ҚЫРЫЛҒАН МАЛ. ТАСЫҒАН СУДА ҚАЛҒАН ХАЛЫҚ

0
295

Көктем келіп, күн көзі жылынып, қар көбесі сөгіліп еді елді мекендерді тасқын су басып қалды. Қостанай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында төтенше жағдай жарияланды. Себеп, Қостанай облысында Қайыңды ауылы, Торғай өңірі, Ақтөбеде ұшақ алаңы, Абай облысында, Аягөз өңірлерінде су тасқыны орын алуда. Мемлекетке және адам өмірі мен елді мекендерге ауыл шаруашылығына, мал-жанға залал келтіріп қана қоймай, экономикаға үлкен қауіп төндіретін бұл тілсіз жау айтпай келетін қасірет.

Бұған жылдың қай мезгілі болмасын сақадай сай болмағаннан оның арты орны толмас өкінішке айналды. Үкімет қыстың бел ортасында барлық өңірдің әкім-қараларына су тасқынына аса мұқият болуды, әрі қауіпті аймақтардың атын атап, түсін түстеген болатын. Жергілікті әкім-қаралар тасқынға сақадай саймыз деп жоғарыға ант су ішіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа уәдені үйіп төгіп тастаған-ды. Алайда, көктемнің алғашқы айы наурызда премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр қызметімен қоштасып, жұмыстарына жүрдім-бардым қараған әкімдерге қатаң сөгіс жарияланып, кейбіріне атқарып отырған қызметтеріне лайықты емес деген баға берілді. Енді тасқын судың беті бері қарағанда біраз әкім-қаралар жұмсақ орындарымен қоштасуға тура келеді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республика аймағының бірқатар өңірінде болған су тасқыны салдарынан жарияланған төтенше жағдайларға байланысты шұғыл кеңес өткізді. Жиынға қатысқан үкімет мүшелері, Президент әкімшілігінің басшылығы Мемлекет басшысына аймақтағы қалыптасқан су тасқынына байланысты адамдарды құтқару және су тасқынының салдарын жою үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Бұған дейін көктемгі су тасқынына дайынбыз деп құрғақ уәдені үйіп-төгіп келген Үкімет пен әкімдердің жұмыстарына немқұрайлы қараған және кәсіби міндеттеріне сәйкес келмейді деп сынаған Президент, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың арасында жүйелі байланыс болмағанын сын тезіне алды. Мемлекет басшысы қалыптасқан жағдайларға байланысты су астында қалған өңірлердің халқынан кешірім сұрап, барлық азаматқа көмек көрсетілетінін айтты. «Сен саларда мен салар, атқа жемді кім салар» демекші жылда көктем мезгілінде қайталанатын су тасқыны биыл тым қатқыл болды. Ел-жұртты топан судың бел ортасында қалдырып, малды қырып, адам шығынына жол берген жергілікті атқарушы билік «су тасқыны басылған соң шығынды есептейміз, ешкім де көмексіз қалмайды» деп бұқараны жұбатып отыр. Жылдағы әдет осы, міндетті түрде шығынға жол берілуі керек. Үкіметтен қыруар қаржы бөлінуі тиіс. Зардап шеккендерге таңдайларына тамшы тамызып, мемлекет қаржысын алуды ғана білетін жергілікті атқарушы биліктің әкім-қаралары неге үкіметке және Мемлекет басшысына жалған хабар берді? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бағасын дәл бергендей, мемлекет қаржысын ысырапқа салуды үрдіске айналдырған әкімдер тек қана қызметімен қоштасып қоймай, өңірлердегі тасқын судан келген залалды өз қалталарынан төлеп, заң алында жауапқа тартылуы тиіс. Су тасқыны орын алған өңірлердегі күрделі жағдай туралы Төтенше жағдайлар департаменті шұғыл іске кірісуде. «Суға кеткен тал қармайды» демекші экс Премьер министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр су қаупіне байланысты республикалық жедел штаб құрылып, елдің он екі өңірінде жұмыстар атқаруда деп айтқан болатын. Енді бұл жұмысты жаңа тағайындалған премьер министрдің бірінші орынбасары Қанат Бозымбаев өзі басқаруда. Бұл жұмыстарға қорғаныс және ішкі істер «Қазгидромет» өкілдері тартылған. Барлық бөлімшелер мен құрылымдар, авариялық құтқару жұмыстары үзбей жүргізілуде. Бүгінгі күні су басқан 1566 жеке үйдің 1267-сі су астында қалған. 