«Бағамды сыншылар емес, көрермен берсе…»
Жәнібек ӘЛІКЕН – театрға, актерлік өнерге ғашық жан. Айтуынша, жазған дүниеңнің кейіпкерлері бірден тіріліп, сахнада жанды бейнеге айналса, сол арқылы көрермендерге түрлі көңіл-күй сыйлай алсаң, ол автор үшін үлкен қуаныш екен. Тіпті шығармаға әр режиссердің әр қырынан келіп, өзінше талқылап, өз түйсігімен түйсінуі де – қызықты құбылыс. Оған драматургия осындай қырларымен ұнайды.
Ақпан айының 22 мен 23 күндері Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында драматургтің «Қазақтың тойы бітпесін» атты қойылымының премьерасы сахналанады. Осыған орай пьеса авторымен байланысқа шығып, сұқбаттасқан едік.
АЛАТАУ: – Жәнібек мырза, бір сұхбатыңызда: «Драматургия маған драматург деген ат берді. Оған лайық болсам да, болмасам да қазір өзімді драматург сезінемін» депсіз. Мына жауабыңыздан түрлі ой туындайды екен… Өзіңіздің ісіңізге көңіліңіз толмайтын сыңайлы ма, қалай?
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Драматургия саласы болсын, басқа да жасап жатқан істеріме ешқашан көңілім толмай келеді. Бұл ақылды болып яки үнемі ізденісте жүрген адам ретінде көрінейін деп ой қалдыру үшін айтылған дүние емес. Расымен де ешқашан өзіме көңілім толған емес. Мені құртатын да осы шығар. Алғашқы жазған дүнием Ғ.Мүсірепов сахнасында сахналанғанда да, екінші жазбам да іле-шала осы театрда қойылғанда да мен өзімді ұзақ уақыт бойы драматург ретінде сезіне алмадым. Іштей өзімді жолы болған адам ретінде таныдым. Тек кейін ғана айта-айта құлақ үйренгеннен соң өзімді драматург ретінде сезінетін болдым.
АЛАТАУ: – Дей тұрғанмен бірнеше пьеса жаздыңыз. Атап айтсақ, «Құпия», «Үнсіздік», «Сиқырлы терезе», «Күйеу бала» тағы басқа сынды. Бұл қойылымдар еліміздің әр өңіріндегі театрларда қойылып келеді. Айтыңызшы, сіз үшін пьеса жазу деген не? Драмтургия әлеміне қалай келдіңіз?
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Мен үшін драматургия өзімнің ойымды, жан-дүниемді, ішкі бұлқынысымды қоғамға жеткізудің жалғыз жолы секілді. Ал бұл арнаға қалай келдім? Алғашқыда киноға сценарий жазып жүрдім. Одан кейін мұны білетін таныс режиссердің «балаларға арнап жазып көрсек қалай болады» деген тапсырысымен жазып көрген едім. Алайда бұл жазбам көпшіліктің көңілінен шықты. Драматургия әлеміне осылай келген едім.
АЛАТАУ: – Өз премьераларыңызда жүрегіңіз аузыңызға тығылардай қатты қобалжып отыратыныңызды, көрерменге ұнамай қалмаса екен деп қорқатыныңызды, спектакль барысында сахнаға емес, көрермендерге қарайтыныңызды айтыпсыз. Бұл сөздеріңіз көрермендер үшін жұмыс істейтініңізді айқындайтындай. Сіз үшін көрермен пікірі бәрінен жоғары болғаны ғой сонда…
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Мен көрермен үшін жазамын, көрерменге ұнауға тырысамын. Мен үшін көрерменнің пікірі маңызды, маған берілетін бағаның төресі де көрермен пікірі болып қала береді. Өткізіліп жататын түрлі бәйгелерге қатысудан өзімді аулақ ұстаймын. Менің бағамды сыншылар емес, көрермен берсе екен деймін. Бұл айтқаным дұрыс па, бұрыс па білмедім. Солай… Жалпы халыққа не ұнайды, неге шөлдеп жүр деген сауал төңірегіне үңіліп, соны тап басып жазғым келеді. Мұның өзі, бәлкім менің мамандығымның маркетолог болғаннан кейін шығар деп топшылаймын.
