Жаңа әкім – жаңа міндеттер

0
385

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданында болып, аудандық мәслихат депутаттарының келісімен аймақтың жаңа әкімін тағайындады. Аудан басшылығына тағайындалған Берік Тынышбайұлының алдына өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге қатысты бірқатар міндет қойылды. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысқан Бейбіт Исабаев Есім Базархановтың өз өтініші бойынша жұмыстан босатылғанын, аудан әкімі лауазымына Берік Тынышбаевтың кандидатурасын ұсынатынын айтты. Оның өмірбаянымен таныстыра келе, білімі мен тәжірибесі мол кадрға өңірдің экономикалық қуатын арттыру бағытында үлкен жауапкершілік жүктелетінін жеткізді. Ақсу ауданында бұған дейін де бірқатар жауапты лауазымды атқарған азаматтың кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдап, Берік Тынышбаев Ақсу ауданының әкімі болып тағайындалды.

Мұнан соң Бейбіт Исабаев аудан активімен жиын өткізіп, жаңа әкімнің алдына ауыл шаруашылығын өркендету, өнеркәсіп саласына қозғау салу, инвестиция тартып, халықтың әл-ауқатын көтеру бағытында  тапсырмалар берді.

Актив жиынында ардагерлер де сөз алып, халықты береке-бірлікпен еңбек етуге шақырып, жаңа әкімге барынша қолдау көрсететіндіктерін айтты.

«АЛАТАУ – АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