12564 адам (тік ұшақпен — 961 адам) құтқарылды және эвакуацияланды, оның ішінде уақытша орналастыру пункттерінде – 6457 адам, 52 елді мекенге көлік қатынасы жоқ, 77 автожолдың шегінен су асып кеткен. ТЖМ және әкімдіктердің күшімен 4,2 миллион текше метр куб еріген су сорылды. 269 мыңнан астам қапшық және 403 мың тонна инертті материал төселген. Күрделі жағдай Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында болып тұр. Аталып өткен өңірлерде қауіп әлі сейілмегендіктен Маңғыстау, Қызылордадан және әскери бөлімдерден қосымша күштер тартылуда. Ал Абай облысының Аягөз ауданында су тасқынынан үш адам жоғалған. Екі тракторшы мен бір малшыны тасыған қызыл су ағызып алып кеткен. Жарма және Семей аудандарында елдің қора-қопсысы су астында қалса, Аягөз ауданында көпір тасқынға шыдас бермеген. Өзен ағыстарының қаттылығы мен судың лай болуы іздестіру жұмыстарына кедергі келтіруде. Шар қаласында 14 үйдің ауласын су басып қалған. Жалпы су тасқынына байланысты төтенше жағдай министрлігі қардың қалың түсуіне алаңдаушылық білдіріп ерте бастан дабыл қаққан-ды. Алайда жергілікті биліктегілер елді мекендерде су алу қауіпі бар ауылдарды ерте бастан сақтандырмаған. Мұның жарқын айғағы Абай облысындағы Жарма, Семей, және Шар қаласындағы тұрғындардың айтуынша өңірді жылда су басады. Неге арықты терең қазып, су жүретін жерлерге қаракет жасамады? Өзіміз қолға күрек алып жүгірдік дейді. Ақтөбе облысындағы елді мекен тұрғындары да жылда ауылды су басатынын айтып, жергілікті билікке деген өкпе реніштерін жасырмады. Ұлытау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарында қардың суы елдің үрейін ұшыруда. Күн көзінің күрт жылынуы өткен жылы да елді әбіргерге салған-ды. Мәселен, Жетісу облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қызылжар ауылының тұрғындарына өзенде су деңгейі көтерілуі туралы ескертілгенімен аталған ауданда бір көше мен бірнеше аула аумағын еріген қар суы басып қалған болатын. Мұндай қауіп әр өңірлерде қылаң беруі бек мүмкін. Жауын шашын, әрі көбесі сөгілген қардың суын ауыл ішіндегі су жүретін арықтар өткізіп үлгермей, арнасынан асып-тасиды. Былтыр Қызылжар ауылындағы су тасқыны белең алғанда жергілікті атқарушы органдары мен облыстық ТЖД суды бұру үшін Қызылжар ауылының жоғары жағынан ұзындығы 1 км, ені 1,5 метр, тереңдігі 2 метр канал қазып, үйлердің аулаларын су басу қауіпін азайтып, еріген қар суын Байғазы өзеніне бұрып жіберген-ді. Сондай-ақ, былтыр селден Ескелді ауданындағы бірнеше ауылдың үйлерін су басқанда облыс әкімі Бейбіт Исабаев су басқан үйлерді аралап, тасқыннан келген залалды өз көзімен көрген-ді. Биылғы жылға су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасуда. Құдайға шүкір, биыл Жетісу облысы өзге өңірлерде болып жатқан қауіп-қатерлерден дін аман. Бұл арқылы облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының жүйелі жүргізілген жұмыстарының нәтижесі көрініп тұр. Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар мен су тасқыны қауіпі бар 2 елді мекенде 1,2 км су бұру арнасына жөндеу және 4,6 км өзен арналарына механикалық тазарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы шеңберінде 92 км арық желілері, 66 км каналдар және 1728 су өткізгіш құбырлар қар мен мұздан тазартылған. Су басу қауіпі бар елді мекендерден 17 мың текше метрден астам қар шығарылған. Су тасқыны жағдайы күрделенген кезге 141 бірлік су сорғыш мотопомпалар мен 264 бірлік техника әзірлікке келтірілді деп хабарлайды Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз өкілі. Жалпы облыста, 31 елді мекенде су тасқыны қауіпі барын, өңірлік коммуникациялар қызметі ақпараттық алаңында баспасөз мәслихатында Жетісу облысы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ринат Тазабеков және мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері Еламан Әубәкіров бөліскен болатын. ТЖД жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елді мекендердегі су тасқыны қаупі бар учаскелерге тұрақты мониторинг жүргізіліп, облыс бойынша су басу мүмкіндігі бар аймақта 31 елді мекен барын, оның ішінде 22 учаскеде су тасқынына дайындық шаралары жүргізілгенін, қалған 9-ында тиісті іс-шаралар өткізіледі деген. Жетісу облысы төтенше жағдай департаменті су тасқынына қарсы іс-шаралар 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары шеңберінде іске асырылуда. Бүгінгі күні жоспарланған 10 іс-шараның 6-сы аяқталды. Қалған 4-і 2024-2025 жылдары іске асырылады.
«2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық аясында 2023 жылдың 7 ақпанында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның отырысы өткізілді. Оның нәтижесі бойынша тиісті мемлекеттік органдарға, аудандар мен қалалардың әкімдеріне арықтарды, каналдарды, су өткізу құбырларын уақытылы тазарту, гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету, күштер мен құралдар топтарының дайындығын қамтамасыз ету, облыс аумағында орналасқан аса су тасқыны қаупі бар учаскелерді көзбен шолып тексеру бойынша жұмыстар жүргізу туралы нұсқаулар берілді», – деді подполковник Ринат Тазабеков. Құдай жамандықтың бетін әрмен қылсын «сақтанғанды Құдай да сақтайды» демекші, Жетісу облысы табиғаттан келетін тосын апаттардан қазірге дін аман. Бұл табиғи апат айтпай келетіндіктен жергілікті билік ұдайы алдын-ала дайындық үстінде отыруы тиіс. Әрі елдегі республикада су шаруашылығы объектілерінің көбінің нақты тозуы жылда айтылып келеді. Гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мен өнімділігін бағалау әлі бір жүйеге түскен жоқ. Мәселен, Жетісу (бұрынғы Алматы)облысында «Қызылағаш» оқиғасынан кейін коммуналдық меншіктегі су қоймаларын пайдалану қағидаларын бұзудың 3 фактісі тіркелген. ГТҚ-дан төмен орналасқан елді мекендерді су басу қаупі туындағаны анықталған. Елдің оңтүстік өңірлерінде болған су тасқынына су бұру каналдарының, арықтардың, елді мекендердің айналасында қорғаныш үйінділерінің болмауы, сондай-ақ зардап шеккен кенттер ішінде арық-дренаж жүйесінің болмауы нақтыланған болатын. Қауіп-қатердің алдын алу мақсатында әр өңірлерде еріген қар суын, әрі жауын шашын қабаттасқан жағдайда су айдау, қапшықтарды төсеу, арықтар мен өзен арналарын тазарту, қар шығару және қорғаныс бөгеттерін салу жұмыстары жүргізіліп жатады. Алайда, бұл қорғаныс шаралары өзге өңірлерде биыл еш нәтиже бермеді. Алматы облысының бес өңірінде су тасу қаупінің алдын алған. Департамент өкілінің айтуынша, өңірде 19 ақпаннан бастап су тасқыны кезеңіне жоғары дайындық режимі басталған. Мәселен, елді мекендерден 3,7 мың текше қар шығарылып, 264,5 шақырым арық желілері, 139 бірлік су өткізу құбырлары, және 7 бірлік темір жол астындағы су өткізу және 69,6 км шақырым су бұру каналдары тазартылған.
