СҮТ ӨҢДЕУ ЦЕХЫН АШТЫ

0
305

Панфилов ауданына қарасты Кішішыған ауылында   жас кәсіпкер Назерке Қуанышқызы өзінің жеке цехын ашты. Тәулігіне 700 литрге дейін сүт қабылдайтын цехта «NK» белгісімен шығарылатын 7 түрлі сүт тағамдары қазір берісі Жаркенттің, арысы Алматының  сауда желілерінде саудаланады. Бұл туралы  Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызмет хабарлады. 

Абай Ибраимов пен Назерке Қуанышқызы екі бала тәрбиелеп отырған жас отбасы. Олар экологиялық таза азық-түлік шығаратын шағын отбасылық кәсіп бастауды жуырда қолға алған.

«Өзім туристік салада жұмыс істеймін. Жұбайым әке-шешемнің, балаларымның күтімімен үйде. Бір жағынан жұбайыма үйде отырып жасайтын кәсіп болса деген оймен, екіншіден балаларымыздың түрлі зиянды қоспалары бар тағамдарға әуес бола бастағанына алаңдап, таза өнім шығарсақ деп шештік. Балалардың денсаулығы біз үшін ерекше маңызды. Қазір олар өз цехымызда өндірілген тағамдарды сүйсініп жейді. Цехтағы барлық шаруаға Назеркенің өзі жетекшілік етіп, жүргізеді, мен көмек қажет кезде тиісті жәрдемімді жасап тұрамын», — дейді отағасы Абай Ибраимов.

Назерке Қуанышқызы алғашында  10 литр сүтті өңдеп, өнім жасаудан бастағанын, кейін 30 литрге жеткізгенін, бара-бара одан да көп көлемді өңдеуге болатынын біліп, арнайы цех ашқанын айтады. Сөйтіп, бүгінде үйдің жанынан арнайы тұрғызылған 40 шаршы метрлік шағын ғимаратта сүт тартатын сепараторлар, тоңазытқыштар, құрт кептіретін аппараттар орнатылып, іс ретімен дөңгелене бастаған.

«Күніне 500-700 литр сүт қабылданады. Сүтті Жаркент қаласының және Алматы облысы Шарын ауылының жеке шаруашылықтары жеткізеді, ал шикізат мұнда ветеринар мамандардың анықтамасының негізінде, сол сияқты сүттің майлылығын өлшейтін арнайы құрылғымен тексеру арқылы қабылданады. Орта есеппен тәулігіне 25 кг кілегей, 25 кг құрт, 15 литр айран, 5 кг ірімшік, 5 кг сүзбе, 3 кг сары май жасалады. Оған қоса тапсырыс бойынша жент те дайындалады. «NK» белгісімен шығарылатын тауарларымыз Алматы қаласындағы 4 сауда орталығында және Жаркент қаласындағы 7 сауда желі дүкендерінде сатылады. Нарықта жайлап өз тұтынушыларымызды таба бастадық»,  – дейді Н. Қуанышқызы.

Қазір цехта 10-ға жуық жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылып отыр. Болашақта цехтың іргесін кеңейтіп, қосымша құрылғылар сатып алып, өнім көлемін арттыруға ниетті.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»

 


ПІКІР ЖАЗУ