Полиция генералы тұрғындармен кездесті

0
355

Кеңестік   дәуірде   санаға   сіңіп   қалған  «Милиция»   сөзі  қызыл   тудың   астында  70  жыл   бірге өмір  сүрген  15  одақ  өз   дербестігін   алғаннан    соң   европалық  стандартқа   сай  «Полиция»  деген  атауға  ауысты.   Аты  ауысқанымен  атқаратын   қызметтері   өзгерген   жоқ. Әлі күнге дейін қоғамдағы   тыныштықты  сақтау,  қылмыстың  алдын алу  құзырлы  органда   қызмет  істейтін   әрбір   полицияның  міндеті  әрі  мемлекет  алдындағы  парызы. 

Алайда  «бес  саусақ   бірдей емес»   демекші, бүгінгі   қоғамда кейбір полиция қызметкерлерінің кесірінен  көпке топырақ шашылып, олардың  беделі   күрт  төмендеп кеткенін   ешкімде  жоққа  шығара  алмайды.  Қалың  бұқара халыққа  қорған болады  деген   полиция  қорғаудың орнына қанап жатыр деп  айтып   жүр.   Оның   нақты   айғағы   ретінде  кешегі   қаңтар  оқиғасында  тәртіп орнатамыз   деген   желеумен   ереуілге   шыққандарға  қысым көрсетіп, үтік басқан, азаптап  қызметтік   өкілеттіктерін   асыра   пайдаланған   полиция   қызметкерлерін  айтуға болады.

Оданда   сорақысы    жоғары   шенді   полиция  генералы   Серік   Күдебаевтың  қаңтар   оқиғасында  жауапкершіліктен жалтарып, заң  алдында тағдыры таразыға  тартылғанда   елден   қашып   кетуі  полиция  қызметкерлерінің   беделіне  екі есе  соққы болды. Бұл полицияға жағылған қара дақ. Қазақ мұндайды  «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді»  деп  тәмсілдеген.

Бұлай  деп  полицияға  топырақ шашып  отырғанымыз  жоқ. Себебі «Бір биеден ала да туады, құла да  туады».  «Полицияның   күнгей   жағын   термелей бермейік, күннің көзін тұмшалаған бұлтта көшеді», – деп өзін жұбатқан халық  тағы да сол полицияға үміт артады.

Сонымен  полицияның   пәрмені  қандай? Бұл  сұраққа  өткен  жылдың  қорытындысы бойынша есеп берген  Жетісу облысы полициясының басшысы Атығай Арыстанов қалың бұқара алдында жауап беріп, тұрғындармен тікелей диалог құрды.  Төрт сағатқа созылған жиынға Жетісу облысының аудандары да онлайн форматта қатысты.

 – 2022 жылғы   қорытынды   бойынша  құқық бұзушылық 4,7 пайызға азайды. Оның   ішінде   кісі өлтіру 27,3   пайызға, қарақшылық, бұзақылық, бөтеннің мүлкіне қол салу 44,4  пайызға  азайған.  Қазіргі таңда полиция департаменті өңір өңірлерде профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Соған қарамастан біраз қылмыстар әлі де орын алуда. Оның ішінде әсіресе алаяқтық, ұрлау, жол көлік оқиғалары көп тіркелуде. Өткен жылы осы мәселелерге қанша назар аударып, халыққа сан мәрте ескерту жасасақта қылмыстың саны артпаса кемімеді. Мысалы өткен жылы жол көлік оқиғаларынан 141 адам қаза тауып,  931-і түрлі дене жарақаттарын алған.

Ал алаяқтық бойынша жалпы 935 жағдай тіркелсе, оның 446-сы интернет алаяқтық.  Соңғы бес жылда осындай интернет алаяқтық көбейіп  кеткен.  Себебі 2019 жылдан бері цифрландыру жүйесі ерекше дамып,  ғаламтор арқылы сауда жасайтындардың саны артты. Өткен жылы осындай 2 мыннан аса қылмыс ашылып, іздеуде жүрген  89   қылмыскер  ұсталды. Із-түзсіз   жоғалған   41  адамның  мекен-жайы анықталды. Қоғамдық   резонанс   тудырған   1012  қылмыс ашылды. Жалпы саны  4466   қылмыс болса, соның ішінде 1334-і ұрлық,  209-ы мал ұрлығы.   2022 жылы  856 қылмыс ашылса, соның ішінде 59 топпен ұрлау фактісі анықталған. Қазіргі таңда ұрлықтардың ішінде ең өршіп тұрғаны мал ұрлығы. Не себепті мал ұрлығы көбейген? Өйткені  біздің өңірде қараусыз қалып жатқан малдар көп. 709 мал ұрлығының 111-і малдардың түңгі уақытта  қараусыз қалғандығынан орын алған. Иелері өріске айдап жіберіп, өз малдарына жауапкершілікпен қарамаған. Сондықтан осындай жағдайлар көп тіркеліп жатыр.

