МӘМС – әрбір азаматтың әлеуметтік жауапкершілігі

0
302

«ӘЛЕУМЕТТІК МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ ҚОРЫ»  КЕАҚ  АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ФИЛИАЛЫ КЕГЕН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІН ӨТКІЗДІ.

Кездесуде  аудан тұрғындарын МӘМС жүйесіне тарту мәселелері, халықты сақтандырудың ағымдағы жағдайы, оның ішінде стратегиялық көрсеткіштер, МӘМС-ке түскен арыз-шағымдар және оларды шешу шаралары талқыланды.

Жиында сөз алған филиал директоры С. Пазилов   Кеген ауданында  тұратын 25 мың  халықтың 5 мыңнан астамы сақтандырылмаған, сонымен қатар, 75 пайызы соңғы 12 айда төлем жасамағанын  тілге тиек етті.

Жиында аудан әкімінің міндетін атқарушы К. Қабылбеков мұндай кездесулер нақты жұмысты бағалауға, түйткілді мәселелерді анықтап, дер кезінде жоюға мүмкіндік беретінін жеткізді.

«Отырыста маңызды және өзекті ақпарат айтылды. Біздің ауданда 5 мыңға жуық адам жүйеден тыс қалып отыр. Халықтың осы санатын жүйеге тарту бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасады, өйткені сақтандыру мәртебесі медициналық көмектің кең спектріне қол жеткізуге мүмкіндік береді»,  – деді К. Қабылбеков.  Одан кейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды.

Бұл жиынға аудан әкімінің м.а. К. Қабылбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Е. Шохаев, аудандық аурухана директоры А. Тлеулиев, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының төрағалары, мекеме, ұйым басшылары, мектеп директорлары, медицина қызметкерлері қатысты.

ӨЗ ТІЛШІМІЗ


ПІКІР ЖАЗУ