Отбасындағы әкенің орны неге ойсырады?

0
528

Бүгінгі қоғамда еркектің орны етекке түсіп, әйелдің орны әудем жерге кетіп қалғанын  көзі қарақты жанның бәрі пайымдайды. Біз бұл жерде  әйелді күстаналаудан аулақпыз.

Қыз балаға  болашақ ана деп қараған ұлтпыз. Құранның өзінде де еркекті әйелден бір саты жоғары қойған. Құранда: «Еркектерді биік қылып жараттық. Әйел еркектермен таласпасын. Олар несібесіне қанағат қылсын» дейді. Оны жоғары қылып жаратуының себебі табыс табушы еркек әр табысын отбасымен бөліп жеу керек. Ал егер өзін еркек ретінде сезінбесе, жарытып жұмыс істеп, табыс таба алмайды екен. Ал әйел еркектің беделінің жоғары болуына мүдделі. Еркек мал тапса, әйел бала табуға жаратылған. «Еркек көктен түскен жоқ,әйел оның анасы, әйел жерден шыққан жоқ, ол да еркектің баласы» деген тәмсіл осы сөзімізге дәлел. Кешегі кеңестік жүйеге, яғни «октябрь революциясы» үстемдік құрған кезеңнен бастап «әйел мен еркектің дәрежесін тең қыламыз» деген күн көсемнің бастамасы ұлттық құндылықтарымызбен салт-дәстүріміздің тамырына балта шапты. Отбасындағы әке тәрбиесі талмаурады. «Әйел – үйдің шегесі,   еркек – үйдің егесі»  деген есті сөз елеусіз қалды. Еркек кіндіктілердің ұсақталып кеткені сондай, үйдің егесі болу былай тұрсын, отбасына әмірі жүрмейтін күйге түсті. Әйелден аса алмай, үйдің де, түздің де тірлігін әйел шешіп, қазан-ошақ жағалап қалған еркектерден не қайыр, не үміт күтуге болады? Осындай отбасындағы ер балалар әкені көріп өскен соң ынжық, ертең үйлі-күйлі болғанда олар да сол әкенің кебінін киіп жүрмейді ме? «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілмей ме?» Сонда біздің ұлт болып ұйысып, ат құлағында ойнап, шариғат ілімімен «баланы жетіге дейін төбеңе көтер, жетіден мүшел жасқа дейін құлша жұмса, он үшке толған соң құрдасыңдай сырлас»  деген тағылымдық, тәлімдік тәрбиеміз қайда қалды? Ұл баланы жау-жүрек қып тәрбиелейтін, елдің қорғанына айналатын батыр да, балуан болуын тілеп, үлкендердің батасын алу үшін айлап, апталап жол жүріп, аузы дуалы  қариялардың алдынан өткізіп, батасын алып, шешендік өнерге баулып «болатын баланың белін буып»  топқа салған салиқалы тәрбиемізді қайта жаңғыртуға енді не кедергі болып тұр? Қазақ отбасындағы әке орны отбасынан басталып, балабақша білім ордаларында, білім жүйесінде неге дәріптелмейді? Отбасындағы әкенің орны айшықталмай, әйелге күні қараған еркектің кіндігінен өрбіген бала да батыл болып жарытпайды. Арғы тарихтағы бабалардың тәлім-тәрбиесін айтпағанның өзінде ұлт батыры Бауыржан Момышұлының ұлына айтқан ақыл-кеңестері қай әкеге де үлгі. Осы өсиетті қастерлі құрандай, бойдан тастамас бойтұмардай әрбір әке отбасында ұлына өсиет қып айтып, бала тәрбиелесе, құлағына құйып отырса құба-құп.

  1. Ердің екі сөйлегені – өлгені. Уәде бермеуге тырыс. Әйтпесе, сөзіңде тұр.
  2. Қысқа, нұсқа сөйле. Дауысың анық болсын.
  3. Көп тыңда. Аз сөйле. Сөзіңнің артынан ісіңмен үлгеруге жаныңды сал.
  4. Өсек айтылатын жерде болма. Кездейсоқ болған жағдайда қосылма. Кесіп тастауға тырыс
  5. Таспен атқанды аспен ат – жеңесің! Содан кейін алшақ жүр.
  6. Ренжітпе! Жүйелі қарғыс иесін табады.
  7. Ешқашан мақтанба! Жұрт мақтасын.
  8. Өзіңді сыйла. Өзгелер сыйласын.
  9. Күнде өзіңе есеп бер. Өзіңді тәрбиелей бер.
  10. Құмар ойын – әлсіздің әлегі. Мықтының рухы биік, денесі шымыр.
  11. Үйретері мол мықтылардан ұстаздарың болсын. Бірақ, ешкімді пір тұтпа.
  12. Сыйлағанның құлы бол. Кішірею төмендеу емес.
  13. Ең алдымен өзіңе өзіңнің көңілің толатындай өмір сүр.
  14. Саяхатта. Дүниетанымыңның аясы кеңейеді.
  15. Қайтарымынан үмітті болсаң, жақсылық жасама.
  16. Жүйкең әлі талай қажет болады. Болмашыға тоздырма. Шешуші сәттерге бапта.
  17. Бойжеткеннің көңілін оңай жаулап, онымен болғаныңа шаттанып, сөз қылма. Ерлік емес!
  18. Уайымға салынудан алшақ бол. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылда. Тез шешім қабылда.

