ЕКІ ЖАҚТЫ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

0
262

Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Дэниел Розенблюм бастаған делегациямен кездесу өткізді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Америкалық ресми қонақтарға жылы ілтипат білдірген Ә. Қанағатов бұған дейін де АҚШ өкілдерімен болған ресми кездесулердің жалғасы ретінде бұл жүздесудің екі жақты әріптестік байланыстарды нығайтуға ықпалы болатынына сенім білдірді. Облыс экономикасындағы басым бағыттар, инвестициялық мүмкіндіктер жайлы баяндады. Сол сияқты америкалық қонақтардың осы жолғы жұмыс сапары негізінен білім беру саласына бағытталғандықтан, бұл салада да өзара білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.
Өз кезегінде Дэниел Розенблюм мырза жетісулық студенттерге АҚШ-тың білім гранттарын беру, сол сияқты іскер әйелдерге қолдау көрсету жағына байланысты жандандыру туралы сөз қозғады. Облыстың инвестициялық мүмкіндігі жайлы мәліметтердің АҚШ инвесторлары үшін пайдалы болатынын айтты.
Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев білім беру, денсаулық сақтау, ІТ салаларына маман даярлауда әріптестік байланыс орнатудың мүмкіндіктері туралы баяндады. Ал Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл қаладағы тұрмыстық қатты қалдықтарды терең өңдеу, яғни қалдықсыз өңдеу ісіне инвестиция салатын компаниялар болса, заң шеңберінде жер учаскесін бөлу, инфрақұрылым жүргізу сияқты нақты қолдаулар көрсетілетінін жеткізді.
Қос тарап та айтылған сүбелі әңгімелердің негізінде екі жақты байланыстардың жаңа көкжиегіне жол ашылатынына сенім білдірісті.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