«Көктем-2024» республикалық оқу-жаттығу шеңберінде 5 су тасқыны қаупі бар нысан, 1,8 шақырым арықтар, 73 автожолдар астындағы су өткізу құбырлары тазартылып, 150 текше метр қар шығарылған. Нәтижесінде су тасқыны қаупі барынша азайтылды, – дейді Даурен Азаматов. Сондай-ақ, «Су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жоспарын» іске асыру аясында Еңбекшіқазақ, Талғар, Жамбыл, Кеген және Қарасай аудандарының 12 елді мекендерінде жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы 88 су өткізу құбыры ауыстырылып, 435 шақырым арық-канал жүйесі қайта жаңартылған. Бұдан бөлек, «Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының» күнделікті мәліметтеріне сәйкес облыстың «Қапшағай», «Күрті», «Бартоғай» және «Бестөбе» сияқты ірі су қоймаларын толтыру штаттық режимде жүргізілуде деген Даурен Азаматовтың айтуынша, су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында материалдық-техникалық құралдар жұмылдырылған. Атап айтқанда, 1326 адам, 471 бірлік техника, 126 мотопомпалар, 29 бірлік жүзу құралдары әзірленген. Республиканың өзге өңірлерінде болған су тасқыны Алматы облысында 21 наурызда сағат 21:00 шамасында күннің жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан Кеген-Нарынкөл тас жолының 60 км (40 м) және 72 км (40 м) (Қайнар және Текес ауылы, Райымбек ауданы, IV санат) жол бөлігінде су болды. «ҚазАвтоЖол» мекемесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы су ағынының ұзындығы 80 м, ал биіктігі 10 см құраған. Көрсетілген учаскеге диаметрі 1 м болатын су өткізгіш құбыр орнатылып, жағдайды қалыпқа келтіру үшін 10 қызметкер мен 4 техника жұмылдырылған. «Қазіргі таңда еріген суды ағызу, уақытша жол белгілерін орнату және жол бөлігін тазалау жұмыстары жүргізілуде. Жол тәулік бойы бақылауға алынды. Жол қозғалысына шектеулер жоқ» – деп хабарлайды төтенше жағдай департаментінің баспасөз өкілдері. Алайда, облыстың «Байкент» кентінде Ворошилов су қоймасының бөгеті тасқынға шыдас бермей жарылған. «Су Жармұхамед өзенінің негізгі арнасын бойлай шығып, одан кейін барлық шлюздерді ашық тұрған тоғандарға құяды. Транзиттік режимде ағылып жатыр. Халыққа хабарлама жұмыстары қолға алынды», – дейді төтенше жағдай департаментінің баспасөз өкілдері. Ақпан айынан бастап облыста су тасқыны болуы мүмкін жерлер тексерілген. Биылғы қауіп-қатердің бірі жер сілкінісі әсіресе таулы өңірлердегі өзен көлдердің арналарына жарықшалар пайда болуын назардан тыс қалдырмаған. Алматы облысының төтенше жағдайлар департаменті Іле және Күнгей Алатауы жоталарының өзендерінің бассейндері бойынша (Талғар өзенінің бассейнінен Шелек өзенінің бассейніне дейін) Ақпан және Наурыз айларында бірқатар жер сілкіністерінің