Тәуекел түбі жел қайық жүзесің де өтесің. Уайым түбі тұңғиық батасың да кетесің.

  1. Уәзірі мықтының тірлігі жеңіл. Мықтысын таңда!
  2. Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды.
  3. Мүмкін нәтижелерін елестетіп көр. Нәтижесі ұнамаса, келіспе.
  4. Өкпелеме. Өш алма. Санасына бер. Аллаға тапсыр!
  5. Қыран құстай қырағы бол. Өзгелерді өзіңдей көрме.
  6. Пенденің пендеден айырмашылығы адамгершілігі мен білімінде. Таны, оқы!
  7. Өнер үйрен. Мамандығыңда мықтысы бол.
  8. Жер қозғалмаса қозғалмайтын сабырлы зіл бол.
  9. Өміріңнің сапасына тек сен жауаптысың
  10. Жалғыз апаңа (әпкеңе) қорған бол. Тұрмыста болса да, өз күйеуі – қорғаны бар деме. Сенің орның тым бөлек.

29.Үйленуге асықпа. Жар таңдаудан жаңылма.

  1. Ұрпақ тәрбиесі елу пайыз сенің мойыныңда. Ұлың өзіңнен озатын болсын! Қызың саған қарап серігін тауып бақытты болсын.
  2. Ердің аз міндеттерінің бірі отбасын асырау. Саған сенгендерге ешнәрседен таршылық көрсетпе.
  3. Барлық жақсы қасиеттің діңгегі әдептілік. Барлық жақсыны әдептің үстіне орнат.
  4. Кім қанша төмен түссе де, сен өзі биігіңде қал
  5. Мықты болсаң, әйелге барып дәлелде! Балаларыңның анасын бақытты етіп өт. Жарыңның саған риза болып өткені – ұлы мадақ. Осы 34-тәмсілді жаттап, жадына түйген әке де, бала да дәстүрлі тәрбиеден сабақ алмай ма? «Тар жол, тайғақ кешулерден өткен» аштықты, тоқтықты көрген ұрпақтың сабақтастарымыз. Жетімдікті, жесірлікті көрген әке-апаларымыздың көрген азып-тозғанын біз көрген жоқпыз. Құдай көрсетпей-ақ қойсын. Алыстан мысал іздемей-ақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өндіріс орындарының бәрі жабылып, жекешелендіру дәуірі жүрген кезеңде кебек жеп күнелткен күндеріміз де, қиындықтың шеберінде қалғанымыз да «жоқшылық не жегізбейді, тоқшылық не дегізбейді» деген мақалдың мән-мағынасын сезінгенбіз. «Бай мен кедей болып екіге жарылған бүгінгі қоғамда, әкелердің әлсіреуі сол кезеңнен басталған. Оған дейін де шекесі шылқып тұрмаған еді. Қала тұрмақ ауылдағылардың бәрі жынды сумен қайғы-шерін тарқатып жүрген-ді. Еркек түгіл әйелде құмырадағы жынмен жолдас болды. Мұндай отбасында қайдағы тәлім-тәрбие болсын? Бүгінгі екінің бірі ажырасып жатқан отбасындағы ахуалды сұрасаң жұмыссыздықты сылтауратады. Еркек кіндіктілер ауырлықты арқалағысы келмейді. Әйелдер ердің ездігін айтады. Тағыда сол Бауыржан Момышұлының жазбаларынан мысал келтірсек: «Менің әкем бай да болған жоқ, кедей де болған жоқ. Әкемнің тірі кезінде мен талай рет ашықтым да, жалаңаяқ, жалаңбас  жүрген  кездерім  де болды.Әкем сараң кісі емес еді. Мен оның 54 жасында көрген жалғыз ұл баласы едім. Әсіресе, біздің қазақ жалғызынан несін аяйды… Әкем мені еркелетіп өсірген жоқ. Әрине, қолынан келгенше шамасына қарап тарылтқан жоқ. Есептеп беріп, есептеп алып отырды ол кісі.Мен Жамбылда оқып жүрген кезім еді. Әкем базарға екі қой айдап келіп әрқайсысын алты сомнан сатты. Менің киімім тозған еді. Үбианның да, Әлиманның да (менің үлкен апаларым), жеңешеңнің де (менің өгей шешем) киімдері тозып, жұпыланып отыр деді әкем.

