Теріңді сатсаң да, тегіңді сатпа

0
323

Естімеген елде көп. Бұл жаңалықты естігенде құлағым қағыс естіп қалған жоқпа деп таңдандым. Іле-шала интернет желісін ақтардым. Жоқ, қағыс естімеппін, рас екен. Есі жоқ еркектер  деуге аузың бармайды. «Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» дегендей, бүгінгі қоғамның еркек кіндіктілері әйелдің етегіне тығылып, үйге қамалып, бала бағып, ас пісіргені аз болғандай, енді әйелдерінің тегіне (фамилиясына) көшіп жатыр екен. Сонда «қоянды қамыс ерді намыс өлтіреді» деген аталы сөздің сөлі сарқылған болып тұр ғой!…

Қазақстанда 200-ге  жуық азамат әйелінің тегін алыпты. Мейлің күл, мейлің жыла, мейлің шыңғыр, шындық осы. Мұндайларды не деп атауымыз керек? Қазақи намысы өлгендер дейміз бе? Еркек кіндікті бола тұрып өзін-өзі масқаралағанымен қоймай, ата-тегін өшіріп, әйелінің тегіне көшіп алғандарды қалай жазғырасың, қалай жазалайсың? Әйелдің тегіне көшпек түгіл, күшік күйеу болғандарды қазақ ұнатпаушы еді ғой. Оларды әжуалап, күшік күйеу деп айыбын бетіне басатын еді. Тіпті некеге тұрғанда ерлі-зайыпты, егер әйелі күйеуінің тегіне көшкісі келмесе өзінің қыз күніндегі тегінде қала беретін заң бар. Ал әйелдің тегіне көшіп кеткен еркексымақтар  «некеге тұрғанда» өз тегінде неге қала бермеген деген ой келеді санаға. Олардың әйелдері «менің тегіме көшесің» деп  мәжбүрлемеген шығар. Құлай сүйдім екен деп әйелдің тегіне көшіп алғандар (құдай оның бетін әрі қылсын, онсызда қоғамда ажырасып жатқан жастар көп), ажыраса қалғанда өз әкесінің тегін алу үшін сотқа жүгіне ме? Әділет министрлігі мәліметінше, биыл жыл басынан бері 164 ер адам некеге тұрғанда жұбайының тегін ортақ тегі ретінде таңдапты. Бұл жаңалықты «ОРТ» каналының жаңалықтар бөлімінен көрдім. Дегенмен, төлқұжат деректерін өзгертудің жалғыз себебі неке кұру емес. Министрліктің Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында әрбір қазақстандық 16 жастан бастап атын, әкесінің атын және тегін езгертуге өтініш бере алатыны айтылған. Алайда, заңнамада мұндай қадамға барудың себептері де тайға таңба басқандай көрсетілген. «Атының, әкесінің атының, тегінің ыңғайсыздық тудыруы; атын, әкесінің атын, тегін айту қиындығы; егер некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейінгі тегі қалса немесе жұбайы (зайыбы) некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркегеннен кейін тегін басқасына ауыстырса, жұбайының (зайыбының) жұбайымен (зайыбымен) ортақ тегі болуға тілегі; егер некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу кезінде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейінгі тегін алып жүруге ниет тағы басқа да тармақтар көрсетілген. Алайда, әйелдерінің тегіне көшіп алғандар өз ата-тегінің айтылуының қиындығынан не болмаса ыңғайсыздығынан көшіп жатпағаны баршаға аян. Ата-тегінінің айтылуы қиындау ыңғайсыз болса, басқа текке ауысуға құқылы, бірақ әйелдің тегіне көшу деген қазақ қоғамы үшін намыс қой. Қазақта ыңғайсыз, айтылуы қиындау фамилиялар болған. Оларды мыңдап санауға болады. Мәселен, Шұлғауов деген тегін марқұм Ғалым деген журналист ағамыз Жазылбеков, Мысықов деген тегін  Нұртілеу Иманғалиев деп  өзерткен. Олар әйелдерінің тегін алған жоқ. «Күшік күйеу» болғандары аз болғандай, әйелдерінің тегіне көшіп жатқан ерлердің көкейге не түйгендерін бір құдай білер. Жеті атаға дейін қыз алыспайтын, қыз беріспейтін қаны таза қазақтың әдеп ғұрпы да бұзылып барады. Аталастар өз руларын өздері алып жатқандар көп. Бірді айтып, бірге кеткендей болмайық десемде, психологиялық ахуал ма, жоқ әлде (гендік) тұқымындағы  ауытқушылық па, жынысын ауыстырып қызтеке болып жатқан еркектер де қоғамда «жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай» өсіп барады. Мұны рухани құлдырау деп те атап жүрміз. Алғаш Қазақстанда ұлдың қызға, қыздың ұлға айналуы туралы естігенде таңданып та, таңғалып та қарағанымыз рас. Қазір бұған құлағымыз да, етіміз де үйреніп алғаны сондай, елең ете қоймайтын болдық. Тіпті, олардың өзіндік елтаңбалары мен тулары бар. «Адам құқығы» олардың сөзін сөйлейді. Жаһандану дәуірінде  батыстағы бұл үрдіс бізге де көшіп келді. Қазақи тәрбиеде бұл азғындықтың бір түрі саналады. Жыныс ауыстыруға рұқсат берілді. Шариғат жүзінде салт-дәстүрімізге бұл қарама-қайшы үрдіс. Жынысын ауыстырғысы келген адамның психологиялық ауытқушылығы болмай, өз жынысына сәйкессіздігі дәлелденген болуы керек. Медицина тілімен айтқанда «транссексуализм» диагнозын нақтылау үшін бір жыл тексерістен өтіп, психиатрлардың қорытындысын алады. Одан кейін еркектен әйел, не әйелден еркек болғысы келгендер бір жылға жуық гормондық дәріні үзбей ішуге міндетті. Яғни, әйел болғысы келетін еркек адамға эстроген гормонын, әйелден еркекке айналғысы келетіндер еркектік гормон – тестостеронды ішеді. Өзекті өртер өкініші сол, жыныс ауыстыруда қазақ балаларының қызтекеге айналып, жаратылысқа қарсы шығуы болып тұр. Қазақ  текті халықпыз, қанымыз таза, жеті атаға дейін қыз алыспаймыз деп әлемге жар салып жүргенде, ұлымыз қызға айналып, қанымыз бұзылып, рулас, аталас қызға үйленіп жүргеніміз аз болғандай енді әйелдің тегіне көшіп, некелесу шықты. Егер, жоғарыда некелескен 164 отбасының ішінде әйелінің тегіне көшкен қазақтар болса, бұл ұлттық ар-намысымызға түскен тағы бір қара дақ болып тұр.  «Теріңді сатсаң да, тегіңді жоғалтпа» деп өре түрегеліп, айғайлап аттандап жатырмыз. Әйелдерінің тегіне көшкен 164 ердің ішінде қазақ жоқ дегенге сенгім-ақ келеді, бірақ, күмәнім бар. Әйелдерінің тегіне көшу туралы біз зиялы қауымдардың пікірін сұрап білдік. 