морена көлдерінің жағдайына теріс әсер ету белгілері болған жоқ. Көлдердегі су деңгейі максималды белгілерден едәуір төмен. Айтарлықтай көлемдегі жаңа қар көшкіндерінің түсуі анықталмады. Биік таулы аймақта жеке қар көшкіндерінің түсуі мүмкін, соның ішінде адамдар мен жабайы жануарлардың қар көшкініне қауіпті беткейлерді кесуіне байланысты сел қаупі бар өзендердің арналарында айтарлықтай кептелістер жоқ. Орта тауларда қар жамылғысының қарқынды еруі байқалмайды. Орта таулар мен биік тауларда қардың едәуір қоры барын айтады. Сондай-ақ су тасқынына ақпан айынан дайындық жұмыстары басталғанын, Алматы облысы әкімінің қаулысына сәйкес 19 ақпаннан бастап өңір-де су тасқыны кезеңіне жоғары дайындыққа көшірілгенін, өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында айтқан-ды. Бүгінгі таңда елді мекендерден 3,1 мың м3 қар шығарылған. Сонымен қатар 154,8 шақырым арық желілері, 48,2 шақырым каналдар, 87 бірлік автожол және 7 бірлік теміржол астындағы су өткізу және 27,2 шақырым су бұру каналдары қазылды. Өз баяндамасында Дәурен Азаматов су тасқыны қаупі бар 27 елді мекен бар екенін, 7 елді мекенде қауіп толығымен жойылып, 20 нысанда қауіп азайтылғанын атап өткен-ді. Көктемгі кезеңдегі ТЖ салдарын жою үшін облыс аумағында жеке құрамның 1326 астам адамы, 471 бірлік техника, 29 жүзу құралы және 120 мотопомпа техникасы жұмылдырылған. Спикердің айтуынша, Еңбекші қазақ, Талғар, Кеген және Қарасай аудандарының 12 елді мекендерінде жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы 88 су өткізу құбыры ауыстырылып, 435 шақырым арық-канал жүйесі қайта жаңартылған.
«Профилактикалық мақсатта аумақтық ТЖД-нің аудандық бөлімшелері 123 елді мекенді қамти отырып, 92 рейд жүргізілген. Бұдан бөлек «Көктем-2024» оқу-жаттығу барысында бес су тасқыны қаупі бар 1,8 шақырым арықтар мен каналдар, 73 автожолдар астындағы су өткізу құбырлары тазартылған. Нәтижесінде су тасқыны қаупі барынша азайды», – дейді Дәурен Азаматов.
Алматы облысында су тасқыны кезеңінде 42 гидропост орнатылған. Облыста гидрометеорологиялық жағдайы тұрақты екенін айтуда. Халықты және аумақтарды қауіпті табиғат құбылыстарының теріс әсерінен қорғауды қамтамасыз ету үшін «Қазселденқорғау» ММ су тасқыны мен қар көшкіні қаупі бар аймақтардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізілетінін, көшкін қаупі бар 55 учаскі барын, олар Талғар ауданы — 31, Еңбекшіқазақ ауданында — 24 учаскі тіркелгенін баяндады. Жүргізілген рейдтік шаралар қорытындысы бойынша анықталған су басуға бейім 6 ауданда 11 мың тұрғын үй тіркелген, онда тұратын халық саны 34 мыңнан асады. Су тасқынының алдын алуға бағытталған шаралардың нәтижесінде қауіпті 27 учаскенің саны 7-ге азайған.
