ҚОНАЕВҚА ҚҰРМЕТ

0
316

12 қаңтар – қазақтың аты өшпес өр тұлғасы, қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Осы күнге орай еліміздің  әр өңірінде түрлі шаралар өткізу дәстүрге айналған. Қоғам қайраткерінің туғанына 112 жыл толуына орай Талдықорған қаласындағы  Д. Қонаев ескерткіш мүсіні  алдында  еске алу шарасы өтті.

Жиынға жиналған  көпшілік Дінмұхамед Ахметұлының ескерткіш мүсініне гүл шоқтарын қойып, елі үшін тер төккен тұлғаның еңбегі мен өнегелі істері жайлы тебірене еске алды. Атап айтсақ,  ардагер журналист Болат Бисұлтанұлы, «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» қоғамдық Қорының төрағасы Қадіржан Кенжебайұлы, Талдықорған  қалалық мәслихатының  төрағасы Т. Ахажан.

«Дана халықтың дара перзенті, иісі Алаштың пір тұтар тұлғасы Дінмұхамед Қонаев — ел үшін туған ер еді. Дінмұхамед Қонаев ел үшін қызмет етіп, аянбай тер төкті.   Қазақтың ұлттық санасының өсуіне, еңсесі көтеріліп, ұлт ретінде ұйыса түсуіне Дінмұхамед Ахметұлы ерекше үлес қосты. Халқымыздың біртуар азаматы Д.Қонаевтың есімі жылдар өтсе де, әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жарлығымен Қапшағай қаласына Д. Қонаев есімін беру  осыныңа айқын дәлелі», – деді Талдықорған  қалалық мәслихатының  төрағасы Т. Ахажан.

Мұнан кейін «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев» қоғамдық Қорының төрағасы Қадіржан Кенжебайұлы да қоғам қайраткері туралы жүрекжарды ойын ортаға салды.

Ескерткіш алдына жиналған қауым арасында Дінмұхамед Ахметұлының қарапайымдылығын сөз еткен жандар аз болмады. Елінің болашағына маңдай терін төгіп еңбек еткен ердің аты ел жадында мәңгілікке сақталады.

Гүлнұр ЕРМҰХАНҚЫЗЫ


ПІКІР ЖАЗУ