Құрметбек Сансызбайұлы, ҚР Қоғам қайраткері:Тегіңді біліп өсу қазаққа ғана тән қасиет. Биыл жыл басынан бері 164 ер адам некеге тұрған кезде жұбайының яғни әйелінің тегін алған деп хабарлайды. Демек, төлқұжат деректерін өзгертудің жалғыз себебі неке құру емес.  «Әрбір қазақстандық 16 жастан бастап атын, әкесінің атын және тегін өзгертуге өтініш бере алады — делінген Әділет министрлігінің Tengrinews.kz-ке берген мәліметінде» деп сілтеме көрсетеді. Ал атам қазақ: Сөз  елдікі, Өмір өзіңдікі; Тегін құл мен қу жасырады; Дөңгелектің шегі жоқ, көргенсіздің тегі жоқ; Тегін білмеген теріс бағады; Тексізді төрге шығарма; Түбіне қарай бұтағы, тегіне қарай ұрпағы; – деген асыл сөздерді бекерден-бекер айтпаса керек. Қазақтың әрбір азаматы ата-баба жолымен жүргені абзал болар… Өйткені «тек» деген  адам мен оның ата-бабасының сара жолы. Тек қанмен беріледі. Ал әйеліңнің қанында сенің тегің жоқ. Жеті атасына дейін қыз беріп, қыз алыспағанының бір басты себебі тектік-генетикалық қасиеттің жойылуынан сақтайтынын жете білгендігінен дер едік. Бұның биологиялық және әлеуметтік мәні тым тереңде.  «Жеті атасын білген ұл жеті жұрттың қамын жер, жеті атасын білмеген құлағы мен жағын жер» деген сөз тегіңді білмесең тексізсің дегенді білдіреді.  Сондықтан да атам қазақ көне заманнан бері тегін атасының, арғы аталарының атына жазуды ұлттық дініміз ретінде қолданып, ұрпақ жалғастығын сақтап келе жатқан ұлы халықпыз.  Ғасырлардан жалғасын тауып келе жатқан салт-дәстүр, ғұрып бабаларлардың сара жолын бір қызды жақсы көріп сүйіп қалдым немесе басқа да жағдаяттармен оның тегін қабылдаймын деп шеше салу қазақ жігіттеріне тән қасиет емес. Немесе сол жігітке өз ұлтының ұлылық қасиеттері мен құндылығын түсіндіре алмаған өзінің әке-шешесі кінәлі деуден басқа не айтуға болады. Мүмкін, әйелінің тегіне жазылған 164 азаматтың ішінде қазақтың жігіттері жоқ та шығар. Ләйім солай болсын деп тілейік. Қазақтың ұлы да қызы да қазақ болу ата-тегімізден қанымызға сіңген тәлім-тәрбие, қасиетті де киелі ұғым екенін ешқашан естен шығармауы қажет. Егер бұл қағида бұзылса,  дүниеге текті, ақыл-ойы зерек, дені сау ұрпақ әкелудің сара жолы бұзылатыны айдан анық. Өйткені әйелінің тегін қабылдай берсе,  күні ертең ағайынды екі азаматтың балдары бір-бірімен некелесіп қалмауына қандай кепілдік бар. Міне, сәл жіберген қателік өмірде орны толмас қайғы қасіретке жеткізуі әбден мүмкін…Өзге ұлт өкілдерінің қай ұлттан екенін аты-жөні мен тегіне қарап біле аламыз. Ал қазақты тегін сұрап руын білгенде ғана туыстық жақындығын біле аламыз.Сол үшін де ұлт ұлылық қасиет құндылықтарымен өскелең ұрпақты сусындатып отыру,  үнемі дәріптеп үйрете білу,  қазаққа ғана тән қасиет екенін ұмытпайық.