– Ал екеуміз ақылдасып, мына он екі сомды қарыштайықшы.Билік сенде болсын, – деп күлімсіреп маған қарады да,

 – Ал алдымен кім үшін қарыштаймыз? – деп сұрады менен. – Алдымен үйге қарышталық! – дедім мен.

– Біз – үйдегі, сен түздегі адамсың ғой, қарағым! – деді әкем тағы да жылысырап, – алдымен сен керегіңді алғын, қарағым!

– Маған… Маған… – дедім мен сасқалақтап не айтарымды білместен.

– Маған еш нәрсенің керегі жоқ. – Саған еш нәрсенің керегі жоқ, – деп әкем мырс етіп күлді де, – біз үйдегілерміз, сен түздегісің, – деп қайталады. – Жоқ, шынында маған ештеңе керек емес!

– Тұра тұр, балам, сабыр ет! Күз өтіп, қыс түсіп келеді. Саған жылы тужурка керек. Ол – бір! Үстіңде бірақ ішкі киімің бар. Моншаға барғанда…

– Иә, моншаға барғанда ауыстыратын ішкі нәрсем жоқ.

Басқа балалардікі бар, – деп даусым дірілдеп,

– Менің шұлғауым да жоқ… Мұрнымды сүртетін орамал да жоқ, – деп жылап жібердім.

 – Ай, балам! Сені бұндай боса деп ойламаушы едім. Бұның не, қарағым?..Бұрын неге айтпадың?

Мен ұялып төмен қарадым. – Ал екеуміз де бір үйдің еркектеріміз. Алдымен шайханаға барып шай ішіп алалық та, одан кейін ақылдасып барымызды қарыштайық, – деп әкем қолымнан жетектеп шайханаға ертіп барды.Одан кейін магазиндерді араладық. Керек-жарақтарымызды алдық.

«Бай болып көргенім жоқ, кедей болып өлгенім жоқ» дейді қазақ біз сияқтыны, қарағым! – деді әкем қоштасып тұрып.

– Барына шүкір етелік… Ақшада тіл жоқ, қайда жұмсасаң сонда кете береді… Біз сияқты адамдарға бір тиын – маңдай тері. Мә, саған тағы да 25 тиын. Керегіңе орынды жаратып жұмсауға тырыс, шырағым… Әкем кетті. Мен қалдым»  – дейді.