Тағы айта кетерлігі қараусыз қалған мал жолға шығып кетіп, түрлі жол-көлік апаттарын тудырған. Өткен жылы осындай 5 жағдай тіркелді және жазықсыз екі адам осының кесірінен  көз жұмды.  Малды қараусыз жайғаны үшін 1975 тұлға қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылып, оларға 18 148 000 теңге айыппұл салынды.Осындай әттеген-ай деген жағдайлар орын алмауы  үшін  тұрғындар  төрт түлік малдарына  аса жауапкершілікпен қараса дейміз. Қарапайым ғана әрекеттерге мұқият болсақ ұрлық та, жол апаты да азаяды. Осы тақырыта  аудан, ауылдарды аралап  түсіндіру шараларын да өткіздік.

Өңірімізде  мал ұрлығынан бөлек  дүкендерді, дүңгіршектерді тонау сынды қылмыстар да өршіп тұр. Осы бойынша халыққа, кіші бизнеспен айналысатын тұлғаларға бейне бақылау   камераларының   қаншалықты   көмек көрсететінін айтып, түсіндіру шараларын өткіздік. Мысалы өткен жылы бейне бақылау камераларының арқасында 249 қылмыс ашылды. Қазіргі таңда облыстық әкімдікпен бірге бейне бақылау камераларын көбейтуді жоспарлап отырмыз. 2024-2025 жылы 500-ге жуық камера орнату  жоспарлануда. Бұл шара тек қала аумағында ғана емес аудандар мен шет аймақтағы ауылдарда да іске асырылатын болады. Себебі тек профилактикалық түсіндіру   шараларынан  жағдай   жақсармай   тұр. Сол үшін нақты нәтиже көрсететін, нақты шаралар қабылдаудамыз.

Көбіне қылмыстардың ашылмай қалуына тұрғындардың уақытылы хабарласпауы  себеп болады. Қарапайым халық қазақшылыққа салып, бір екі ай уақыт өтіп кеткен соң бірақ тиісті орындарға хабарлап жатады. Болары болып, бояуы сіңген уақытта қандай қылмыс ашылсын. Мысалы, мал ұрлығы болды деп арыз жазып келгендерден қай уақытта болды деп сұрасақ нақты уақытын айта алмайды. Бір екі апта бұрын жүрген аяқ асты  жоқ болып кетті деп айтатын адамдар да кездеседі. Содан кейін жұмыс жасамайтынымызды айтып құзырлы орган қызметкерлерін кінәлайды. Осындай қылмыстар орын алмауы үшін халықты әр істі уақытылы хабарлап, өз мүліктеріне аса жауапкершілікпен   қарауға   шақырамыз.

Өткен жылы тұрақты түрде мал ұрлығымен айналысқан 8 топ құрықталды. Олар жалпы 11 мал ұрлығын жасаған. Мал иелеріне  463 бас мал қайтарылды. Оның ішінде 79 жылқы, 50 ірі қара,  332 ұсақ мал бар. Дегенмен бұдан басқа ашылмай қалған қылмыстар да баршылық. Алаяқтық қазіргі кезде қоғам мәселесіне айналып отыр. Сол себептен тағы да абай болыңыздар дейміз. Қандай да әрекетке барарда жеті рет өлшеп бір рет кескен жөн. Сонда алаяқтардың құрығына ілікпейсіздер. Көбіне ғаламтор алаяқтарына ақыл тоқтата қоймаған жастар немесе жасы келген ата-апаларымыз көп түсеме деп ойлайтын едік. Бірақ статистикалық мәліметтерге зер салсақ ақыл тоқтатқан, жоғары білімі бар адамдар өтіріктін арбауына  жиі  ілігеді екен.

2022 жылы  қылмыстарды болдырмау, болғандарының  анық қанығына жету үшін  көп жұмыс жасалды. Әлі де атқарылатын істер өте көп.

Биылғы жылы  өткен жылмен салыстырғанда қылмыстардың саны артқан.  Жылдың тек соңғы  үш айында ғана 89 жол көлік оқиғасы тіркеліпті. Апат салдарынан  23 адам қаза тауып,  134 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Талдықорған қаласы бойынша 7 адам қайтыс болып,  33  адам жарақат алған.

Жалпы жол көлік оқиғаларынан қараусыз қалған балалар да көп зардап шегіп жатады. Ағымдағы жылдың үш айында 19 жағдай тіркелді. Оның 4-еуі Талдықорған қаласында тіркелсе, қалғаны Панфилов, Ақсу аудандарында болған. Ақсу ауданында орын алған апаттан бір бала қайтыс болды.

Жол апаттары көбіне жаяу жүргіншілерге арналған жолақтарда орын алады. Өткен жылы осындай 32 оқиға тіркелді. Оның ішінде 6 адам қайтыс болып, 27 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Біз осындай жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарламалар жасаймыз. 90 пайыз жол-көлік апаты көліктердің қатты жүруінен, жүргізушілердің жауапкершілік танытпауынан болады. Жақында ғана наурыз айының 18 күні арты өкінішке айналған жол-көлік апаты тіркелді. Ақсу ауданында орын алған апатта 4 адам қаза тапты.

