Жаңа жоба іске қосылды
Облыста «Жетісу жастары» жобасы бойынша тұрғын үй сатып алуға өтінімдерді қабылдау басталды. «Отбасы банк» АҚ мен облыс әкімдігінің бірлескен жобасы алғаш рет 2022 жылы іске асырылып 30-дан астам жас отбасы жеңілдетілген несие мөлшерлемесі бойынша тұрғын үй сатып ала алды.
Тұрғын үй бағдарламасына Талдықорған қаласында жұмыс істейтін, кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар, 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Отбасы Банкі» филиалы директорының орынбасары Қуандық Нұрғалиев және бизнесті дамыту бөлімінің бірінші санатты маманы Айдос Жұмаев айтып берді.
«Жетісу жастары» жобасының несие сомасы 10 млн. теңге, 19 жыл мерзімге дейін беріледі. Спикердің айтуынша, бірінші нарықтағы тұрғын үйді сатып алу үшін бастапқы жарна 0%. Ал екінші нарықтағы үйлерге 10%-дан бастап жарнаны төлеуі керек. Өтінімдер 2024 жылғы 26 ақпаннан 7 наурызға дейін Талдықорған қаласы, Абай көшесі, 241, №106 кабинет мекенжайы бойынша қабылданады.
Жиын барысында Қуандық Нұрғалиев «Отау» жаңа тұрғын үй бағдарламасы туралы да атап өтті. «Отау» бағдарламасы 2024 жылдың 1 наурызында басталып, 30 сәуірде аяқталады. Бағдарламаға 18-ден 63 жасқа дейінгі қазақстандықтар, оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар және тек Отбасы банк салымшылары ғана қатыса алады. Бағдарлама бойынша бастапқы жарна 20%-дан басталады. Жылдық мөлшерлеме 9%, несие мерзімі 19 жылға дейін созылады. Өтінім беру уақыты аяқталғаннан кейін, otbasybank.kz. сайтында қатысушылар тізімі автоматты түрде шығады. Оған ең көп ұпай жинағандар кіреді.
Ұпайлар қалай есептеледі?
– салым бойынша сыйақы мөлшері үшін – әрбір 1 000 теңгеге 5 балл;
– салым мерзімі үшін – салымның әрбір жылы үшін 5 балл;
– тіркелген неке үшін – 10 балл;
– балалардың болуы үшін – санына қарамастан 50 балл.
Егер үміткерлердің ұпайларының саны бірдей болып қалса, онда басымдық салым сомасы көбірек және жинақтау мерзімі ұзағырақ адамдарға беріледі.
«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»