Қазақ тілі дамымай, қоғам алға жылжымайды

0
349

Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тілдің жыры, ұзақ-сонар қисса, дастанға айналды. Экс президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілін төрге шығармай, жөргегінде тұншықтырды. Әлі күнге дейін мемлекеттік органдарда іс-қағаздар ресми тілде жүргізіліп, мемлекеттік тілдің етекке сырғып, қазақ тілінің қағажу көріп жүргені жасырын емес-ті. Әділетті Қазақстан құрамыз деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі баскөз болып, мемлекеттік тілдің мәртебесін кеңейтуге атсалысуда. Оған арнайы қоғамдық қорға қаржы аударылып жатқанының өзі мемлекеттік тілдің ахуалы қай деңгейде екенін көрсетеді.

«Егер тілім ертең болса құрымақ, Мен дайынмын өлуге де бүгін-ақ…» дегені, тәуелсіздікке әлі қолы жетпеген дағыстандық ақын Р.Ғамзатов сонау кеңестік кезеңнің өзінде ана тілінің қамын жеп, өз ұлтының ана тіліне алаңдағанын көзі қарақты жанның бәрі біледі. Ресей империясының тар құрсауында тұрған «Авар» ұлтының болшағына алаңдайды. Қазақ ақындары да, қоғам қай-раткерлері де мемлекеттік тіл үшін күйіп-пісіп жүр. Ақын Қадыр Мырза-Әлидің:

«Ана тілің арың бұл,

Ұятың болып тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте» деген жыр жолдары тіпті мектептегі оқулықтарға енгізілді. Бірақ, мемлекеттік тіл – қазақ тілі төрге шықпады. Біз Расул Ғамзатов армандаған «Авар» ұлты сияқты Ресейге тәуелді емеспіз. Алайда, тіл мәселесіне келгенде тәуелдіміз. Қазақстанда не көп, аралас мектеп көп, шенді-шекпенділердің бәрі  ресми тілде жорғалайды. Өз елінде өгей баланың күйін кешкен төл тіліміз, төрге шығып ата заңдағы ресми тіл қашан жойылады деп алаңдаймыз. Ана тілі туралы ащы дауысың шықса «ұлт араздық мәселесін қозғадың» деп жындыханаға тыға салады. Оның дәлелі Павлодар облысының орталығы, Кереку қаласының тұрғыны мемлекеттік тіл үшін әкім-қаралармен алысып шаршамаған Руза апайды айтсақ та жеткілікті. «Шегараң берік болмай, басыңда ерік болмайды» деген аталы сөз бар. Шекарамыз берік болғанымен, мемлекеттік тіліміз берік болмай тұрған жоқ па? Тіл туралы мәселе көтерілсе  әуелі өз ішімізден жау шығады. Кеңестік жүйедегі  жер-су аттары өзгеріп еді, Ресейде отырып Тина Канделаки Қазақстанға шүйлікті. Оны жақтап қазақтың бір азаматы шықты. Кез келген қазақ өзінің ана тілі үшін күрескер болуы керек. Тек қазақтар ғана емес, осы елдің суын ішіп, нанын жеп, тұзын жалаған өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілге құрметпен қарауы керек және оның аясының кеңеюіне үлес қосулары парыз. Жақында әлеуметтік желіден оқушылардың 64%-ы қазақ тілінде оқыған мәтінді түсінбейді деген Рауан Кенжеханұлының ақпаратын көзім шалды. «Kazinform» тілшісіне берген сұхбатында, Тіл саясатын дамытудың 6 жылдық тұжырымдамасы бекітілгенін, жоспар бойынша атқарылуы тиіс іс аз еместігін, оны орындауға Үкімет іркілмей, дереу кірісуге даяр екенін де мәлімдепті. Алайда, тіл мәселесі тек бір тұжырымдамамен шешіледі дей салу көңілге қонбайды. Сондықтан мамандар болашақта қазақ тілі ғылым, ілім тіліне айналуы үшін қоғам болып қозғалыс жасау маңызды деген пікірін, «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы айтқан. «Қазақ тілі ғылым, ілім тіліне айналу керек» — деп, тәуелсіздік алған отыз үш жыл бойы айтып келеміз. Егер Рауан Кенжеханұлы айтқандай оқушылардың 64%-ы қазақ тіліндегі мәтінді түсінбесе, болашақта қазақ тілінің ғылым, ілім тілін кім жасайды? Қалған 36%-ы ма? Мемлекеттік тілді өркендетуді әуелі балабақша мен білім ошақтарынан бастайды.  Сондай-ақ, аралас мектептердің саны шектелуі тиіс. Өйткені осы аралас мектептерде білім алып жүргендердің 80-90 пайызы өзіміздің қаракөз жеткіншектер. Мектеп ұжымдарына барғанда әлгі аралас мектептердің оқушыларының көбі ресми тілде сөйлесіп жүргенін көресің. Мектеп дирекциясына неге осы балалардың ата-аналарымен үгіт жұмысын жүргізбейсіздер десек, жүргіземіз: «Біз қай тілде оқытамыз өзіміз білеміз, үйде де ресми тілде сөйлейміз, балаға сабақ түсіндіру бізге жеңіл» дейді екен. Демек, өздері қазақ бола тұра, балаларын ана тілдің уызына қандырып өсірмеген ата-аналар қазақ тілінің болашағына немқұрайлы қарайды, не болмаса мемлекеттік тілдің болашағына бір жола сенбейді деген сөз. Осыдан екі жыл бұрын Алматы облысының Талғар қаласында жаңадан ашылатын мектеп, білім министрлігіне жіберген құжаттарда таза қазақ мектебі болып ашылуы тиіс еді. Жеме-жемге келгенде аудан әкімі (әйелі өзге ұлт өкілі) мектепті аралас мектеп жасап жіберді. Сол кездегі Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та айғай-шуға ұласқан білім ошағын құжат жүзінде қазақша ашып беруге құлықсыз болды. Сол аудандағы тіл жанашыры  Камнұр Тәлімұлы бозторғайдай шырылдады. Ақпарат құралдарын жұмылдырды. Аудандық білім бөлімі әкімнің құзырынан аса алмай асықтай аунап түсті. Мұхтар Шаханов бастаған тіл жанашырлары Үкіметке, экс президент Нұрсұлтан Назарбаевқа халықтан қол жинап, Мемлекеттік тіл комитетін өз алдына дербес құруды талап етіп, өтініш те жолдады. Алайда, Мәдениет Министрілігінің құрамына біріктірілген тіл комитеті құлашын кең сермей алмады. Даурыққан халықтың көңілін тыныштандыру үшін сонау 1990 жылдары құрылып, жойылып кеткен «Қазақ тілі» қоғамы қайта өмірге келді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы – үлкен ұйым екені даусыз. Республика аймағында 135 өкілдігі барын айтқан Рауан Кенжеханұлы аймақтарды аралап, ұйым мүшелерімен кездесу өткізгенін айтады. «Үш бағытта, жұмыс жасайтындарын, алғашқы міндеттері, қазақ тіліндегі мазмұнды арттыру. Балалардың қазақша сөйлеуіне қажет құралдардан бастап, әр адамның тұлға және маман ретінде қалыптасуына керек мазмұн қорын көбейту,  әлемнің таңдаулы анимация жауһарлары, балалар әдебиеті, іскерлік әдебиет, ғылыми-танымдық әдебиет, академиялық оқулықтар бағыты бойынша ауқымды әрі тұрақты жұмыс қажет. Келесі бағыт  қазақ тілін оқытудағы білім беру жүйесіне қолдау көрсету. Оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқыту әдістемесі мен құралдарын жетілдіру. Үшінші бағыт – технологиялар мен қазіргі IT саладағы жетістіктерді тілді дамыту үшін және қазақ тілінде сөйлейтін ортаны қолдау үшін тиімді қолдану» — дейді. Бұл жоспарлар жүзеге асар. Алайда, тағы қайталап айтам, әсіресе облыс және қалалардағы аралас мектептердің санын шектемей, қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін оқытумен мәселе шешілмейді. Бұл жерде жергілікті билікпен тізе біріктіріп, идеологиялық бағдарлама жасап, қазақ балаларын аралас мектептен таза қазақ мектебіне  көшіруге жұмыс жасалуы тиіс. Мәселен, бір ғана Жетісу облысында тіл оқыту орталықтарында  үш айлық және алты айлық курстар бар. «А-1, А-2», «Б-1, Б-2» 2023 жылы осы орталықта — 4301 адам оқып шыққан. Оның  2067-сі мемлекеттік тілде оқыса, 1338 — бюджеттік мекеме, 648 — жеке тұлға, 281 — мемлекеттік қызметкерлер.  Енді, А-1-ге барғандар үш ай мемлекеттік тілден сауат алады. Яғни, амандасудан бастап, таза сөйлеуге, жазуға үйретеді. «2-А» алты айлық курс, ары қарай тілді толық меңгеруге оқытылады. «Б-1, Б-2» де сол үрдісте. Жетісу облысы бойынша 337 мектеп болса, оның — 220 қазақ, 5 — орыс, 112 — аралас  мектептер. Осы цифрдың ішіне Талдықорған қаласы да кіреді. Қалада 28 мектептің 5-еуі қазақ, 23-і аралас мектеп. Тіл саясатын дамытудың 6 жылдық тұжырымдамасы бекітілді деген Рауан Кенжеханұлы 2029 жылға қарай республика бойынша қазақ тілінде сөйлейтін тұрғындардың үлесі 84 пайызға жететінін де айтады. «Қазірдің өзінде оқушылардың 75 пайызы мектепті қазақ тілінде тәмамдап жатыр. Жоғарғы оқу орнында оқитын студенттердің төрттен үші қазақ тілінде білім алуда.  Бірақ, біз үшін маңыздысы  осы 75 пайыз  мектеп оқушысы, не болмаса ертең қазақша сөйлеуі тиіс 84 пайыз азаматтың қазақ тілін қаншалықты жетік білетіні, қазақ тілінде еркін сөйлеуі және сауатты жаза алуы. Менің ойымша, біз осыған ден қоюымыз керек», –  дейді ол.