Жұматай Оспанұлы, ҚР Мәдениет қайраткері: «Әкесін сабағанды көріп едім, арбаға байлап сабағанды бірінші рет көруім» дегендей, батыстан шатысқан небір дүниелерді естіп, көрсек те, дәл осындай масқара өз елімізден шығады деп кім ойлаған? Аспан айналып жерге түсетіндей апат болмаса да, ұлттың атына сын болатын ұятты әрекет екені ақиқат. Қыз бала келін болған елінің тегін таңдап жатса, «Қыз жат жұрттық» деп түсіністікпен қарап, қарсылық білдірмейтін едік. Ал енді ер азаматтың әйелінің тегіне өтуін қалай ойласам да қауашағыма сыйдыра алмай отырмын. Атам қазақтың «қатын алма, қайын ал» деген тәмсілін таяз түсініп, қайын жұртына бір-ақ өтіп кету ақылдының ісі емес. Қанша бас пайдасы үшін қабылдаған шешімі болса да, тегін айырбастау текті адамға жат, жаман әдет. «Отан-отбасынан басталады». Қарапайым ғана сөз болғанымен қорғасындай салмағы бар. Тегін айырбастау ол – отбасын сатумен бірдей. Бүгін отбасын сатқан еркектің ел басына екіталай күн туғанда Отанын сата салуы бек мүмкін. Еркек азса, ел бұзылады. «Шегірткенің айғырындай жер теппей, еркектерге мінез керек еркектей» деп Құл-Керім Елемес ақын айтқандай, мінезден айырылып бара жатқандаймыз. Осы әрекеттің бәрі мінездің жоқтығынан, еркектің езге айналып бара жатқанынан. Оянайық, ағайын! Ойланайық, жұртым! Ұрпағымызды мұндай рухани індеттен сақтайық!

А.БҰЛҒАҚОВ


ПІКІР ЖАЗУ