АЛАТАУ: – «Театр – синтездік өнер болғасын, драматург сол театрмен біте қайнасып, қойылатын спектакльдің бір бөлшегі болып, оқылымына қатысып, дайындық жұмыстарында бірге жүрсе, әрі сапалы спектакль туар еді, әрі драматург үшін де үлкен мектеп болар еді. Ол сол процестен өтсе, келесі шығармасын жазғанда іс-қимыл мен актерге, сахнаға лайықтап жаза бастайтыны анық. Бірақ, мұны істеп жатқан режиссерді көрмедім, дайын дүниені алады да, премьераға бірақ шақырады» депсіз. Шынында да солай ма?
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Әлі де солай… Бәлкім режиссер де драматургтің желкесінен қадалып қарап тұрғанын жақтырмайтын болар. Өзінің ішкі «кухнясын» ешкімге көрсеткісі келмейтін де шығар, білмеймін. Бірақ, расымен де ешбір режиссер драматургпен біте қайнасып жұмыс істемейді. Енді, бұл жас драматургтерге, яғни, жаңадан пьеса жазып, жаңадан драматургияға қадам басып жүрген драматургтерге өте керек, қажетті дүние дер едім. Өйткені олар сөзді жаза берсем, ананы былай сөйлетсем, соның бәрі пьеса деп ойлап қалуы мүмкін ғой. Ал ол әрекетке қалай түсетін процесті білмеуі мүмкін. Сондықтан дайындық кезеңіне барып бастан-аяқ қатысып жүрсе, олардан мықты драматург шығатын еді…
АЛАТАУ: – Ақпанның 22 мен 23 күндері Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театрында «Қазақтың тойы бітпесін» атты қойылымыңыздың премьерасы өтпекші. Осы туралы кеңірек айтып берсеңіз?
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Бұл қойылым қалай дүниеге келді? Бір кездері қазақ қызының қытай жігітіне тұрмысқа шығып, соны әкесі атып тастаған туралы шулы оқиға орын алды. Мұны көпшілік естіп-білуі де мүмкін. Бұл жайлы жазушы Қанат Әбілқайыр әңгіме етіп те жазды. Мен де осыларды естіген соң әрі әңгімені оқығаннан кейін ішкі толғаныстан жаздым. Мұндағы басты мәселе қызда емес, мәселе сол қызға қамқорлық таныта алмаған, ие бола алмаған қазақтың жігіттеріне, өзімізге көңілім толмағандықтан, қарын ашқандықтан туған дүние болатын. Әйтпесе, біздің заң бойынша кім-кімге тұрмысқа шығамын десе де ерік өздерінде ғой. Дегенмен, мұның түпкі мәнінде заңнан да биік ұлттық ұстаным деген дүние болуы керек қой. Міне, соған бір алаңдап жазылған шығарма болды. Бұл жерде мен ешкімді кінәлай алмаймын, кінәнің бәрі қазақтың жігіттерінде… Осы қойылымды Астананың «Жастар театры», талантты режиссер, актер бауырым Дәурен Серғазин қойды. Көңілімнен шықты, менің айтпақ болғандарым сахнадан көрініс тапты. Енді міне, өнер саласында өзіндік соқпағы бар бауырым Данияр Базарқұлов осы қойылымды сахналағалы жатқанына бек қуаныштымын. Мен үшін бұл дүниеге Данияр өзінің қандай идеясын қосты, қалай болар екен деген дүние қызық болып тұр.
АЛАТАУ: – Мұны сахнаға шығарғалы отырған режиссер өзіңіз айтқандай, дайын дүниеңізді ала салып, Сізді премьераға бірақ шақырып жатпаған болар?
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Данияр Базарқұлов екеуміз бұрыннан доспыз. Екеуміз өнер, өмір туралы ұзақ уақыттар бойы сөйлесіп, бір-бірімізді ұғынысқан жандармыз. Бұл жолы мен Даниярға толықтай сендім. Оның үстіне бірнеше спектаклім сахналанып, сөз әрекетке қалай ауысатынын көрген драматургпін. Сондықтан маған аса бір қажеттілік жоқ, бұл – жас драматургтерге қатысты болса ғой деген ниет еді.