«Су тасқыны кезеңіне дайындық барысында 13,3 км арық жүйесі жөндеуден өтіп, 153 км су бұру арналары орнатыла отырып, механикалық тазарту жұмыстары жүргізілген. Тұрғын үйлерде еріген қар суының басуына жол бермеу үшін елді мекендерден 0,150 мың м3 астам қар шығарылған. Алдағы 2024 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында биыл мамыр айында су тасқынына қарсы инженерлік жұмыстар жоспары бекітілді», – деді азаматтық қорғау полковнигі Дәурен Азаматов. Су тасқынына қатысты жерлікті тұрғындар да тұрғын үй аулаларындағы арық-тоғандарды қардан, күл-қоқыстардан тазартып отыру қажет. Ауа райының күрт жылуы, әрі жаңбырлы болуы лай көшкіндері мен су тасқынына ұласады. «Қазгидромет» 2024 жылы су тасқыны ең көп болатын аймақтар тізімін жариялаған болатын. Онда «NASA» спутниктерінің жерді қашықтан зондтау суреттері бойынша, бірінші наурыздағы жағдай бойынша еліміздің 72%-ын қар жамылған. «Қазгидромет» елімізде көктемде су тасуы мүмкін аймақтарды алдын ала бағалады. Қатер жоғары өңірлер: Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстарын атаған-ды. Қатері орташа аймақтар қатарында: Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстары. Ал қатер төмен өңір: Маңғыстау облысы аталған-ды. Алайда алдын ала дабыл қағып ескертулер берілгенімен жоғарыдағы аты аталған облыстарда жағдай күрделеніп кетті. Тіпті төтенше жағдай жарияланды. Биылғы қыста қардың қалың түсуі әрі топырақтың қату деңгейі де ерте бастан айтылған-ды. Қызыл судың астында қалған, әрі төтенше жағдайлар жарияланған өлкенің тұрғындары қазір мектептерді паналауда. Мәселен, Ақтөбе облысында тұрғындар «шатырдың төбесінде, шөптің үстінде отырмыз, бізге тамақ керек, ашықтық» деп жан айқайларын әлеуметтік желі арқылы жеткізуде. Селдің беті қайтып, келтірілген шығындар есептелер. Өзекті өртейтін өкініштісі, қыста қардың қалың түсуінен Ұлытау облысында ірі қара жылқы малы қоныстың көзі қыруда қырылып қалған-ды. Енді міне тасқын су астында қалып отыр. Көктемде тағы да Солтүстік және Батыс аймақтарда тасқынның әсерінен күнкөріс көзіне айналған төрт-түлік суға кетті. Олардың да есебі алдағы уақытта айтылатын болды. Су басқан өңірлердің әрі интернет желісіне көз салсаңыз ұлардай шулаған баспаналарын тастап жан сауғалаған халықты көресіз.
«Еріген қар суынан бөлек, көктемде көрші мемлекеттер суды мол жібереді. Көптеген өзендер сол жақтан бастау алады. Қаншама келісім-шарттар жасалады. Сол өзендердің бас жағына су қоймаларын салып, тасыған судың арналарын солай қарай бұрса, су тасқынының алдын алып әрі жиналған суды жазда егіске пайдалануға болар еді. Оған қыруар қаражат керек дейтін шығар? Жыл сайынғы тасқын судан келетін шығын мөлшері де аз емес. Қара халықтың көрген қиындығы бәрінен ауыр» – дейді, белгілі айтыскер ақын Асхат Қылышбек. Ия, апат айтып келмейді. Жылда осы үрдісті көреміз. Расында кезең-кезеңімен қауіпті деген өзен-көлдердің басына су қоймаларын салса, көктем сайын тосын оқиға бола қалған жағдайда қызыл суды су қоймаларына толтырып алса, ала жаздай сусаған шаруалардың түйткілі шешілгендей екен. Бірақ, осыған аса ден қойып, бағдарлама жасап жатқан ешбір үкіметті көрмедік. Есесіне, тасқын болған жағдайда миллиардтап қаржы шашып жүрміз. «Шоқпар тисе, сорлыға тиеді» демекші, екі ортада үйлерін су шайып, жарамсыз болып қалған қалың бұқара жапа шегеді. Олардың әлеуметтік жағдайларын қалыпқа келтіреміз деп жылда тасқын сайын мемлекет қаржысын шашып жүрміз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қауіпті делінген аймақтарға су қоймаларын салмай, апаттың алдын ешкімде ала алмайтынын халық та, үкімет те түсінуі керек қой!…

Айтақын МҰХАМАДИ


ПІКІР ЖАЗУ