Өткенге құрмет – тіріге міндет

0
866

ҚМДБ-ның 2023 жылы  атқарылатын маңызды іс-шаралар жоспарына сай «QAMQOR  SHARAPAT»  орталығы  өңірдегі  мешіт қызметкерлері  және  мешіт  жамағаттарымен  бірге үстіміздегі жылдың  29  сәуір  күні «Өткенге құрмет – тіріге міндет» тақырыбы аясында республика бойынша зираттарды тазалау және ретке келтіру іс-шарасын өткізбек. Осыған орай  «Алатау»  қоғамдық-саяси  газеті  Жетісу облысы бойынша  ҚМДБ-гі  тағайындаған  «QAMQOR  SHARAPAT» салттық қызмет көрсету орталығының директоры  Ибрагим Юсуп Мұратұлының  айтулы  іс-шараның   ұйымдастырылуына  байланысты білдірген  пікірін  оқырман  назарына  ұсынады.

Елімізде  ҚМДБ-нің  ұйғарымы бойынша  жыл сайын 29 сәуір зираттарды тазалау күні болып  күнтізбеге  енгізілмек. Бұл шара биылғы жылдан бастап қолға алынады. Мақсаты – әруақтар жатқан қорымдарды уақытылы  тазалап, марқұмдарға қойылатын құлпытастарды бір жүйеге келтіру. Шарада қабір басына әйелдердің  баруы шариғатқа сай ма, киелі әулиелер жатқан мазарларға барғанда қандай шариғи шарттарды назарда ұстау қажетігі  айтылады. Негізгі бұл үндеу  2023 жылы  республика бойынша «Өткенге құрмет – тіріге міндет» деген атаумен  жарияланды.

Үндеу  Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қазіретінің бастауымен жүзеге асырылып келеді.  Осы мақсатта «Qamqor Sharapat» салттық қызмет көрсету орталығының атынан Талдықорған қаласының әкімі Әсет Дүйсебекұлы Масабаевқа хат жолдамақпыз. Хаттың мақсаты 29-күні зиратты тазалауға адамдарды жұмылдыруға және техника, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуіне өтініш жасау.  Үндеудің аты  айтып тұрғандай  өткенге құрмет көрсету тірінің міндеті. Ол міндетке не жатады. Біріншісі  қабір басындағы тазалық. Әруақ жатқан қабірдің басындағы өскен шөп-шалаң, қурай, қамыс, шилерді тазартып, жабайы ағаштар болса оны кесеміз. Шыны керек  бұған дейін мазарлар назардан тыс қалды.

Көбіне ауылды жерлерде мазарлар қамыстарға  оранып тұрады. Жүсіп Баласағұн бабамыз «Бұл дүниеде екі-ақ есік бар. Біріншісі өмірге қарай ашылады. Екіншісі өлімге қарай ашылады. Бірінші есікке кірген адам екінші есікке де кіреді» деген өсиет қалдырған.  Тумақ бар жерде, өлмек барын ұмытпауымыз керек.  Адам баласының түбі баратын орны  қара жер.  Біз тіріде бай-бағлан, кедей-кепшік, патша қараша болып тармақ-тармаққа бөлінеміз. Ақыретті көп ойлай бермейміз. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда ғана Алланы еске алып, дертке шипа сұрап жатамыз. Ал ана дүниеде әруақтың бәрі бірдей. Байсың ба, кедейсің бе, патшасың ба,  соңында  екі метр  кебінге оранып,  бәріміз   теңесеміз. Ақындардың тілімен айтсақ:

«Өлінің қамын тірі жер,

Тірілер бірін-бірі жер.

Бізде бір күн барамыз,

Сен аман бол сүрі жер»  дегендей, бәріміздің баратын жеріміз бір. Сол себепті де  ата-бабамыз «әруақты алалаған ағармайды» деп айтып кеткен.  Біз бұған дейін  марқұмдарды жерлеп, әр  жұма құран бағыштап келсек, енді зират басын таза ұстауды  да  әдетке айналдыруымыз керек. Жасыратын несі бар  қазір қабір басына бара  қалсақ  күл-қоқыстан аяқ алып жүре алмаймыз. Марқұмдарға қорған соққандар қолданған құрал-жабдықтары мен цемент, тақтай, түрлі қоқыстарын тазаламай тастап кетеді. Құдды бір күл-қоқыс алаңы сияқты. Мазарлар қоршалып тұр дегені болмаса, зират іші адам көргісіз жағдайға түскен. Ішін толық тазалау  тірілердің парызы әрі міндеті. Екіншіден  Қазақстан Діни басқармасының талабы бойынша  марқұмдарға қойылатын  қорғандар мен құлпытастарды  бір жүйеге түсіру жұмыстарын қолға алу қарастырылуда.

Бұған дейін әркім өз білгенін жасап келді. Тіпті қорған соғу, құлпытас орнату жарысқа айналды. Бай-бағландар  бір-бірімен жарысып, түрлі қымбат тастардан биік-биік  қорғандар соқты. Қабір басын жасыл желекке айналдыру үшін жұмысшы жалдап,  жарық шамдар орнатты.  Қалтасы қалың азаматтар әке-шелері мен ағайын-туыстарына  қорған соғуды  «Шаншар» театрының әртісі Нұржан Төлендиев мысқылдағандай, «евро ремонтқа» айналдырып жіберді. Әсілі соған жұмсалған қаражатты игі істерге жұмсап, сауабын  қайтыс болған кісіге бағыштау шариғат бойынша құпталған.