Міне, қазақ отбасындағы әкенің орны қандай болғанын көріңіз. Ал, қазір қазақ отбасындағы «отағасы» дәрежесі жоғалған, жойылған. Қанағатшылдық, үнемшілдік деген ұғымды біреу білсе, біреу білмейді. Отбасындағы ер баланың ұлтжанды, бауырмал, «отқа күйіп, суыққа тоңып» әке тәрбиесін ұштастырып жүргендер некен-саяқ. Керісінше, әкесіне қол көтеріп, қызы шешесінің шашын  жұлып, қарттар үйіне өткізіп жібергендердің балаларының көбі жоғары білімді әрі үлкен қызметте жүргендерін білеміз. Бұл азаматтардың ата-аналарын мұндай күйге түсіруіне кім кінәлі?  Әрине, ата-анасы кінәлі!… Бала тұрмақ, темірдің де жасық, асыл түрі болады. «Жасық пышақ қол кеседі, алмас қап түбінде жатса да шірімейді»  дейтіні сондықтан. Баланың бойындағы жақсы-жаман қасиеттер сүтпен, қанмен және тәлім-тәрбиемен ұштасады. «Баланың жақсы, не жаман аты шықса да ол кімнің баласы еді?» деп тегін сұрап жатады. Абайдың: «Жақсыдан жаман туады, бір ауыз сөзге алғысыз, Жаманнан жақсы туады адам айтса нанғызсыз» дейтін тәмсілі бар. Бала тәрбиесіне қатысты кешегі даланың би-шешендерінің небір пайымды, парасатты сөздерін мысалға келтіруге болады. Өткенің тарихын айтсаң заңы қалаға жүрмейді – дейтіндер де бар. Бұл өте қате ұғым. Түп  тамырыңдағы тағылымды ұштастыра білген адам, отбасындағы тәрбиеге немқұрайлы қарамайды. Тыңдамайтын, ұқпайтын бала жоқ, тыңдата алмаған әке жауапты. Шыбықты солқылдап тұрған шағында дұрыс баптап өсірсең, ол түзу өскен терекке айналады. Бар гәп, баланы еңбектеп, ес кіре бастаған сәттен ұл балаға әке, қыз балаға ана жауапты болуы тиіс. Ұлттық құндылықтармен уызданып өспеген бала, дүбараға айналады. Ол үшін әкенің өзі дәстүрлі қағидаларға қанық болып, соны бала бойына сіңіре білуі керек. Ұлттық тәлім-тәрбие – дәстүрлі сабақтастықта жатыр. Қай дәуір  болсын дәстүріңді ұштастыра білсең  ұтасың. Ер бала әкеге, қыз бала анаға қарап бой түзейді, «әкелі бала сомжүрек, әкесіз бала сужүрек» деген аталы сөздің мағынасында үлкен астар жатыр. Әкенің тәрбиесін алмай, ананың тәрбиесімен өскен баланың бір дүниесі кем болып тұрады. Қанша айтқанмен ана мейрімділікті қалайды, ал әке өжеттікке баулиды. Өкінішке орай, бүгінгі қоғамда әйелінің ықпалынан шыға алмайтын, әлжуаз еркектер көп. Мен түздемін, бала-шағаның тәрбиесі сенің мойныңда деп әйелге жүктеп қойып жүрген еркектер, баласының қандай  тәлім-тәрбие алып жатқанын, қандай ортада жүргенін бағамдамағандықтан бармақтарын шайнап жүрген жоқ па? Әйелге тәуелді болу еркектің соры. Ондай әкені көріп өскен баладан батылдық күтпей-ақ қойыңыз. Ақылды әйел бала-шағасының алдында еркектің туын жықпайды. «Жаман еркек, жаман әйел» қайдан шығады. Оны да халық мақалдарынан екшеп көріңіз. «Жақсы әйел жаман еркекті адам етеді, жаман әйел жақты еркекті надан етеді»  дейтін аталы сөзді қазақ бекер айтпаған. Отағасын қадірлеген жақсы әйел, ерінің ерсі қылығын жасырып, бос-белбеулігін балаларының көзінше бетіне баспай, қандай шаруа болсын «әкелеріңмен ақылдасайық», «ол кісі не айтса сол болады»  деп  отбасындағы әкенің рөлін жоғары көтеріп отырса, өскелең балада сол тәрбиеге мойынсұнады. Отбасындағы әкенің орнын бағалап өседі. Әкені бала қорған санайды. Қорғансыз бала қорқақ болып өседі. Әке – баланың қорғаны. «Бір бала бар әкеден өте туады. Бір бала бар әкеге жете туады. Бір бала бар кері кете туады» деп  бабаларымыз бекер баға бермеген. Отбасындағы әкенің орны ойсырап тұрғанын еркектердің босаңдығынан көрмеске шара жоқ. Моншада бір азаматтың ұялы байланыс арқылы  жолдасына  ақыл  айтып  отырғанын құлағым шалды. Шамасы отбасында жиі жанжалдасып, бір ажырасып, бір қосылып жүрген азамат болса керек. Жаңа жылда жора-жолдастары қайта табыстырған сыңайлы. Отбасына қайта оралған еркек  моншада жүрген досына қоңырау  шалып, әйелімен болған ескі даудың қоламтасын қоздатып, әйеліне өкпе-ренішін  жолдасына баяндап жатқан болуы керек. Жолдасы болса: «ескі дауды қопарып нең бар, өткенді ұмытып, бала-шағының үрейін алмай, жаңаша өмір бастап, әке ұқсап барларыңмен сырласып тыныш өмір сүрсеңші. Балалар жат болып кетеді ғой, қашанғы саған ақыл айтамыз, қырыққа келіп қалдың, балаларыңа ие болсаңшы, аузыңды тыйсаңшы», – деді. Ойланып қалдым. Қырыққа таяғанша отбасына ие бола алмай жүрген еркек, қайтіп бала тәрбиелейді. Бұл әкеден балалары қандай тәлім алады, бабаларымыз айтқандай, әкесінен асып туса жақсы, кері кетіп жүрсе әкенің тәрбиесі дейміз бе, қайтеміз? Мұндай отбасылар қоғамда миллиондап кездеседі. Екеуі екі жақта жүрген отбасылар баланы саудаға салып, әкесіне көрсетпей алып қашатын ажырасушыларда бар. «Әке асқар тау, ана бауырындағы бұлақ, бала жағасындағы құрақ» болса, бала тәрбиесі отбасының бір тұтастығы мығым болса, отағасының орны ойсырамай, ұл баланы ұлтжанды болып өсуге баулыса, ол әкеге де, тапқан анаға да зор абырой емес пе? Ал, бүгінгі қоғамда отбасындағы орнын жоғалтып алған еркектерді қай санатқа қосамыз?…

А. БҰЛҒАҚОВ.

 


ПІКІР ЖАЗУ