың тек  қаңтар-ақпан айларында ғана Республика бойынша 525 адам өзіне қол салыпты. 525 адамның 434-і  ерлер, 86-сы әйелдер,  18-і кәмелеттік жасқа толмағандар екен. Ал Жетісу облысында 2022 жылы 133 суицид жасалса,  2023 жылдың үш айында  27 адам өзіне-өзі қол салғанын айтады Жетісу облысы ішкі істер департаментінің өкілдері. Төбе шашыңды тік тұрғызатын көрсеткіш. Математикалық цифрмен айтсақ  мың адамның жартысы өз-өзіне қол жұмсаған. Қазақтың «жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ, кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ» деп термелі өсиетінде  айтылғандай, ай-күннің  аманында 525 адамның фәни өмірден бақилыққа аттануы өте күрделі мәселе.

Бұл шариғатта да  ауыр күнә. Себебі Алланың  берген  аманат жанын тек Алла өзі ғана   қайтарып алуы керек-ті. Шариғат бойынша  өз-өзіне  қол салғандардың жаназасы да  шығарылмайды деген қағида бар. Алайда бұл шариғи заңдылық үзіліп, қазір өзіне-өзі қол салғандардың да жаназасы шығарылып жүр. Көбіне мұндай қаралы оқиғалар отбасындағы жағдайлардан туындайды дейді. Мәселен, әлеуметтік желіде «Ұлттық медициналық қауымдастық» РҚБ филиалы психологтар қауымдастығының президенті Владимир Стеблянко былай дейді.

Әлеуметтік дені сау қоғам құру өте маңызды. Себебі өз-өзіне қол жұмсау отбасында туады. Суицидтің тамыры балалық шақта болған мәселелер мен оның  қандай отбасында туып-өскенінде. Бізде мемлекет бұл мәселемен тікелей айналыспайды. Елімізде  бұл тақырыпты қаузайтын  телешоулар жоқ, бұл туралы БАҚ-та айтылмайды және жеткілікті түрде жазылмайды. Денсаулық сақтау министрлігі мен мемлекет  мәселенің түбірін іздеу керек. Қарыздар, несиелер, қаржылық жағдай маңызды. Алайда өлімге әкелетін жетекші фактор олар емес. Кедейшілік көрген адамнан табыстылар өсіп жатады. Олар көбіне әлеуметтік табыстың, білімнің, жақсы өмірдің бағасын біледі. Суицидке жетелеуші фактор – бұл отбасындағы өмірдің  сапасы.

Бұл пікірмен келісуге де, келіспеугеде болады. Мың жерден тұрмыстық ахуал қажытқанымен көрден басқа жерден шығатын тесік бар екенін, жас мөлшері 35-тен асқан азаматтар мен азаматшалар пайымдай алады. Несиеге белшесінен батқан күннің өзінде кедейліктің ең жоғары сатысында тұрғанның өзінде бұл отбасындағы өлімге итермелейтін фактор емес екенін психологтар қауымдастығының президенті де айтады. Ал ақпарат құралдарында бұл тақырып аз қамтылады деген жаңсақ пікір. Айтылудай-ақ  айтылып, жазылудай-ақ  жазылып  жатыр. Ал телевизиялық бағытқа келсек  түрлі ток-шоулар ұйымдастырып жүрген телеарналар бұл тақырыпқа расында тереңдеп барып жатқан жоқ. Мұндай тақырыпты телеарналарға  шығара қойғанның өзінде, марқұмдардың ата-анасы ашылып ештеңе де айта қоймайды. Өйткені, олардың жүректері жаралы.

Ал денсаулық министрлігі мен үкімет бұл кеселдің түбін расында тереңірек зерделеу керек. Себебі  мектеп түлектері арасында бір  кездері өз-өзіне қол жұмсау белең алған кезеңдер де болды. Бүгінде  ол  сап тиылды деп те айта алмаймыз. Әлі күнге бірлі-жарым көрністердің  қылаң беріп жататыны белгілі. Ал  егде жастағылар арасындағы көрсеткіш 2023 жылдың бастапқы екі айында 525-ке жеткен.  Бұл статистикалық мәліметтермен әлеуметтік дені сау қоғам құрып жатырмыз деуге  расында келмейді. Демек бұл келеңсіз құбылысқа қоғамдағы барлық писихологтарды жұмылдырып, мектепте де, кәсіпорын мекемелер

де де өз-өзіне қол жұмсауға қатысты үгіт насихат жұмыстарын науқанға айналдыру қажет. Медицина саласындағы азаматтар бұл кеселдің түп-тамырын терең қазып зерделемесе асқынған дертің қоғамды жамап алады. Биыл  өз-өзіне қол жұмсамақ болған 614 адам құтқарылған екен. Әгәраки осы 614 адамнан да айрылып қалсақ,  жоғарыдағы 525 деген сан 1139-ды көрсететін еді. Жыл аяғына дейін бұл сандардың қаншаға жететіні, қанша адам құтқарылып қалатыны  бір Құдайға  ғана аян. Зерттеу бойынша  суицид жасауға көбіне 35 пен 44 жас аралығындағы ерлер және 44 пен 54 жастағы әйелдер барады екен. Суицидтің жиілігі әйелдерге қарағанда ерлер арасында айтарлықтай жоғары. Ал  жасөспірімдер арасында керісінше ер балаларға қарағанда қыздар көп. Өмірден түңіліп, өз-өзіне қол салушылар сәл ойланып, тәуліктің кез келген уақытында 150 бірыңғай сенім телефонына қоңырау шалса, оларға міндетті түрде көмек көрсетіледі. Өз-өзіне қол салушыларға қатысты тағы бір писихолог маман Шолпан Қайратқызының пікірімен бөліссек.