АЛАТАУ: – Бір сөзіңізде: «Пьеса заман лебін тудыруы тиіс. Яғни, пьеса қай кезеңде қойылса да, сол кезеңнің өзекті мәселесін қозғап тұруға тиіс» депсіз. Жазған шығармаларыңызда бар шындықты бүкпесіз айта алып жүрмін деп ойлайсыз ба?
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Әлбетте, жазған шығармаларымда бар шындықты бүкпесіз айтуға тырысып келемін. Мәселе шындықты айтуда ғана деп түсінбеу керек, мәселе жазған дүниеңнің берілу формасын өзгеше етіп ұсынуда ғой. Адамдар көріп, мынау осылай екен ғой деп сезіне білуде. Осы кезде ғана сөздің, драматургияның құны артады. Қашанда өзекті дүниелерді жазуға тырысамын. Айтқанымдай, драматургия деген мен үшін ішкі жан толғанысын халыққа жеткізудің бірден-бір жолы.
АЛАТАУ: – Драматург уақыттың алдында жүруі керек дегенді де айтыпсыз. Бұл сіздің басты ұстанымыңыз ба?
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Әрине, бұл менің басты ұстанымым деуге болады. Драматург тарихи дүние жазса да ол болашақты ойлап, болашаққа қарап тұруы тиіс. Өткенді жазғанның өзінде жіптің соңғы ұшын болашақпен байланыстырмаса, ол тек әншейін мерейтойлық дүние ғана болып қала береді. Негізінде, драматург заманынан елу, жүз жыл алдыға жүрмесе, ол несіне драматург… Өз басым мұндай үддеге әлі жете алғаным жоқ, ал оған жеткендер некен-саяқ. Бірақ, жазған шығармаң елу, жүз жылдан кейін, Шекспир секілді 300 жылдан соң қойылып жатуы, негізі мақсат та осы болса керек-ті…
АЛАТАУ: – Драматургиядан бөлек, «Ұлағатты ұрпақ» қорына жетекшілік еткен екенсіз? Бұл жайында не айтасыз?
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Иә, драматургиядан бөлек, бес жыл бойы қордың жетекшісі болып қызмет еткенім рас. Қазіргі таңда осы қордың құрылтайшысымын. Қорды құрудағы мақсат – жас балаларды, өскелең ұрпақты білімді, білікті, білекті, иманды болсын деген ниеттен туған дүние еді. Ол үшін Үкіметтің арнайы бір жарлығын күтпей-ақ ауылдағы жақсы оқитын, өнерлі балаларға шәкіртақы беріп, еліміздің көрікті жерлеріне апару сынды дүниелерді кіріктіру арқылы мотивация берсек, шабыттандырсақ деген ой болатын. Ісіміз ілгерілене бастаған соң мектеп ішінен еңбек кабинеттерін ашумен де айналыстық. Бұдан кейін шалғай ауылдардағы «ерекше» туған балалар үшін арнайы кабинет жасаумен де шұғылдандық. Пандемиядан кейін жұмыс бағытына сәл өзгеріс енді. Қазіргі таңда шалғай ауылдардағы талабы жоғары, бірақ әлдебір сәтсіздіктермен оқуға түсе алмай қалған балаларға өзіміздің атымыздан грант тағайындап, солардың оқу орындарына төлейтін қаражаттарын тауып берумен айналысудамыз.
АЛАТАУ: – Өзіңіз ойға алған Драматургтер одағын құра алдыңыз ба? Ойда жүрген жоспарыңыздың қаншасын жүзеге асыра алдыңыз, алдағы жоспарларыңызбен де бөлісе отырсаңыз?
Жәнібек ӘЛІКЕН: – Драматургтер одағын құру жұмысы басталып кетті. Жуырда ғана алғашқы жиын өткізілді. Одақтың басшысын да өзіміз таңдап қойдық. Қазіргі таңда білікті заңгер мен экономист іздеп жүрген жайымыз бар. Алдағы жоспарда қолдан келгенше елге ұнайтын, халқымыздың атын шығарар жақсы бір дүниелер жазсам, халықтың ой санасын қозғайтын кино түсірсем деймін. Ойдағы жоспарларыма табандап келе жатқан секілдімін.
АЛАТАУ: – Әңгімеңізге рақмет. Өзіндік өрнекпен өрілген әлеміңізге сызат түспесін!
Сұқбаттасқан –
Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