ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ КӨРСЕТКІШІ көңіл көншітпейді

0
309

Жазып жатырмыз, айтып жатырмыз… Жемқорлық туралы түрлі жарнама да таралып, бейнероликтер көрсетілуде. Антикор қызметкерлері мекеме-мекемені аралап, мемлекеттік қызметкерлердің қолдары таза болуын жақтары талмай айтып келеді. Бірақ қу нәпсісін тыйып жатқан шенеулік жоқ. Жұтып жатыр. Құлқындары құдыққа айналып кеткен бе дейсің? Шетінен ұсталып, ішкен жегендерін құсып, абырой-беделден де жұрдай болуда. Бұл – жеген ауыздар жерге кірмей жей береді екен ғой. Заңды айналып өтіп, жең ұшынан жалғасқандарға дауа жоқ екен. Анау-мынау емес, мемлекеттік қызметтің тізгінін ұстағандар!

Екі күннің бірінде еститінің жемқорлық фактісімен тұтылыпты. Жегендері миллиондап, миллиардтап екен деген жаңалықты көгілдір экран мен әлеуметтік желіден оқығанда көзің шарасынан шығады. Заң қаталданып, бақылау күшейген сайын жемқорлардың саны азая ма десең, қаулап барады. Бұл туралы антикор жемқорлық бойынша адам шошырлық статистикамен бөліскен-ді. Қазақстанда бір жыл ішінде әлеуметтік сала бойынша 310-нан астам сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркелген деп хабарлайды Dalanews.kz. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың айтуынша, 2023 жылы әлеуметтік бөлім бюджеттен 8.1 трлн. теңге қаражат алған. Енді осы триллиондаған қомақты қаржы талан-таражға түсіпті. Себеп, қырағы бақылаудың жоқтығынан сыбайлас жемқорлар жұтып қойыпты. Өткен жылы әлеуметтік салада жемқорлыққа байланысты 311 қылмыс тіркелген. Білім беру бағытында — 155, денсаулық сақтау саласында — 64, зейнетақымен қамтамасыз ету бойынша — 7, әлеуметтік қорғауда — 29, медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша (мүгедектік анықтамасы) — 56 факті әшкереленіп, 95 адам сотталған. Сұмдық қой бұл! Анау-мынау емес әлеуметтік саладан қаржы жымқырғандар не деген тас бүйрек, жүрек жұтқандар. Мүгедектердің де қаржысына қол салғандар, көз алартқандар бар екен. Жемқорлық бойынша білім саласы өртеніп тұр. Ондағы бухгалтерлердің қулық-сұмдығына құрық бойламайды. Антикордың мәліметі бойынша, білім саласынан — 52, денсаулық сақтаудан — 20, әлеуметтік қорғаудан — 9, медициналық-әлеуметтік сараптамадан — 11 адам жазаға тартылғанын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі Превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжанов айтқан болатын. Жемқорлықтың көбейгені сондай, Республикада барлық облыстардың, қалалардың асқынған дерті кеуделерін кеулеп кеткен. Қоғамда мемлекеттік қызметте жұмыс жасаймын десең, «еее ішіп-жеп, жүрген шығарсың» — дейтін болды қазір қараша қауым. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітіпті» — дегендей, жең ұшынан жалғасқандар ары таза әріптестеріне де кір келтіруде. Жемқорлық атаулыдан Жетісу облысы да кенже қалып отырған жоқ. Білім саласы бойынша өткен жылы Талдықорған қаласының бухгалтері рекордтық көрсеткішпен тұтылған болатын. Осыдан кейін білім жүйесін індете тексерген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі миллиардтаған қаржының бюджеттен жымқырғанын айғақтады. Талдықорғанда 2,5 жыл бойы қылмыстық топ жұмыс істеп келгенін, білім бөлімінің басшысы мен екі есепшісі, сондай-ақ мектептің 13 есепшісі қылмыстық әрекеттерге барғаны айтылды. Есепшілер бюджет қаражатын жымқырса, қалалық білім бөлімінің басшысы олардың қылмысын пара алу арқылы жасыруға тырысқан. Оларды қолға түсіру кезінде білім бөлімінің бас есепшісінен 1 миллиард теңгеге жуық ақша тәркіленген. Тергеу барысында мемлекетке 4,4 млрд. теңге залал келтірілгенін, күдіктілерден 2,9 млрд. теңгенің мүлкі тәркіленді дейді Саян Ахметжанов. «Алтын шыққан жерді белден қаз» дегендей, Талдықорғандағы жемқорлық оқи-ғасынан кейін білім жүйесінің бухгалтериясына республика бойынша жаппай тексеріс жүріп, сыбайлас жемқорлыққа сырттай талдау жасалғанда, қаржылық есеп жүйесінің ақсап тұрғанын айтқан Саян Ахметжанов, осы салада миллиардтаған бюджет қаражатының ұрлануын, үш жылда 454 қылмыс тіркеліп, 356 адам айыпталып, 165-і сотталғанын айтқан-ды. Ал, мемлекетке келтірілген залал 12 миллиард теңгеге жеткенін, жемқорлықтың туындауына, бюджеттік өтінімдерді қалыптастырудың автоматтандырылмауынан, түрлі заң бұзушылықтың алдын алу жүйесінің жоқ болуынан туындағанын мәлімдеген болатын. «Бақсам бақа екен» демекші, бюджеттік қаржыға қол сұғушылар республика бойынша анықталғанда ең қомақты қаржы: Алматы (322 миллион теңге), Шымкент (154,5 миллион теңге), Қызылорда (1 миллиард теңге), Алматы (146 миллион теңге) және Ақтөбе (389 миллион теңге) облыстарында тіркелген. Кеменің түбін тесіп жіберген кеміргіш тышқандай, бюджеттің қоржынына қол салғандар, мемлекетке — 7 миллиард залал келтіріпті. Заңды белінен басқандарға 35 қылмыстық іс бойынша тергеліп, талдау нәти-жесінде 14 ұсыныс енгізіліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жариялаған-ды. Қазақстанда сыбайлас жемқорлық қылмыстарынан келген шығын 51 миллиард теңгеден асқанын 2023 жылдың желтоқсанында бір ай бұрынғымен салыстырғанда келтірілген шығын көлемі 7,6%-ға өскенін айтқан Саян Ахметжановтың ақпаратына сүйенсек жемқорлық көрсеткіші өсіп тұр. Білім саласына қатысты Алматы облысы Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарында мектеп есепшілерінің қаржы жымқырғаны әшкереленген. Бюджеттің қаржысына көз алартқан есепшілер мектепке түк қатысы жоқ, жұмыс істемеген қызметкерлер мен олардың туыстарына ақша аударып отырған. «Бас ауыртып, балтыр сыздатпай» терлемей оңай олжаға кенелген есепшілер 90 млн. теңгеден астам бюджет қаржысына залал келтіріпті. Мемлекеттік саланың қай-қайсына қарасаңызда жемқорлықтың иісі бұрқырап тұр. Жемқорлардың соңына шам алып түскен құзырлы органдар мен сыбайлас жемқорлықпен күресіп жатқан антикор бюджет қаржысын жегендерді, желкелеп, құстырып, мемлекетке келтірілген зиянды өтетіп жатыр. Алайда, айылын жыйып, қолдарын таза ұстап жүрген мемлекеттік бюджеттен жалақы алатын қызметкерлер мен бухгалтерлердің іс-әрекеттері, ерсі қылықтары, әдепсіздіктері әшкереленуде. Аш көздердің көздегені бюджеттің бүйірін теспей соруда. Республиканың қай аймағына қарасаңыз да жемқорлықпен