Тірі анасын өлді деп жерлеуге ақша сұраған

0
257

Алаяқтардан айла артылмай тұр. Дүние мүлкіңді жымқырғанымен қоймай, аузыңды аңқитып «банк картаңыздағы», тіпті банктегі салымыңызды үптеп кетеді. Алдаудың, арбаудың торына түскендер сан соғып, құзырлы органдарға жүгінгенімен, әлгі еңбекақыны, тапқан жыйған тергеніңізді алдап алып кеткен алаяқтардың бәрін бірдей темір торға тоғыта алмай жүр. Себеп, бұл алаяқтарың шекараның арғы бетінде немесе темір торда жатып, жымысқы әрекеттерін жалғастыра береді екен. Одан бөлек, дүние-мүлкіңе көз алартып, тапайдың тал-түсінде үйіңізге түскен ұрыларда есеп жоқ.

«Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жан қинамай заңсыз әрекеттерге барып жүрген алаяқтар банк саласы бойынша «несие әперемін, пәтер,  қытайдан тауар  жеткізіп береміз» деп «қарғаның аузындағы ірімшігін» алдап алғандай «маңғыт аузыңа саңғыт»  деп қараша халықты зар жылатып жүр. Тауар  жеткізіп берем деген соң, құдайдай сеніп, несие алып едік деп қарғанып-сіленген саудагерлер көгілдір экранның бетін берер емес. Жіп ұшынан жалғасқандай, іздерін «құйрығымен жасырған айлакерлер» сан түрлі саладағы көптеген заңсыз іс-әрекеттерді қамтиды. Алаяқ айлакерлердің тәсілдері сағат сайын жаңарып, енді алданбаспын деген талай жанның сан соғып қалғандарын айтуда. Полиция өкілдері де адамдардың өз-өзіне өте қырағы болуын ұдайы айтып келеді. Мәселен, өткен жылы алаяқтар республика бойынша тұрғындарды 97 миллиард теңгеге жуық шығынға ұшыратқан. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында ҚР Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде «Алаяқтық» бабы бойынша 40,8 мың қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,6 пайызға  артқан. «Kazinform» бұл туралы «Finprom-ға» сілтеме жасап хабарлаған болатын. Алдаудың-арбаудың ең асқынған дәрежесі  құқық бұзушылықтардың жартысына жуығы интернет-алаяқтыққа қатысты болған. Мысалы, 19,9 мың жағдай, жылдық өсім – 5,8%. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізімінде төлем карталарын пайдалана отырып (267 жағдай) несие  беру саласында (53) ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен (41) және тағы басқа  алаяқтық әрекеттер тіркелген. Ұялы байланыс арқылы адамдардың сеніміне кіре отырып алаяқтық әрекеттерге барғандардың ең көбі Алматы қаласында тіркеліпті. Онда, 8,5 мың жағдай тіркеліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға азайған.  Астанада (6,5 мың, 8,9%) және Қарағанды облысы (3,3 мың, 24,9%), Ұлытауда (397 — алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,1 есе көп), Қызылорда (615 жағдай,  0,8%) және Жамбыл (80,6,  2,3%) облыстарында тіркеліпті. 2023 жылдың он бір айының қорытындысы бойынша алаяқтық құқық бұзушылық жолымен келтірілген залалдың белгіленген мөлшері 96,5 млрд. теңгені құраған.  Әлеуметтік желіні қарап отырып, 2023 жылы отандастарымызды сан соқтырған алаяқтық түрлеріне қатысты Аlmaty.tv тілшісінің, Zakon.kz сайтындағы сілтемесіне көзіміз түсті. Жылма-жыл интернет-алаяқтық түрлерінің өсіп келе жатқанын айтып, көзі ашық деген адамдардың өзі  алаяқтардың құрбанына айналғанын хабарлайды. Әлгі баукеспе ұры-қарылар банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының атын жамылған зиянды вирустары бар сілтемелер, туысқандар атынан телефон соғып үрейлерін ұшырған қоңыраулармен заңсыз әрекеттерге барған интернет-алаяқтықтары мен лас істерін жүзеге асырған.  Ақпарат құралдары мен полиция өкілдерінің дабыл қағуынан хабардар болған көптеген тұрғындар алаяқтардың арбауынан аман қалғаны сайтта жазылған. Қулықтарына құрық бойламайтын алаяқтар қайырымдық жасаушылардың  образына еніп, ауру балаларға деп ақша жинапты. Жылжымайтын мүлік саласында да алаяқтар толып жүр. Торға түскендері бар, түспей әрекеттерін жалғастырып жүргендері қаншама? Мәселен, Алматы облысының полицейлері «1985 жылы» К есімді әйелді тұтқындаған болатын. Әлгі алаяқ әйел тұрғын үйді жалға алып, қылмысқа барған. Тергеу кезінде алаяқ әйелдің бұрында істі болғаны анықталған. «Дәніккенен құныққан жаман» — демекші, тепсе темір үзетін тағы бір 30-жасар азамат шетелде тіркелген көлікті заңдастырып берем деп сенімге кірген. Адамдардан алдын-ала ақша аудартып  алдап кеткен.  