Қазақстан Діни басқармасының жарғысына сәйкес, алдағы уақытта  жалпыға бірдей  марқұмдарға қойылатын құлпытастың биіктігі 1 метр, кеңдігі 50 сантиметрден аспайтын құрылыс материалы жұмсалатын болады. Құлпытасқа марқұмдардың толық аты-жөні, туған және қайтыс болған күндері жазылады. Енді құлпытастарға  жыр-шумақтары, сурет салу, қымбат тастарды орнату, құран аяттарын жазуға шариғат қағидасына сәйкес тиым салынады.  Қайтыс болған жақындарына көңіл бөлгені дұрыс, бірақ шектен шығуға болмайды. Әр нәрсенің сұрауы бар. Біз дербес мемлекет болғаннан кейін әлемдік мұсылмандар қолданған стандартқа көшуіміз керек. Өзіміздің әдеп-ғұрпымыз салтымыз қайда қалады деушілерге  ата-бабаларымыз қорым соғып жарыспаған, қабірлеріне сурет ілмеген, құлпытас орнатпаған, бұл біздің дәстүрімізде жоқ дегім келеді. Тіпті  іргелес Ресей мемлекетіндегі мұсылмандар қорымын көрсеңіз көңіліңіз толады. Одан бөлек  Түркия, Европа, Сауд Арабия мемлекеттеріндегі  қорымдарда марқұмдар бір жүйе бойынша жерленген.  Енді бізде сол жүйеге көшетін боламыз.

Үшінші мәселе  әйелдердің зират басына баруына қатысты. Шариғат бойынша әйелдердің қабір басына баруына рұқсат етілген. Ал қазақ салтында қаралы жағдайда  қабір басына әйелдерді апармайды. Барса да   үшін,  жетісін, қырқын өткізген соң бірақ  барып жатады. Шариғи  шарттар бойынша  әйел адам  қабірге құран оқу ниетімен баратын болса, сәнденбей баруы керек.  Сәндену дегенге не жатады. Иіс су себіну, қасы-көздерін бояп әдемілену, сәнді киімдер кию, әшекейлерін тағынып, жасанып бару. Әйел адам  зиярат етуі үшін   шариғат талаптарына сай  ұзын етек, ұзын жеңді киім киіп, басына орамал тағып баруы шарт. Қабір басында жылау, орынсыз сөйлеу және дауыс көтеруге тиым салынған.  Қабір басына құран бағыштағысы келсе шариғат талабына  сәйкес әйел ерін ертіп баруы керек. Егер  ер азамат бара алмайтын болса одан  рұқсат   алуы керек. Бұл заңдылықтар  тұрмыс құрған әйелдерге қатысты.

Енді киелі жерлерге баратын адамдарға қатысты мәселеге ойыссақ. Киелі жер дегеніміз Түкістандағы «Түбен баб», Отырардағы «Отыз баб», «Сайрандағы Сансыз баб» «Арыстан баб» жатқан жерлер. Мұндай киелі орындар,  әулие-әмбиелер жатқан кесенелер Жетісуда да жетерлік.  «Ескелді би», «Балпық би», «Көтен тәуіп» тағы басқа да әулиелер жатқан  киелі қорымдар бар. Оларға  адамдар жиі-жиі барып тәу  етіп жатады

 – Киелі орындарда зиярат ету тек Алланың ризалығын алу үшін жасалады. Бірінші киелі  мазарларға барғанда шариғат заңдылығын ескеріп дәрет алып, баратын мазарлары бойынша тарихи мағлұмат алып барған жөн. Киелі орындарға келген адамдар  Алладан рақым тілеп, пайғамдар (с.ғ.с.) сүннеті бойынша сәлем беріп, әдептілік көрсетіп кесене қорымға құран бағыштап, дұға етуі шарт.

Келесі киелі қорымдарда тиым салынған амалдар бар. Ол да  Қазақстан Діни басқармасының үндеуінде тайға таңба басқандай жазылған. Қабірде жатқан кісіге табынуға болмайды. Қабір басында намаз оқуға, құлшылық жасауға, оны айналып тәу етуге, кесене басында ұйықтауға, кесене маңында  дәрет сындыруға, ойнап-күлуге, әзілдеп-қылжақтауға  немесе қабірді  сипалап тәубе жасауға, шүберек байлауға, кесенені мешітке айналдыруға  тиым салынған. Жалпы ол жерде жатқан әруақтарды мазалап  от жағып, мал сойып, қан шығарып  ластауға енді жол берілмейді, – деді  «Qamqor Sharapat»  салттық қызмет көрсету орталығының Жетісу облысы бойынша ҚМДБ-гі тағайындаған директоры Ибрагимов Юсуп Мұратұлы.

Расында көптің көкейінде жүрген бұл сұрау туралы сан мәрте мақала жазғанбыз. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Жетісу өңіріндегі қара жолдың бойына қойылған белгі тастарды санап шығып  «Қазақстан қабірстанға айнала ма?»  деген  тақырыпта да ой қозғадық. «Ештен кеш жақсы» демекші, мазарлар басын тазартып, марқұмдарға қойылатын құлпытастар бірізділікке түссе, көптің көңілінде жүрген сауалдарға  жауап  табылар еді.

А. БҰЛҒАҚОВ.


ПІКІР ЖАЗУ