шатылмай қалған мекеме көрмейсіз. Күні кеше ғана көгілдір экран мен әлеуметтік желіде Жамбыл облысында мемлекеттік мекеменің басқарма төрағасы 209,9 миллион жымқырған шенеуліктің қолына кісен салынғаны жайлы ақпарат жаңалықтарын turkystan.kz. сайты әлеуметтік желіде хабарлады. «Меркі» тәжірибелік шаруашылық» ЖШС квазимемлекеттік мекемесінің бұрынғы басқарма төрағасы және оның орынбасары ресми құжаттарға жалған мәліметтер енгізу арқылы нақты сатылмаған алма көшеттері үшін 209,9 млн. теңге субсидия алғаны айтылды. Тарап жатқан «гу-гу» әңгімелерге құлақ түрсек, торға тоғытылған күдікті бұрын аудан әкімі болып қызмет атқарған деген қауесет тарады. Адал қызмет атқарады, халықтың қамын ойлайды деген шенділер (жемқорлық пен шатылғандар) өз қара бастарын күйттеп, мемлекеттің мүлкіне бүйідей тиіп жүр. Ал, қымбатшылық алқымынан алып, «танауын тасқа соққан балықтай» сансыраған қараша қауым сонда кімге үміт артады. Саян Ахметжановтың биыл қаңтар-ақпан айларында елімізде 438 қылмыстық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелгенін, бұл бір жыл бұрынғыдан 0,7% артық екенін айтуда. Мәселен, былтырғы жылмен салыстырғанда 435 қылмыс тіркеліп, көрсеткіш 8,5% өскен. Көрсеткіштің бас жағында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың басым бөлігі Алматы мен Астанада тіркелген: әр қалада 51 іс, тиісінше 2% және 6,3% өскен. Қостанайда (бір жыл бұрын 21, биыл 40 іс), Түркістан облысында (бір жыл бұрын 39, биыл 37 іс), Шымкент қаласында (бір жыл бұрын 23, биыл 36 іс) салыстырмалы түрде артыпты. Зер салып қарағанға сыбайлас жемқорлық «жаңбырдан кейін қаулаған саңырауқұлақтай» өсуде. Ең аз көрсеткіш Шығыс Қазақстан, Абай және Ұлытау облыстарында екен. Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 2023 жылы 75 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеген, оның 68%-дан астамы немесе 51 қылмыс сыбайлас жемқорлық құрамына жатқызылған. Қылмыстардың ауырлық дәрежесі бойынша 64% немесе 48 қылмысты құраса, оның ішінде ауыр 43 — іс және аса ауыр 5 — іс ретінде сараланған. Тергеу тәжірибесіне сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың едәуір бөлігі немесе 63%-ы парақорлықпен байланысты 32 қылмыс, ұрлық фактілері бойынша 33 қылмыс тіркелген. Сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін 70 адам әшкереленсе, оның ішінде 12 адам — түрлі дәрежедегі бірінші басшылар болған (облыстық — 6, қалалық -3, аудандық — 3).
57 адам сотталса оның ішінде 116 млн. теңгеден астам сомаға – 31 айыппұл, бас бостандығын шектеуге — 6, бас бостандығынан айыруға — 14, мүлкін тәркілеу және мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру сияқты қосымша шаралар қолданған. Жалпы, жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың құқықтық статистикасын талдау барлық анықталған қылмыстардың үштен бірі дерлік жергілікті атқарушы органдар мен оларға ведомстволық бағынысты мекемелерге (28) тиесілі екенін көрсетеді, оның ішінде білім беру саласына — 15, денсаулық сақтау саласына — 6, әлеуметтік қорғауға – 4 және тұрғын үй қатынастарына – 7.
Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында 5 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, оның ішінде парақорлық фактілері бойынша – 2 іс бар. Енді қайтадан республикалық көрсеткішке ойыссақ. Қылмыстық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың 37,4%-ы пара беруде: жыл басынан бері 164 іс тіркеліпті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 45,1% артық. Ең көп жасалатын қылмыстардың санатында пара алуға қатысты (141 іс, бір жылда 6,6% азайса), сыбайлас жемқорлық саласындағы алаяқтық (39 іс, 30%-ға), бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін иемдену немесе талан-таражға салу (24 іс, 42,9%-ға.) азайған. Ал, парақорлыққа делдалдық жасау (22 іс, 4,4 есе көбейген). Күдікті деп тану туралы қаулы шығарылған тұлғалардың саны 301-ге жеткен. Бұл бір жыл бұрынғыдан 25,4% артық. Оның ішінде қылмыс жасаған 243 тұлға анықталып, соның 159-ы сотқа жіберілген. Халықтың тыныштығын күзетеді, қылмыстың жолын кеседі деген ішкі істер органдарының қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа ең көп баратын мемлекеттік орган екені айтылды. Былтыр 45 адам болса, биыл 43 адам ұсталыпты. Полиция өкілдері жемқорлықпен шатылып жүрсе, қоғамдағы қылмыспен күресуді біз кімге сеніп тапсырып жүрміз. Анау-мынау емес 43 полиция деген аз көрсеткіш емес қой! Жыл аяғына дейін қанша полицей тұтыларын бір құдай біледі. Сыбайлас жемқорлықтан бас бәйгені бермей тұрған ішкі істер органы болса, бірінші бәйгені әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері алып тұр екен. (26 адам). Екінші орында, тағыда Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлері (3 адам) және ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері (3 адам), Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері (3 адам) және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қызметкерлері (3 адам) тұтылыпты. Күні кеше ғана Шымкент қаласында «Цонда» қызмет жасайтын қызметкерлердің жүргізу куәлігін жең ұшынан жалғасып саудалағандарды құрықтады. Жол апатының жиі болып жатуы да осы заңсыз жалған жүргізу куәлігін сатып алғандардың үлесі бар шығар. Оны да зерделеп тексеретін орган қолына алатын шығар. «Бәрін айтта бірін айт, комсомолдың жырын айт» демекші жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлардың өздеріне тән сүйікті сөздері де барын «Антикор» жариялады. Тұтылып қалмайық деп өздерінше сақтық шараларын қолданған түрі ғой. Пара беру кезіндегі ең көп таралған сөз тіркестері, ым-ишаралар мен әрекеттерге баратыны айтылды. Қайтсін енді, технология дамыған дәуірде шенділердің әр қадамы аңдулы, телефондары тыңдаулы болуы бек мүмкін. Сондықтан мылқаудың күйіне түсіп, ым-ишарамен тілдесіп, мәселе шешетінін жасырын тергеу жүргізген антикор айғақтап отыр ғой. Саусақтарын ысқылап, бас изеп, көзбен ымдап, қалтасын қағып, ұялы телефон, калькулятор арқылы соманы көрсетіп, қол алысып ымыраға келетін көрінеді. Бұл енді құпия сандықтың өздері ғана білетін «коды» сияқты жасырын амалдары. Ай мен күннің аманында тілінен айырылған мылқаудың күйін кешіп, мемлекет қаржысын жымқырып жүрген жемқорлардың қолдарын қоса шауып тастайтын заң шықса жемқорлық дерті тыйылар ма еді? Тоқсан жерден айлакер болса да, заңның құрығынан ешбір жемқор құтыла алмайды. «Аспанға ұшса аяғынан, жерге кірсе, төбе шашынан тартып алып» жауапқа тартылуда. Жең ұшынан жалғасқан сыбайластардың әлі талай қулық-сұмдықтары, тілсіз әрекеттері әшкереленеді. Қазақ, «тек жүрсең тоқ жүресің» дегенді не үшін айтты дейсіз? Осындай, тоғышарларға, бас бұзарларға қаратып айтқан тәмсілі. Жиырма бірінші ғасырда «Жемқорлық жегі құрт» деген сөз мақалға айналып кетті. Оның жұлынға кіріп алғаны соншалық, медицина тілімен айтқанда, ота жасап сылып алып тастау тек қана сыбайлас жемқорлықпен күресетін агенттіктің ғана ісі емес, қоғам болып күрессек те, түп тамырын қия алмай келеміз. Жылдан-жылға желіндеп күш алып бара жатқан жемқорларды жазалап, жегендерін 10-20-100 есе құстырып қана қоймай, оларды халық алдында әшкерелеу керек шығар.

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