Сондай-ақ  27  күні орын алған көлік апатынан тағы екі адам зардап шегіп, Ақсу аудандық ауруханасына жеткізілді. Осындай апаттардың алдын алу үшін қоғам болып ат салысуымыз керек. Мемлекет басшысыда осындай күрделі мәселелерді назарда ұстау үшін ішкі істер басқармасына түрлі тапсырмалар берді.  Сол себепті де біз айына емес күнделікті түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Бірақ, сондада құқық бұзушылықтар азаймай тұр. Мысалы, өткен жылы 485 мас күйінде көлік айдаған жүргізуші ұсталған. Ал биылғы жылдың үш айында мас күйінде көлік жүргізген 145 азамат ұсталған. Сонымен қатар алаяқтық та көп. Өңірімізде соңғы үш айда 305 алаяқтық оқиғасы тіркелген. Оның ішінде 146-ы  интернет  алаяқтық.

Биылғы жылдың көрсеткішін тағы бір басқосуда нақты айтатын боламын. Ал тұрғындарды әрқашан сақ болуға шақырамын. Полиция қызметкерлерінен қорықпай, керісінше бізге арқа сүйесеңіздер қылмыста азаятын еді.

Тағы бір айта кететін жәйт, алдағы уақытта қала аумағына тағы да 585 бейне бақылау  камерасы  қойылатын болады. Себебі қылмыстардың дені осы арқылы анықта-лып жатыр. Ал бүгінде 871 бейне бақылау камерасы жұмыс істеп тұр, – деп баяндама жасаған полиция генералы  Жетісу облысының тұрғындарымен тікелей диалог құрып, қойылған сұрақтарға да жауап берді.

Алғашқы болып сауалын қойған Талдықорған қаласының тұрғыны Нұрлан Қарабасов 2020 жылы  шет елдік  жеңіл көлік алып, әлі күнге дейін заңдастыра алмай жүргенін айтты.

–  Көлігімді заңдастырайын десем, кедендік тазартудан өтпеген дейді. Бірақ қағаздарының барлығы дұрыс. Мен бірінші топ мүгедегі болғандықтан салық төлемеймін. Қалған құжаттары дұрыс, –  деген қала тұрғынына  департамент басшысы Атығай Арыстанов істі бірден қолға алатынын айтты.  Жауапты полиция қызметкерлеріне  мәселенің шешімін жедел түрде табуды  қадап тапсырып, жиналыс аяқталған соң Нұрлан Қарабасовты өзі жеке қабылдайтынын жеткізді.

–  Қазіргі таңда қандай құжат бар қандай құжат жоғын нақтылап жауапты мамандарға көрсетіңіз. Біз кеден қызметіне хат жолдап, ненің дұрыс еместігін анықтайтын боламыз. Қолымыздан келгенше барлық жағдайды жасауға дайынбыз,  –  деді  ол.

Ал екінші болып сауал қойған  Талдықорған   қаласының  тұрғыны Ербол Базылжанов ойын автоматтарының көбейіп кеткенін айтып шағымданды.

–  Қаладағы кейбір дүкендерде арнайы ойын автоматтарының   бірнешеуі тұрады. Тіпті осы автоматтарға арналған арнайы дүнгіршектер де бар көрінеді. Біздің жастарымыз құмар ойынға беріліп кетеме деп қорқамын. Жас отбасылардың ойранын шығаратын бұл ойындардан құтылу керек. Осыны қолға алсаңыз,  – деген қала тұрғынының өтініші бойынша дәл сол мезетте жауапты мамандарға  нақты тапсырмалар берілді.

–  Бұл ойын автоматтарына рұқсатты кімнің бергенін, кімнің жауапты екенін анықтаңыздар. Ойын автоматтарын қоюдағы мақсаттары қандай екенін анықтап, әкімдікпен бірлесе отырып мәселені шешіңіздер, – деді генерал.

Шарада сұрақтардан бөлек полиция қызметкерлеріне алғыста айтылды. Коттедж қалашығының тұрғыны 66 жастағы Назгул Молдахметова генералға, өзге де полиция қызметкерлеріне  шексіз  алғысын  білдірді.

–  Біздің әр қоңырауымызға уақытылы жауап беріп, тыныштығымыз үшін аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлеріне алғыс айтамын. Уақытылы үй-үйді аралап, қал жағдайымызды біліп, қандай мәселе бар деп жүретін полиция қызметкерлері тек қана алғысқа лайықты,  – деді  ол.

Өзгеде жеке сұрақтарымен келген қала тұрғындарын полиция департаментінің басшысы кейінге қалдырмай жиналыстан соң бірден жеке-жеке қабылдайтынын айтты.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