NIS ТҮЛЕГІ ГАРВАРД УНИВЕРСИТЕТІНЕ ЖҰМЫСҚА ШАҚЫРТУ АЛДЫ

0
582

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі Назгүл Сәкенова Гарвард университетінде докторлық диссертациясын таныстырды.

Назгүл жас ғалым. Германиядағы Гейдельберг университетінде докторантурада оқуын аяқтауда. Қазіргі таңда медицина саласындағы ең өзекті мәселелердің бірі – бактериялардың антибиотиктерге төзімділігін зерттеп, жаңа әдіс бойынша бұрынғыдан алты есе көп жаңа антибиотик жұптарын потенциалды ем ретінде ұсынып отыр.
Назгүл NIS-ті 2013 жылы үздік бітіріп, Назарбаев университетінің биология мамандығына оқуға түсті. Нью-Йорк университеті мен Бостон университеті сияқты бірнеше американдық университеттерге бірден шақыру алған дарынды қыз Францияның Париж-Саклэ зерттеу университетінде магистратураны оқып, сәтті аяқтады.
Бүгін ол медицина ғылымдарының докторы атану жолында. Германиядағы Еуропалық молекулалық биология зертханасында ғылыми қызметпен айналысады. Бес жылдан бері антибиотиктерге төзімділік саласында ғылыми жұмыстар жүргізіп келеді.
Осы жылдың наурыз айында Назгүл Сәкенова Гарвардта докторлық диссертациясын ұсынған болатын. Оның жұмысы ғалымдар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қазіргі уақытта ол Гарвард университетінде жұмыс істеуге шақырту алды.

«АЛАТАУ-АҚПАРАТ»


ПІКІР ЖАЗУ