Ақша үшін абыройын сатудан арланбайтындар, тірі анасын өлді деп жерлеуге ақша сұрап, тағы бір досынан соғымға деп жылқысын сұрап алып ақшасын төлемей кетсе, үшінші бір адамнан емделуге ақша алып, көзден ғайып болған. Бұл оқиға Жетісу облысы, Үштөбе  қаласында болған. Полицейлер қолына түскен азамат  Алматы облысының тұрғыны, Үштөбе қаласында жұмыс істегені белгілі болған. «Алаяқтардың құрбандары әртүрлі жастағы және кәсіптегі адамдар, соның ішінде қаржылық операцияларда тәжірибесі бар адамдар, кәсіпкерлер мен қаржыгерлер болуы мүмкін» — дейді, полиция өкілдері. Себебі, алаяқтықтың түрлі тәсілін қолданатын ұры-қарылардың айла шарғылары күн санап шарықтап барады. Аляқтықтың тағы бір түрі емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін алуға болатынын айтып иландырады екен. Ішкі істер министрлігі бір жыл ішінде алаяқтардың 43 миллионнан астам қоңырауын бұғаттаса, Қазақстанда соңғы жеті жылда интернет алаяқтық саны 10 есеге, яғни екі мыңнан 20 мыңға дейін өскен. Өткен жылдың өзінде интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд. теңгеден астам шығын келтірді, деп хабарлады ІІМ-нің баспасөз қызметі. Интернет желісі арқылы ең жиі кездесетін алдау-арбау түрімен «жоқ» тауарларды сату кезінде алдын ала төлем алу бойынша 7000 факті тіркелсе, екінші орында — банк қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңыраулар (2500), үшінші орында – онлайн-қарыздарды ресімдеуде 2000 факті тіркеліпті. Өткен жылы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде үш мыңнан астам интернет алаяқтық жасаған 828 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылса, қыркүйек айында Өскеменде 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісіне қатысы бар үш күдікті ұсталған. Олардан ұялы телефондар, ноутбуктер тәркіленіп, жалпы келтірілген шығын 80 млн. теңгені құрағаны айтылады. Алматы облысының ішкі істер департаментінің баспасөз өкілдерінің берген мәліметінде: «өткен жылы 2618 факті тіркеліп, оның ішінде интернет-алаяқтығына қатысты 1150 күдікті өздерін банк қызметкерімін деп таныстырған — (60%), дөңгелектер, OLX және т.б алаяқтық — 10%, инвестиция — 20% болса, жалпы алаяқтық бойынша 600 000 теңге шығын келтірілген. Ал, Жетісу өңіріндегі жедел жағдай қылмыстардың жалпы тіркелуінің 20,9%-ға төмендеуімен сипатталады. Алаяқтық, соның ішінде интернет-алаяқтыққа қабылданған алдын алу шараларына байланысты қылмыстың күрт өсуіне жол бермеді» — дейді, ішкі істер департаментінің баспасөз өкілінің бізге берген мәліметінде. 2023 жылдың 12 айында 987 факті тіркеліп, олардың өсімі 7,9%-ды құраған. Қылмыстың бұл түрін ашу көрсеткіші 8,2 пайызға жақсарып, алдыңғы жылмен салыстырғанда интернет-алаяқтық 22,9%-ға (548) көп тіркелсе, олардың ашылу көрсеткіші 3,9%-ға жеткен. Тіркелген интернет-алаяқтықтың ең көп саны Талдықорған қаласында орын алған. Тауарлар қызметтері үшін төлемдер мен алдын ала төлемдер – 177, несиені онлайн өңдеу – 110, жобаларға тиімді инвестиция – 12, ашық көздерден дербес деректерді алу – 140 болса, алаяқтық фактілерінің тіркелуінің бір себебі эпизодтық қылмыстық істердің ашылуына қатысты өткен жылы 119 эпизод бойынша 29 қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданған. Бұл қылмыстардың қатарында күдіктілердің (екеуі) мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер алып береміз деген желеумен 13 жәбірленушіні алдаса, тағы бір күдікті мүгедектігі бойынша жәрдемақыға жәрдемдесемін деп 10 жәбірленушіні алдап, сан соқтырса, алдап-арбаумен айналысқан күдіктінің бірі, жеңілдетілген несие алып берем деп сенімге кіріп 8 адамды алдаудың торына түсірген. Алаяқтардың жолын кесу үшін Жетісу облысының полиция қызметкерлері алаяқтық  қылмыстары  үшін 161 қылмыскерді ұстаған. Олардың 98-і ер, 62-сі әйел, оның ішінде 4 қылмыстық топты әшкерелеген. Әлем назарын өздеріне аударып отырған интернет алаяқтарының қылмыстары сағат сайын, тіпті секунд сайын адам ойына кірмейтін тәсілдерге көшкен. Ұялы телефоныңызға қоңырау түсіп, жақындарыңыз қылмыспен шатылды не болмаса, банк карточкаңыз арқылы біреу несие алайын деп жатыр деген жалған қоңырау түссе алданып қалмаңыз.  Мұндай жағдайда дереу ішкі істер органдарына немесе банк жүйесіне хабарласып, мән жайды анықтап алмай, алаяқтардың арбауына түсіп қалуыңыз бек мүмкін….

        Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