 – Бүгінгі  заманда адамды күш емес, сөз өлтіретін жағдайға жеттік. Әлеуметтік желілер арқылы орын алатын психологиялық шабуыл жиілеп кетті. Сырласу арқылы әңгіменің төркінін түсінуге болады. Бірақ бала психологиялық тұрғыдан интроверт болса, оны іс-әрекетінен де байқай аласыз. Мысалы, оқшаулану, ашушаңдық, тәбеттің төмендеуі, мазасыздық, ұйқының бұзылуы секілді әрекеттер жиынтығын байқасаңыз, баланы сөзге тартуға тырысыңыз. Өз тәжірибеңізде, өміріңізде қиындықтар болғанын және қалай шыққаныңызды шай үстінде әңгіме ретінде айта отырыңыз. Содан кейін сұрақ қойсаңыз, бала ашыла бастайды.  Профилактикалық жұмыстардың жоғары сапада  болуы шарт. Ұзын сонар сөздер мен лекциялардың қажеті шамалы. Социалды эксперименттердің мұндай жағдайда көмегі тиімді. Балаға алғашқы ұстаз да, психолог та ата-анасы болуы керек. Баланың жанын түсінуге асықпай, маманға жүгініп одан кейін барлығы жақсы болып кетеді деп ойлау қателік. Сыртқы көмек әркез пайдалы бола бермейді. Баламен байланыс ажырауы мүмкін. Балаңыздың көңіл күйін сезінуді үйреніңіз. Қолыңыздан мүлдем келмей жатса, өзіңіз психолог маманына жүгініңіз дейді Шолпан ханым.

Статистикалық мәліметтер бойынша 13 пен 18  жас арасындағы жасөспірімдерде  суицид  көп  жасалады екен. Өмірдің тәттісі мен ащысын көрмеген  балғындардың өздеріне қол салуға дейін баруы  мемлекетті де, денсаулық саласын да, қоғамды да, ата-ананы да  ойландыратын  жағдай.

Өзіне өзі қол салуға қатысты біз қаладағы «НҰР» мешітінің ұстазы Мирас Асқанбаевтан шариғат хадистерінде не айтылғаны  жайлы сұрап білдік.

–  Қол жұмсауға  Алла тағалла құранда тиым салған. Алла Тағала өз-өздеріңді өлтірмеңдер дейді. Адамның жаны ол бізге берілген аманат. Аманатқа қиянат жасамауымыз керек. Өзіне-өзі қол салғандардың  жаназалары да шығарылмайды.  Жаназаны  қарапайым жамағаттың біреуі шығаруы тиіс. Біздің сеніміміз бойынша күнә жасаған адам кәпір болып діннен шығып кетпейді. Сондықтан жаназа намазы оқылады. Өзіне-өзі қол салудың бірінші себебі ақыретке иман келтірудің әлсіздігінен деп білемін. Өйткені суицид жасаушы адамның бар ойы басындағы мәселеден құтылу болып тұрады. Ал  қалғаны жеңіл болады деп ойлайды. Алайда  Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) кімде-кім осы дүниеде өзін-өзі  өлтірсе, қиямет күнінде асылып өлсе асылған күйінде,  пышақталып  өлсе пышақталған күйінде  азапталады деген. Өз-өзіне қол салудың екінші себебі – иманның әлсіздігі. Адам баласы әрқашан  тағдырдағы жақсылық пен жамандық Алла Тағала тарапынан деп иман келтіріп жүруі  керек.  Үшінші себебі  жын-шайтандардың әсерінен болатын жағдай. Мұндай кездерде адам мешітке барып  имамдарға  дем салдырып, өзі Алла Тағаланы еске алып құран оқыса теріс пиғылдан арылады. Төртінші себеп  отбасындағы дау-дамайға төзбеушілік, қарызға бату, тұйыққа тірелуден болады. Ондай кезеңде  бірінші сабырлыққа жүгінуі қажет. Мына дүниенің уақытша сынақ екенін түсінуі керек. Өйткені барлығы  мейлі ол патша, бай, кедей болсын мына дүниеде сыналады. Барлық  мұсылмандарға үлгі  болған  Пайғамбарымыздың да басынан  көп сынақтар өткен. Көзі тірісінде балаларының бәрі дүниеден өтті. Сүйікті жары дүние салды. Қорғаушы болған көкесі де бақилық болған. Негізі  кімге сынақ келмеу керек болса, ол пайғамбарға келмеу керек. Бұл шариғат қағидалары, – дейді «НҰР» мешітінің ұстазы Асқанбаев Мирас.

Түрлі себептермен өзіне-өзі қол салушылар арасында жастардың көбейіп бара жатқаны көңілге күдік ұялатады. Өз-өзіне қол салушылар, көп қабатты пәтерлерден баласын лақтырып артынан өзі секіретіндер, пышақталып жатқандар жын-шайтанның жетегінде кеткендер ме?! Әлде бұл  тылсымы  ашылмаған құпия дерт пе?  Ойланатын  жағдай.

 А.БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