31 елді мекенде су тасқыны қаупі бар

0
199

Жетісу облысының ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елді мекендердегі су тасқыны қаупі бар учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізді.

Облыс бойынша су басу мүмкіндігі бар аймақта 31 елді мекен бар. Оның ішінде 22 учаскеде су тасқынына дайындық шаралары жүргізілді. Ал қалған 9-да тиісті іс-шаралар өткізіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жетісу облысы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Тазабеков және мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Еламан Әубәкіров айтты.
Спикерлердің сөзінше, су тасқынына қарсы іс-шаралар Жетісу облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары шеңберінде іске асырылуда. Бүгінгі күні жоспарланған 10 іс-шараның алтауы аяқталып, қалған төртеуі 2024-2025 жылдары іске асырылмақ.
«2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 2023 жылдың 7 ақпанында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өткізілді. Оның нәтижесі бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, аудандар мен қалалардың әкімдеріне арықтарды, каналдарды, су өткізу құбырларын уақытылы тазарту, гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, күштер мен құралдар топтарының дайындығын қамтамасыз ету, облыс аумағында орналасқан су тасқыны қаупі бар учаскелерді көзбен шолып тексеру бойынша жұмыстар жүргізу туралы нұсқаулар берілді», – деді подполковник Ринат Тазабеков.
Баспасөз мәслихатында сөз болған тағы бір маңызды тақырып жылыту кезеңіндегі қауіпсіздік болды. Бұл туралы Еламан Әубәкіровтің айтуынша, жыл сайын облыстағы өрттің 70-80 пайызы тұрғын үй секторларында болады.
«2023-2024 ж. жылыту кезеңін өткізу шеңберінде әзірленген «Жетісу облысының аумағында 2023-2024 жылдардағы жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында өрт профилактикасы іс-шараларының жоспарына» сәйкес, халықтың әлеуметтік осал топтарының отбасылары 100 пайыз профилактикалық үгіт-насихат жұмыстарымен қамтылған. Департаменттің бастамасы бойынша «Көмек қолы» акциясы өткізілуде. Қазіргі таңда 456 отбасында қызметкерлеріміздің күшімен мұржаларды тазалау және жылыту пештерінің жарықтарын жабу бойынша көмек көрсетілді, өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілді», – дейді спикер.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