«Әр адам жеке тұлға, әрі       маман болып қалыптасуы» балабақша, мектептен басталады. Қазақ тілін ауызекі сөйлей алатындар барда  сауатты жазғандары былай тұрсын, қазақша ай-жыл атауларын білмейтіндерін көріп жағаңды ұстайсың. Жақында «ОРТ» телеканалының жаңалықтар бағдарламасында  көшеде кетіп бара жатқан  жоғары оқу орнының студенттерінің бір шоғыры  қазақша ай аттарын айта алмады. Есесіне өзге ұлт өкілінің қызы таңдайы тақылдап  қаңтардан бастап желтоқсанға дейін айтып шықты. Бұл не сонда,  қазақ жастарының  сауатсыздығы ма, жоқ немқұрайлығы ма? Мектеп қабырғасында білімді қазақ тілінде алғандар 11 жыл бойы ай аттарын  қазақша жазады емес пе? Бәлкім осылар аралас мектептен түлеп ұшқан түлектер шығар. Сонда жоғары оқу орындарын тәмәмдап шыққанда осы азаматтар мен азаматшалар қандай маман болып шығады? «Қазақша ай аттарын білмейді екем, кешіріңіз ұмытып қалыппын» дегендерден қандай тұлға күтеміз… Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы айтқандай, қазір жалпы қазақша білемін дейтін адам көп. Бірақ, олардың басым көпшілігінің қазақша сауатты жазуға, қазақ тілінде мазмұн құрастыруға, қазақ тілінде маман ретінде еркін сөйлеуге қауқары жоқ.  Бұған аралас мектептегі оқушылардың сүбелі үлес қосып жатқанын да ашық айтуымыз керек.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